«Мен жастарға сенемін»

0
41 қаралды

Жыл сайын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Мен жастарға сенемін» атты әдеби байқау ұйымдастырылып, талантты жастардың басын қосып келеді. Биылғы жарысқа қатысқан жалынды жастардың жүрекжарды өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.


Сүндет СЕЙІТОВ

СЕНІМ

Мен жастарға сенемін…
Мағжан Жұмабаев
Інім-ау, інілердің елгезегі,
Білесің, төртеу болмас ер кезегі…
Төртеуің түгел болса, мен бақытты,
Алтауың ала болса, кербез өңі…

Сүйсінтер ер боларсың болашақта,
Өшпейтін от боларсың әр ошаққа…
Осыдан он күз бұрын кішкентай ең,
Сағынып, көп оралам бала шаққа…

Мен барда, сен де барсың, бек сене бер,
Терегің маңдай термен ексең өнер….
Мағжанды көп сұрайтын едің бұрын,
Сол Мағжан – мен боламын, сенсең егер…

Сұрасаң… елгезектеу пәк жанды олар,
Бүгіннен сені күткен арманға орал.
Бүгінде «Мағжан болсам» дейтіндер көп,
Ініге тек сене алса, Мағжан болар…

Сынақты жеңіп шықшы күресі ірі,
Айлаңа көмекші боп күре сыры…
Еншіңде күш-қайрат пен сұлу қыз бар,
Махаббат та тек саған тиесілі!

Мен қазір жиырмадамын батыр болар,
Немесе ақын болар, әкім болар…
Терлесең ұлтың үшін, ертең сонда,
Мектеп пен кең көшелер атыңды алар…

Мен тіпті ақын да боп жарытпадым,
Әкімдік қызметті де тағы ұқпадым…
Бұл менің – нақыл айтқан шумақтарым,
Өлеңге өміріңді жорытқаным…

Қолдаушың – Мен, тағы Әкең, келесі Анаң,
Жан ағаң – жақсы ақын ғой, тек есалаң…
Елгезек жиырмадағы жас болсам да,
«Мен жастарға сенемін!» және саған!


Абылайхан Ашимхан

МАҒЖАНҒА

Төсінде дүбір салар құба белдің.
Бойында тектілік жоқ мұрагердің,
Жүректе жылқы – үмітің шұрқырайды,
Тағдырын еске салып Құлагердің.

Рухтың қайта гүлдеп оянғанын,
Тағы да тым еркелеу Ноян бар-тын.
Тағы да өкініштің уын ішер
Бақытты баянсыздау Баяндардың.

Тағы да санын соғар елді аядым,
Бұл дертті жанайқайым, емдей ме әнім?
Кен таусар болып шықты Көл таусарың,
Алаяқ болып шықты Жел аяғың.

Тағы да алдап соқты аңсағаның,
Жетерін кім біледі қаншаға әлім?
Тас керең болып шықты Сақ құлағың,
Нан соғар болып шықты Тау соғарың.

Болғанмен күнім нұрлы, шерлі – жаным,
Күйініш болғаннан соң ендігі әнім,
Даусым қайдан оңсын тарғылданып,
Шанағын шаң басқан соң домбырамның?

Зардабын тигізген соң кесір заман,
Сен сенген есірді жұрт, есірді адам.
Қайығы айрылған ескегінен,
Е, мына ұрпағыңды кешір, бабам!


Бек Ноғайбайұлы

***

Шуақ шашып әлемге нұр құйылған,
Көтеріліп шыққан соң күн қиырдан.
«Соқыр» жаққа шыққанбыз сейіл құрып,
Қайреке, ақын ұлдар, қыз жиылған.

Жігіт ек бойымызда желігі бар,
Қыздардың құралайы, елігі бар.
Жыры бөлек және де мұңы бөлек,
Ортамызда Нарынның Ерігі бар.

Өткен күндер ендігі келмесі анық,
Оянған сезім сол күн сөнбесі анық.
Жаңа оянған сезімнің шоғын үріп,
Қуанышым отырды әнге салып.

Әйтеуір, ақынбыз, мұңымыз көп,
Жетістіріп бір жазған жырымыз жоқ.
От түбінде оранып отыр еді,
Періште қыз алаудан жылу іздеп.

Ешкім бір тал шашына тиіспеген,
Рұқсат берсе, сол шаштан иіскер ем.
Оттан жылу іздемей қайтеді енді,
Болмаған соң бұл жалған пейішке тең.

Жүрек қалып жаулады сананы да,
Теңей алмайды екенмін сан аруға.
Әлі күн тұтанбаған сезім бардай,
Жәудіреген қарасам жанарына.

Сезімді сергелдеңшіл еттім бекем,
Қыр гүлін шың, құздар да тек гүлдетем.
Періштем, сол күннен соң жолықпадық,
Пейішке қайта кіріп кеттің бе екен?!


Шапағат Әбдірұлы

Ескі лашық,
бөрі ұлыған түн тағы,
есікті ашсаң шам сөнуге ынталы…
арасында жылқылардың жалының,
аруақтардың жанын таппай жүр тәні…
маңыраған дауыстардың шұрқаны,
боран жұлған киіздерді қымтады…
ошақтағы шәугім сыбызғы тартып,
өзін-өзі от қозына жылытады…
сыртқа шықсаң, қоңыраулар жаңғырған,
дымқыл ауа айызыңды қандырған…
құлағыңа соғылады, түшкірігі ешкінің,
жылқылардың пысқырығы қаңғырған…
қашаны анау кеше ғана тұрғызған,
ала тайынша ана жақта жүр бұзған…
жарық салсаң, үрке қарар қойларың,
көзілдірік тағып алған жұлдыздан…
осы түн ғой жер бетінде қалқыған,
бұлақтардың сыңғырына балқыған…
төбет үнін шегірткелер кеміріп,
таулардан да қыздың исі аңқыған…
е-е-е… ассалаумағалайкүм …
артта қалсын қайғы-мұң…
бұл дүние…
алқа қылып май гүлін… …
аунағанда не боларын кім білсін?
көгімдегі жаңа туған Ай-құлын…


Алтынбек Мерсадыков

Рух сөзі

(Мен келдім!)
Мен – Мағжан…
Өткен өмір – түс, міне.
Бас игем жоқ Уақыт деген күштіге.
С.Ақсұңқарұлы

Мейірім аңсаған Ғасырға жұтылып,
Ғарышқа қол созып, Ай болып тұтылып…
Көмейден көмескі әуездер әуелеп,
Бодандық дертінен мәңгілік құтылып,
Мен келдім!

Өзекті өртеген дертімді у қылып,
Арымда азаттық айбары булығып.
Сағыныш иісіне сусаған Қазақ пен
Алаштың арманын Аспанда Ту қылып,
Мен келдім!

Еңсесі жоғары Орданың елі боп,
Батыр да, ақын да, сал менен сері боп.
Қандықол тарихтың күнәсіз куәсі –
Бабамның қаны боп, анамның тері боп…
Мен келдім!

Семсердің жүзінде намысым оянып,
Тәңірдің тым қатал сынына таянып.
Нәп-нәзік сезімдер табанда тапталып,
Мөп-мөлдір үмітім қызылға боялып…
Мен келдім!

Кірпіктің ұшында кіршіксіз жас қалып,
Жұпарлы жусанды жаныма жастанып.
Еркіндік аңсаған кеудемді ән кернеп,
Арқаның төсінде Астана басқарып,
Мен келдім!

Боз жусан ғұмырым «Жігердей» кемерлеп,
«Елім» деп еңіреп, жеріме елеңдеп.
Тәуелсіз ойларым төбемде құт болып,
Жұмақтың төрінен естілген Өлең боп,
Мен келдім!

Кеңістік ішінде Уақытты қия алмай,
Өмірді «шексіз» дер бақытпен жиі алдай,
Тағдырым жазылған қалыпқа сыйсам да,
Ақындар жерленген табытқа сыя алмай…
Мен келдім!

Көңілді қажытқан сәттерде арзан мұң,
Сенімін серт қылып кеудеме бар жанның.
Рухынан нәр алып Мағжанның,
Рухынан жаралып Мағжанның,
Мен келдім!
…Мен келдім!


Жиналған Аманболсын

Мен білемін, атар әлі ұлы таң…

Ғасырлардың табанына тапталған
Тарих – аңыз тар санада жатталған.
Түркі – бабам, найзасының ұшы – Мен,
Төрт тарапқа түнек салып оқталған.

Жарты ғасыр жарға тіреп жұртымды,
Намысты ерге көздегі шел сықылды.
Өртедім мен өткеннің мың парағын,
Азаттықтың ақ таңы үшін бір күнгі.

Тай жегендей талабы бар тұғырлы ер,
Тік ұстайын, туған елдің туын бер!
Болат тұяқ, буыршын төс ұлыңның
Бұрқасындай базынасы бар, біліңдер.

Абадан ұл айды аузына қаратқан,
Алаш үшін атой салып тағы аттан.
Аңғал-саңғал арда көңіл жұртыңды
Азуы қарыс қорқауларға тонатпа!

Тәуелсіздік – Тәңір сыйы, тәтті арман,
Берекеңе біреулер жүр от салған.
Патша – біреу, жастар – тіреу болсыншы,
Тозған қазды қарға алады топтанған.

Оян, қазақ, түйсікті оят, тұр, қазақ,
Болмақпысың болмастарға кіл мазақ?!
Болашақты өз қолыңмен жасап ал,
Бола қоймас сен күткенмен бір ғажап.

Батыр қазақ, ақын қазақ, ер қазақ,
Бас бұйдаңды біздің қолға бер, қазақ.
Абай, Ақыт, Оспандардың ұрпағы,
Ұлы жолдан адаспасын көр қазақ.

Мен білемін, атар әлі ұлы таң,
Атқанша тек аялдауды ұмытам.
Оған дейін жаурап жүрген жұртымды,
Жырларымның отыменен жылытам.


Жамбыл Дүйсенов

Мен жастарға сенемін!

Сапалы білім, саналы ұрпақ – арманым,
Ертеңі елдің – өркенім, өжет, қорғаным.
Болашағы да, келешегі де қазақтың –
Жастарым, – деген Нұрсұлтан атам – заңғарым.

Жастарға артып сенімін, ұлы үмітін,
Кезеңде қилы ұйқысын қиып күні-түн.
Бағы деп ұлттың бағдарын ашып «Болашақ»,
Білімге үндеп қазақтың қыз бен жігітін.

Данышпан Абай сөзімен айтып шыңдаған:
«Бай болғың келсе – өнерді үйрен, біл, балам».
Әділдік таңдап, тиімді жолды тапсаңыз,
Жұмбақсыз Сізге жұмақтай болар бұл ғалам.

Мақалын айтып қытайдың, талай дананың:
«Өмірде шек бар, білімде шек жоқ, қарағым!»
Жеті тіл біліп, жеті ғылымды меңгерсең,
Жауыңды жеңіп, жайратар қару-жарағың.

Батыр да батыл, атаның сөзін тыңдаған,
Келеді өсіп елім деп туған мың балаң.
Болашақ үшін, қазақтың жері, тілі үшін,
Жандарын қияр жасың бар қаны тулаған.

Білімнің, ғылым игеріп тылсым сырларын,
Құлпыртар әсем Астанам, ару гүлбағын.
Сенімді артқан ақтайды абыз – Нұр Атам,
Намысты қыз бен айбынды туған ұлдарың!

Тер төгіп өткен тәуелсіздіктің жолында,
Аттары аңыз ата-бабаларымның соңында.
Біз бармыз, Ата, болашақ үшін күресіп,
Қазақтың туын нық ұстап тұрған қолында.

Егемен елдің жастары біздер – жасындай,
Ер Бауыржан мен Әлия, Мәншүк, Қасымдай.
Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сый,
Қорғаймыз оны аңсатып жеткен асылдай!


Ділда Уәлибекова

Мағжанның сөзі

«…Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Жүйрік өлсе, артында сөзі қалар».
Мағжан

Ит үрер, керуен көшер, озар заман…
Озады көркем дүние көз арбаған.
Тозар жаңаң,
Ал ескің есте де жоқ,
Тек естінің елесі жоғалмаған.

Қап түбінде наркескен бұғына ма?
Ұлылықты таниды ұлы ғана.
Мағжанды халық жауы дегендердің,
Есімі ел ойынан бүгін ада.

Қалдырып өшпес, өлмес жыр үлгісін,
Біздерге қылды аманат бүгінгісін.
Бүгінгісі ақынның – өлмес өлең,
Бүгінгі ұрпақ танитын бұрынғысын.

Ер Түрікті тарихтан еркін ашып,
«Алаш!» деп ұрандаған бөркін атып,
Ақынды оққа қиып жатса «ұлықтар»,
Мағжан деп ат қойыпты халқы ғашық.

Бүгінде сол Мағжандар маңдай керіп,
Мағжан десе, береді таңдайға ерік.
Бұйра толқын, қара шаш, айдай жүзді
Ақынға тең келген-ді қандай көрік?!

Соны да көзі қиып атқан заман,
Халықтың қарғысына батқан заман,
Егемен ел-жұртына қайтып берді,
Ерлерін есерсоқтар оққа айдаған.

Қайтқан ерлер қазақтың қуатындай,
Рухы «орақ-балғаға» уатылмай.
Қалтқысыз сенген жастар жүрегінің,
Дүрсілімен тіріліп тұратындай.

Тасты да тастамай ма су ағызып,
Уақыт бәрібір шындықты шығады үгіп.
Мәңгі-бақи өлмейтін Мағжан сөзін
Маңдайыма басамын дұға қылып!


Бауыржан Рамазан

КӨКШЕТАУ КӨКТЕМІ

Паң Көкшеге көтем келді төр алып,
Қытымыр қыс қаһары да жоғалып.
Қоңыр күзге еріп кеткен тіршілік,
Төркіндеген келіншектей оралып.

Бура көл де тыныштықтан шөлдеген,
Төңірекке күн иітіп кел деген.
Гауһар мұзы көбесінен сөгіліп,
Айдынында құс қанатын сермеген.

Көктем келіп, күн мен түнің түйіспек,
Қос ғашықтай жер мен аспан сүйіспек.
Көк қарағай, ақ қайың, сұр теректі
Жел тербетіп, ай қорып, күн иіскеп.

Қыз күлгендей жайма шуақ күн күлген,
Қас-кірпігін қайыстырып түн ілген.
Көктем, көктем, тамашасың, ғажапсың,
Сезім айы екеніңді кім білген?!


Жұмәлі Мизан

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ АРНАУ

Тарихым – тамырым,
Сұрақ келіп билеп, санаға сініп,
тоңдырып арқам, аяздап,
Жүгім арқада ауыр екен-ау, қара өлең,
саған қайтайын аздап аялдап.
Қазанат қарда, азамат арда жанталас
болған кешегі,
Бабамның мұңын, даламның сырын
жеңілдеп қайтсам баяндап.

Ақыны жиып қуатын тілге , баһадүр алып ақ найза,
Тыныштық сыйлап ел менен жұртқа,
ойламай әркез баспайда.
Түрен салып жауға, оймақтай жерін
бөлгізбей, бермей есені,
Күйтдемей жанын, өтіпті-ау нарлар,
үмітін ұлдар ақтай ма?!

Елім-ай зарлап, боталар боздап,
адасып үйір жосыған,
Алладан сұрап қанағат барға,
қара нан қолда, шүкірлік еткен осыған.
Ақтабан болып шұбыра көшіп,
шекара аттап шетелге,
Қызын арқалап,
ұлын жетелеп тарқапты-ау қазақ қосынан.

Бірліктін туын Керей-Жәнібек бекемдеп
бірге құраған,
Нәубеттер болып сынаққа түскен тағдыры
елдің бұралаң.
Етегін жиып, іргесін қымтап есіл жұрт,
Тәукенің жеті жарғысы өтіпті,
сүзілген тарих тұнадан.
Қасым хан салған қасқа жолымен,
ауызы аққа жарыпты,
Шіренгендердің шырқы бұзылып,
шылдай ғып мойнын бұраған.
Есім хан салған ескі жолымен туралап
тартып Абылай,
«Үш жүзім аман болса екен» – деп
Алладан медет сұраған.
Арқаға батып аяздай төсек,
ат ауыздықпен су ішіп,
Ат жалында ұйықтап,
Кенесарыда халқына тіптен ұнаған.
Мәңгілік елдің тұғырын тіктеп,
бабаның сөзін байлау ғып,
Нұрлы жолымен нұсқау көрсетіп,
нұрын төгіп Нұр ағам.
Тәуелсіздіктің жемісі гүлдеп,
желтоқсан қақап тұрғанмен,
Өшкенің жанып, өлгенің тіріліп,
қолыңда қалды-ау ту аман.
Сары майдай сақтап,
салтыңды балаң, нарқыңды биік көтеріп,
Аталарымыз көздей болған Ата-Заңымыз
тұр аман!


Төрехан НӘСИЕВ

РУХ

Ежелден-ақ рухы биік, туы – нық,
Қазағымның көрші жанын ұғынып,
Сермей алар рухы бар ма ұлт үшін,
Тебінгінің астынан алып алды суырып.
Рухсызбыз,
Сынаққа сүрініп,
Өлімнің оғын іздеген
Сорлымыз,
Әлі де қорқаудың боғы үзілмеген,
Рух, әлде көміліп қалды ма?!
Қорқыттың көрінде қобызыменен…
Айғай сап, ұлт үшін тігіп қу басымды мен,
Өр рухтың тілдескім келеді мен
Жыр сұлбасымен,
Таппадым,
Әлде рух Махамбеттің
Домалап кеткен бе дулығасымен?!
Отқа да күймеді, суға да батпады ел,
Рух, сен бәлкім жаңғырып келерсің қайтадан,
Рухани жаңғырып жатқанда ел…


Салтанат ҚАЙЫРБЕК

***

Бір адам алыстан алысқа қарайды,
Елемей сол жерді, маңайды.
Қайыңдар иіліп, су кері ақса да,
Жанына өзгеше бірдеңе қалайды.

Жанымды ауыртса, өмірге бір күлем.
Мені анық көре алмай, алыста тұр, білем.
Мен болсам, көздерін ап-анық көремін,
Ол қарап тұратын дүрбіден.

***

Сындардан кейде құлағың келеді.
Қиратып ойды.
Оңбай тым.
Тізерлеп тұрып жылағың келеді –
Рөлің үшін сомдайтын.
Өмірің үшін болмайтын.
Сезімдер үшін сөз беріп кеткен,
Армандар үшін құрама.
Болмысың үшін өзгеріп кеткен –
Тәңірден көмек сұрама.
Жүрегім жаурап, дір етті жаңа.
Доғардым кімге сенгенді?
Тілеуге рұқсат тілекті ғана,
Тілеуді ұқтым енді-енді.
Бұ жолғы тағдыр сынағы бөтен,
Өлеңге өмір әкеліп.
Теріске расы шығады ма екен,
Жүрекке адал қателік.

***

Қырау басқан жасадың гүлге қадам,
Таныс емес едің ғой мүлде маған.
Тұңғиығын сол кезде көрмесе де,
Жанарымнан бірдеңе білген адам.

Өзіңе де сенбегін, сенбе маған.
Кең болса, тар ойларға кең бе ғалам?
Өлең дейтін өмірді сүру үшін
Жүрегінің жартысын берген адам.

Үнемі осы.
Жазам не жылап қалам.
Тағдырымды мен бүгін сұраққа алам.
Айтса айтты, ұмыту – өлеңге сын,
Төмендесін деген жоқ,бірақ маған.

Сезіміммен тұп-тұнық өрілгенмен.
Ақылыма қайранмын, төрін берген.
Іздемеймін мен сені басқалардан,
Мен өзіңді көрмеймін көрінгеннен.

Денис Тенге

Еліңе налыма!
Төзбейтін.Тоймайтын.Қанбайтын.
«Суға салсаң – батпайтын,
Отқа салсаң– жанбайтын».
Мәнерлеп сырғанау түгілі –
Мәнерлеп оқи алмайтын.
Қарамай ел-жер, қонысқа,
Қарамай кейде борышқа,
Ән салғым келеді түрікше,
Жыр жазғым келеді орысша.
Жұлдызды жарық қылса түн,
Хақым жоқ елге ұрсатын.
Талайлар өлер сүре алмай,
Денистің кешкен бір сәтін.
Сілкінтіп тастап сананы,
Қалтыратып қаланы,
Денис-ау, жаның тірі өлді,
Менікі жұтап барады…
Елдікі жұтап барады…

***

Кез болар жолыңда кім?
Сөзімді жұтамын көп.
Жол емес, қолыңдамын,
Сүйікті кітабың боп.
Келердей бақыт таяп,
Құлпырды ішің гүлдей.
Ешкімге оқытпай-ақ,
Ешкімге түсіндірмей.
Далаға ала шықпай,
Қалдырмай үстеліңде.
Көздегі қарашықтай –
Көзіңнен түспедім бе?

Дәтің бар кеңесуге,
Жүрегің құптаған көп.
Мені оқи бересің бе,
Өтірік ұқпаған боп.

***

«Сен бар» деп ғаламда мына,
Кіршіксіз көңіл де асқақ.
Жанымда жаралғаныңа-
Өмірде өмір бастап.

Сәлемің жолдасаң егер,
Гүлдерден гүл өремін.
Әсемпаз болмасам егер,
Басқасын білер едім.

Білерім, ғаламда мына:
Өсемін көңілде асқақ.
Жанымда жаралғаныңа –
Өмірде өмір бастап.

***

Қасиет бар-ау көздің жасында.
Айта кетейін сөздің басында:
Нөсер мұңымды жария қылмай,
Бүркеніп ойға, төздім расында.

Пейілдер көзге көрінбес оңай,
Кинода да осы, өмірде солай.
Болмашыға жылай салатын,
Жабырқағанда көңіл босамай.

Қасиет бар-ау көздің жасында.
Айтып өттім ғой сөздің басында.
Ағзамыз жасты төкпей ме біліп,
Аяламасын, жазғырмасын да.

Қасиет бар-ау көздің жасында…

Ерекше

Қып-қызыл әлемді боямақ
Қып-қызыл жүректің түсімен.
Себебі, өмірді басқаша аялап,
Басқаша үн қосады ішінен.
Ғаламға кеңдікті айтады,
Маржанға ұқтырып тереңді.
Іңкәрлік – көз жетпес байтағы,
Үнімен оятпақ кереңді.
Жыр екен көңілдің мәруасы,
Өзіне сенбейді деймісің?
Басқада жоқ оның шаруасы,
Мың бояу ұқсасын, мейлі, шын.
Градиент ішінде қызылды,
Тырсылдар ішінде дүрсілді,
Сіз үлгі тұтпайтын, біз үлгі,
Байқаса осы жұрт бір шыңды.
Таныса, дәл соны елесе,
Біреулер еліктеп болса егіз,
Реңінен…
Өңінен…
Немесе
Сол жанды көрсеңіз,
Көрсеңіз…

***

Көбелек ұшады гүлдерден,
Келгенге жәннәтін ұсынып.
«Арманы жанның» деп, түндерден –
Аспан да жұлдызын түсіріп.
Ілтипат.
Тұла бой маздарда.
Ішіңде күншілдік қалмаса.
Көлденең ұшпайды қаздар да,
Аққулар самғаса.
Әлдене еткенде «қит»
Терге!
Біреулер түсірсе, төр берсе.
Олжасын алмайды иттер де,
Жаралы арыстан өлгенше.
Көңілімде жайт бар алаңдар.
Махаббат мәңгілік.
Төзім ше?
Сезімді сатады адамдар –
Жүректің көзінше.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.