Сахнада – қазақтың қара өлеңі
04.09.2015
2629
0
334622_550040257____________________________________________Қыркүйектің 19 жұлдызында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Бір өлең, бір әуен» атты ән-жыр кеші өтетіні белгілі. Осыған орай кешті ұйымдастырушы, «Хұснихат» әдебиетті қолдау қоғамдық қорының президенті, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлын аз-кем әңгімеге тарттық.
– Бұл кеш «Хұснихат» әдебиетті қолдау қорының алғашқы шарасы болар?
– Иә, әдебиетке қолдау ниетінде ат­қа­ра­тын алғашқы шарамыз осы десе де болады. Мұндай қор құру туралы ой көптен кө­кейім­­де жүрген еді. Мына бір оқиғадан кейін бұл іске бел шешіп кірісіп кеттім. Был­тыр бір топ қаламгермен бірге Алматы об­лы­­сының «Жаркент Арасан» шипажайына де­малысқа барған едік. Ақын-жазушы жи­нал­ған жерде өлең оқылмай тұра ма, өлең оқылды, алуан түрлі аңыз-әңгімелер айтылды. Ғибратты әңгімелердің соңы демалу­шы­ларға арнап кеш өткізейік деген шешімге ұласты. Сөйтіп жыр кешін өткіздік. Сонда бір байқағаным: жиналған жұрт тебіренбек түгілі, селт етпеді. Есіл-дерттері үндінің телехикаясында, соның жалғасын көре ал­ма­ған­дарына өкініп тұрды… Жұрт кітап оқудан қал­ған, өлеңді тіпті де тыңдамайды, егер сол жерге әлдеқалай бір әнші – «жұлдыз» кел­се, жаңағы топ бірге әндетіп, бірге билеп ке­тер еді. Заманның беті сол… Сонда маған бір ғана ой келді – жұртқа қалай да өлең тың­да­ту керек! Сөйтіп, «Хұснихат» атты қор құрдық.
– Кештің барысы қалай болады?
– Өзіңіз білесіз, соңғы біраз жылдың ішін­де қазақтың марқасқа ақындары бұл жал­ғаннан топ-тобымен аттанып кетті. Қа­дыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фа­риза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбаев, Дүйсенбек Қанат­баев, Қажытай Ілиясұлы, Темірше Сарыбай, Иб­рагим Исаев, Тұрсынай Оразбаева, айта бер­сең, қорқасың. Бағамдап қарасақ, осы кі­сілердің ел алдына шығып топтасып өлең оқыған сәті бірде-бір кадрда қалмапты. Бұл біздің еренсіздігімізді, қолымызда барды бағалай алмағанымызды көрсетеді. Сол үшін «Бір өлең, бір әуен» деген жобаны қол­ға алдық. Біріншіден, ақындар халықтың алдына топтасып шығады, олардың түр-түсі бейнежазбада, көрермен жадында қалады, екіншіден, елге өлең тыңдатудың төте жолы. Кез келген ақынның өлеңіне жазылған ән болуы мүмкін, алайда, сол әнді орындаған әншіні жұрт таниды да, ақыны қалтарыста қала береді, тіпті, композиторы да атаусыз қалатыны жасырын емес. Ақынсыз сазгер де, әнші де екі аяғын тең баса алмас еді. Осыны қалың көпшілікке түсіндіретін кез келді-ау деп ойлаймын. Жоба бойынша ақын бір өлеңін оқиды, әнші сол ақынның өлеңіне жазылған бір әнді орындайды. Сон­да жұрт өлең де тыңдайды, ән де естиді, жал­­пы, осындай насихат қараорман халықтың бетін қара өлеңге бұрғызады деген сенімдемін.
– Жобаны қолдап, қаржылай көмек көрсетіп жатқан азаматтар бар ма?
– Әрине, бар. Арғы беттен келіп, ал­дың­ғы жылы дүниеден өткен тарихшы, жазу­шы, мәдениеттанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Сәнік деген ағамыз болған еді. Ол кісінің жұбайы Шәмшәбану Қамзақызы деген апамыз да үлкен ақын, ағартушы-ұстаз. Сол кісілер­дің Қанат деген ұлы бар, кәсіпкер. Әде­биет, өнер десе ішкен асын жерге қоя­тын ұлтжанды, текті азамат. Алғаш осы қор­ды құру туралы ойымды айтқанда бірін­ші болып қолдаған інім. Сөзінде тұрып, мынадай қиын жағдайға қарамай Студенттер сарайының жалға алу ақысын, күллі шығынымызды өз мойнына алды. Тіпті, қордың аяғынан тұруына барымды саламын деген бүкпесіз жоспары да бар. Қанат бауырыма қаламгер қауым атынан «Тәңір жарылқасын, кәсібіңнің несібін көр!» деген ақ тілектен басқа не дейін! Одан өзге қол­дау­шылар да аз емес. Қазақстан Жазушылар одағы, оның құзырындағы өздеріңіздің «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы, «Қазақстан» ұлттық арнасы, Қазақ радиосы, «Абай» порталы, «Қамшы.kz» сай­ты, «Күл­тегін» сайты, т.б. көптеген ақпараттық де­меушілеріміз бар.
– Бағдарламада тағы қандай жаңалық бар?
– Биыл Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл. Бұл кеш әуелі Ұлы Абайдың рухына арналады. Одан соң дүниеден өткен күллі ақын­дар­дың рухына бағышталады. Қорымыздың құрылтайшылары мен жанкүйер азаматтар ақылдаса келе «Абай» сыйлығын тағайын­дау­ды ұйғарған болатынбыз. Бұрындары ұлы ғұламаның атында «Абай атындағы Мем­лекеттік сыйлық» деген бар еді. Кейін не себеп болғанын қайдам, «Абай» сөзі түсіп қал­ды. Абай – ұлттың ұраны, Абай – қазақ, қазақ – Қазақстан деген сөз. Мысалға, Сер­гей Есенин атындағы орыстың, Мақтым­құлы Пырағы атындағы Түркіменнің, Тоқта­ғұл атындағы Қырғыздың медальдары бар. Ал Абай дегеніңіз әлемдік, адамзаттық тұлға ғой, біз болсақ өз тұлғамызды тым төмен­детіп алдық, сол олқылықтың орнын тол­ты­райық деген ниетпен «Абай» сыйлығын та­ғайын­дадық. Сыйлықтың өз медалі, ди­плом-куәлігімен қоса қомақты қаржысы болады. «Абай» сыйлығының тұңғыш иегері кім, қомақты қаржысы қанша?», – деген сұраққа сол кеште жауап аласыздар. Бір жыл бойы тәуелсіз сарапшылар әлеуметтік желі мен басылымдардағы оқырман қауымның бағасын ескере отырып, Абайға жасалған қызмет пен Ұлы ақынның қара өлең­дегі даңғыл жолын жалғастырушы бү­гінгі күннің ақындарынан кімнің лайық екенін дәп басып тапқандай болды.
– Сонда «Абай» сыйлығы жыл сайын беріле ме?
– Мүмкін екі жылда, мүмкін үш жылда бір рет берілетін болар, оны қордың төңіре­гін­дегі азаматтар кеңесіп шешеді. Менің білетінім – болашақта «Абай» сыйлығы ашық түрде, оқырман көпшіліктің талқысы­нан өткен, өз бағасын алған кез келген қаламгерге, оның ұлтына, еліне қарамай берілуі тиіс. Мысалы, ағылшынның бір ақыны «Абайды» алса, ол қазақ поэзия­сы­ның, қазақ елінің мәртебесі емес пе?!
Еліміздің спортшыларының Қазақс­тан­ның атын шығарғаны секілді, өзге елдің қаламгері де «Абайды» алса, Қазақстанның мәртебесін зәу биікке көтермей ме! Бұл сыйлықтың маңыздылығы, әне, сонда.
– Бұл да игі бастама екен, «Бір өлең, бір әуен» жобасын өзге облыстарда жал­ғас­тыруға бола ма?
– Неге болмасын. Жоғарыда айтқандай, әр ақын жеке батыр болып жүреді. Ал солардың басын қосып, көпшілік алдына шығару, олардың поэзиясын насихаттау игі шаруа емес пе?! Әрбір аймақтың күллі рес­пу­бликаға, қала берді өз өңіріне таныл­ған ақындары бар, солардың өлеңдеріне жазыл­ған әндер мен орындаушылары бар, жобамыздың діттегені де сондай талантты ақындарды қалай да жұртқа тобымен таныс­тыру, сол арқылы қазаққа қара өлең тыңдату…
– Әңгімеңізге рахмет, жобаларыңызға сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір