АСТАНАНЫҢ 32 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
14.12.2018
2216
1

2018 жыл Елордамыздың 20 жыл­дығымен есте қалатын шығар. 20 жыл… Осы жылдар ауқымында біз Арқа төсінде бой көтеріп, салтанат керуенін түзеген Тәуелсіз мемлекетіміздің ресми орталығы – Астананың әр қадамына куә болдық. Тәуелсіздік жолы – ауыр жол.

Бұл жолда дұрыс таңдау жасай білу керектігін Президент Назарбаев ілкімді ісімен әркез дәлелдеумен келеді. Астананың Арқа даласынан ту көтеруі қажет деген бастаманың авторы – Елбасының тәуекелге бел буған әрекеті ә дегенде көпшілік тарапынан қолдау таппаған еді. Алайда Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекеті­міздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп бергеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл да тегеурінді ұсынысымен Қазақстан Республикасының Парламенті 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақ­молаға көшіру туралы шешім қабылдады. 32 өлшем. Ол қандай өлшемдер еді? Олар: әлеу­еттік-экономикалық, геосаяси, көлік инф­ра­құ­ры­лымы, инженерлік-коммуникациялық, құ­рылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолай­лы мүмкіндіктер еді. Құдіретті уақыт Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған осы 32 артықшылықтың нақты өмір ақиқаты екендігін дәлелдеді. Ұлы идея ақиқатқа айналды. Көз алдымызда тәуелсіз Қазақстанның тарихы салтанат құрды.


БАТЫС ПЕН ШЫҒЫС ӨРКЕНИЕТІН ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЛТЫН КӨПІР

Содан бергі 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналды.

Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін ірі мегаполис болып үлгерді. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалып­тасты. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақорда», «Астана триум­фы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл архитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ бала­сының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың бүгінде төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат. Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізілетіндігі толық дәлел бола алады. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған елорданың бұл дәстүрлі эстафетасын өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғастырды. Тарих қойнауына кірген Тауық жылы тәуелсіз Қазақстанның биік беделін төрткүл дүниеге тағы да паш еткен айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 көрмесі болғанын әлем мойындады.


ҚАЛА ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ ҮШ ЕСЕГЕ ӨСТІ

Міне, осындай тамаша жетістіктер мен жеңістерге толы 20 жыл ішінде Астана халқының саны үш есе артып, 298 мың адамнан 1 миллион адамға жетті.

Қала халқының табиғи өсімі 5,5 есе артып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Астаналықтар­дың өмір сүру ұзақтығы осы жиырма жыл ішінде алты жасқа өсіп, 69 жастан 75 жасқа жетті. Елордадағы жоғары оқу орындарының саны үш есе көбейді. Жыл сайын жас отау, жаңадан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артты. Жаңа жұмыс орындарымен қамтылған астаналықтар саны 136 мыңнан 466 мыңға дейін өсіп, 3,5 есе артты. 20 жыл ішінде қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін ұлғайды.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.11.2019 | 00:01

Өте керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір