ДЕГДАР ҚАЛАМГЕР ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
21.12.2018
2741
0

Әдебиетке өр талантымен келіп, артына мол рухани қазына қалдырған айтулы тұлға Асқар Сүлейменовтің бірге жүрген қаламдас достары, алдыңғы буын ағалары жазған осынау естеліктерде Асқар Сүлейменовтің шынайы болмысынан, қаламгерлік қуатынан, өнегелі өміріннен сыр шертеді.

Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ:
Асқар Сүлейменов – арамызда жүріп-ақ жұмбақ жанға айналған; әр сөздің түбірінен ар іздейтін, Сүгір күйшінің қара сөздегі сыңары; болмыс пен танымды таразының екі басына салып безбендеген тума талант иесі.


Шыңғыс АЙТМАТОВ:
Өткен күндер елесі… Өмір дегің кел­мейді, күндер деп құтыласың. Тірлік сапарында қаншама құрлық пен ендіктерге өкшеміз тимеді. Қаншама әзіз пенделермен сырлас, сапарлас һәм дәмдес бол­мадық. Бірақ, бәрі бірдей жадыңда тұра ма?
Ал, қазақтың талантты жазушы-драматургы Асқар Сүлейменов есімді қыран қа­бақ, қара сұр, орақ мұрын ойлы азаматымен сирек те болса әрбір жүздескен сә­ті­міз әлі күнге көз алдымда. Менің Біш­­кекте өткен бір мерейтойыма достарым Қалтай, Сейдахметтермен бірге үзең­гілес келгені де бар. Анда-санда уытты әзілі болмаса, еркін көсіліп сыр ашпайтын жас жігіттің бір жолы аса терең біліміне, тіпті өлшеусіз зерделігіне расымен таң қалған едім.
Мұншама терең білім-білікті, кең пайымды азаматтың артында қалған рухани мұрасы қаншалықты мол екенінен де бей­хабарлаумын. Бірақ, мәселе сол мұраның көп-аздығында емес, саздығында жатса керек. Ендеше Асқардай бірегей тұлғаның ұлттың рухани әлеміндегі алар биік орнын тани білу, бағалай білу – кейінгілерге, бүгінгі ұрпаққа сын. Оның бірегей туындыларын үзіп-жұлмай, халқына то­лық жеткізу басты міндет деп білемін.


Әбіш КЕКІЛБАЕВ:

ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ АЗАСӨЗ

Айналайын, Асқар бауырым!
Арасаттан оралмаған әкеңнің шай­қал­ған шаңырағын қайта тіктеп, жер қауып қала жаздаған жесірдің көлдеткен көз жа­сын қайта құрғатып, құлыншақтай қа­рын­дастың тұлымшағын желбіретіп, қо­лы­нан жетектеп, астана есігін енді аттаған жасөспірім кезіңде-ақ, күллі қазақ қауы­мының рухани ордасының қақ төрінен ойып тұрып өз орныңды алып ең. Атаң да та­бақтас, ағаң да дастархандас бола алмаған жақсы-жайсаңды аузыңа қара­тып, тізелес отырып, терезеңді тең ұстап, тебіренте мәслихат құрып ең. Жүзіңнен іні түгілі аға именіп, сөзіңнен шала түгілі да­на қаймығушы еді. Жарық жалғанның бәр қырын қапысыз танып, бәр сырына қапысыз қанып туған туа ғұлама басыңмен қай ортаның қай мәжілісіне түссең де, көз біткенді телміртіп, көңіл біткенді емірен­тіп жүре беруші ең. Көкірегіңе даңғыл, көмейіңе бұлбұл орнап туғандай елден ерек дара болмысыңнан тайсалмайтын маңдай, таңғалмайтын таңдай жоқ еді.
Бәлкім, біздің ғасырымызда, біздің топырағымыз бен біздің нәсілімізден сенен білімді, сенен шешен, сенен турашыл, сенен қайсар, сенен мәрт азамат енді туса, туар. Бірақ, бұрын тумағанына біз кепіл. Әуелден де асып туған асылдықтың қа­сие­ті қанша болса, қасіреті де сонша екенін басқа білмесе де, Сен білесің. Сондықтан да төбеңе аласа төнсе, еңкеймей, биік төнсе, шалқаймай, өмір жолын алшаң басып, асқақ жүріп тауыстың. Өйткені, Асқар деген сенің атың ғана емес, затың да еді. Атыңа сын, затыңа мін жуытпай, өзіңнің де, сөзіңнің де бәсін биік ұстадың.
Анда-санда бір туатын, бір туса да ірі туатын Аршлан талантыңның сирек төлдерін қолымызға айбына алушы едік. Хиуадан шауып, қисынын тауып жатқан ой иірімі мен сезім үйіріміне, сөз кестесі мен пікір дестесіне, жолбарыстың жонын шымшылап ойнағандай жүрек жұтқан қайсар шыншылдыққа, тереңнен суырып айтатын, таңдайды қуырып айтатын аза­маттық уытқа, ешқашан ешкімге, еш­теңе­ге ұқсатпай, елден ерек мүсінделген бітім-пішімге айызымыз қана рахаттанушы ек. Сонда жазғаның қандай тағлым болса, жазбағаның да дәл сондай тағлым екеніне көзіміз әбден жетуші еді. Қаламыңнан жаратылған сол сиректің бәрі де асылдар санатынан орын алып, алыстарға же­те­тініне сеніміміз кәміл. Өзіңе өзің сонша қатал, тіпті сонша қатыгез басыңмен өзгелерге сонша мейірбан, сонша сахи ең. Өнеріміздің қай саласындағы да өз тұсың­дағы жасық пен жаманның ешқайсынына да зәредей де қатысың болған емес, ал жақ­сы мен асылының бәріне де сенің сіңір­ген еңбегің зор. Талайына қолма-қол атсалыстың, талайына ақыл қостың. Сон­дықтан, сен өз заманыңдағы өнер дүние­сінің сарабдал қазысы, салихалы ақылгөйі бола білдің.

19 мамыр, 1992 жыл


Шерхан МҰРТАЗА:

АСҚАР АЙТҚАН СОҢ…

Кереметтей жаймашуақ дос едік десем, ол жалған болады. Жек көрісу де жоқ. Заманның талабына орай кейбір қылықтарын ұнатыңқырамасам да, талантын сыйлап, сыпайы сәлемдесіп қана жүруші едім.
Ұмытпасам жетпісінші жылдардың іші шығар, басшылар маған Ереванға барасың, Налбандянның тойы өтеді, соған қа­тыса­сың, қасыңа өзің қалаған бір жазушыны қосып ал, деді.
Налбандянның кім екенін жалпы біле­мін, бірақ шығармаларын шекіп оқыдым десем өтірік. Алыстағы армянның өткен ғасырдағы ұлы ойшылын қазақ ақын-жа­зу­шыларынан кім білуі мүмкін?
Ары ойлап, бері ойлап, лайықты кісі таппай, Жазушылар одағындағы қызме­тіме келе жатыр едім, Қара Шаңыраққа кіреберісте алдымнан Асқар шыға қалды. Басында ақ қалпағы бар. Кәдімгі ақ қалпақтың өзін ол мәнерлеп, өзінше оймыштап, біртүрлі сәнмен киетін.
Жайшылықта бірде бас изесіп, бірде сұлықтау ғана амандасатын екеуміз бұл жолы бір-біріміздің қолымызды қысысып, сәл үнсіз тұрып қалдық.
– Старик, ты чем-то озабочен? – деді Ас­қар тұңғиық нәркес көзін мұң шалған­дай, қасын керіп.
– Рас.
– Чем могу помочь?
– Ереванға барасың ба?
– Сізбен бе? («Енді «сізге» көшті).
– Иә.
– Онда не бар?
– Налбандянның тойы бар.
– С удовольствием.
Ол Созақтың сақарасында емес, Еуро­паның қақ ортасында өскен джентельменше қалпағын алып, бас иді.
– С вами с превеликим удовольствием.
Айтарын айтсам да, артынан ойланып қалдым. Өйткені мына заманның, мына қоғамның сызып қойған шеңберінен шы­ғып кете беретін, уақыттың бар жүгеніне басы сыймай қоятын мінезі болушы еді. Ол мінезді Алматыда, Жазушылар одағы­ның үйінде көтерерсің, ал бөтен елге барғанда қалай болады?
Не де болса, тәуекел.
Сонымен Ереванға бардық. Әуежайға табанымыз тигеннен-ақ Асқар баяғы-бая­ғыда, адамзат баласының алакөбең таңы жаңа­дан атқанда өмір сүрген Урарту дей­тін мемлекеттің тарихын, мынау әуежай жанында жатқан ескі қаланың орны еке­нін айтып сайрап ала жөнелді. Күтіп алушы армян жазушылары бұған таң қалды:
– Арменияда бұрын болып па едіңіз? – деп сұрады.
– Жоқ. Бірінші рет. Оның өзі мына Бәйдібек шалдың арқасы, – деп мені меңзеді.
– Қалайша? Бұл кісі Шерхан Мұртаза емес пе?
– Бәйдібек деген тентек бабасы болған. Менің жездем. Бұдан мың жыл бұрын жаса­ған.
Армяндар түсінбей аң-таң. Асқардың әзіл-қалжыңына қанықпаған, қайдан білсін.
–Мың жыл бұрын жасаған кісі қалай жездеңіз болады? – деп күледі армяндар.
– Менің апамды алған. Мен Мұхаммед пайғамбардың нәсілімін. Ақсүйек. Ол кезде қараға, қазаққа қыз бермегенбіз. Бірақ, бұл кісінің бабасы Бәйдібек алған. Өйткені «нахал» болған.
Армяндар қарқылдап күлсін.
– «Нахал» емес, батыр болғаны ғой.
– Солай деп түсінсеңіз таласым жоқ. Батыр ғана емес, ақылды болған. Әйтпесе менің апам анау-мынау қазаққа тимейді ғой.
Сөйтіп, өзінің өткірлігімен, тапқыр­лы­­ғымен, ағыл-тегіл білімімен, орысша та­за, әрі өте сиқырлы, мәнерлі сөйлеуімен Асқар армяндарды бірден тәнті қылды. Налбандянның арғы-бергі өмірбаянын, философиялық туындыларын теріп айтып, оған өз көзқарасын, өз бағасын бере отырып, талдап-талдап, армяндарды тағы таң қалдырды.
Мен өзім де таң қалдым. Бұрыннан біле ме, жоқ, Ереванға барасың деп мен айтқаннан кейін дайындалды ма, қалай болғанда да, армян тарихын, салт-сана­сын, мәдениетін, ұлы Комитастан бастап, арғы-бергісін білу жөнінен біздің абыройы­мыз басқа делегациялардан гөрі зау биікке көтеріліп кетті.

***

Біз, ақын-жазушылар, бір-біріміздің шығармашылығымызды оқи бермейміз. Бір-бірімізді іштей, етене тани білмейміз. Ондай олқылықты толтыру талпынысы ертеде, сонау Сәбит, Ғабит замандарында болған. Кейін-кейін бәрі де әдіра қалды.
Міне, осындайда бір-бірімізді жете білісетін, жек көрсек те, жақсы көрсек те бір-бірімізбен бас қосып, тоқайласатын жер – Жазушылар одағының шығарма­шылық үйі еді. Өз басым сол жерде «Қызыл жебе» романының екі кітабын жаздым. Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетін», «Жанпидасын» сонда аудардым. Енді сол бір құтты мекеннен де айырылдық.
Айтайын дегенім, сол шығармашылық үйінде Асқарды тани түскендей болдым. Бір күні Асқардың бөлмесінде Әбекең, Әбділда Тәжібаев, тағы біраз ақын-жазу­шылар бас қостық. Асқардың бөлмесінде домбыра, күйтабақ ойнататын аспап тұ­рады. Ол Біржанның «Теміртасын» еш­кім­ге ұқсамайтын терең тебіреніспен айтады. Ол әсіресе Қазанғаптың күйлерін құдайындай құрметтейді. Қазанғаптың күйлерін Доспамбет, Марқасқа, Қазтуған жырларына қосып, әнге айналдырады. Бірде Әбекеңе қарап:
– Әбеке, осы Қазанғаптың әр күйіне арнап бір-бір өлең жазсаңыз қайтеді? – деді.
Әбекең күлді.

***

Асқар ұлы Ғабеңмен, Ғабит Мүсірепов­пен дос болды. Асқардың «Бесатары» туралы Ғабең бекер тебіреніп жазған жоқ. Дарынды дарын таниды. Екеуі бір-біріне әкелі-балалы, яки ағалы-інілі адамдардай еркелейтін.

***

Қызулау екен. Бір күні маған:
– Пьеса жаз, – деді.
– Нені жазам?
– Рысқұловты!
– Ойбай, пьеса жазып көрген емеспін.
– Шындасаң, жазасың. Дәл қазір кезі келді. Әйтпесе кеш болады.
Өзіме өзім сенбесем де ойланып қал­дым. Е, көрсем көрейінші деп қағаз-қалам алдым. Ойланып отырып-отырып, біс­міллә деп, ақ қағазға: «Сталинге хат» деп ас­тын екі рет сызып қойдым. Ар жағы бел­­гілі, сол спектакль театр сахнасынан әлі түскен жоқ.
Егер Асқар түрткі болмаса, мен пьеса жа­зар ма едім, жазбас па едім, Құдай біл­сін…
Қазан, 1994 жыл
Мұрат ӘУЕЗОВ:
Қазақтың – ұлттық бостандықты аң­сап, еркіндікке ұмтылған алдыңғы қа­тар­лы зиялы қауымының ішінен Асқар
Сүлей­м­еновті ерекше атағым келеді.
Менің ең алғашқы мақалам қазақ тілінде шықты, сірә, 1967 жыл болуы керек, ол кейін «Дружба народов» журна­лы­ның бәйгесін жеңіп алды. Ал, ол мақаланы әуелі Асекең қазақшаға тәржімалап, «Жұлдыз» журналына бастырды. Асқар Сүлейменов жақсы дәстүрді бастады. Ол шеттен келген, тілін ұмытқан қазақтарды қазақ етуді өзіне мақсат етіп қоя білді; ша­ла қазақтарды кесіп тастамай, өз ортасына қайтаруға тырысты, тіпті мұны өзі­нің ұлттық парызы санады. Тілін білмей­тіндерге қазақ мәдениетінің қилы-қилы, қатпарлы-қатпарлы тұңғиықтарын ашты, төл тіліміздің ғажап мүмкіндіктерін көр­сет­ті. Асекеңнің домбырасы, Асекеңнің әндері әлі күнге көз алдымда, әлі күнге құ­лағымда. Аса биік парасат, энциклопе­дия­лық білім иесі, дегдар азамат – Асқар Сүлейменовті өз ұрпағының, одан кейінгі де бірнеше буынның рухани көсемі болды деп айтуға толық негіз бар.


Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ:
Асқар Сүлейменов – халқына, еліне қалтқысыз қызмет етудің үлгісі; тамырын түп тереңнен тартар хас зиялылық, дегдар азаматтық. «Өмірден өз жолыңды табу аз, сол жолмен қасқиып тура жүріп өту үшін жүрек-жұтты ерлік, талыс төзім керек» дейтін суреткер шығармалары – жан мен жасампаз рухтың ғұмырбаяны; дүние болмыстың мәні мен адам болмыстың мұ­раты туралы қуатты ой-парасаттың, кеше – бүгін – болашақты уақыт шең­бе­рі­нен шығып, тарихи, рухани-мәдени контексте зерделеудің биік түзілімі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір