«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» – ЖАРЫҚҚА ШЫҒАР КҮНІН ҰЗАҚ ТОСҚАН ҰҒЫМ
Серік ҚИРАБАЕВ,
әдебиеттанушы-ғалым:
Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қатысты айтарым, шын мағынасында, тарихи мәні зор, аса маңызды еңбек деп бағалауымыз керек, қолдауымыз керек. Қалам иелеріне, ғылым адамдарына, әсіресе, қоғамдық ой-пікірдің дамуына зор ықпал жасайтыны қазірден белгілі. Өйткені, бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған Президент ойларын оның алдында айтылған еңбектерімен жалғастырып, іске асырады. Оны іске асыруға нақты көмек жасалады деп сенемін.
Оның үстіне, бұл – нағыз дер кезінде туған еңбек. Әр нәрсенің жарық көретін, айтылатын уақыты болады. Бұрын мұндай пікірлердің тууы басқаша реакция тудыратын. «Қазақ ұлтшылдығы» дегеннің қалай шыққанын бәріңіз білесіздер. «Ұлы даланың жеті қыры» – Қазақ елін жаңарудың жаңа бір белесіне бастаған, қазақтың тарихын, ұлттық дәстүрін терең ашып түсінуге ыңғайластыра ұсынылған еңбек ретінде бағаланып отыр. Шындығында, осында айтылған пікірлердің біразы жалпы халыққа, әсіресе, аға буын өкілдеріне таныс. Оны жаңғырта, жаңарта, тереңдете айтудың күні енді туды. Және ол ойлардың авторы – Нұрсұлтан Назарбаев сияқты аузы дуалы тұлғаның болуы ерекше маңызды. «Қазақ елі», «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі» деген ұғымдар – жарыққа шығар күнін ұзақ тосқан, кезегін күткен, біртіндеп барып айтыла бастаған ұғымдар. Халықтың ойына ой қосып, біртіндеп мойындалып, санаға енген ұғымдар. Жалпы, Ұлы дала өзінің барлық сырымен бүгінгі Қазақ елі бейнесінде қайта туып отырғаны – аса қуанышты жайт.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ мырзаға, Жазушылар одағы басқармасының Хатшылар алқасына
Басқарма мүшесі
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫНАН
ҰСЫНЫС-ХАТ
Желтоқсан айының 21-і күні болған Пленумға қатысуға денсаулығым мүмкіндік бермеді. Пленумда Одақ жарғысына түзету енгізіліпті. Мен өз тарапымнан:
Жазушылар одағының жасы 80-нен асқан мүшелері мүшелік жарна төлеуден босатылсын, деген ұсыныс жасамақ едім. Меніңше, осы баптың енгізілгені жөн болады. Яғни, әлі де кеш емес, Хатшылар алқасы құптайды, Басқарма бекітеді, Жарғыға енгізіледі, деп сенемін.
Құрметпен, Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Құлбек ЕРГӨБЕК,
әдебиеттанушы-ғалым, сыншы:
ӘРЕКЕТ БАРДА – БЕРЕКЕТ БАР
Алдымен, Пленумның бірінші мәселесі жөнінде айтсам. Жарғыны тастай қылып қатырып қойып, жұмыс істемей отыра беруге болады. Ал, бұл басшылық ескі жарғыны «тартпаның ішіне салып», жаңаша жұмыс бастап кетті және жақсы істеп жатыр. Сондықтан, басында қалай сенім білдірсек, аяғына дейін сонымыздан танбауымыз керек. «Жарғыны өйту керек еді, бүйту керек еді» деудің қажеті жоқ. Оны өздеріне емес, қаламгерлер қауымына ыңғайлы етіп жасады деп ойлаймын. Жаңа басшылыққа сәттілік тілеп, жарғының ғұмырлы болуын тілейміз.
Енді «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына келсек. Елбасы осымен бесінші рет рухани мәселелерге байланысты халыққа үндеу, бағыттау түрінде бағдарлама-мақаласын жолдады. Бірақ, бір өкінішті жайт бар. Біз Президенттің осы айтқанын іліп әкетіп, жүзеге асыра алмай жатырмыз. Совет кезінде қалыптасқан психологияның әсері: «Елбасы керемет нәрсе айтып жатыр», – деп талдаймыз да, сосын қолымызды қусырып қала береміз. Әр пунктін өмірге енгізіп жіберуге, жазушылардың өзінің пайдасына жұмсауға келгенде енжармыз. «2000 жыл – Мәдениет жылы» деп жарияланғанда Иманғали Тасмағамбетов Алматыда тұратын бірнеше зиялыны Атырауға алып барып, үй беріп, жағдайын жасады. Облыс зиялы қауымның статусын анықтағандай болған. Өзім сол кезде ОҚО әкім аппараты бастығының орынбасары едім. Мен де Елбасы мақаласын бетке алып, Сапарбаевқа айтып жүріп, 224 ақын-жазушы, суретші, сәулетші, дизайнерге пәтер алып беруге ықпал еттім. Сосын Жазушылар одағы ғана шешетін мәселе бар. Ол – қаламақы мәселесі. Елбасының айтқанын іліп әкетіп, індетіп, қаламгерлердің әдебиетке қызмет етуіне, қазақ қоғамын бірге көтерісуіне Жазушылар одағы ұйытқы болады деп сенемін. «Мемлекет бізге беруі керек» деген әңгімені ұмытқан жөн. Бізге әрекет керек. Сондай-ақ, жазушыларымыз мемлекеттік-жеке серіктестікке (МЖС) мән бермей жүр. Білсеңіздер, бұл бағытта облыстарға мемлекеттен көп ақша бөлінген. Жазушылар өздерінің ауылына немесе облысына барып, кітапхана, мұражай не балабақша салайын деп едім десе, мемлекет оларға ақша береді. Оған қай-қайсысының да парасаты толығымен жетеді. Өзім МЖС арқылы Түркістанда балабақша салдырттым. Қазір МЖС-пен бір жоба арқылы Түркістанда төрт қабатты түркітілдес халықтар кітапханасының ғимаратын салдыртып жатырмын. Әрекет барда – берекет бар.
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы:
МҰРАҒАТ МӘСЕЛЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛУІМІЗ КЕРЕК
«От северной подошвы тибетского нагорья до южных границ дремучих лесов западной Сибири и от приволжских равнин до озера Байкала разбрелись дети степей со своими войлочными юртами и со своими бесчисленными стадами». Бұл – орыс ғалымы Василий Федорович Новицкийдің ХХ ғасырдың басында жазып кеткен сөзі. Біз туралы.
Сөзімді бұлайша бастауымның себебі: бүгінгі орыс империалистік пиғылдағы кейбір адамдар «қазақ жерін бөліп алу керек» мазалап жатқанын білесіздер.
«Жер өзіміздікі» дей бермей, өткен ғасырлардағы орыс ғалымдарының, яғни, жаңағы шу көтеруші сол кісілердің ата-бабаларының жазып кеткендеріне сүйенуіміз керек. Жазбалар, онда айтылған жерлер қазақтардың қазіргі территориясының аумағынан тыс жатқанын бұлтарыссыз дәлелдейді. Мұндай дереккөздер өте көп. Бұл орайда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын басшылыққа алуымыз қажет. Өйткені, онда мұрағатқа қатысты үлкен жоба жасалуы керектігі жайында айтылған. Осыны қазақ жазушылары мәселе қылып көтергені жөн. «Жазушылар жазуын жазсын, тарихта несі бар?» – деп қалады, кей тарихшыларымыз. Алайда, жаңағы сөйлеген Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржеке ағаларымыз қай тарихшыдан кем?! Және олар қашанда дәлелдермен сөйлейді. Жалпы, Қазақстанның территориясы туралы жазғандар жалғыз орыстар ғана емес, басқа ұлттардан да бар. Сөзімді әрі қарай өрбітсем, Жазушылар одағының жаңаша жұмыс істеп жатқаны айтылуда. Соның ішінде «Қазақ әдебиеті» газеті жаңа форматта жұмыс істей бастағаны анық байқалады. Шетелдіктерден өз тілдерінде сұхбат алу, көптеген әлемдік мәселелерді қазақтармен байланыстыра беру, қысқа материалдар беру дегендей… Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы енді «Әдеби-тарихи өлкетану» атты жаңа жоба жасап, жазушыларды жұмылдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қабдеш Жұмаділов,
ҚР Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Жылқының тағдыры – Қазақтың тағдыры деген сөз
– Құрметті Пленум мүшелері, құрметті әріптестер:
Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай ашылып отырған бұл Пленум өз жұмысын сәтті жүргізіп жатыр деп ойлаймын. Біздің ұлы даламыздың қыры өте көп. Президент солардың бәрін саралап, салмақтап, жеті дейтін қасиетті ұғымға сыйғызған. Ал, қалғанын зерттеу үшін әдебиетшілерге, тарихшыларға, халыққа тапсырып отыр деп түсінуге болады.
Мақалада айтылған ұсыныстарды, толғаныстарды жұрт жақсы қабылдады. Бұның себебі, халықтың көңілінде жүрген мәселелерді дөп басып айтуында. Меніңше, бұл дер кезінде шыққан толғақты түйіндердің шешімін айтқан мақала болды. Кейінгі кезде шыққан дүмшелер «тарихты оқытудың керегі жоқ, тарихтың керегі жоқ, тарих пәні сағаттарын азайту керек» деп айтып жүргені белгілі. Президенттің бұл мақаласы сол секілді шала ойлаған дүмшелерге, төл тарихымызды жоққа шығарушыларға тосқауыл қояды деп сенемін. Осы мақаланы қолдау ретінде мен алдыңғы айда «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жарияладым. Президенттің мақаласындағы жылқы туралы айтылған тұстары біздің халқымыздың тарихына деген құрмет секілді. Ежелден «Қазақ – жылқы, жылқы – Қазақ» деген ұғым айтылып келеді. Осыны біздің достарымыз да, отарлаушы қастарымыз да жақсы білген. Компескелеу басталғанда бізге келген Голощекин бастаған отарлаушы топ: «Қазақты жылқыдан айырмасақ болмайды, оларды жаяу қалдыру керек, Қазақ сәйгүлікке мініп жүргенде біздің саясатымызға пысқырмайды» – деп қараған. Әне, сол кезде қазақтың жылқысын құртып, жаяу қалдырудың науқаны басталған. Ол кезде қазақ даласында миллион жылқы бар еді. Сәбит Мұқанов бір сөзінде: «Қазіргі Қазақстандағы жылқы төңкерістен бұрынғы бір Петропавл облысындағы жылқының санына жетпейді», – деп еді. Ал, сол кездегі қазақ белсенділері қазақ даласындағы жылқыны жоюдың амалын қарастырады, ақырында сиыр мен қойды әр аудан, ауылдардағы қасапханада сойып, ішкі ресейге асырып жатты. Ал, жылқыны қайтеміз, оның етін орыстар жемейді деген мәселеге олар бас қатырады. Сонда Голощекин: «Сай-сайға иіріп қойып атыңдар», – депті. Сол бұйрық орындалды. Осыдан кейін бүкіл қазақ жерінде жылқы ату науқаны басталды. Мен «Сәйгүліктер» деген повесімде озбырлардың Жетісуда өмір сүрген Тұрарбай деген байдың мыңдаған жылқысын сайға иіріп қойып, әскер шақырып атқылағаны туралы, жылқылардың шұрылдап қалай өлгені, бір-бірін тапап өлтіргені, кейбір шақан айғырлардың әскердің қамалын бұзып, бетпақ далаға қарай қашқаны туралы сенімді деректер келдірдім. Кейін осы повесім шығарда осы деректер шын ба, жалған ба деген оймен күмәнданғандар тарапынан туындым көп кедергіге ұшырады. Осыған дейін қазақтың қырылғаны туралы, ашаршылық туралы көп айтылып жатыр, бірақ жылқы қырғыны туралы көп айта алмай келеміз.
Дәл осы жылқы қырғынынан кейін екі жыл өткен соң, қанды ашаршылық басталды. Бұның бәрі әдейі жоспарланған. Осы секілді күлтелі мәселелер Президенттің мақаласында ашық жазылмағанымен, қазақтың өмірінде жылқының маңыздылығы туралы, жылқыны алғаш қолға үйреткен біздің ата-бабаларымыз екені, жылқының төркіні Қазақстан екені терең толғанған. Осы мақала арқылы әдебиетшілерге, тарихшыларға жол ашылып отыр.
Өткенде Президенттің қабылдауында болғанда Жазушылар одағының жаңа Басқармасының осыған дейін істеген жұмыстары туралы айттым. Сөзімнің соңында Жазушылар одағының жаңа Басқармасының ойға алған жоспарларының барлығын қолдаймын. Барлығымыз қолдайық.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы:
БІЗ ЛАТЫНҒА КӨШУДІ ҚОЛДАДЫҚ. НЕГЕ?
Ұлықбектің жасаған баяндамасы маған ұнады. Әсіресе, тарихқа деген пікірі, көзқарасы ойымнан шықты. Шынында да біздің тарих басқалардың көзқарасымен, басқалардың пікірімен жазылды. Ал, оған қарсы шыққандар атылды, қырылды, жазаланды. Ол үрей әлі бойымыздан кеткен жоқ. Шыңғыс хан түрік емес, моңғол деді, солай болды да. Бұл тікелей Сталиннің бұрмалауымен жасалған жалған тарих. Біздің керей, найман, меркіт деген тайпалар Шыңғыс ханның кезінде моңғол тілінде сөйлеген, кейін барып түркі тіліне көшіп кеткен дейді. Шыңғыс ханның қай жерде өсіп-өнгенінің бәрін әдейі бұрмалаған, тарихты шатастырған. Тіпті, тарихшылардың көбі Шыңғыс ханның түркі тілінде сөйлегенін айтып кеткен. Кеңестік кезеңде Алтын Орданың өзін бұрмалап «Золотая орда» деп атап келді. Біз өз тарихымызға өзіміз қайтып оралуымыз керек. Ал, біздің тарихшыларымыз болса үнсіз. Мына тұрған Сібір де біздің жеріміз екені талассыз ақиқат. Оны айту керек. Тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейтіп, тарихымызды қалпына келтіруіміз қажет! Қазір қазақтың жартысы бір-бірімен орысша сөйлеседі. Өзбекстанға барсаң да, Қырғызстанға барсаң да, Түркияға барсаң да, қазақ тілінің қадірі жоқ, олармен тек орысша сөйлесесің. Англияға, Францияға барсаң, ағылшынша сөйлеуің керек. Біз латынға көшуді құптадық. Неге? Себебі, осы арқылы орыс тілінің бодандығынан құтыламыз. Бүгінгі біздің басқосуымыздың мәні – тарихымызды қайта қарап, түгендеуге деген ұмтылыс!
Қажығали Мұқаметқали, жазушы:
ТАРИХИ РОМАНДАР ЖАЗУҒА ҚАНАТ БІТІРДІ
Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы деп әу баста тарихқа бет бұруды өзі ұсынған болатын. Сонда Елбасымыз тарихи сананы қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берген еді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары бір-бірімен жалғасып жатқан концепциялық мәселелер деп ойлаймын. Қандай халық болмасын «бұрын қандай едік, қазір қандаймыз, болашақта қандай боламыз?» деген мәселе жөнінде, сөз жоқ, ойлануы керек. Бүкіл халықтың алдында тұрған бұл сауал біздің де алдымызда тұр. Президентіміздің мақаласы қаламгерлерге тарихи тақырыпқа баруға, тарихи романдар жазатын жазушыларға үлкен қанат бітіреді деп ойлаймын. Әрине, Елбасымыздың бұл мақаласы қазір үлкен резонанс туғызып жатыр. Қаламгерлер қауымы да бұл дүниені қолдаймыз, қуаттаймыз.
Серік Ақсұңқар, ақын:
Қаламақы мәселесі шешілсе екен деп тілейміз…
– Менің айтайын дегенім, біріншіден, Жазушылар одағының тамырына қан жүгірді. Арқа төсінде жатып, біз соны аңғарып отырмыз. Қазіргі Жазушылар одағының қалпы бәйгеге шабайын деп тұрған ат секілді, сондықтан оның тізгінінен тартпайық, ұсыныстарының барлығын қолдайық.
Екіншіден, сіздер: «Қаламақы мәселесі шешілді, бәрі жақсы», – деп жатырсыздар, олай емес, бұл мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Биыл мемлекеттік тапсырыспен 60 адамның кітабы шығады, соның ішінде менің де кітабым бар, көп-көрім қаламақы төлейміз деген соң, келісімге қол қойып едік. Келісімде мынадай сөздер бар екен: «Биыл сіздің кітабыңыз сатылып алынды, енді ол кітап сіздікі емес, мемлекеттің меншігінде». Ойлап көрсек, біз авторлық меншіктен айырылып отыр екенбіз. Бұған себеп, біздің елде авторлық меншік туралы заң жоқ. Капитализмнің бір заңы бар: кім еңбек етеді, соған ақша төленеді. «Тауар – ақша – тауар» деген заңдылық осы. Өткен 27 жыл бойы біз еңбегімізге ештеңе алған жоқпыз. Сол үшін, осы Пленумда сол мәселе туралы қарар қабылдауларыңызды сұраймын.
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, тарихшы:
25 ДИНАСТИЯНЫ БІЛМЕЙТІН АДАМ ҚЫТАЙДА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРА АЛМАЙДЫ
Ең алдымен Жазушылар одағының жаңа басшылығына рақмет айтқым келеді. Жұмысы жақсы жүріп жатыр. «Жас келсе іске!» дейді. Құдайға шүкір, қазақтың жастары қандай екендіктерін көрсетті. Келешекте мұнан да үлкен еңбектер жасайтынына мен сенімдімін. Сондықтан жаңадан қабылданған жарғыны өте орынды деп есептеймін. Елбасымыздың мақаласы қалам ұстаған интеллекті ортаға үлкен сілкініс әкелді. Ғасырлар бойы көзі бітеліп жатқан ми ішіндегі атомдардың қопарылып, жарылуына түрткі болды. Сондықтан біздің жазушылардың, қаламгерлердің шығармашылық өнімі ары қарай жанданады дегенге сенімдімін. Ең басты үш қазына бар: тіл, тарих, дәстүр. Біз осы уақытқа дейін тілді айтып келдік, бірақ тарихты ұмыт қалдырдық. Елбасымыз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап осы тарихқа өте терең көңіл бөлді. «Тарих жылы», «Мәдени мұра жылы» деген шаралар болып, әр мақаласында тарихқа назар салып келеді. Бексұлтан Нұржекеұлы, Қабдеш Жұмаділов секілді үлкен қаламгерлеріміз тарихты көркемдік тұрғыда, әдебилендіріп жазудай-ақ жазды. Тарих дегеннен шығады, мына көршіміз Қытайда өзінің жиырма бес династиясын білмеген адамның бірде-бірін лауазымды қызметке тағайындамайды екен. Сол талап бойынша тамырын, тарихын білгеннен кейін ғана билікке араласа алады. Ал, бізде тарихты былай қойғанда, тіл білмейтіндердің өзі жоғарғы лауазымға шығып жатыр. Осы жағынан қарағанда біздің ойланатын дүниелеріміз өте мол. Елбасымыздың мақаласын барынша тарамдап, жік-жікке бөліп, халыққа түсіндіріп, нақты жұмыстар жасауымыз керек.