ХАНС АТАЙДЫҢЕРТЕГІЛЕРІ

0
85 қаралды

Марқұм ақын, әдебиетші Әмірхан Балқыбектің көзі тірісінде өз қолтаңбасымен сыйға тартқан «Қасқыр Құдай болған кез» атты кітабын парақтап отырып, бір сөзінде: «Мен әлі күнге дейін ертегі оқимын», – дегені есіме түсе кеткені. Сонда: «Ертегіні мен де жақсы көремін», – деп іліп әкетпегеніме, ұяңдық танытқаныма өкінемін. Жақсы бір әңгіме өрбір ме еді… Енді… арада бірнеше жыл өткенде рухымен үнсіз тілдесіп, айтылмай қалған ойымды былайша өрбітемін: «Байқадыңыз ба, аға, ертегінің күйкі тірлік қажытқанда жаныңа тыныштық сыйлайтын қасиеті бар. Үмітің үзіліп бара жатса, ғажайыпқа сендіреді. Әлдеқашан келмес­ке кеттіге санайтын балалығыңа оралтады. Ал балалығыңа оралу – кірлеген көңілді тазарту деген сөз. Өмірдің сан тарау соқпағында қиындықтармен алыса жүріп қатайтып алған жүрегіңді жұмсартады. Ізгілікке ұмтылу «жақсы деген немене, жаман деген неменені» ажырата білуден бастау алатынын есіңе салады. Демек, ертегі – рухани шипа. Бәлкім, үлкендердің бәрі анда-санда болса да ертегі оқитын болса, жер бетінде қатыгездік, зорлық-зомбылық атаулы мүлдем жойылып, мейірімділік пен әділеттілік мәңгіге салтанат құрар ма еді?!».
…Жымия күліп алып, сезімі басым бұл сөзімді терең білім, «нұрлы ақыл», ұшқыр оймен жалғар едіңіз-ау…
Әлі-ақ «жазылар естеліктер» сіз «туралы». Әзірге сүйікті ертекшім Андерсен туралы баянымды қабыл алыңыз.

«ҰСҚЫНСЫЗ ҮЙРЕК БАЛАПАНЫ»

Әлем оқырмандары арасында «ертегі патшасы» Андерсеннің «Ұс­қынсыз үйрек балапаны» ерте­гісін білмейтіндер кемде-кем. Зерт­теу­шілердің айтуынша, ондағы бала­панның прототипі – ертек­шінің өзі. Жексұрын үйрек бала­панынан асыл аққуға айнала­тын кейіпкердің хи­каясы, шыны­мен, оның өз өміріне негізделгеніне менің де еш күмәнім жоқ…

«Ұсқынсыз үйрек балапаны» мультфильмінен көрініс

Ханс Кристиан Андерсен 1805 жылы Данияның Оденсе қала­сында, кедей отбасында дүниеге келеді. Атасы ағаш­тан таңғажайып жануарлар мен қанатты адамдардың мүсіндерін жасағанды жақсы көре­тін. Ешкімге зияны жоқ ақжарқын қария жоқшылықтың сал­дарынан өмірінің соңында ақыл-ой кеміс­тігіне ұшырапты. Ал әкесі Ханс етікшілікпен айналысса, анасы Анна Мари Андерсдаттер нәпақа табуға болатын жұмыстың қай-қай­сысынан да қашпайтын. Шытыр­ман оқиғаларға құмар Үлкен Ханс 1812 жылы На­полеон әскерінің құрамында соғысуға аттанады. Төрт жылдан соң мүгедек боп оралған ол көп ұзамай көз жұмады. Ырым-жырым­ға сенгіш Анна Мари бал­шы­ларға баласының болашағын болжатуға құмар-тын. Солардың бірі: «Күн­дер­дің күнінде ұлыңыз атақты адам­ға айналады», – депті. Өкініш­ке орай, ғазиз ана жалғызы­ның «әлем балаларының сүйікті ертек­шісі» атанғанын көрмей кет­кен. 1833 жылы «ішкілікке салынуы се­бепті қайырымдылық үйіне ор­наластырылған ол мас­күнемдік елір­месінен сонда дүние салған».
Ханс әкесінен қызықты әңгі­мелерді, қиял-ғажайып ертегілерді, аңыз-хикаяларды тыңдап өседі. Алайда шынайы өмір оны сынап-ақ бағады. Серейген ұзын бойлы, арық баланы бәрі «құтан», «бағана» деп мазақтайтын. «Сен де ертең атаң сияқты есуасқа айналасың» деп келеке ететін. Тіпті, әлдебір бұза­қылар жайдан-жай ұрып жіберуге дайын тұратын. Мектепте де, кө­шеде де оның достары болмады. Мұға­лі­мі болса, қай тапсырманы да қатесіз жаза алмайтын шәкіртін саусақтарынан аяусыз ұрғылайтын. Мұндай «адам төзгісіз азапқа» шы­дай алмай, оқудан бас тартқан ұлын анасы кедей балаларына арналған қайырымдылық мектебіне ауыс­тырады.
Жоқшылық, айналасын­да­ғы­лардың зәбірі, шеттетілу Ханстың жігерін жасыта алмады. Ол өте арманшыл да қиялшыл, сезімтал да әсершіл болып өседі. Балалық ша­ғын «Менің өмірімнің ертегісі» ат­ты кітабында былайша еске алып­ты: «Әке-шешемнің жалғыз ба­ласы болғандықтан, ерке өстім. Анам маған: «Сен бақыттысың. Нағыз графтың баласысың», – дей­тін. Өзін ата-анасы кіш­кен­тайын­да қа­йыр сұрау үшін үйінен талай рет қуып жіберіпті. Сонда күні бойы көл жағасында, көпір астында қар­ны ашып, суықтан бүрсең қағып, жылап отырады екен. Анамның осы тектес әңгімелері менің көз жасым­мен аяқталатын» (өз басым, жазу­шы «Шырпы ұста­ған қыз» ертегі­сінің сюжетін, азда­ған өзгертулер енгізе отырып, ана­сының өмірінен алған деп есеп­­теймін).
Анна Мари ұлының шебер тігінші болуын армандайтын. Сол себепті де, оны ес білгеннен тігуге үйретеді. Ал әкесі қолдан ойын­шық­тар жасағанды, ән айтқанды, дат драматургы Гольбергтің коме­дияла­­рынан ұлымен бірге көрініс­тер қойғанды жақсы көрген. Ақыл-ой кемістігіне ұшырағандарға ар­­нал­­ған ауруханада істейтін әжесі немересін сонда жиі ертіп баратын. Ханс онда «ерекше үй тұрғын­да­ры­ның» әңгімелерін сағаттап тыңдау­дан жалықпайтын. Өмірінің соңына таман күнделігінде: «Мені жазушы еткен – әкемнің әндері мен есуас­тар­дың сөздері», – деген жазба қалды­рыпты.
Ханс мектепте сабақты нашар оқыған. Ешқандай пәнге қызығу­шылығы болмаған. Үй тапсырмасын орындаудан гөрі көртышқанның інінің аузында отырып, оның жер бетіне шығуын, таңғажайып жер­асты әлемі туралы баяндап беруін күткенді жақсы көретін.
Бірде Оденсеге копенгагендік труппа келіп, бір батыр туралы қызықты қойылым қояды. Көрер­мендер арасында әкелі-балалы Андерсендер де бар-тын. Бұл оқиға бала Ханстың театрға деген сүйіс­пеншілігін оятады. Үш ай бойы әке­сімен бірге жәшіктен сахна да­йындап, ағаштан қуыр­шақт­ар жа­сап, оларға матадан киім­дер тігеді. Тіпті, өзі арнайы пьеса жазып, уа­қытын өзімен-өзі көрініс­тер қоюмен өткізетін.

«ҚАЙТПАС ҚАЙСАР ҚАЛАЙЫ СОЛДАТ»

Әкесінен айрылған соң жасөс­пірім Ханс үй ішіне көмектесу үшін мата, темекі фабрикаларында жұмыс істейді. Сосын Копенга­геннен Оденсеге келген труппаға атқосшы болып орналасады. Ал он төрт жасында жиған азын-аулақ ақшасына алғашқы етігін сатып алып, «скандинавиялық Парижді» – Копенгагенді бағындыруға аттанады. Онда ол Корольдік театр­да сопрано даусының арқасында азғантай уақыт актер болған. Балетпен де айналысқан. Бәрі де нәтижесіз аяқталғанымен, өзінің «қайтпас қайсар қалайы солдаты» секілді алға ұмтылуын тоқтатпайды. Енді ол жазушылыққа шындап кіріседі. 1829 жылы Ханстың «Холмен каналынан Амагераның шығыс шетіне дейін жаяу саяхат» атты шытырман оқиғалы әңгімесі жарық көреді. Дат жұртшылығы тырнақалды туындыны жақсы қабылдапты. Жазушы содан бастап қаламынан еш ажырамаған. Жал­пы, барлығы он томға жүк боларлық повесть, роман, өлең, балладалар және пьесалар да жазған. Алайда, ол оқырмандарға ертегілері арқылы сүйікті болды. Көпшілік ортада өзін ыңғайсыз сезінетін Ханс кішкен­тайлармен еркін тіл табысатын. Барған же­рінде балаларды жинап алып, ертегі айтқанды жақсы көрген. «Достары» да оны ұйып тыңдайтын (оның таңғажайып ертекші кейіпкері Оле-Лукойе, шынды­ғында, өзі емес пе екен?!). Бұл жайт оның ертегілер жазуға ден қоюына әсер етеді. Андерсен 1835 жылы «Балаларға арналған ертегілер» деген атпен үш кітабын жарыққа шығарады. Ертегілер оған әжеп­тәуір танымалдылық әкелді. Үш жылдан соң үш томдық жинағы қайта басылып шығады. Ал, ХІХ ғасыр­дың ортасында ол тек Дания­да ғана емес, шетелдерде де аты шыққан ертекшіге айналады. Енді онымен жақын танысуға құмарту­шы­лар көбейе бастайды. Олар ақын-жазушылар ғана емес, мем­лекет қайраткерлері де болатын. Солардың ішіндегі ең белгілісі – баварлық ханзада Людвиг. Ол Андерсен ертегілерінің әсерімен әлемдегі ең сәулетті құры­лыс ны­сандарының бірінен санала­тын таңғажайып Нойшванштайн сара­йын салдыртқан.

«ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ…»

Андерсен ертегілер жөнінде былай депті: «Ертегі поэзиясы дегеніміз – поэзияның ең үлкен бөлігі. Мен үшін ол – поэзия атау­лының бастауы. Ертегі поэзиясын меңгерген адам оған трагедияны да, комедияны да, аңғалдықты да, әзіл-сықақты да қоса алады. Лира аспабының шектері де, баланың былдыры да, табиғат зерттеушісінің бейнелі сөздері де оған қызмет етпек». Расымен, оның ертегілері­нің қай-қайсысы да күлкімен қатар терең ойға, қызықпен қатар нәзік мұңға, қорқынышты кейіпкер­лермен қатар ерекше әсемдікке, көңілсіз көріністермен қатар жүре­гіңді елжіретер жылылыққа толы. Ертекшінің өзі ертегілерін балалар­ға ғана емес, ересектерге де арнап жазатынын жиі айтқан. Бірде оған әлдебір танысы: «Бізге жаңа, қызық­ты оқиға жазып беріңізші. Сіз үшін, тіпті, кәдімгі ине туралы да жазу түк емес қой, – дейді. Айт­қанындай, Андерсен бір-ақ түнде ине туралы ертегіні дүниеге әкеледі. Иә, ол ертегілерін бір түн­де, әрі кетсе, екі-ақ күнде жазған. «Ерте­гілер маған өздері келеді. Маған оларды ағаштар сыбырлап айтады. Олар желмен бірге жетеді», – деген.

Андерсеннің Копенгагендегі ескерткіші

Бертінде жазушының жеке мұ­ра­ғатынан бала кезінде жазған делі­нетін «Балауыз шырақ» атты ерте­гісі табылды. Зерттеушілердің ай­туынша, ол сол кездің өзінде-ақ шебер әңгімеші болған.
Андерсеннің оқырманға жеткен алғашқы ертегілерінің бірі «Пат­шаның жаңа көйлегі» (негізгі атауы «Императордың жаңа көйлегі») деп аталады. Ертегі жарық көре сала «жоғарғы билік өкілдеріне деген құрмет пен моральдан жұрдай» де­ген сықылды сынның астында қа­ла­ды. Иә, оған дейін ешкім де ақы­мақ патша мен оның айнала­сын­­дағы жағымпаздарды дәл бұ­лай­­ша күлкі етіп көрмеген еді. Пат­­шаны жалаңаш күйде халықтың алдына шығаруға ешкімнің де дәті бармаған еді. Бүгінде «Патшаның жаңа көйлегі» – Андерсен шығар­машылығының шыңы саналады. Лев Толстой аталған туындыны өте жоғары бағалап, жиі оқыпты. Ал, ертекшінің өзі аса құрмет тұтқан Чарльз Диккенс: «Мен үшін бәрі­нен андерсендік күлкі қымбат», – деген. Андерсеннің юморы, сати­расы қашанда анық идеялық мақ­сат­ты көздеді. Ол ертегілерінде шындық пен қиялды бір-бірімен қабыстыра отырып өз ортасындағы, жалпы, адам баласының бойындағы кемшіліктерді сынға алды. Гуманист ретінде қарапайым еңбек адамын, оның шыдамдылығы мен адалды­ғын «жырлады». Оның ертегі­лерін­де әлеуметтік теңсіздік көрі­ніс­­тері, кедейлердің қоғамнан өз орнын табу жолындағы күресі бар. Ол сүй­кімсіз үйрек балапаны се­кілді кедей­лер мен қарапайым жұмыс­шылар үшін ерте ме, кеш пе, әділдік орнайтынына сенеді.
Андерсеннің көп оқылатын тағы бір ертегісі – «Бұлбұл». Автор онда кәдімгі бұлбұлды қолдан жасалған, жа­санды, жансыз бұл­б­ұл­­мен қатар қою арқылы тірі бұл­бұл­­дың әні нағыз ләззат сыйлай­тынын жеткізіп қана қоймай, тіпті, оның адам өмірін құтқара да ала­ты­нын баяндайды. Сөзсіз, бұл ертегіні оқыған әрбір адам бір сәт өзінің іс-әрекеті, болмысы «нағыз» немесе «жал­ған» екені жөнінде ойға батар еді.
Жазушының өзі 156 ертегісінің ішінде «жүрегімді қозғағаны осы ғана» деп, «Су перісін» (дат тілінен тікелей аударғанда «Кішкентай теңіз ханшасы») айрықша жақсы көріпті. Иә, махаббат үшін қандай да болсын құрбандыққа барған су перісінің хикаясы – адал сезімнің гимні іспетті. Бүгінде Копенгаген портына көрік беріп тұрған «Су пе­рісі» мүсіні Дания астана­сының сим­волы саналады. Жалпы, Андер­сен ерте­гілерінің көптеген кейіп­керлері махаббат үшін тіпті, өз өмірін құрбан етуге де әзір. Мәсе­лен, бәріміз бала кезімізден жақсы білетін «Жабайы аққулар» ерте­-
г­ісінде Элиза атты бойжеткен өзінің махаббатымен аққу-ағаларын өлім­нен құтқарып қалмаушы ма еді?! Ал, әйгілі «Қар патшайымы» ер­тегісінде кішкентай Герда досы Кай үшін көп мехнат шегетіні есіңізде ме?! (Ал, Сіз осындай ер­лік­­ке дайынсыз ба?). Андерсеннің ертегі­лерінде тікелей ақыл үйрету жоқ. Алайда, олар оқырманды мейірім­ділікке, қайырымдылыққа шақы­рады. Өзінің айтуынша, ол ертегі­лерінде өзіне жетіспеген не шы­­найы өмірден таба алмаған ада­ми құнды­лықтарды сөз етуге тырысты. Мәсе­лен, табандылық пен ерік күші («Қайт­пас қайсар қалайы солдат»), мейірімділік пен жоғары адамгер­шілік («Түйме қыз», «Су перісі»). Жәбір көрушілерге аяушылық таныту, қол ұшын созу оның бүкіл шы­ғармашылығында көрініс тапқан.
«Өмірдің өзі тудырған ертегіден артығы жоқ» дейтін ертекші көп адам елеп-ескере бермейтін қара­пайым нәрселерден шабыт алды. Ол үшін мына дүниеде бәрі де әсем еді: гүлдің күлтесі де, кішкентай қоңыз да, тіпті, жіп орамасы да. Оның ертегілерінде аяқ киімнің де, бұршақтың да, жалпы, не нәрсенің де өз оқиғасы бар. Және олардың қай-қайсы­сынан да өмір әуенін естіріңіз хақ. Бәлкім, Андерсен ерте­гілерінің өмір­шеңдігінің сыры да осында болар…

«ТҮЙМЕ ҚЫЗ» ҺӘМ «ҚАР ПАТШАЙЫМЫ»

«Қар патшайымы»
фильмінен көрініс

Әлемге әйгілі «Опера елесі» прототиптерінің қатарында біздің сүйікті ертекшіміз де барын білесіз бе? Иә… Андерсен сырт келбеті жағынан да өз ертегісіндегі сүйкім­сіз үйрек балапанын еске түсіреді. Дат ақыны, фольклоршы (дат халық ертегілерін тұңғыш жинақ­таушы және жарыққа шығарушы) Юст Матиас Тиле (1794-1874) Ан­дерсенмен алғашқы таныстығын былайша сипаттапты: «Қағаздан басымды көтергенде, түр-әлпеті ерекше, бойы сорайған жас жігіт таңғалысымды тудырғанын жасыр­маймын. Үстіндегі көнетоз сұр кос­тюмінің шолтиған қысқа жең­де­рінен шығып тұрған жіңішке қол­дары бірден назарымды ау­дартты. Серейген ұзын да арық Андерсеннің өзіне үлкен, қолпыл­даған киім киіп жүретін де әдеті бар-тын. Ал оның сәл қитарлау көз­дерін көргенде, «дұрыс көруі үшін ұзын, алға қарай сорайып шығып тұрған мұрнына ота жасату керек-ау» деп ойладым. Мойнында – қылғындыра байлап алған ала шыт орамал. Ұзын мойны, бейне­бір, сол тар «құрсаудан» шығып кет­кісі келіп тұрғандай көрінеді. Қысқасы, бұл бір таңғажайып жан болатын».
Бала кезінде қатарластарынан Хансты сүйкімді санаған жалғыз адам Сара есімді қыз болыпты. Тіпті, бірде оған Сара аппақ раушан гүлін беріп, бетінен сүйіп алып, өскенде екеуі үйленетінін айтыпты. Сонда ұяң ол да батылданып кетіп, қызға: «Білесің бе, күндердің күнін­де бәрі маған құрмет көрсететін болады», – деген көрінеді. Балалық достық тез-ақ аяқталғанымен, мейі­рімді кішкентай қыз Андерсен­нің есінде ұмытылмай қалып қоя­ды. Сол бір аяулы сәттің белгісі ретінде ол сырт киімінің түймелігіне үнемі гүл қыстырып жүрген. Кейде маған ертекшінің «Түймеқызы» Сараның бейнесінен туғандай болып көрінеді. Сосын бір бикеш­тің жас Андерсен жайлы «Ол сым­батты болмағанымен, тартымды күлкісі сізді басқаша ойлауға әсер ететін» деген сөзі сақталып қа­лыпты.
1846 жылы Ханс «швед бұл­бұлы» атанған опера әншісі Дженни Линдке өлердей ғашық болады. Бірақ, оның қымбат сыйлықтары да, сүйіспеншілікке толы өлеңдері де арудың жүрегін жібіте алмайды. Күндердің күнінде британдық композитор Отто Гольдшмидтке күйеуге шығып кетеді. Бұл Ан­дер­сен­нің ауыр депрессияға түсуіне әсер еткен. Кейін Дженни Линд оның әйгілі Қар патшайымының про­тотипіне айналады.
Бұдан бөлек те бірнеше рет ғашық болған ертекшінің жеке өмірде жолы болмапты. Содан бо­лар, «махаббатты шынайы өмірде сезінгенше, ойдан шығарған дұрыс» деп, ешқашан үйленбеген. Өлері­нен аз бұрын былай деп жазып кетіпті: «Мен ертегілер үшін құны өлшеусіз құрбандыққа бардым. Со­лар үшін жеке басымның бақы­ты­нан бас тартып, қиялым шын­дыққа айналуы керек уақытты өткізіп алдым».

«ЕШКІМ ОНЫҢ ОТЫРА АЛМАС ТАҒЫНА…»

Андерсен өмірінің біраз жылын жер шарын шарлаумен өткізеді. Бүгінде көптеген туристік фирма­лар­дың ұраны іспетті «Саяхаттау дегеніміз – өмір сүру» дейтін сөзді менің кейіпкерім айтқан. Алайда, кейінірек сыртқа сирек шығатын болған. Өйткені, жиі-жиі депрес­сиядан зардап шеккен. Саусағының басын жарақаттап, тізесін көгертіп алса да, бәрін-бәрін тізбелеп күн­делігіне жазып отырыпты. Не нәр­сенің де асқынып кетуінен қорық­қан. Ауырған кезінде қағазға «мен тірімін» деп жазып, кереуе­тінің жанындағы үстелге көрсетіп қоя­тын. Өйткені, өзін тірідей жер­леп қоятындай көрген. «Дұшпан­да­ры­ның астыртын әрекетінен» сақта­нып, тіпті, жақын таныс­тарынан да жасырынып жүретін күйге жеткен. Әйтсе де …соңғы тісі түсіп қалғанша жазуын тоқтатпады. Иә, иә, Андер­сен тістерінің саны шығарма­шылы­ғының сапасына әсер етеді деп ой­лаған. Сол себепті, тіс ауруы қан­ша қинаса да, ешқашан тісін жұлдыртпаған. 1872 жылы ертек­шінің «Қарт Йоханның әңгімесі» және «Тіс ауруы тәтей» атты екі ертегісі жарыққа шығады. Ол екеуін де өзіне арнап жазған. Ал 1873 жы­лы қаңтарда ақырғы тісінен айы­рылғаннан кейін «Сиқырлы оқиға­лар маған келмейтін болды. Мен мүлдем жалғыз қалдым», – деп, ертегі шығаруын қойған.

«Су перісі» мүсіні

Андерсен 1872 жылы көктемде төсектен құлап, бірнеше жерден жарақат алады. Ақыры, содан оңала алмапты. Көп ұзамай, бауыр ісігі дертіне шалдыққаны да белгілі болады. Осылайша, жан күйзелісі, ішкі жалғыздық және тән дерті қинаған ертекші 1875 жылы 4 тамызда дүниеден өтеді. Оны соңғы сапарға шығарып салуға кедейлер де, байлар да, студенттер де, ше­телдік елшілер де, министрлер де, тіпті, Дания королінің өзі де келген. Елде ұлттық қаралы күн жария­ланып, газет бетіне:
«Біздің король кетті келмес бағына,
Ешкім оның отыра алмас тағына», –
деген өлең жолдары басылған.
Бүгінде жыл сайын 2 сәуір – ер­текшінің туған күнінде Балалар кі­табының халықаралық күні той­ланады. Ал 1956 жылдан бастап Балалар кітабы бойынша Халық­ара­лық кеңестің шешімімен жазу­шыларға Ханс Кристиан Андерсен атындағы Халы­қаралық әдеби сыйлық беріліп келеді (1966 жылдан бастап сурет­ші-иллюстраторларға да). Қалам­герлер арасында «кіші Нобель» аталатын бұл сыйлықты иелен­гендер қатарында талантты қазақ жазушысы Марат Қабанбай да бар.

БІР ҮЗІК ОЙ

Жалпы, Андерсен ертегілерінің кішілерден бөлек, үлкендерді де өзіне баурап алуының басты себебі немесе сиқыры неде? Бұл орайда, сыншылар: «Оның ертегілерінде бәрі де бақытты болатын утопия жоқ», – деген пікір айтады. Расы­мен, «қиял әлемі сиқыршысының» таңғажайып ертегілерін оқып отырып та шынайы өмірден ажырап қалмайсыз. Өйткені, ондағы өмір – сіз бен біздің өміріміз. Сіз бен біздің қуаныш-мұңымыз, арман-толғанысымыз, ой-сезіміміз. Ан­дерсен ертегілері сіз бен бізге өмірді қат-қабат қиындығымен қабылдау­ды үйретеді. Өмірді қаз-қалпында сүюді үйретеді. Ал, өмір дегеніміз – Андерсеннің өзі айтқандай, ең ғажайып ертегі.

Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.