«ҚАЙТКЕНДЕ АДАМ ҚАЛАДЫ АДАМ БОЛЫП…»
21.12.2018
3325
0

(Мопассанның «Томпыш» новелласынан кейінгі ой)

Ги де Мопассан

1880 жылы Парижде Эмиль Золяның құрастыруымен «Медан кештері» атты әдеби жинақ басылып шығады. Оған енген алты новелланың бірі аты ауызға ілініп үлгерген Золяның өзінікі болса, қалғаны натуралистік мектептің жас өкілдеріне тиесілі-тін. Альманахтың ерекшелігі – біріншіден, ондағы шығармалардың бәрі де 1870-1871 жылдардағы француз-прусс соғысын басты желі етсе, екіншіден, қаламгерлер сол тұста онжылдығы келіп жеткен осынау тарихи оқиғаны ешқандай әсірелеусіз, жалған пафоссыз шынайы бағалауға тырысады. Кітап қолға тиген бойда «Томпыш» деп аталатын туынды ойлы оқырмандар­дың да, парасатты әдебиеттанушылардың да, жас ізбасарларына сынай қарайтын тісқаққан аға буын жазушы­лар­дың да «ең үздік новелла» деген жоғары бағасын иеленеді. Ал, оның көпке беймәлім авторы Ги де Мопассан дейтін Халық ағарту министрлігінде қызмет ететін 29 жастағы шенеунік болатын.

Негізі, Мопассан бұған дейін де үлкен әдебиетке қадам жасап, жазған-сыз­ған­­да­рын өзі ұстаз санаған Гюс­тав Флоберге оқы­тып тұрған. Олардың ешқайсы­сын жарат­па­ған, мақтау сөзге сараң жазушы «Том­пышқа» келгенде жібіп сала берген көрінеді. Кей сәтсіз тұста­ры­на қатысты ескертпелерін біл­діріп қана қой­май, көркемдігі жайлы жылы сөздерін де аямапты. Ал, кітаптан жаңа нұсқаны оқи сала, шәкір­тіне: «Мен сіздің «Томпы­шыңыз­дың» шедевр екенін айтқанша асықпын», – деп хат жазып жібе­реді (министр­лік­тегілер болса, «өз ісіне ұқып­ты» әріптестеріне «нашар жазу­шы» деген баға берген). Ә деген­нен жарқ етіп, қо­шеметке бөленген Мопассан дереу жұмсақ орынтақты жазу үстеліне айырбастап, біржола шығармашылық­қа ден қояды. Бүгінде әлем әде­бие­­тіндегі «адам пси­хо­ло­гия­сының шебері» сана­тын­дағы әйгілі Ги де Мопассанды білмейтін оқырман кемде-кем.
Автор туралы әңгімемізді осы арадан доғарып, зейінімізді оның дебюттік «Томпышына» аудара­йық. Шығарма желісі өмірде болған жайтқа негіздел­ген. Мо­пассанның өзі де фран­цуз-прусс соғысына қатысыпты. Алайда, бұл хикаяның куәгері – оның Шарль де Корд’ом дейтін жақы­ны болған. Ол новелладағы демократ Корнюденің прото­типіне айналып шыға келеді. Ал, басты кейіпкер Элизабет Рус­се­нің (Томпыш) прообразы – Андриена Легэй атты руандық жеңіл жүрісті бикеш екен.
«Шағын повесть» жауларынан қирай жеңіліп, берекелері қаш­қан француз әскерінің Руанды тастап шығуымен басталады. Көп ұзамай, «сөзсіз болатын бә­лені үнсіз күткен» қалаға неміс солдаттары келіп кіріп, еркін жай­лап алды. Өз жерінде «жабайы қарақшы тайпаның арасында қалғандай» күй кешкен һәм үрейге бой алдырған руан­дық­тар сыртқа кетіп жатты. Олар­дың арасында қала тіршілігі қайта қалыпқа түскенде «пайда табуға деген ынтықтықтары да қайта тұтанғандары» жоқ емес-тін. Міне, он жолаушы төрт ат жеккен дилижанс ішінде жол жү­ріп келеді. Қашқындар қата­рында әлеуметтік топтың түрлі өкілдері жиналып қалыпты: қал­тасы сыңғырлаған алтын ақшаға толы шарап сатушы Луазо, алпауыт капиталист, Бас Кеңестің мүшесі, Құрметті легион офицері Карре-Ламадон және атынан ат үркетін граф Юбер де Бревиль әйелдерімен, аузын ашса, жалынды сөздер түйдек-түйдегімен төгілетін демократ Корнюде, сәт сайын Құдайға ақ жолдан адас­тырмауын тілеп жалбарынған екі діндар әпеке. Жазушы бұл кейіп­керлерінің атақ-дәрежеле­рін тізбелеумен қатар, аз-маз көлең­келі мінездерінен де хабар беріп өтеді. Мәселен, Луазо – суайт және алаяқ, Карре-Ламадон – саяси тарапта бас пайдасын ойламай қадам баспайтын қу, оның үріп ауызға салғандай әдемі жұбайы – бір кездергі руан гарнизоны офицерлерінің алданышы, граф арғы әжелерінің бірі корольден жүкті болып қалған­дықтан, оның күйеуі граф атанып, губернатор лауазымын ие­лен­генін абырой көретін мақ­­­тан­шақ ақсүйек болса, графиня жас кезінде король бала­ларының бірімен ашына болыпты-мыс. Ал, демокра­ты­мыздың патриот­тығы соғыс ке­зінде «қасқырдың апанындай орлар қаздырып, жас ағаштарды кестіріп, барлық жолға бөгесін жасатумен» ғана шектеледі. Соны өз тарапынан пайдалы іс көретін ол жау келгенде алғаш­қылардың бірі болып қалаға қаша жөнелген. Жә, кем­ші­лік кімде жоқ дейсіз?! Он­ың үстіне, бұлар қоғамның қаймақ­тары емес пе?! Кімнің қолында билік, байлық болса, оған бәрі де кеші­рімді. Ал, енді, осынау кіл ығай-сығайдың жанында «Томпыш» деген лақап аты бар, тәнін саудаға салып, нәпақа табатын жеңіл жүрісті ару қайдан жүр? Өздерінің «ұяты жоқ мақлұқат­пен» бірге келе жатқанына шамданып, оған жек көре қарап, естірте сыбырласып, ащы сөзбен тілдеуге көшетін сылқым да паң әйелдердің қатарына сіз де қо­сылып кетесіз. «Ойсызды­ғы­нан» осындай жиіркенішті күйге жеткен бикешті жақтырмай қа­был­дайсыз. Тіпті, оның дене­сін май басқан толықтығы да жы­ныңыз­ға тиеді. Иә, біз қашан ­да адамды ең алдымен сыртына қа­­рап баға­лауға, атақ-дәрежесіне, қоғам­дағы беделіне сай сый-құр­мет көрсетуге бейім емеспіз бе?!

«Томпыш» новелласына иллюстрация

Біраз жүргеннен кейін күйме­де­гілер­дің қарындары аша бас­тайды. Сөйтсе, тек Элизабет Руссе, яғни, Томпыш қана өзімен бірге мол азық-түлік алып шық­қан екен. Ол өзін адам құрлы көр­мей келе жатқан сапарластарына тамақ ұсынуға бата алмаған күйі, аса бір ұялыспен шөже етін жеуге кіріседі. Сол кезде сырты дүрдей мырзалар мен ханымдар қу тамақ үшін аспаннан жерге қалай салбырап түскендерін өз­дері де байқамай қалады. Том­пыштың сырты қандай мол пішілген болса, іші де сондай кең. Барлық тамағын серіктеріне бөліп береді. Осы арада Луазо өзінің «асыраушысына» «ақыл­ды, көреген, бәрін алдын ала ойластырып жүретін, өз мінде­тіне жауапты әйел» деген сықыл­ды мақтау сөздерді жаудыра жөнел­генде, еріксіз мырс етесіз. Күле­тін түгі жоқ, ол осы жағым­паз­дығының арқасында тауық­тың сан етіне қол жеткізбей ме?!
Енді маңғаз мырзалар өздері­нің соғыстан айтарлықтай шы­ғын көрмегендерін, керісінше, жиған-тергендерін сенімді жерлерге жіберіп үлгергендерін, ал, Луазо сияқтылар есебін тауып, ақшасын көбейтіп алғандарын мақтана сөз етеді. Қоғамның бетке ұстарларының соншалық ұсқынсыз сиқын көріп, «бетті бастым, қатты састым, тұра қаш­тым жалма-жан» деуге асық­паңыз. Әрі қарай сөзі де келісті Томпыштың Руаннан кету себебін тыңдайық: «Басында ешқайда кетпеуді ойлағам. Үйім тамаққа толы болатын. Белгісіз бір жаққа кетіп қалғаннан гөрі бірнеше солдатты азықтан­дыр­ғанды дұрыс санағам. Бірақ, мен пруссактардың өзін көргенде, өзімді-өзім ұстай алмай қалдым! Ызадан бүкіл ішек-қарным аударылып кеткендей болды. Ұяттан өртеніп, күні бойы жыладым. Еһ, еркек болсам, мен оларға көрсе­тер едім! Мен терезеден шошақ каска киген сол жуан қабандарға қарап тұрғам. Күтуші әйел мені қолым­нан тартып, жібермей қойды, әйтпесе, үйдегі бүкіл жи­һа­зымды солардың басына лақ­тыратын едім. Кейін олар менің үйіме түнеуге келді. Мен бірінші кірге­нін кеңірдектен ала кеттім. Не­місті қылқындыру басқаларды қылқындырудан ешбір қиын емес! Егер мені шашымнан тартып әкетпегенде, мен оны қыл­қындырып, өлтіретін едім. Содан кейін маған тығылып жүруге тура келді. Мынандай мүмкіндік туа қалған соң, мен кеттім де қалдым. – Міне, енді осындамын!» (Б.Нұржекенің аудармасы). Осы бір ыза-кекке толы шынайы әңгіме оң қабақ таныта бастаған оқырманның көз ал­дын­да Томпыштың бейнесін тіп­тен биік­тетіп жібереді. Ол, тіп­ті, осы­дан кейін үгіт қағаз­да­рын­дағы қызыл сөзді сыпырта соқ­қан демократтың сатқын­дығын қызына әшкерелеп: «Егер Францияны сіз секілді сотқарлар билесе, онда бізге тек алды-ар­ты­мызға қарамай қашу ғана қалар еді!» – деп, бар шындығын жа­йып салады.
Хош, сонымен, арба Тот аулына жетіп, қонақүйдің алдына тоқтайды. Күтпеген жерден неміс офицері шыға келіп, қатқыл дауыспен сыртқа шығуларын талап етеді. Сол сәтте қай-қайсысы да оның бұйрығын, мәселен, монахинялар әдепті, Луазо сыпайы­лық тәрізді болып көрінетін сақтықпен орындайды. Томпыш (намысының жоғарылығынан) пен Корнюде (үлгі көрсетуге міндетті екенін сезінгеннен) ғана сұсты да тәкаппар кейіп көрсе­теді.
Шікірейген офицер сол күні-ақ Томпышты жеке сөйлесуге ша­қырып (ашуға булыққан оны граф бастаған топ сөйлесуге әзер көндіреді), өзімен бір түнді бірге өткізуін сұрайды. Алайда, пат­риот­тық сезімді жоғары қойған ол «былғаныш, сасық, сұмырай оңбағанның» тілегін орындаудан бас тартты. Дұшпанының қор­лығы аздай, әлгі біздің демократ та оған іле-шала орынсыз қолқа салады. Бұған тіптен жыларман болған бейшара қыз: «Пруссактар үйіңде тайраңдап жүргенде, … қазір бұл масқара­шы­лық болар еді», – деп, қатты наразылық білдірді (осының бәрін Луазо есік сыртында тың­дап тұруымен жиіркенішіңізді туғызады). Оқиға мұнымен біт­пейді. Ерте­ңіне жол жүргелі тұр­ған жолаушылар неміс офицері­нің «жазалау әдісінің» сал­­да­ры­нан кете алмай қалады. Оның сыры: аса көп құн дәмету деп түсінген дәулетті дөкейлер байлық­тары­нан айрылып қалмау үшін өзде­рін өте кедей етіп көр­сетуге ұм­тылады. Әйтсе де, осының бәрі Томпышқа байланысты екенін білгенде, оның не себепті өз қыз­метін атқарғысы келмейтінін түсінбей, дал болады. «Әлдебір сайқалдың» кесірі­нен шет түк­пірде ұзақ аялдап қалудан қо­р­қады.
Томпыштың Иветодағы ша­р­уаларға беріп қойған баласы болатын. Оны жылына бір-ақ рет көретін. Енді оны шіркеуде шо­қын­дырғалы жатқанын естіген­де, сәбиіне деген махаббаты мен діни рәсімнің маңыздылығы жан дүниесін толқытып, сонда кетеді. Ал, мұнда қалған ашулы жүргін­шілер (Корнюдеден басқасы) әккі графтың ұсынысымен, «бұ немені» алдап-сулап, үгіттеп көн­­діруге келісті. Әйелдер жағы (бұған дейін күйеулері бар бұл ханымдар неміс офицерінің дене бітімін, түрін сөз қылып, көрікті гусар ретінде бағалап қойған болатын) ақсүйектің әзіл-шыны аралас ескертпелері мен сауда­гер­дің ұятсыз әңгімелерін жымия тыңдай отырып, сөздерін үтір-нүктесіне дейін дайындап ала­ды. Бәрі де бұл оқиғаны қы­зықтағылары келіп, жақсы көңіл күйде болды. Ақырында, Томпыш жан-жағынан қаумала­ған сұрқиялардың алдамшы сөз­дері мен жымысқы әрекеттерінің салдарынан шегініссіз қадамға барады. Ол «өзгелерді сан түрлі қиындық­тарға душар етпес үшін» амалсыздан жау құшағына енгенде, мұндағылар, тіпті, монахинялар да шарап ішісіп, Луа­зоның дөрекі қалжыңдарына қарқылдай күлісіп, кешті көңілді өткі­зіп жатты (Корнюде тағы да тыс қалады). Ал, ертеңіне, бәрі де одан теріс айналды. «Әлдебір был­ғаныш нәрсенің тиіп кетуі­нен қорғанғандай», «адам­гер­шілік­тері қорланғандай» маңғаз кейіпте болады. Күйме ішінде де оған тыжырына қарап, сыбырласып отырады. Бұл жолы Томпыш сасқалақтап жүріп, азық-түлік алып шығуға үлгермей қалға­нымен, серіктері жол қамын алдын ала ойластырып қойған еді. Бірақ, ешқайсысы да оған тамақ­тарынан бөліп бермейді. Тіпті, ұзын тәспих­та­рын термелеуден шаршамайтын діндар әпекелер де еш мейірім нышанын танытпайды. Тәні де, жаны да қорлан­ған Томпыш жол бойы жылаумен болады. Ал, өз-өзінен жымия күлген Корнюде көрші­лерінің жүйкелеріне тиге­ні­не қарамас­тан, халықтық әнұ­ран «Марсельезаны» тоқтат­пас­тан шырқай береді. Новелла осылайша бур­жуазияның безбүйрек «марғасқа­ларының» Томпышты құрбан­дыққа шалу арқылы өз мақ­сат­­тарына жет­уімен, екі­жүз­діліктің, опасыздықтың үстемдік құруымен аяқталады.
Мопассан туысының аузынан естіген әңгімені қаз-қалпында жеткізуге тырыспаған. Оқиғаның негізгі идеясын ғана алып, шы­ғар­маны көркемдік биікке көте­реді. Мысалы, демократтың образы өз прото­типінен мүлдем басқаша шық­қан. Ал, Томпыш бейнесіндегі Андриена Легэй, шын мәнінде, неміс офицерінің айтқанына көнбеген. Соны дұ­рыс көрсетпегені үшін Мопас­санға қатты өкпелепті.
Деректер осылай дейді. Бәл­кім, рас та шығар… Алайда, Мо­пас­санның кейіпкерлері сол дәуірде қалып қойған жоқ. Олар қазір де бар. Кейде араларынан екі­жүз­ділік жайында кіжіне жазып отырған өзімді де байқап қала­мын. Біз, жалған белсен­ділер, зымиян зиялылар, ақылды пы­сықайлар, пасық білім­ділер, меңіреу мәдениеттілер, дүмше діндарлар… әлі де бармыз. Көп­піз. Мопассан айтқан көпір­ме қызыл сөзділік, жағым­паз жыл­ма­­қайлық, қуыс кеуде мен­мен­дік, ынсапсыз атаққұмарлық, қанағатсыз ашкөздік, сұмырай сатқындық… ешқайсысын да жат көрмейміз.
Қайбір жылы белгілі бір әнші­міз мынадай әңгіме айтып берген еді (сөзбе-сөз жет­кіз­бесем де, жалпы мазмұнын баян­дап көрейін): «Бірде әлде­кімдерге қатты ренжіп, саябақта өткен-кеткендерден қысылмай, еңіреп жылап отырғанмын. Жаныма үсті-басы кір қожалақ бір қаңғыбас келіп тұрып алды. Өзі­не жақтырмай көз тастаға­ным­ды елер емес. Кенет беторамалым жерге түсіп кеткені сол еді, «ша­қыру­сыз қонағым» лып етіп жер­ге еңкейіп алып, қо­лыма ұстатып, жылы дауыспен: «Жылама! Бәрі жақсы болады! Әдемі қыз да жылай ма екен?!» – демесі бар ма?! Риясыз көңілі мен тап-таза ниеті толқытып, қалай күліп жібер­ге­німді өзім де байқамай қалдым». Өмір-новел­ланың осы тектес жан жы­лы­тар көріністері, қандай күйде жүрсе де, адамға деген ма­хабба­тын жоғалтпаған, адамдық болмысынан ажы­ра­маған мұн­дай кейіп­керлері аз емес. Бірақ, біз оларды байқа­май­мыз, көр­мей­міз, көруге тырыспаймыз да. Ең сорақысы сол – біз оларға сырттай «адам кей­пінен айрыл­ған­дар» деген қатал үкім шыға­рып қойғанбыз. Ал, өзімізді жайлы тұрмы­сы­мыз­ға, жеткен жетістіктерімізге, атақ-дәреже­мізге, қызметіміз бен дәулетімізге қарай «адам» деген ең ұлы атты абыроймен алып жүргендей көреміз. Кәсібі, өмір сүру салты, көзқарастары, ой-түсініктері бөлекшелеу жандарға, бейнебір, өзіміз жұтып отырған ауаны лас­тап жатқандай, әлде­несі жұғып кететіндей, мұрны­мыз­ды басып, тыжырына, кекшие, жирене, жиіркене, жек көре, мүсіркей, тіпті, мысқылдай қа­раймыз. Шындығында, қолқаны қабар сасық иіс өзімізден, өз ішімізден шығып жатқан жоқ па екен?!
Айтыңызшы, «қайткенде адам қалады адам болып…».

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір