Бейсана

0
55 қаралды

1.ТҮС

Пойыз жүргелі тұрды. Түн жарымы. Перронда әлдебір жолаушы белгісіз бекеттен түскелі қозғала бастады. Оны, әрине танымаймын. Келбетіне ұзақ тесіле қарадым. Енді оны ешқашан көрмейтін едім. Ол да мені көрмес. Кейде ғұмырда жалғыз рет қана көрген адамды сағынып жүресіз. Мәселен, он бес жасыңызда Атырауға әдеби сала бойынша фестивальға бардыңыз. Қайтар жолда бей­таныс бекеттен аз-маз уақытқа ғана түскен кезде ерекше көрікті қыз сізге балмұздақ алуды ұсынды. Сіз көркіне бола алдыңыз. Ал, бірақ одан бері бес жылдан артық уақыт өтсе де сіз ол аруды ұмыта алмайсыз. Қызық. Неге екен?
Адам өмірінің жартысы ой арқылы, яғни ойша өтеді. Қала берді түсті қосыңыз. Кейбір ғалымдар сегіз сағаттық ұйқының тоқсан минуты түспен өтеді десе, кейбір деректерде соншалық ұзақ көрінген түстер бар болғаны екі-үш секундтың ішінде жүзеге асады делінеді. Түс жайлы сөз қозғағанда психоаналитик Зигмунд Фрейд еске түседі. Оның түс жайлы ойлары ғылымда өзіндік негіз қалыптастырды. «Түс жору» еңбегінде түсті өң мен түстің арасындағы бейсаналық деп түсіндірді, әрі түсте ұлттық ерекшелік те болатынын жеткізді. Әріге бармай-ақ түс тағылымының түбін Түркіден суыртпақтасақ та болады. Қайда барса да өз көрін қазып жататын Қорқыттың түсі, Абылайдың түсі, Бабырдың Самарқан қаласын алар алдындағы түсі әлі күнге аңыздарға арқау болып келеді. Яғни Абылай хан өзі көрген арыстанның ішінен қашқан түлкінің қарнын орып жібергенде құрт-құмырсқа,бақа-шаян, жылан-кесіртке өріп шығады. Мұны Көмекей әулиенің қалай жорығаны тарихтан белігілі. Және оның негізсіз қалмағаны да мәлім.
Шынында денедегі рух өлім сәтінде адамнан мүлдем ажы­раса, түс кезінде белгілі бір жерлерде саяхаттап жүреді. Кейде оятқышты сағат сегізге қойып, оятқыш шырылдамай қалса да сол сегізде оянатыны­мыз бар. Исламда түс үшке бөлінеді. Бірі – Рахмани түс, бірі шайтани түс, бірі қияли түс. Рахмани түс – сүйіншілеу, ес­кер­ту мақсатында болып келсе, шайтани түс әлдебір қиындықтан қашып жүру, тығырыққа тіреліп жан қиналатын тұстары, ал қияли түс өңдегі ойлардан құралған, не шөлдеген жанның су көруі іспетті құбылыстар. Әлемде түс арқылы туған ғылыми еңбектер, өлеңдер, прозалық туындылар көптеп ұшырасады.
Дат ғалымы Вор түсін­де күннің үстінде жатқанын көреді. Айналасында дөңгелектер айналып жүреді. Осы түсінен кейін атом құрылысы жөніндегі ғаламшарлық моделін құ­рас­­тырады. Бірнеше жыл­дардан соң осы еңбегі үшін Нобель сыйлығын иеленеді. XX ғасырдың ортасында аме­ри­кан­дық ғалым Джеймс Уотсон түсінде кобра тектес жыланды көреді. Бұл түсі арқылы ол ДНҚ-ның құрылымы мен формасын ойлап табады. Өзінің кезекті ғылыми жұмысынан соң Менделеев терең ұйқыға кетеді. Кенет өзі неше жыл зерттеп бас қатырған жұмысы түсіне енеді. Ғалым тұра сала қалам іздеп, асыға жазуға кіріседі. Тек бір элементке ғана түзету енгізіп, қалғанын түсіндегідей етіп қал­дырады. Кей деректерде бұл мағұлматты жоққа шығарады. Шынында, Менделеевке әлемдік атақ – талмай еңбектенудің арқасында ғана келген еді.

2. ТАҢДАУ

Өзіңді танығың келсе,
өзіңді таңда.
Ж.Сартр

Конфуцийдің үш жолы бар. Бірінші – ізденіс жолы. Екінші – еліктеу жолы. Үшінші – өз-өзіңді табу жолы. Шығармашыл таланттың көбі ең оңай екінші жолға түсіп, қос шылбырды қолына алып шауып жүргенде үшінші жол алдына кесе көлденең тұрады. Бұл процес жиырма мен жиырма бестің арасында болса керек. Осы тұсқа дейін көбісі шығармашылықпен айналысады да, үшінші жолдың «аязына» шыдамай кері қайтады.
Айтпақ ой бұл емес. Біз таңдаудан шатасады екенбіз. Мәселен, сіз бала күнде Мұқағалиды таңдадыңыз. Оны жан-тәніңізбен жақсы көрдіңіз. Адам кімді жақсы көрсе, соған еліктемей тұрмайтыны белгілі. Мұқағалиша күлдіңіз, Мұқағалиша жыладыңыз. Өлең жаздыңыз. Бертін келе Төлеген Айбергеновті таңдадыңыз. Төлегенше толғандыңыз, Төлегенше баз кештіңіз. Әлдекімді сағындыңыз.Әлдекімді жұбаттыңыз.
Жасыңыз жиырмадан асып, ізденістің қалың орманына енгенде, сіз өзіңіздің қандай құдіретті жан екеніңізді сезе бастадыңыз. Ата-тегіңізді, ұлтыңызды, әлемдегі, өмірдегі орныңызды аңғара бастадыңыз. Бір уақытта «Мен!» дедіңіз жан ұшыра. Иә, сіз! Сіз құдіретті жансыз! Сіз бәрінен мықтысыз! Сіз өзіңізді таңдаңыз. Сонда өзіңізше күлуді,өзіңізше сөйлеуді, өзіңізше жындануды бастайсыз. Мен сізге сенемін!

3. СӨЗ

«Әуелі сөз жаралған». Сөз, сөз, сөз.
Асқан,
алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан,
шалдыққан ғаріп басымыз,
Қаласың қай сайда?
Рас айтасыз, мұны айтқан Шәкәрім. Шәкәрім қажы. Әулие. Сөз заттанды. Шын мәнінде, ақын тағдыры талауға түсті. Жауыз қолдың қолымен тұншықтырылды. Саятқорада жападан-жалғыз ладуни іліміне құлаш ұрған ақын мылтық оғынан мерт болды. «Көп шуылдақтан» шыққан кесір қол сүйегін сайда қалдырды.
«Сөздің заттануы» жайлы ой қозғалғанда Мұқағали тағдыры да қалыс қалмайды.
Ұйықтап кетсем болғаны
төсегімде,
Қырықтың бесеуінде…
Ақын сол қырықтың бесеуінде келмес сапарға аттанды. Кездейсоқтық? Жоқ!
Орыс ақыны Николай Рубцов жырлары қазақтың XX ғасыр поэзиясына біршама әсер еттті. Еліктеушілер де болды. Сол ақынның бір жыры бар-тын.
Я умру в крещенские морозы,
Я умру, когда трещат березы.
А весною ужас будет полный:
На погаст речные хлынут волны!
Өз өмірін болжаған ақын шынында 1971 жылдың 19 қаңтарында Вологданың қатулы аязында көз жұмды.
Мұндай мысалдар жетіп артылады. Тек мәннің түпкі сырына бойлай алатындар кімдер? Қызық.

Батырхан Сәрсенхан

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.