ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВ ОТЫРАРДА
21.12.2018
1578
0

Қара топырағында табанынының ізі қалған, өз есімімен аталатын ауылда ел игілігіне берілген саябақ төрінде аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың еңселі ескерткіші де бой көтерді.

Салтанатты шараға аудан бас­шысы Ерлан Айтаханов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғын­дары қатысты.
Саябақтың ашылу салтана­тын­да аудан әкімі Ерлан Айта­ха­нов ауыл тұрғындарын Тәуелсіз­дік­тің 27 жылдық мерейлі ме­ре­кесімен құттықтап, ком­позитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиды.
– «Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген Тәуел­сіздік күнімен және «Қазақ валь­сі­нің королі» Шәмші Қалдаяқов­тың құрметіне арналған саябақтың ашылуымен шын жүректен құт­тық­таймын. Бүгінде егемен еліміз күн санап көркейіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресе, рухани жаңғыру жолына түсіп келеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасында Отаны­мызды көркейтіп, қазақс­тан­дықтардың жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмыстарды атқару керек екенін атап көрсеткен бола­тын. Осы бағытта ауданымызда бірнеше ауқымды жұ­мыс­тар атқарылып келеді. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің бейбіт күн­дерде қол жеткізген жетістік­тері деп білемін. Сондай-ақ, Елбасы­ның жуырда ғана жа­рыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» бөлімінде де ұлы тұлға­лар шоғырын кеңінен наси­хаттап, ескерткіштер мен тұл­ға­лар гале­рея­сын жасау сынды бірқатар маңызды бастама көтер­гені белгілі.
Бар қазақты әсем әнімен әлди­леп, өнер көкжиегін сырлы әндерімен көмкерген сазгер атын­да­ғы саябақ ауыл тұрғындары мен оның қонақтары үшін тамаша де­малыс орны болмақ. Еліміздің ең басты байлығы, ең асыл қа­зынасы – халқы. Сол халықтың са­лауатты, әрі рухани күш-қуатқа бай болып өмір сүруі үшін осы секілді саябақтар қызмет ете береді деген сенімдемін», – деді Ер­лан Айтаханов.
Аумағы атшаптырым демалыс орны ою-өрнекті қоршаумен бекітіліп, қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Әдемі аяқ жолдар­дың бойына 14 орындық қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалған. Жауын мен ыстық күн­нен қорған болатын 4 ратон да саябақтың әрін кіргізіп тұр. Көк­тем айларында саябақ іші ком­пози­тор әнінің ноталары бей­не­лене отырып, гүлдермен көм­ке­ріл­мек. Сондай-ақ, саябақ сах­насында тұрақты түрде «Шәм­ші әуендері» байқауы ұйым­дастырылмақ.
Шара барысында мемлекеттік гимн авторы құрметіне бой көтер­ген игілікті іске ауыл қариялары жү­рек жарды лебіздерін айтып, ақ баталарын берді. Одан әрі салт­а­натты шарада ұлы сазгердің бала­лық шағынан көріністер қойылып, қазақ даласын әнмен тербеткен сазгердің әндері шырқалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір