«Төле би» телесериалы көрерменмен қауышатын күн жақын
«САҚ» киностудиясы өткен жылы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың идеясымен 3 анимациялық фильм және 10 сериялы телехикая түсірген болатын. Биыл киностудия Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Оқсыз», «Түркістан», «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмдері мен «Төле би» атты телесериал түсіруде.
Бұл жайында «Төле би» телесериалының режиссері, «Оңтүстікфильмнің» директоры Батырхан Дәуренбеков:
– Білесіздер, 1726 жылы Ордабасы тауында қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайын талқылаған. Бұл жиын – қазақ елі тарихындағы аса күрделі кезеңде халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға саналады. Сол жолы біртұтас қазақ әскері құрылып, Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен жасағына бас қолбасшы болды. Ордабасыдағы сол баталасу нәтижелі болып, қазақ қолы жеңіске жетті. Ел Жоңғар шапқыншылығынан азат етілді. Фильмде осы Ордабасы тауының қазақ тарихындағы рөлі сөз болады. Жалпы, Ордабасы тауы еліміз үшін береке-бірліктің бастауы іспетті. Ордабасы тауының шыңында 1993 жылы үш елдің президенттері кездескен тарихи оқиғаға биыл 25 жыл толды, – дейді.
Батырхан Қалдарбекұлының айтуынша, киностудия ұжымы осы оқиғаға орай облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлымен ақылдаса отырып, 10 сериядан тұратын «Төле би» телесериалын түсіруді қолға алыпты. Оның сценарийін жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен бұдан бұрын да бірнеше анимациялық фильмнің сценарий авторы Бақытжан Құлжабай жазған. Олар Мархабат Байғұт, Момбек Әбдәкім, Сәрсенбі Дәуітұлы мен Жамбыл Артықбаевтың «Төле би» туралы еңбектерін басшылыққа алған. Телесериалдың тарихи кеңесшісі – профессор, тарихшы Жамбыл Артықбаев, әдеби-көркемдік жетекшісі – кинорежиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетов.
Түсірілім Төлеби ауданының Қасқасу елді мекеніндегі тау бөктерінен басталып, Түркістанда, Боралдайда және Ташкент қаласында жалғасқан.
«Оңтүстікфильмнің» редакторы Айнұр Бексейітованың мәлімдеуінше, жыл соңында облыс әкімінің қатысуымен «Төле би» телесериалының тұсаукесері өтеді деп жоспарланып отыр. Телесериал жергілікті және республикалық арналардан көрсетілетін болады.
Үмітхан АЛТАЕВА