ЖАНР ТАБИҒАТЫНДАҒЫ ЖЫЛЫ ИІРІМДЕР
21.12.2018
848
0

Жазушы Қ.Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты прозалық жинағына енген әңгімелері туралы толғаныс.

«Тоқсанбайсыз той өтпейді» әң­гімесінде экологияның ауыр нүк­тесінде өмір сүріп жатса да ыңқ деп ауырмаған, шипажайға бар­ма­ған, ауылдан ұзап шықпаған Қал­дыбек қарияның 90-ның сеңгіріне шығуы – бұл өңір үшін «сенсация». Еңбектің түрін таңдамай, қай са­ла­ға қол күші қажет болса соның «отым­ен кіріп, күлімен шығудан» рақат тауып, жұрт алғысына бөлен­ген қарияның болаттай берік болмысына тәнті жұрт оның Қалдыбек есімін әлдеқашан Тоқсанбайға ал­мас­тырып алған. Ол тұратын ау­дан әкімі сырттан келген қонақ­тар әулие қартқа сәлем беріп, дас­тарханынан дәм татып, батасын алып аттануды жақсы ырымға балайды. Өйткені, ол кісі өмір сүріп жат­қан жағалаулықтардың жас мөл­шері – 60-65-тің о жақ, бұ жа­ғы. Сондықтан бұл өңірдің тұрғын­дары көп жасаған әулие қарттың ғибратқа толы әңгімесін тыңдап, ұрпағына оның ізгі қасиеттері қон­уын армандап, бесік тойынан бас­тап, асқа дейін қалдырмай ша­қыру­­ды заңдастырып, қандарына сіңіріп алған. Қысқасы, аймаққа қатысты шаралар, той-томалақ Тоқсанбайсыз өтпейді.
«Көру аз, көре білу керек», – деп жазады Бауыржан Момышұлы. Қуаныш Жиенбай кейіпкерінің жан-дүниесін көре білуге қабілет-қарымы молынан жететін мығым қаламгер.
«Жеміс ағаштары піскен жоқ» әңгімесінде осы тақырыпты екінші қырынан қарастырып, қазіргі бі­лім, ғылымы дамыған өркениет­ті, технология ғасырында өмір сү­ріп жатқан қоғамдағы жастардың кәрі әке-шешеге перзенттік парызын қалай өтеуі жайлы оқиғаға ортақ­тас­­тырады. Қуаныш Жиенбайдың қай шығармасын оқысаңыз да оқи­ғалары өзі туған Қызылорда облысы көлемінде өтіп жатады. Кө­біне Арал теңізінің жа­ғасы, Қы­зыл­­құм, Байқоңыр, Төре­там, Көнебө­ген атырабы, Сұлу­там… Әңгіменің қаһармандары шал мен кемпір де ысылдаған құм­ды өңірде тұрады. Түйе көп, іше­тіндері шұ­бат, ем. Шал жас кезінде палуан болған, қазір даңға­ра­дай үйде кемпірі екеуі тұрып жа­тыр. Балаларын оқытты, үйлі-баранды. Үл­кен қызметтердің тіз­гінін ұстаған. Кенжесі шетелде. Үл­кен ұлы мен қызы облыс орталы­ғында. Ұлдары әйелдерінің қас-қа­ба­ғына қараған «ыңжық біреулер». Шалдың төсек тартып жатқанына біраз уақыт өтті, жағдайы тым ауыр. Кемпірі отты да дұрыс жаға ал­майды, көр­шінің балалары тұта­тып береді.
Қуаныштың бұл әңгімесі ата-ана мен бала арасындағы мен­тали­те­тіміз қазір уақыт, заман, жаһан­дану ұстанымына орай бір­­­тін-біртін күш-қуаты әлсіреп, құн­сыздана бастаған сұмдық кө­ріністерді көре, сезіне жүріп, же­к­сұ­рын әрекеттен шапшаң арылуға шақырады.
Стиль – өмір шындығын танып білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаң­басы. Сол қолтаңбаны біз оның «Жұмыртқаның сары уызы», «Қиян шеттегі 45 күн» әңгімеле­рі­нен сезінеміз. Қазақ болмысы – мәрттігінде. «Жұмыртқаның сары уызында» Зибагүл есімді әсем, пы­сық қыз, пединституттың үшін­ші курсында оқып жүргенде, күзгі еңбек семестрі уақытында сал­қын­дау үшін биіктігі үш метрлік көпір­ден айдынға секіргенде өзен арнасында жатқан КамАЗ-дың шіріген доңғалағына басы тиіп, мойын омырт­қасы сынып, жұлыны за­қым­данады. Ауыр операциялардан кейін мүгедектер арбасына таңыл­ған. Өзі сұлу, оқу озаты, қажыр-қайраты мығым. Қайсар бойжеткен тағдыры тосқан тосын азапқа көндіге алмай, өзіне қол жұмсауға талай рет оқталып, анасын аяған­дық­тан және БҰҰ-ның мүгедек­тер­дің өр мінезді іс-әрекеттері, хоб­биі, күрескерлік бітімі, өмірге ғашық­тығы жайлы сюжетке негіз­дел­ген суреттерге жарияланған фото­конкурсқа қатысу үшін Жұ­ма­мұ­рат есімді жігіт Зибагүлдің кандидатурасын таңдап, оның төңі­регінен табылуы – мінез-құл­қын кілт өзгертеді.
Бұл әңгімеде Қуаныш фотог­раф жігіт Жұмамұраттың мәрт­ті­гіне назар аудартады. «Жамандар өзін-өзі зорға балар, бір өзінен басқаны төмен санар» (Шал ақын). Жұмамұрат мүгедек қызды төмен санамай, қарапайым көзбен емес, кө­кірек көзімен көреді. Шағын туын­дыда нала да, қуаныш та, са­ғы­ныш та, бақыт та, қазақы мінез-құ­лық та бар.
Қайталап оқуға мәжбүрлейтін, құнды да әсерлі, оқиғалары қы­зық­ты, мазмұнды да ғибратты, сыр­лы да сыпайы, мәнді әңгіме­ле­рі­­нің қатарына «Банкетке дейін, бан­кеттен кейін», «Екінші бала өзі­нікі» туындыларын қосуға болады.
Сенека: «…егер оқи қалсаң, оқы­ған нәрсеңнің негізгі ойын көңілге тоқи білуге» ақыл қосып­ты. Қуаныш Жиенбай әңгіме атауына «Банкетке дейін, банкеттен кейін» деп философиялық жұмбақ жасырған. «Банкетке дейіні» қыз­ды сүйген, қызғанышпен одан тірі­дей айырылмайтынын сездіріп, үйленуге мәжбүрлеген жігітке де ол кіділік, мінезсіздік жасамай, құр­ме­тіне құрмет, төңірегіне жылуын төгіп, ештеңеге өкінбейді де, еш­кімге өкпелемейді. Бұл – өмір.
«Банкеттен кейін» «диуаналық­тың» сынағы бітіп, бірі үшін бірі өмірін қиятын, шынайы ғашық­тар­дың бір күні жүз күнге татырлық өмірлері басталмақ…
Қуаныштың «Екінші бала өзі­ні­кі» әңгімесін оқып, тағы да қа­ра­пайым студент Қарасайдың рухани кемелділігіне, ерлігіне, дар­­хан, сабырлы, сарабдалдығына бүйрегіміз бүлк етті. Жазушының мұнда да ұтқан тұсы, ұтырын тауып кеткен ұстанымы қуантады. Білім­ді, дарынды, келеңсіздіктерді қа­ла­мы қиып түсетін азулылығы, өз позициясынан айнымайтын берік­тігі осы туындысында өркешті кө­рінген.
«Стиль – ол адам» (Бюффон). Су­реткердің басты мұраты – қо­ғам­ның тұтқасы адамның қай­та­лан­бас бейнесін көркемдік қа­лы­бынан шығару. Оның жұтынып тұрғаны да, жұлқынып тұрғаны да оқырманды ойландырып, сабақ аларлық сыбағасы салымды бол­ға­ны жөн. Қ.Жиенбай – ізденгіш қа­лам­гер. Әңгімелерінің денін­де қыздар мен әйелдер образын жа­сау­ға күш жұмсаған.
Қуаныштың «Кейуананың көз жасы» әңгімесінде айдай сұлу Ұл­босын бойжеткен шағында анау-мынауды менсінбей, білім қуып, кейіннен қызмет желігімен уақы­тын өткізіп алып, жасы орта тұстан асқанда өткен өміріне өкінішпен қарайтыны оқушыны еріксіз ойға қалдырады. Ұлбосынның басынан өткен оқиғалары тағдырына енжар қарайтын өркөкірек, өзін өзгелер­ден зор санайтын, достық пейілді жүре тыңдайтын жастарға аса пай­да­лы сабақ. Адам өмірге бір-ақ рет келеді, қонақ. Сондықтан өмірді ойсыз өткізіп алып, тіліңді тісте­мес үшін, табиғат заңын қатал еске­ріп, әр нәрсені уақытында бұл­­­жытпай жүзеге асырып отыр­саң, бәріне үлгересің, өкінбейсің. Кешіксең, Ұлбосын тәрізді нәзік жынысқа жат өрескел қылықтарға бас тігесін, кергісең, бақытсыз­дық­ты тілеп алғаның.
«Қыңыр» әңгімесіндегі ұяты ке­тіп, ажары қалған, көргені тапшы, жөргегінен қағынған, ана тәр­биесінің уызына жарымаған, тіршіліктің көлеңке жағының тәлі­мін көбірек қамтып, аз еңбек етіп, көп талап ететін жылпос­тық­тың отына май құйып жүрген Рыскүл – «пысық» әйел. Өнер институтында оқып жүргенде өзіне сабақ беретін әйелі, екі баласы бар ұстазымен байланысып, көңілде­сі­нен аяғы ауырлап, соның талап етуімен аборт жасатқан. Жолдасбекке тұрмысқа шыққалы – 30 жыл. Аборт жасатқанның зардабынан 30 жыл отасқалы бір перзентке зар. Емделудің пайдасы жоқ. Айлакер әйел өзін кінәлі санап, сал­қын­дық тумауына ерте қамданып, дәрігерлерден ыңғайын тауып, «Жол­дасбектің аталық ұрығы ұр­пақ жалғастыруға қабілетсіз!» деген анықтама әкеліп, момын күй­еуі­нің өзін кінәліге айналдырып, мысын құртады.
Қ. Жиенбайдың «Филармония әншісі» әңгімесіндегі Бақберген бай әйелді алып, «затындай менші­гіне» айналғанның нақ өзі. Үй шаруасына беріле кіріскен, «белуарына дейін жартылай шешініп тастаған Бақбергеннің шиыршық атқан дене бітіміне немкеттілеу қа­рау» мүмкін емес, Шырынкүл тұр­мақ «ары өткен, бері өткен, тө­ме­нетектілер өлердей ғашық болып қалады». Шаруаға мығым-ақ, 25 сотық жерге орналасқан үй мен бақты, жеміс ағаштарын, бақшаны күтіп-баптау, күзету, тіпті Шырын­күл­дің өзін де күзету Бақбергеннің жа­зылмаған міндеті, темірдей тәр­тіп қағидасы.
Бақберген филармония әншісі Шырынкүл Сүлейменованың үй қыз­метшісі, уақытша көңілдесі қызметін қоса атқарып жүрген көл­денең адам. Әңгіменің астарына үңілсеңіз, қай жағынан алып қара­саң да дәурені жүріп тұрған Шы­рынкүл сұлудың алдағы тағды­ры қыл үстінде.
Қуаныш Жиенбай филармония әншісі Шырынкүл тағдыры арқы­лы өнерлі, өрісті, қанатты, дәулет­ті, сәулетті бол, бірақ басасаулық, тәкаппар кеудемен өзіңнің нәзік жыныстың өкілі, бірінші кезекте ана атанып, ұрпақ өсіріп, мықты тірегің – азаматтың етегінен ұстап, шаңырақтың шырайын кіргізіп, отын маздатып жағатын, төңірегіңе бақыт сыйлап, өзің де бақытты болу­дың сенімді жолын таңда­ма­саң күніңнің қараңдығын ескер­теді.
Орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достаевский: «…искусство всег­да в высшей степени верно дейс­т­вительности, уклонение его мимолетные, скоро переходящие; оно не только всегда верно действительности, но и не может быть не верно современной действите­льности. Иначе оно не настоящее искусство… Искусство не совре­мен­ного, не соответствующего современным потребностям и совсем быть не может. Если оно и есть, то оно не искусство», – деп на­ғыз көркем туынды ақиқаттан алшақ кетпеуі қажеттілігін шегелеп айтқан. Артық айтқандық емес, Қуаныш Жиенбай шығар­ма­ла­рының қай-қайсысын сарапқа салсаңыз да шынайы шындықтың ауылынан табылады. Саясат, идео­логия жетегіне ермей, өмірді қаз-қалпында бейнелеп, кейіпкерлерін ақиқаттың, шындықтың толқы­ны­нан сүзіп алып, уызымен ауыздандырады. Сондықтан олардың мінез-құлқы жасандылықтан ада, ақ пен қара бояу ұшырасса тыжырынбайсыз, өйткені олар – шынайы өмірдің аласапыран тірлігін бастан кешіп жатқан періштелер емес, пенделер. Оны қаламгер ре­тін­де Қуанышты экологиялық апат­ты бастан кешіп жатқан жер­лестерінің тағдыры, атап айтқанда Арал өңірі, ондағы нағыз еңбеккер момын жұрттың улы ауа денсау­лықтарын бұзуы былай тұрсын, ауыр еңбек, кенеуі кеткен тұрмыс тұралатып бара жатқанын, нәу­бет­ті көркем туындыларында орайын тауып кестелеп, жан айқайын, ар сөзін көрер көз, естір құлаққа жет­кізу­ден тартынып қалмағаны – халқының бақыты үшін туған күрес­керлігі. Жалпы оның қаһар­ман­дары үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін көргенді, елі­нің дәстүріне, салтына, әдет-ғұр­пы­на адал; білімді, ақылды, тәр­биелі, өнегелі келеді. Әйелдері, қыздары: кірпияз, нәзік; тиісті жерінде алғыр, адуынды, кеуделі, отқа салса жанбайтын, суға салсаң батпайтын, төзімді, тілге шешен, жолға жүйрік.
Қуаныш Жиенбайды бұндай суреткерлік табысқа оның тынымсыз еңбегі, өмірлік тәжірибе-тәлі­мі; тақырып, кейіпкерлер іздеуде іскерлігі, қарапайым, қарым-қаты­нас­қа әмбебаптығы, қаламгерлік ісіне адалдығы, парасаттылығы, ішкі мәдениетінің жоғарылығы, бастысы – таланттылығы. Бұл – мақтау емес, барды бағалау, әділет­ті жүректің әділетін бұзбаудың ақ жолы. Керек десеңіз, озық өнер адамына жүйріктің жалынан сипап, кекілін тарағандай, мерейін өсіретін бекзаттық артық етпейді. Әдебиет – өмір оқулығы. Халық­тың ұстазы. Өркениетті ел оларды алақанында аялай біледі. Оның себебін түрік халқының біртуар көсемі Ататүрік: «Бәріміз де парла­мент­тің депутаты бола аламыз, ал бірақ өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамдары біздің емес, біз өнер адамдарының қолын сүюіміз керек», – деп өнер адамдары Алланың «демінен» жаратылатынын мойындап, қоғамдағы орнын белгілеп берген. Турасында, бергенінен берерін ынтыға күткен халқы Қуаныш Жиенбайдың «қолынан сүйгізетін» кең тыныс­ты, кемел, Тәуелсіздік рухына суа­рылған асыл сөзімен оқыр­ман­дары­ның мерейін үстем ете бере­тініне сенімдіміз.

Тұрсын Сыдықов,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, педагогика ғылымдары
академиясының академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!