Республикалық қоғамдық бірлестіктің жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың түсініктемесі
28.12.2018
1580
0

Қазақстан Жазушылар одағының 2018 жылдың 12 наурызында өткен IV Құрылтай шешімінің 6-тармағына және «Қазақстан Жазушылар одағы» рес­пу­б­ли­калық қоғамдық бірлестігі Жарғы­сының 7.3.2-тармағына сәйкес Жарғыға төмендегі өзгерістер мен толықтырулар дайындалды.

Қандай өзгерістер мен толықтырулар ұсынып отырғанымызды жарияламас бұрын бір айта кететін мәселе бар.
Біріншіден, қолданыстағы Жарғымыз көп өзгерген жоқ.
Жарғының 80 пайызы сол қалпы қал­ды.
Екіншіден, заңгерлермен жұмыс істеу барысында ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының кейбір талаптарына біздің бірқатар баптарымыз сәйкес емес екендігі анықталды.
Жарғыдағы Заңға сәйкес келмейтін тұс­тары ертең Жазушылар одағы қызме­тіне кері әсер ететіні анық.
Сол себептен, біз қолданыстағы Жар­ғы­мызды ҚР «Коммерциялық емес ұйым­дар туралы» Заңының талаптарына барынша сәйкестендірдік.
Енді Жарғымызға қандай жаңа баптар мен тармақтар кіріп отырғанын және қай баптарына өзгерістер енгеніне тоқ­талайық.

1-БАП БОЙЫНША

1.2-тармақта Қазақстан Жазушылар одағының ағылшын тіліндегі атауы қосылды.
(толық – Republican public association «Union of Writers of Qazaqstan»);
Латынша жазылған атауын әзірге енгізген жоқпыз. Себебі, латын әліпбиіне қатысты мамандардың нақты шешімі әлі шыққан жоқ. Оны Еліміздің жалпы құ­жаттамасы латын әліпбиіне көшкен соң, өзгертетін боламыз.
1.4-тармақта әрекет ету аумағына Шымкент қаласы қосылды.
1.9- тармақта Жазушылар одағының ресми басылымдары белгіленді.
Мәтіні келесідей: «Қазақ әдебиеті» га­зеті, «Жұлдыз» және «Простор» журналдары Жазушылар одағының ресми басылымдары болып табылады.
Қазақстан Жазушылар одағының ресми басылымдарымен қатар, өзінің же­ке ресми веб-сайты, әлеуметтік желі­лер­дегі ресми аккаунттар мен басқа да ин­тернет құралдары болады.
Бұл тармақ қолданыстағы Жарғының 1-бабында жоқ еді. Біз бұл тармақты тай­ға таңба басқандай қылып, әдейі қосып отырмыз. Өйткені, Одақ басылымдарына қатысты әр кезде әртүрлі әрекеттер болғанын сіздер жақсы білесіздер. Былай­ша айтқанда, болашақта сондай іс-әрекеттер болып жатса деген оймен мұ­ның алдын алып отырмыз. Бұл ба­сы­лым­дарға біреу құда түсіп жатса, онда ең алдымен Жарғыны өзгертуі керек болады. Ал, Жарғы сіздер мақұлдамасаңыздар, өзгермейді.

3-БАП БОЙЫНША

3.1-тармақта Одақтың негізгі қызмет міндеттері заман талабына сай қосымша қызмет түрлерімен толықты.
Атап айтсақ:
– Еліміздегі Мемлекеттік бағдарла­ма­ларды қолдау, маңызды әдеби-мәдени шараларға атсалысу және республиканың мәдени-әдеби, әлеуметтік-экономи­калық өміріндегі барлық жобаларға қатысу, халықаралық мәдени-әлеуметтік жобаларға атсалысу, отандық және шетелдегі қазақ әдебиетін қолдау жолында тиісті, қатысты орындарға нақтылы жобалар ұсыну;
– Халықаралық және республикалық әдеби шараларды (форумдар, конференциялар, симпозиумдар және т.б.) ұйым­дастыру;
– Көркем аударма жұмыстарын үй­лес­­тіру, ұлттық әдебиеттің озық үлгілерін шет тілдеріне аудару қызметін жолға қою, әдеби агенттіктерді, бюроларды ашу;
– Баспа құру, көркем әдеби және та­ным­дық кітаптар, оқулықтар шығару, олардың кең таралуына ықпал ету, бұ­қаралық ақпарат құралдарын, оның ішін­де интернет арқылы әлеуметтік желілер, электрондық сайттар мен блогтар ашу;
– Авторларға ҚР Конституциясына және басқа да заңнамаларына сәйкес материалдық көмек көрсету;
– Республика аумағында әдебиет және өнер адамдарына арнап демалыс және шығармашылық үйлерін салу, кітап, журнал және басқа өнер туындыларын тарататын дүкендер ашу;
– Қазақстан Республикасының және шетелдік ұйымдармен әдебиет пен мә­де­ниет мәселелер төңірегінде ынты­мақ­тастық қарым-қатынастар орнату;
– Жазушылар одағының ішінде
кәсі­п­о­дақ құру және басқа да әдебиет пен мәдениет саласында кәсіби ұйымдарды құруға атсалысу;
– Әдеби Қор құру;
– Көркем әдебиетті насихаттап, таратумен айналысатын маркетинг орта­лығын ашу.
Және де:
– Қазақстан Республикасының заң­на­масымен тыйым салынбаған баспа­лық, өндірістік, ағартушылық, басқа да реттеу қызметтерін жүзеге асыру.

4- БАП

4.2- тармақ бойынша ҚР «Коммерция­лық емес ұйымдар туралы» Заңының 5 бабына сәйкестендіріліп ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ құқықтары толық­ты­рылды.
Яғни:
– заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;
– мемлекеттік және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөрта­баны және бланкiлерi, сондай-ақ бел­гi­лен­ген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;
– меншiгiнде немесе оралымды бас­қаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;
– мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құ­қықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;
– егер заң актілерінде өзгеше көз­дел­месе, басқа заңды тұлғалар құруға;
– филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;
– қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;
– жарғыда көзделген мақсаттарды жүзе­ге асыруға қаражаттарды пайда­лануға;
– сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;
– Қазақстан Республикасының заң­да­рына қайшы келмейтiн өзге де құқық­тарды жүзеге асыруға құқығы бар.
4.6-тармақта ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 5-бабына сәйкестендіріліп ЖАЗУШЫЛАР ОДА­­ҒЫНЫҢ міндеттері де толық­ты­рыл­ды.
Жазушылар одағы:
– белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге;
– өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен (мекемелердi қоспағанда) жауап беруге;
– Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.

5-ТАРАУДЫҢ АТАУЫ ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ

ЯҒНИ:
ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕЛІГІНЕ ҚАБЫЛДАУ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ, КІРУ ЖӘНЕ МҮШЕЛІК ЖАРНАНЫҢ МӨЛШЕРІ МЕН ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ.
5.2-тармақта Хатшылықтың өз шешімімен Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдау квотасы енгізілді.
Хатшылық ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қа­былдауға жыл сайынғы айрықша квотаға ие.
Осы квотаға сәйкес Хатшылық өз бас­­тамасымен және өз шешімімен әр жыл сайын 10 адамды ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдай алады. Бұл 10 адамды Хатшылық өздігінен қабылдай алмайды. Оларды Хатшылыққа Одақтың жанрлық секциялары өздерінің тал­қылауларынан кейін ұсынатын болады.
5.3-тармақта Жазушылар одағына жаңа мүшелерді қабылдаудың жеңіл­детілген тәртібі енгізіліп отыр.
Жаңа тәртіп бойынша бұрын үш мүше­ден кепілдеме алу болса, енді ол та­лап жеңілдетіліп, бір мүшеден кепіл­деме алу талабына өзгертілді.
ҚЖО РҚБ-не мүшелікке кіретін тұлға ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдау жө­нін­дегі Комиссияға жазбаша өтініш, бел­гіленген үлгідегі шығармашылық анкетасын, жарияланған шығармалары­ның тізімін (және шығармаларын), бір Жазу­шылар одағының мүшесінің кепіл­демесін тапсырады.
Сондай-ақ, жас таланттарды қолдау мақ­сатында: республикалық әртүрлі әдеби конкурстарда бас жүлде алған немесе әдебиет саласында әртүрлі мемле­кеттік сыйлықтар, наградалар мен басқа да мемлекеттік құрметті атақтар алған немесе республикалық және халықа­ра­лық деңгейде әдебиет саласында елеулі же­тіс­тікке жеткен тұлғаларды Жазушылар одағының мүшелігіне автоматты түр­де қабылдау ұсынылып отыр.
Мұндай тұлғаларды қабылдау үшін Бас­қарма төрағасы атына жазылған мүшелікке қабылдау туралы үміткердің өтініші жеткілікті болады және ол Хат­шылықта қаралатын болады.
5.5-тармағында кіру жарнасы ұғымын қосу ұсынылады.
Жазушылар одағының мүшелігіне жаңа­дан қабылданушы Хатшылықтың өзін мүшелікке қабылдау туралы шешімі шыққан күннен бастап 5 (бес) жұмыс күн ішінде кіру жарнасын төлеуге міндетті.
Осы тармақта көзделген мерзімде ал­ғаш­қы жарна төлегеннен бастап үміткер Жазушылар одағының толыққанды мү­шесі болып танылады және бір мез­гіл­де Әдеби қордың да мүшелігіне қабыл­да­нады және оның барлық қызметтерін пайдаланады.
Егер көзделген мерзімде кіру жарнасын жаңадан мүшелікке қабылданушы үміткер төлемесе, оның Жазушылар ода­ғы­ның мүшелігі автоматты түрде тоқ­татылады.
5.6-тармақта Жазушылар одағының мүшесінің құқығы толықтырылды.
Яғни:
– ерікті жарна төлейді немесе Жазушылар одағына басқа да демеушілік көмек көрсетеді.
5.7-тармақта Жазушылар одағының мүшесінің міндеті толықтырылды.
Яғни:
– Жазушылар одағының ресми басы­лымдарының кемінде біреуіне жыл сайын жазылып тұруға;
– Жарғыда көрсетілген мерзімде және тәртіпте кіру жарнасы мен мүшелік жарнаны төлеп тұруға міндетті.
5.8.2-тармақта в) тармақшасындағы мүшеліктен шығу негізі толықтырылды.
Атап айтқанда, төмендегі әрекеттер мүшеліктен шығаруға негіз болады:
в) 1 жыл (бір жыл) бойы мүшелік жарнаны төлемеу, сондай-ақ мүшелік жарнаны төлемеген мүшеге ЖАЗУШЫЛАР ОДА­ҒЫНЫҢ мүшелік жарна қарызын тө­леу туралы жазбаша талап жіберілген күннен бастап 30 (отыз) күн өтісімен, ол қаламгердің мүшелік құқығы автоматты түрде тоқтатылады;
5.12-тармақ қосылды. Кіру жарнасы мен мүшелік жарна мөлшері белгіленді.
Жоғарыда айтып кеткен кіру жарнасы – 5 (бес) ең төменгі айлық есептік көрсет­кіш, ол осы жылдың бағамымен 12 025 тең­геге тең.
Мысалы, ол – 2019 жылы 12 760 тең­геге тең болады.
Ай сайынғы мүшелік жарна 0,5 (ноль бүтін оннан бес) ең төменгі айлық есептік көрсеткіш арқылы белгіленіп отыр.
Ол осы жылдың бағамымен айына
1 202 теңгеге тең.
2019 жылы айына 1 276 теңгеге тең болады.
Түсінікті болу үшін айта кетейік, бір рет­ кіру жарнасы – осы жылдың бағамы­мен 12 025 теңге болады.
Ал, бір жылдық жарнаның сомасы – 14 400 теңгені құрайды.
Неге бұл тармақтарға мұндай өзге­ріс­тер енгізіліп отыр?
Соған тоқтала кетейік.
Жазушылар одағы өз мүшелеріне жыл сайын әртүрлі шығармашылық қол­дау көрсетіп келеді. Мысалы, кештер өт­кізу, оның афишасы мен шақыру би­лет­терін шығару, зал жалдау және оны безендіру, ұйымдастыру жұмыстары: режиссер жал­дау, әншілер шақыру, бас­пасөз бет­терінде жарнамалау және тағы басқа толып жатқан қаржылай шығынды қажет ететін жұмыстар (сый-сияпаттар) бар.
Жылына 30-40-қа жуық өтетін мұн­дай шаралар Жазушылар одағының ан­нан құрап, мыннан үнемдеп жасалған қаржысына өтіп келген. Жасыратыны жоқ, осындай шаралар – кейде мемле­кеттік сатып алу қызметтерінен түскен қар­жыға өткізіліп жатады. Қазақша айт­қанда, түскен пайданың бірсыпырасы сон­дай дүниеге кетіп қалады. Оның үс­тіне салық және басқа да Одақтың шы­ғын­дары бар. Сол себептен, осындай та­лап қойып отырмыз. Жарналық қаржы ешқайда кетпейді, ол тікелей Жазушылар одағы мүшелерінің игілігіне жұм­са­ла­тын болады. Сондықтан бұл жаңа­лық­ты дұрыс қабылдайсыздар деген ойдамыз.

6-БАП БОЙЫНША

Мұның алдында тағы бір айта кететін дүние бар. Қолданыстағы Жарғыда және Одақтың іс-жүргізу құжаттарында әлі күнге дейін Кеңес үкіметі кезінен қалған «Пленум», «Бірінші хатшы», «Хатшы­лық», «Президиум», «Қаулы» және тағы басқа термин сөздер бар. Ал, бұл терминдер қолданыстағы Қазақстан Заңдарында мысалы қазір жоқ.
Сондықтан біз қолданыстағы заң­намаға сәйкестендіріп, кейбір тер­мин­дерді заманға сай ауыстырдық. Мысалы, енді біз алдағы уақытта мына баннерде жазылып тұрған «Пленум» деген сөзді «Бас­қарманың жалпы жиналысы» деп ауыстырмақпыз.
Жаңа жылдан бастап Одақтың іс-жүргізу құжаттары да жаңа Жарғыдағы терминологияға сай өзгеретін болады.
Енді осы 6-баптағы өзгеріске ұшырап отырған тармақтарға қысқаша шолу:
6.1-тармақта Бұрынғы Жарғыда Басқарма төрағасы бір мезгілде бірінші хатшы болатын. Яғни бірін-бірі қай­та­лайтын, орысша айтқанда, «дублировать» ететін ұғымдардан құтылуымыз керек. Ендігі ретте «бірінші хатшы» тер­мині алы­­нып, тек «Басқарма төрағасы» тер­мині қалады.
6.3-тармақта Шымкент қалалық фи­л­иал немесе өкілдігі қосылады және фил­­иал немесе өкілдік туралы ережені бе­кіту Хатшылық құзырына беріліп отыр.
7.2.1-тармақта Съезді шақыру туралы хабарландыру мерзімі 1 (бір) айдан кеш емес мерзімге өзгертілді. Бұл жоға­ры­да айтылған Заңдағы талаптарға сәй­кестендіріліп отыр.
7.3.3-тармақта Жазушылар одағы Басқармасының мәжілістерін өткізу жиі­­лігі өзгертілді. Яғни екі жылда бір рет­тен сирек емес.
Енді өздеріңіз 12 наурызда өткен Құ­рыл­тайда жаңа басшылыққа берген тап­сырмаларыңыз болған 7-ші бапқа байланысты өзгеріске келейік.
Бұл баптың 7.5-тармақта көрсетілген және Жарғы мәтінінің барлық жерінен «ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАҒА» қатысты ережелер толығымен алынып тасталды.
7.5-тармақта Тексеру комиссиясы туралы ережелер орналастырылды. Бұл ере­желер бұрын Жарғының бұрынғы редакциясында 7.6-тармақта орналасқан болатын.

8-БАП БОЙЫНША

8.3-тармақта тиісті лицензиялар туралы ереже қосылды.
Аталған қызметтерді Жазушылар ода­­ғы Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа заңна­ма­лар­ға қайшы келмейтін шарттарда жүзе­ге асырады және қажетті жағ­дай­ларда тиісті рұқсат, хабарлама және лицензиялар алып жүзеге асырады.


  1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1. «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі – Қазақстан Республикасының кәсіби жазушыларын ерік қалаулары мен мүдделерінің ортақтығы негізінде біріктіретін, дербес шығармашылық қоғамдық ұйым.

1.2. Республикалық қоғамдық бірлестіктің атауы:

– мемлекеттік тілде:

толық – «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі;

қысқаша – ҚЖО РҚБ;

– орыс тілінде:

толық – Республиканское общественное объединение «Союз писателей Казахстана»;

қысқаша – РОО СПК;

– ағылшын тілінде:

толық – Republican public association «Union of Writers of Qazaqstan»;

қысқаша — RPA UWQ.

1.3. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалары, халықаралық құқық нормалары ҚЖО РҚБ қызметінің құқықтық негізі болып табылады.

1.4. ҚЖО РҚБ Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астам аумағында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында әрекет ететін, Республикалық қоғамдық бірлестік дәрежесі бар ұйым.

1.5. ҚЖО РҚБ өз қызметін мүшелерінің (қатысушыларының) еріктілігі, тең құқықтылығы, өзін-өзі басқару, заңдылық, қызметтің есептілігі және жариялылығы негізінде, өзін-өзі қаржыландыру арқылы жүргізеді.

1.6. ҚЖО РҚБ коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанындағы  қоғамдық бірлестік түріндегі заңды тұлға болып табылады. Меншік құқығында оқшау мүлікі бар, өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге ие болып,оларды жүзеге асыра алады, сотта талапкер және жауапкер бола алады. Дербес балансы, Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің банктерінде теңгедегі және басқа валютадағы шоттары, өз атауы бар мөрі, мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланктері бар.

Қоғамдық бірлестік ретінде ҚЖО РҚБ Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келмейтін өз рәміздерін (жалау, гимн, эмблема, вымпел, белгілер және басқа да атрибутика) иемденгуе құқылы.

1.7. ҚЖО РҚБ КСРО Жазушылар одағының және Қазақстан Жазушылар одағының, КСРО-ның және Қазақстанның аумағындағы Қазақ КСР-нің Әдеби қорының құқықтық мирасқоры болып және де аталған субъектілердің басқа да мүліктік құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып табылады.

1.8. ҚЖО РҚБ-нің орналасқан жері Қазақстан Республикасы, 050000, Алматы қ., Алмалы ауданы, Абылай хан даңғылы, 105.

1.9. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы және «Простор» журналы ҚЖО РҚБ-нің ресми басылымдары болып табылады. ҚЖО РҚБ  ресми басылымдарымен қатар өзінің ресми веб-сайты, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунтар мен басқа да интернет құралдары болады.

 ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ МЕН МӘНІ

   2.1. ҚЖО РҚБ-нің төмендегі іс-шараларға бағытталған өзінің көпмақсаттық бағдарламаларын, республикааралық және халықаралық жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру басты мақсаты мен мәні болып табылады:

– жалпыадамзаттық құндылықтарды жоғарылату, адамдар арасындағы және ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлестіру мүддесі үшін әдебиет әлемінің барлық салаларын шынайы түрде демократияландыру және ізгілендіру;

– Қазақстанның кәсіби әдебиетшілері мен тарихи Отанынан сырт жерлерде тұратын  қазақ әдебиетшілерінің шығармашылығын еркін дамытуға қолайлы жағдай туғызу, олардың зияткерлік әлеуеттерін Қазақстан халқының рухани және имандылық тұрғыдан қайта жаңғыруына, өркениетті, демократиялық, құқықтық қоғам орнатуға барынша тиімді пайдалану.

  1. ҚЖО РҚБнің НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

3.1. ҚЖО РҚБ-нің негізгі міндеттері мыналар:

— өз мүшелерінің кәсіби құқықтары мен заңды мүдделеріне өкілдік ету және қорғау;

— ҚЖО РҚБ мүшелерінің кәсіби шеберліктерін жоғарылату және зияткерлік жетілдірілуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға тікелей қатысып отыру;

— Қазақстанда әдеби қызметпен айналысатын, дарынды шығармашылық жастарға, олардың қай ұлтқа және қай нәсілге жататындығына және діни сеніміне қарамастан, егер олардың әдеби қызметтері осы Жарғының ережелеріне және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын Заңдарға қарама-қайшы келмейтін болса, жан-жақты көмек көрсету;

— Қазақстан Республикасының кәсіби әдебиетшілерінің шығармашылық қызметінде шынайы ынтымақтастықтың орнығуына және нығаюына жан-жақты көмек жасау;

-ТМД және басқа мемлекеттердің әдебиетшілерінің шығармаларын, олардың ұлттық, нәсілдік, діни сеніміне қарамастан, егер ҚЖО РҚБ-нің жарғылық мақсаттарына қарама-қайшы келмесе, насихаттау;

— Қазақстанда тұратын өзге ұлттар мен ұлыстар өкілдерін қазақ халқының тарихы және әдеби шығармашылығымен жақын таныстыру; Республика халқының қазақстандық авторлардың әдеби өнімдеріне деген қажеттіліктерін зерттеу және қанағаттандыру;

— Қазақстанда тұратын барлық халықтар өкілдерінің әдеби шығармашылығының жан-жақты тығыз байланыста өркендеуіне, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында әдебиетшілердің республикааралық, халықаралық шығармашылық байланыстарын дамытуға жағдай жасау;

— Қазақстан Республикасындағы баспа-полиграфиялық базаны және бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға ат салысу;

— Еліміздегі Мемлекеттік бағдарламаларды қолдау, маңызды әдеби-мәдени шараларға қолқабыс жасау және республиканың мәдени-әдеби, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі  барлық жобаларға қатысу, халықаралық мәдени-әлеуметтік жобаларға ат салысу, отандық және шетелдегі қазақ әдебиетін қолдау жолында тиісті, қатысты орындарға нақтылы  жобалар ұсыну;

— Халықаралық және республикалық әдеби шаралар: форумдар, конференциялар, симпозиумдар және т.б. ұйымдастыру;

— Көркем және жолма-жол аударма жұмыстарын үйлестіру, әлеуметтік маңызды ұлттық әдебиетті шет ел тілдеріне аудару қызметін жолға қою, көркем аударма бюроларын ашу;

— Баспа ашу,  көркем әдеби және танымдық кітаптар, оқулықтар шығару, олардың кең таралуына ықпал ету, бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде интернет арқылы әлеуметтік желілер, электрондық сайттар мен блогтар, порталдар ашу;

-Авторларға Қазақстан Республикасының Конституциясына және басқа да заңнамаларына сәйкес мәдени-материалдық көмек көрсету;

— Жаһандану процесіне қазақ халқының өзіне тән мәдениетінің мәнерімен, тілдік ерекшелігімен, өзіндік әдебиетімен төтеп беру үшін әртүрлі ғылыми-әдеби зерттеулер ұйымдастыру, халықаралық конференциялар, форумдар, симпозиумдар өткізу. Қазақ халқының ұлттық әдеби мұраларын, рухани қазыналары мен құндылықтарын әдеби жолмен шет елдерге таныстыру;

— Республика аумағында әдебиет және өнер адамдарына арнап демалыс және шығармашылық үйлерін салу, кітап, журнал және басқа өнер туындыларын тарататын дүкендер ашу;

— Қазақстан Республикасының және шетелдік ұйымдармен әдебиет пен мәдениет мәселелер төңірегінде  ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату;

-Кәсіподақтар және басқа да әдебиет пен мәдениет саласында кәсіби ұйымдар құру;

-Қазақстан Республикасының заңнамасымен тиым салынбаған баспалық, өндірістік, ағартушылық, басқа да реттеу қызметтерін жүзеге асыру.

 ҚЖО РҚБнің ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

 4.1. ҚЖО РҚБ-нің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін оның басқарушы және атқарушы органдары қолданыстағы заңнамалар тыйым салмаған қызмет түрлері мен әдістерін, сондай-ақ қаржыны пайдаланады.

4.2. ҚЖО РҚБ осы Жарғыға сәйкес:

-заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;

 -мемлекеттік және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөртабаны және бланкiлерi, сондай-ақ белгiленген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;

 -меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;

 -мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;

 — егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлғалар құруға;

 — филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;

 — қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;

 — жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға қаражаттарды пайдалануға;

 — сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;

 — өзінің мақсаттары, міндеттері және оларды жүзеге асыру бойынша нақты қызметтері туралы мәліметтерді еркін таратуға;

— өзінің мерзімдік басылымдарын және басқа да бұқаралық ақпарат  құралдарын құруға;

— әдеби қор, құрылымдық бөлімшелер және қауымдастықтарды құруға;

— Егер осы Жарғыда бекітілген мақсаттар мен міндеттерге қайшы келмесе, Қазақстанның, ТМД және шет ел мемлекеттерінің аумағында құрылған қоғамдық ұйымдармен, бірлестіктермен одақтаса алады және де халықаралық қоғамдық қозғалыстардың, ұйымдардың, білестіктердің жұмысына қатысуға;

— алыс және жақын шет елдердің басқа  мемлекеттерінде өз өкілдіктерін ашуға;

— Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4.3. Өзінің мақсаттары мен міндеттерін, құқықтарын жүзеге асыру үшін ҚЖО РҚБ – әкімшілік, азаматтық, еңбек және т.б. әртүрлі құқықтық қатынастарға түседі.

4.4. ҚЖО РҚБ өзінің жұмысына қатысатын немесе оның жарғылық мақсаттары мен міндеттерінің жүзеге асуына көмектесетін барлық жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін өз қызметінде барынша ескеріп отыруға кепілдік береді.

4.5. Орталық аппараттың және басқаларының, оның ішінде ҚЖО РҚБ Басқармасының аумақтық органдарының штаттық қызметкерлеріне еңбек туралы, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру және т.б. туралы заңнамалар қолданылады.

4.6. ҚЖО РҚБ:

— Қазақстан Республикасы заңнамаларын, сондай-ақ жарғыда қарастырылған нормаларды сақтауға;

— белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуге;

 — өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен (мекемелердi қоспағанда) жауап беруге;

— өзінің мүшелеріне олардың құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен және шешімдермен танысуға мүмкіндікті қамтамасыз етуге;

— өзінің мүшелерін ақша қаражаттарының келіп түсуі және шығындалуы туралы хабардар етуге;

— тіркеуші органды тұрақты жұмыс істейтін басшылық органның орналасқан жерінің және басшылар туралы деректердің өзгеруі туралы, біртұтас мемлекеттік тізілімге енгізілетін мәліметтер көлемінде хабардар етіп отыруға;

— Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.

  1. ҚЖО РҚБ-нің МҮШЕЛІГІНЕ ҚАБЫЛДАУ, ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ, КІРУ ЖӘНЕ МҮШЕЛІК ЖАРНАНЫҢ МӨЛШЕРІ МЕН ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ.

5.1. ҚЖО РҚБ-не мүшелік – әркімнің жеке басының еркі.  Осы Жарғыны, Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындайтын, ҚЖО РҚБ-нің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға тікелей атсалысатын, мүшелік жарнаны тұрақты төлеп тұратын Қазақстанның кәсіби әдебиетшілері, сондай-ақ ТМД және шетел мемлекеттері аумағында тұратын қазақ қаламгерлері ҚЖО РҚБ-не мүше бола алады.

5.2. Мүшелікке қабылдау ҚЖО РҚБ-нің Хатшылығы арқылы жеке тәртіпте ҚЖО РҚБ мүшелігіне үміткердің жүгінуі немесе ҚЖО РҚБ-нің филиалдарының қолдаухаттары нәтижесінде берілген ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдау жөніндегі Комиссияның ұсынысы негізінде жүзеге асырылады. ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдау жөніндегі Комиссия өз қызметін ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдау жөніндегі Комиссия туралы Ереже негізінде жүзеге асырады.

Хатшылық ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдауға жыл сайынғы айрықша квотаға ие. Осы квотаға сәйкес Хатшылық өз бастамасымен және өз шешімімен әр жыл сайын 10 (он) адамды ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдай алады.

5.3. ҚЖО РҚБ-не мүшелікке кіретін тұлға ҚЖО РҚБ-не мүшелікке қабылдау жөніндегі Комиссияға жазбаша өтініш, белгіленген үлгідегі шығармашылық анкетасын, жарияланған шығармаларының тізімін, бір ҚЖО РҚБ-нің мүшесінің кепілдемесін тапсырады.

Республикалық әр түрлі әдеби конкурстарда жүлделі орын алған немесе әдебиет саласында әр түрлі мемлекеттік сыйлықтар, наградалар мен басқа да мемлекеттік құрметті атақтар алған немесе республикалық және халыкаралық деңгейде әдебиет саласында елеулі жетістікке жеткен тұлғалар ҚЖО РҚБ-нің мүшелігіне оңайлатылған тәртіпте қабылданады. Мұндай тұлғаларды қабылдау үшін Басқарма Төрағасы атына жазылған мүшелікке қабылдау туралы үміткердің өтініші жеткілікті.

5.4. Хатшылық егер оның отырысында Хатшылық мүшелерінің 2/3 (үштен екісі) кем емесі қатысып отырса, қабылданушының өтінішін және Қабылдау комиссиясының қорытындысын қарастыруға құқылы. Егер үміткер үшін жабық (құпия) дауыс беру нәтижесінде шешім қабылдау қезінде қатысып отырған Хатшылық мүшелерінің 2/3 (үштен екісінен) кем емесі дауыс берген болса шешім қабылданды деп есептеледі.

5.5. ҚЖО РҚБ-нің мүшелігіне жаңадан қабылданушы Хатшылықтың өзін ҚЖО РҚБ-нің мүшелігіне қабылдау туралы шешімі шыққан күннен бастап 5(бес) жұмыс күн ішінде кіру жарнасын төлеуге міндетті. Осы тармақта көзделген мерзімде алғашқы жарна төлегеннен бастап үміткер ҚЖО РҚБ-нің толыққанды мүшесі болып танылады және бір мезгілде Әдеби қордың да мүшелігіне қабылданады және оның барлық қызметтерін пайдаланады. Жарғының осы тармағында көзделген мерзімде кіру жарнасын жаңадан мүшелікке қабылданушы үміткер төлемесе оның ҚЖО РҚБ-нің мүшелігі автоматты түрде тоқтатылады.

5.6. ҚЖО РҚБ-нің мүшесі:

— ҚЖО РҚБ өткізетін барлық іс-шараларға тең құқықта қатысуға;

— ҚЖО РҚБ-нің барлық басшылық органдарына сайлауға және сайлануға;

— ҚЖО РҚБ және ол құрған ұйымдар, ҚЖО РҚБ-мен тиісті келісім-шарттар жасаған ұйымдар және ҚЖО РҚБ-нің аумақтық бөлімшелері (филиалдары) жасайтын барлық артықшылықтар мен игіліктерді пайдалануға;

— өзінің жеке мәселесі талқыланатын ҚЖО РҚБ-нің басшылығының барлық отырыстарына қатысуға;

— ҚЖО РҚБ-нің басшылық органдарына ҚЖО РҚБ жарғысы аясында өзін қызықтыратын кез-келген мәселе бойынша мәлімет алу үшін өтініш жасауға;

— ҚЖО РҚБ-нің ұйымдастырушылық қызметіне шығармашылық мәселелер бойынша кез-келген ұсыныстар енгізуге құқылы;

— ҚЖО РҚБ съезінің, конференциясының жұмысына қатысу, жарғылық тәртіпте белгіленген өкілдік квотасына сәйкес жанама өкілдікпен қамтамасыз етіледі;

— ерікті жарна төлейді немесе ҚЖО РҚБ басқа да демеушілік көмек көрсетеді.

5.7. ҚЖО РҚБ-нің мүшесі:

— Жарғының ережелерін және Жарғы ережелерінен туындайтын талаптарды мүлтіксіз орындауға;

— ҚЖО РҚБ-нің және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметіне белсенді қатысуға;

— ҚЖО РҚБ-нің шығармашылық және ұйымдық жұмыстарының нығаюына және дамуына көмек көрсетуге;

— басшылық органдарға сайланған және штаттық лауазымдарға бекітілген ҚЖО РҚБ-нің мүшелері олардың орындалуы үшін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес барлық күш-жігерін жұмсауға;

— ҚЖО РҚБ-нің ресми баспаларының кемінде біріне жыл сайын жазылып тұруға;

— Жарғыда көрсетілген мерзімде және тәртіпте кіру жарнасын мен мүшелік жарнаны төлеп тұруға міндетті.

Осы міндеттемелерді өрескел бұзған жағдайда ҚЖО РҚБ мүшесі ҚЖО РҚБ мүшелігінен шығарылуға дейін, сондай-ақ ҚЖО РҚБ-не келтірілген зиянның орнын толтыру жөніндегі мүліктік жауапкершілікке тартуға дейін жазалануы мүмкін.

5.8. РҚБ-тегі мүшелік мына жағдайларда тоқтатылады:

5.8.1. Мүшенің өз еркімен жеке жазбаша өтініші негізінде (мұндай жағдайда шығару туралы шешімді ҚЖО РҚБ Хатшылығы қабылдайды);

5.8.2. Осы Жарғының талаптарына қарама-қайшы келетін, ҚЖО РҚБ-нің және  ҚЖО РҚБ мүшелігінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасағаны үшін ҚЖО РҚБ-нің мүшелігінен шығарылғанда. Атап айтқанда төмендегі әрекеттер мүшеліктен шығаруға негіз болады:

а) ҚЖО РҚБ-не мүліктік зиян келтіру және ҚЖО РҚБ-нің және оның жекелеген мүшелерінің іскерлік беделін кеміту;

б) ҚЖО РҚБ-не немесе ондағы мүшелікке сілтеме жасай отырып, ҚЖО РҚБ мүшесінің жеке бас пайдасы үшін бейтарап бір тұлғаға қатысты ар-ожданға тиетін жалған мәлімет тарату;

в) 1 жыл (бір жыл) бойы мүшелік жарнаны төлемеу, сондай-ақ мүшелік жарнаны төлемеген мүшеге ҚЖО РҚБ мүшелік жарна қарызын төлеу туралы жазбаша талап жіберілген күннен бастап 30 (отыз) күн өтісімен ҚЖО РҚБ мүшелік автоматты түрде тоқтатылады;

г) заңды күшіне енген сот үкімімен қылмысты деп танылу;

д) үш жыл бойында ҚЖО РҚБ-мен байланысты жоғалту.

5.9. ҚЖО РҚБ-нің мүшелігінен шығаруды Хатшылық осы туралы Басқарманы хабардар ете отырып жүргізеді.

5.10. ҚЖО РҚБ-дегі мүшелік тоқтатылған жағдайда төленген жарналар қайтарылмайды.

5.11. ҚЖО РҚБ-нің шығарылған мүшесі ҚЖО РҚБ-нің этика жөніндегі комиссиясына өзін орнына қайтадан алу туралы шағым беруге құқылы.

5.12. Кіру жарнасының мөлшері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарында алғашқы жарна төленуге тиісті күнтізбелік жылға белгіленген 5 (бес) ең төменгі айлық есептік көрсеткішке (ЕАК) тең.

Ай сайынғы мүшелік жарна мөлшері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарында мүшелік жарна төленуге тиісті күнтізбелік жылға белгіленген 0,5 (ноль бүтін оннан бес) ең төменгі айлық есептік көрсеткішке (ЕАК) тең.

  1. ҚЖО РҚБ ҚҰРЫЛЫМЫ, ФИЛИАЛДАРЫ МЕН ӨКІЛДІКТЕРІ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

6.1.  ҚЖО РҚБ  қол астында тұрақты жұмыс істейтін Орталық аппараты, Басқарма Төрағасы басқаратын біріктіруші алқалы органы — Басқарма мен оның Хатшылығы бар.

  Хатшылық құрамына саны 11 адамнан кем емес, тақ болуы тиіс Хатшылар кіреді.

6.2. ҚЖО РҚБ   Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астам аумағында филиалдар және/немесе өкілдіктерге ие. Филиал  тиісті облыс (әкімшілік-аумақтық бірлік)  аумағында   ҚЖО РҚБ   үш мүшесінен  кем  емес мүшелері тұрақты  тұратын  жағдайда  құрылады.  ҚЖО РҚБ   филиалы  ҚЖО РҚБ   тұрған жерден тысқары орналасқан және оның барлық  немесе кейбір қызметтерін, соның ішінде өкілдік қызметін  жүзеге асыратын,  оның  жекелеген бөлімшесі болып табылады.

6.3.  Филиалдар барлық облыстарда, Астана және Шымкент қалаларында аумақтық және кәсіби мүдделерді  біріктіру негізінде  құрылады және өз қызметін  өзінің ішкі ережелеріне сондай-ақ ҚЖО РҚБ  Хатшылығымен бекітілген Ережеге сәйкес жүзеге асырады. ҚЖО РҚБ   филиалы мақсаттары мен міндеттерін  тиісінше өзі орналасқан облыс аумағында, Астана қаласында жүзеге асырады.

6.4.  ҚЖО РҚБ-нің   өз тұрған жерінде филиал құрылмайды,  ҚЖО РҚБ   өз тұрған жерінде  тұрақты тұратын  ҚЖО РҚБ   мүшелерінің қызметі  ҚЖО РҚБ   Орталық аппаратымен тікелей үйлестіріледі.

6.5.  Филиалдың ішкі тәртіптерімен және Ережесімен:

—  филиалдың басшысының атауы,  оның жұмыс тәртібі және құзыреті;

— филиалды басқару органының құқықтық мәртебесі, оны құрудың және қызмет етуінің рәсімдік тәртібі;

—  филиалдардың құқықтары, міндеттері, қызметінің негізгі бағыттары және  олардың жергілікті әкімшілік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен  өзара  қатынасы реттеледі.

6.6.  Қажетіне қарай ҚЖО РҚБ   Өкілдік түріндегі  аумақтық бөлімшелерін құрады.  ҚЖО РҚБ   өкілдігі   ҚЖО РҚБ   тұрған жерден  тыс орналасқан және оның мүддесін қорғауды және өкілдік етуді жүзеге  асыратын, оның атынан мәмілелер және басқа да құқықтық әрекеттерді іске  асыратын оның  жекелеген бөлімшесі  болып табылады.

ҚЖО РҚБ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ, ОЛАРДЫҢ  ҚҰЗЫРЕТТЕРІ, ӨКІЛЕТТІК  МЕРЗІМДЕРІ

7.1.  ҚЖО РҚБ-нің басқарушы органы болып:

— жоғары орган – ҚЖО РҚБ Съезі (Конференциясы);

— Съезд (Конференция) аралығындағы мерізімде басқарушы орган – Төраға басқаратын Басқарма;

— атқарушы орган – Хатшылық;

— бақылаушы орган – Тексеру комиссиясы.

7.2. ҚЖО РҚБ Съезі (Конференциясы).

7.2.1. ҚЖО РҚБ-нің жоғары органы мерзімсіз әрекет ететін, ҚЖО РҚБ-нің барлық мүшелерінен тұратын оның Съезі (Конференция) болып табылады. Съезд (Конференция) кемінде бес жылда бір рет Басқармамен шықырылады.

Съезді  (Конференцияны) шақыру, оны өткізу орны, ұсынылатын күн тәртібі  туралы оны шақырғанға дейін  1 (бір) айдан  кеш емес мерзімде  жарияланады.

7.2.2. Кезектен тыс Съезд (Конеренцияны) ҚЖО РҚБ   Басқармасының жеке бастамасы бойынша немесе ҚЖО РҚБ   мүшелерінің жалпы санының үштен екі бөлігінен  кем емес мүшелерінің талап етуі бойынша шақырылуы мүмкін.

ҚЖО РҚБ   әрекет етуші атқарушы органдарының өкілеттік мерзімдерін  қажетті мерзімге созу туралы мәселе  ҚЖО РҚБ   Басқармасымен  жеке бастамасы бойынша шешіледі.

7.2.3. ҚЖО РҚБ   мүшелерінің Съезде (Конференцияда) өкілдік нормасы  ҚЖО РҚБ   мүшелерінің жалпы санының 1/3  құрайды. Съездің (Конференцияның) (кезекті, кезектен тыс) делегаттарын сайлау тәртібі  ҚЖО РҚБ   Басқармасымен анықталады.  Бұл жағдайда    ҚЖО РҚБ   филиалдарының тең өкілеттілігі басты талап  болып табылады. Съезге (Конференцияға)  сайланған делегаттардың жалпы санының аз дегенде 2/3  қатысқан болса, Съезд (Конференция) болды деп есептеледі

7.2.4. ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 39 б. 2 т. сәйкес ҚЖО РҚБ   Съезінің (Конференцияның) ерекше құзіретіне  келесі өкілеттіктер кіреді:

— Жарғыны қабылдау, өзгертулер мен толықтырулар енгізу;

— ерікті қайта ұйымдастыру мен тарату;

— басқару органдарының құзыретін, ұйымдастыру құрылымын,  өкілеттіктерін қалыптастыру мен тоқтату  тәртібін анықтау;

— атқару органдарының қаржы есептерін беру  тәртібі мен мерзімділігін  анықтау, сондай-ақ бақылау органымен тексеру жүргізу  және олардың нәтижелерін бекіту тәртібін анықтау;

— заңнамалық  актілермен  белгіленген  шектерде  басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкілдіктерін  құруға және қызметіне  қатысу туралы  шешім  қабылдау;

— Съезд (Конференция) басқа да (кездесуі мүмкін) өкілеттіктерге ие:

— Басқарма мен Ревизиялық комиссияның, Қамқорлық Кеңесінің есебін  тыңдайды және бекітеді;

— алдағы кезеңге ҚЖО РҚБ   қызметінің негізгі бағыттарын анықтайды;

— ашық (жабық) дауысқа салумен бес жыл мерзімге мүшелері саны ҚЖО РҚБ   мүшелерінің жалпы санының 1/10 аспайтын   Басқарманы сайлайды;

— ҚЖО РҚБ   қызметінің басқа да маңызды  мәселелерін қарайды және   шешеді.

7.3.   ҚЖО РҚБ Басқармасы.

7.3.1. Съездер (Конференциялар) арасындағы кезеңде ҚЖО РҚБ    және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметіне Басқарма басшылық етеді. Басқарманы 5 (бес) жыл мерзімге Съезд (Конференция) сайлайды. Басқарма мүшелері ҚЖО РҚБ мүшелерінің жалпы санынын 1/10 бөлігінен аспайды.

7.3.2.  ҚЖО РҚБ   Басқармасы:

— Съезд (Конференция) шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады, өз жұмыс жоспарларын бекітеді;

— Съезд (Конференция) шешімдері мен жұмыс жоспарларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

— бірінші жиналысында көпшілік дауыспен Басқарма Төрағасын сайлайды;

— өз құрамынан  бес жыл мерзімге  атқарушы  орган – Хатшылықты  сайлайды. Хатшылар   Басқарма Төрағасының ұсынуы бойынша  көпшілік дауыспен  сайланады және босатылады;

— ҚЖО РҚБ-не   мүшелікке қабылдау бойынша  Комиссия құрамын бекітеді;

— Съездің (Конференцияның) ерекше құзіретіне жатпайтын  басқа да маңызды шығармашылық және ұйымдастыру мәселелерін талқылайды және олар бойынша шешім қабылдайды;

— ҚЖО РҚБ   аумақтық бөлімшелерінің ұсыныстары бойынша  мәселелер қарап, шешімдер қабылдайды.

—  Съезд (Конференция) шақыру  туралы  шешім қабылдайды, оның күн тәртібін анықтайды.

7.3.3.  ҚЖО РҚБ   Басқармасының мәжілістері  міндетті тәртіпте  Басқарма  мүшелерінің жалпы санының 2/3 бөлігінен  аз емес  қатысумен, екі жылына бір реттен сирек емес  өткізіледі. Басқарма Шешімдері  ашық (жабық) дауысқа салумен және жиналысқа қатысып отырған Басқарма мүшелерінің  көпшілік жай дауысымен  қабылданады.

7.4. Басқарма Хатшылығы.

7.4.1. Басқарма Хатшылық ҚЖО РҚБ-нің атқарушы органы болып табылады, ҚЖО РҚБ Басқармасымен оның мүшелері құрамынан 5 (бес) жыл мерзімге сайланады. Хатшылықты бір мезгілде ҚЖО РҚБ Басқармасының Төрағасы болып табылатын Хатшылық Төрағасы басқарады.

7.4.2. Хатшылық Басқарма мәжілістері арасындағы кезеңде ҚЖО РҚБ   Басқармасының және Съезд (Конференция) шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады. Бұл мақсаттар үшін Хатшылық:

— Басқарма мен Съезд (Конференция)  құзыретіне кірмейтін ҚЖО РҚБ   қызметінің барлық мәселелерін қарастырады және шешеді, өз жұмысын осы Жарғымен  бекітілген  ережелерге сәйкес жүргізеді;

— Съезд (Конференция)  шешімдеріне сәйкес ҚЖО РҚБ   жарғылық қызметін қаржыландыру үшін, оның мақсаттары мен міндеттерін  іске асыру үшін ҚР азаматтық заңнамасымен қарастырылған ұйымдастыру-құқықтық формаларда заңды тұлғаларды құру бойынша  шараларды қабылдайды;

— ҚЖО РҚБ -мен  құрылған  заңды тұлғалардың  басшыларын  тағайындауды  бекітеді;

— аппаратты ұстау шығындарының бюджеті мен сметасын, штат жұмысшыларының лауазымдық айлықтарының мөлшерін бекітеді, ҚЖО РҚБ   штаттағы қызметкерлерінің, мүшелерінің  және олардың отбасыларының  әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да  мәселелерін  шешуге  жәрдем көрсетеді;

— ҚЖО РҚБ-нің   басқа қоғамдық ұйымдармен байланыстары туралы шешім қабылдайды.

—  ҚЖО РҚБ   Өкілдігі туралы ережені және ҚЖО РҚБ   филиалы туралы ережені бекітеді;

— Төрағаның ұсынысы бойынша  немесе Съездің (Конференцияның) құзіретіне жатпайтын ҚЖО РҚБ   қызметінің басқа  маңызды мәселелері бойынша Басқарма  мүшелерінің жартысының көбінің талабы бойынша  шешімдерді қарастырады және қабылдайды;

— ҚЖО РҚБ-нің   жылжымайтын мүлкімен мәмілелер жасауға  келісім береді.

7.4.3. Хатшылық қажетіне  қарай, Төрағамен шақырылады. Хатшылықтың мәжілісінде  оның мүшелерінің жартысынан  аз емес бөлігі қатысуы тиіс. Хатшылықтың Шешімдері  көпшілік дауыспен  қабылданады.

7.4.4.  Басқарманың Төрағасы (ол жоқ кезде – орнын ауыстырушы тұлға):

— Басқарма мен Хатшылықтың жұмысын ұйымдастырады, олардың жұмысына басшылық етеді;

— мүшелер арасындағы  міндеттерді бөледі;

— Хатшылардың, ҚЖО РҚБ   басқару органдарының аппаратының штаттағы қызметкерлерінің лауазымдық нұсқауларын бекітеді;

— штаттағы қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;

— ҚЖО РҚБ   атынан мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда және республиканың, сондай-ақ өзге мемлекеттердің басқа да мекемелерінде өкілдік етеді;

— басқарманың  барлық құжаттарына  қол қояды, ҚЖО РҚБ   атынан шарттар, келісімдер жасайды, оның құқықтары мен заңды мүдделерін  іске асырады және қорғайды.

Съезд (Конференция) және ҚЖО РҚБ басшы органдарының  шешімдері ҚЖО РҚБ   филиалдары және  мүшелері үшін  міндетті түрде орындалуы тиіс.

7.5. Тексеру комиссиясы.

7.5.1. ҚЖО РҚБ-нің Тексеру комиссиясы Басқарманың және оның басқа да атқарушы органдарының қызметін съездер (конфренциялар) арасында бақылаушы орган болып табылады. Жұмыстың ішкі тәртібін өз бетінше белгілейді және жұмыс жоспарын жасайды.

7.5.2. Тексеру комиссиясы Съезде 5 жылға сайланады және тек қана ҚЖО РҚБ Съезіне (Конференцияға) ғана бағынышты болып табылады. Тексеру комиссиясындағы жұмысқа ҚЖО РҚБ мүшелері емес тұлғалар да тартыла алады.

7.5.3. Тексеру комиссиясы жылына бір рет міндетті түрде Басқарманың және Хатшылықтың, ҚЖО РҚБ-нің құрылымдық бөлімшелерінің қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізеді:

— ҚЖО РҚБ-нің Съезінің (Конфренцияның), Басқармасының, Хатшылығының және басқа органдарының қабылдаған шешімдерінің орындалуына тексеру жүргізеді;

— ҚЖО РҚБ-нің қаражаттарын дұрыс және үнемді пайдалануды қатаң қадағалайды, қажет болған жағдайда ҚЖО РҚБ-нің атқарушы органдары жасаған мүлікке иелік етуге байланысты мәмілелердің заңдылығына тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді.

  1. ҚЖО РҚБ-нің ӨНДІРІСТІК ЖӘНЕ ШАРУАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

8.1. Өзінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін материалдық қамтамасыз ету үшін ҚЖО РҚБ кәсіпкерлік, оның ішінде өндірістік-шаруашылық және басқа да қызметтерді жүзеге асырады.

8.2. ҚЖО РҚБ белгіленген тәртіпте дербес немесе басқа заңды немесе жеке тұлғалармен бірлесіп заңды тұлғаларды және басқа ұйымдарды құра алады және жасай алады.

Олардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдары, баспаханалар, полиграфиялық кәсіпорындар, әдеби-ақпараттық агенттіктер, шеберханалар, студиялар, мәдени-ағарту және емдеу-сауықтыру мекемелері және т.б. болуы мүмкін.

8.3. Аталған қызметтерді ҚЖО РҚБ ҚР Конституциясына және басқа заңнамаларға қайшы келмейтін шарттарда жүзеге асырады және қажетті жағдайларда тиісті рұқсат, хабарлама және лицензиялар алып жүзеге асырады.

  1. МҮЛІК ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРІ.

9.1. ҚЖО РҚБ-нің меншігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес ғимараттары, құрылыстары, тұрғын үй қоры, жер телімдері, көлік құралдары, жабдықтары, дүние мүліктері және басқа материалдық құндылықтары бар.

ҚЖО РҚБ-на ақша қаражаттары (оның ішінде шет елдік валютада), акциялар, басқа құнды қағаздар, және де осы Жарғыда қарастырылған оның мақсаттары мен міндеттерін материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де мүліктер тиесілі.

9.2. ҚЖО РҚБ-нің қаржы көздері төмендегілерден түзіледі:

— өз мүшелерінің кіру, мүшелік және басқа да ерікті жарналарынан;

— жеке тұлғалардың қайырымдылық көмектерінен, сыйларынан, мұраларынан;

— Қазақстан және ТМД сондай-ақ басқа да шет елдердің аумақтарында жұмыс істейтін мемлекеттік құрылымдардың, еңбек ұжымдарының, коммерциялық бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, халықаралық қоғамдық ұйымдардың, әртүрлі қозғалыстардың, қорлардың қаржылық (материалдық) көмектерінен;

— мемлекеттік және басқа несиелерден және қарыздарынан;

— өзінің баспалық, мәдени-ағарту және Заңмен тыйым салынбаған басқадай кәсіпкерлік қызметтерінен алынған түсімдерден;

— шаруашылық серіктестердегі үлестерді иемденуден, акциялардан, құнды қағаздардан алынатын табыстардан;

— ҚЖО РҚБ-не тиесілі мүлікті жалға беруден алынатын табыстардан;

— ҚЖО РҚБ-нің жарғылық мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келмейтін басқа түсімдерден.

9.3. ҚЖО РҚБ өзінің жарғылық мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін тиесілі мүлікті иемденуге, пайдалануға және өкімдік жасауға ҚР-ның «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 29-бабының нормаларын ескере отырып құқылы.

9.4. ҚЖО РҚБ-нің филиалдары өздерінің қарауындағы мүлікті иемдену, пайдалану және өкімдік жасау құқығын филиал туралы ережелерге сәйкес ҚЖО РҚБ атынан жүргізеді.

  1. ҚЖО РҚБ-нің ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫ

10.1. ҚЖО РҚБ өзінің жарғылық мақсаттарына және міндеттеріне және қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мынадай іс-әрекеттерді жасай алады:

— шет елдік шығармашылық ұйымдармен және шет елдік шығармашылық зиялылармен әдеби және басқа іс-шараларды жүргізу;

— басқа мемлекеттерде өз өкілдіктерін ашу;

— алыс және жақын шет елдердің шығармашылық және қоғамдық ұйымдарымен, бірлестіктерімен одақтарға кіру;

— қызметтері ҚЖО РҚБ-нің мақсаттары мен міндеттеріне тікелей қатысы бар халықаралық қоғамдық ұйымдармен, бірлестіктермен, қозғалыстармен тура байланыстар мен қатынастарды жүзеге асыру, және олардың жұмысына ұжымдық мүше ретінде қатысу.

  1. ҚЖО РҚБ-нің ЖАРҒЫСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ.

11.1. Жарғыға өзгерістерді және толықтыруларды, сондай-ақ оның жаңа редакциясын Съезд немесе Конференция қабылдайды.

11.2. Жарғыға өзгерістерді, толықтыруларды енгізу туралы ұсыныс жасау құқығы ҚЖО РҚБ-нің әрбір мүшесіне кепілдендірілген.

11.3. Съездің (Конференцияның) талқылауына Жарғыны қайта қарастыруға байланысты мәселені шығару туралы шешім Басқарманың өз бастамасымен немесе ҚЖО РҚБ-нің мүшелерінің жартысынан көбінің талап етуі бойынша қабылданады.

11.4. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Жарғыны тіркеу туралы өтінімді ҚЖО РҚБ Хатшылығы әділет органдарына жаңа редакция қабылданған күннен бастап бір ай мерзім ішінде тапсырады.

  1. ҚЖО РҚБ-ін ТАРАТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ТӘРТІБІ.

12.1. ҚЖО РҚБ Қазақстан Республикасында қолданылып отырған заңдылықтарды жүйелі немесе өрескел бұзған жағдайда әрекет аясы заңмен белгіленген тұлғалардың сотқа берген шағымы негізінде мәжбүрлі түрде таратылады. Мұндай жағдайда ҚЖО РҚБ тиісті  сот  шешімі заңды күшіне енгеннен кейін таратылды деп есептеледі.

12.2. ҚЖО РҚБ ерікті түрде таратылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Одақтың қызметінің тоқтатылуы туралы шешімді тек қана Одақтың Съезі (конференциясы) қабылдайды.

Егер съезд (конференция) жұмысына сайланған делегаттардың жалпы санының үштен екісінен кем емесі қатысып отырса, Съезд (конференция) ҚЖО РҚБ-ін тарату туралы шешімді қабылдай алады. Егер ашық дауыс беру нәтижесінде ол үшін Съезге (конференцияға) қатысып отырған делегаттардың дауыстарының үштен екісінен кем емесі дауыс берген болса, Съезд (Конференция) шешімі қабылданды деп есептеледі

12.3. Съездің (Конференцияның)  талқылауына ҚЖО РҚБ-нің қызметін тоқтату туралы мәселені шығару жөніндегі шешімді оның Басқармасы өз бастамасымен немесе ҚЖО РҚБ мүшелерінің жалпы санының үштен екісінен кем емесінің талап етулері бойынша қабылдайды.

12.4. ҚР-ның «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 28-бабының 1- тармағына сәйкес, таратылу кезінде несие берушілермен есептесуден кейін қалған мүлік, ҚЖО РҚБ мүшелерінің, құрылтайшыларының, лауазымды тұлғаларының немесе жалдамалы қызметкерлерінің арасында үлестірілмейді, таратылатын ҚЖО РҚБ-нің мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланылуы тиіс. Қалған мүлік ҚЖО РҚБ-нің мақсаттары сияқты немесе оған жақын мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйымдарға берілуі мүмкін.

12.5. ҚЖО РҚБ-н қайта ұйымдастыру  оны тарату үшін қарастырылған тәртіпте жүргізіледі. ҚЖО  РҚБ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 45- бабында қарастырылған тәсілдермен қайта ұйымдастырылуы мүмкін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір