Фестивальдан кейінгі ойлар

0
18 қаралды

Шығыс Қазақстан облыстық театрына Рүстем Есдәулеттің есімі берілсін! Түсіпхан Түсіпбеков, Сахан Әкелеев, Әлібек Қаңтарбаев, Серік Құсанбаев, Мұрат Әміренов т.б зиялы қауым өкілдері 5, 6 жылдан бері облыстық театрға Рүстем Есдәулеттің есімін беру туралы бастама көтеріп жүр. Бұл туралы ой «Жас Алаш» газетінде, жергілікті басылымдарда, әлеуметтік желілерде сөз болып, көзі ашық жұрттан қолдау тауып отыр.


Өскемен қаласында 10-14 қараша күндері Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, актер, ақын Р.Есдәулет атындағы ІІ Рес­пуб­лика­лық театр фестивалі өтті.

Біз ең әуелі осы іс-шараның өтуі­­не үлкен қолдау көрсеткен ШҚО әкімі Д.Ахметовке және өзге де зиялы қауымға зор алғыс сезі­мімізді білдіреміз.
Фестиваль шымылдығын Ас­та­на қаласының Жастар театры Н.Коляданың «Тасбақа үміт» (пси­­хологиялық драма) спектак­лімен ашты. Д.Серғазиннің Н.Ко­ля­да пьесасына батыл қадам жасап, репертуарға енгізгені құп­тарлық қадам. Бірақ, пьесаның ішкі астары, кейіпкерлердің пси­хо­логиялық толғаныстары жет­кілікті деңгейде ашылмай қалған. Араларына кір­бің түскен ерлі-зайыптылар Арман – Д.Серғазин мен Бақыт – М.Май арасындағы сөз қақты­ғыстары кезінде екеуінің бірін-бірі қимай­тыны байқалған жоқ. Спектакль басталған сәттен соңына дейін ұрсысқан жұбайлар­дың бірге қалу­лары режиссерлік тұрғыда айқын емес. Оның үстіне қойылым ортасында шаңыраққа ұқсайтын люст­раның үзіліп түсуі – олардың ажы­расып кететінінен белгі береді. Осын­дай қарама-қайшылықтар ре­жиссерлік тұр­ғы­да нақтылауды қажет етіп тұр.
Ал, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Жәми­лә» спектаклі қазылар алқасының өткір сынына ұшырады. К.Ка­сенов­тің режиссерлік қолтаңбасы айқын емес. Ол Ш.Айтматовтың әлемге танымал шығармасының негізгі идеясын басқа арнаға бұ­рып жібергендіктен, соғыс жылда­ры­ның ауыр ызғары мүлде сезіл­меді. Оқиғалар шашылып, кейіп­керлердің мінез-құлықтары ай­шықталмаған. Актерлар сахнада не істеп жүргендерін өздері де ұқпаған. Бірін-бірі көрмей, сах­на­лық әрекетке түсе алмай қиналған орындаушылар өздерінің шебер­ліктерінің әлсіздігін жайып салды. Данияр роліндегі Қ.Қасым­беков пен Жәмила – Б Қал­дар­бе­кова өз рольдерінің ішкі қалтарыс­тарын аша алмаған. Шығармадағы Данияр мен Жәмиланың психоло­гия­лық арпалыстары, сезім тол­қын­дары спектакльде болған жоқ. Бұл театрға алдағы уақытта актер шеберлігін жетілдіру мәселесін қолға алу керектігі байқалды.
Мемлекеттік қуыршақ театры әлем драматургиясының алтын қорына енетін Еврипидтің «Медея» трагедиясын көрсетті. Спек­такльдің негізгі оқиғасы Медея мен Ясон арасындағы психоло­гия­лық тартысқа құрылып, отба­сы­ның күйреуін көрсеткен. Күйеуі­нің Коринф елінің ханшайы­мына үй­лен­­гелі жат­қа­нын есті­ген Ме­дея­ның одан кек алу жоспарын жасауы, Ясонның қалыңдығы мен қайын атасын және өзінің балаларын өлтіруі символдық тұр­ғыда шешілген. Басты оқиға­ларға сахна түбіндегі орындық­тар­ға жайғасқан қазіргі заманның қара костюмдерін киген қыз-жігіт­тер қызу араласып отырады. Бір қарағанда олар адам­дардың тағдырын көктен бақылап отыр­ған грек аңыздарындағы құдай­лар­ды елестетсе, енді бірде сарай маңындағы оқиғаларға құлақ тү­ріп, түрліше өсектеп жат­қан қа­ра­пайым адамдарға айналып кетеді. Бірақ, құдайлар да, адамдар да Медеяның тағдырына араша бола алмай, меңіреу қалыпта қалады. Режиссердің түпкі ойы да күнде­лікті күйреп жатқан ша­ңы­рақ­тарға не қоғам, не ата-аналар тарапынан көмектің жоқтығын жеткізу. Ол спектакль соңында қос қар­быз­ды Аид – Ш.Құлназаров қолы­мен жарғызып екі бүлдір­шін­нің мерт болуына бүкіл қоғам кі­нәлі екенін метафоралық тұрғыда берген.
Спектакльде ойнаған актер­лер­дің барлығы да Ясон – Б.Момынжанов, Медея – А.Байырбекова, Креонт – М.Камалов, т.б. қуыр­­­­­шақ кейіпкерлерді ойнатумен бірге, драма актерларындай өз қаһар­мандарының жан-күйіне терең бойлап, тұтас бейне жасай алды. Тек алдағы уақытта Медея­ның бір көңіл күйден келесі көңіл күйге өтетін тұстарын ұштау керек. Оның бойындағы қызу темперамент актриса ойында әлі де анық көрінбей жатыр.
Бүгінгі таңда классикалық дүн­иелердің сахналық кескінін жаңарту, олардың қойылымдық, көркемдік сипаттарын бүгінгі көз­бен, қазіргі түйсікпен зерделеуге деген талпыныс танытып жүрген Айдын Салбановтың бұл спек­-
так­лін режиссурадағы ізденіс деп бағаладық.
Фестивальдің екінші күні М.Го­­рький атындағы орыс драма театрының «Наедине с Пушкиным» деп аталатын моноспек­так­лін (реж. С.Матвеев) көрсету­мен жалғасты. Спектакльде ой­на­ған Сергей Матвеев А.С.Пушкиннің «Сараң сері», «Фауст», «Пай­ғам­бар», «Күз» және «Қарғаның мәт­кесі» («Пиковая дама») шығар­ма­ла­рындағы кейіп­керлердің қай­­таланбас бейнесін жасады. Ай­­талық, Фауст пен Шайтан екеуінің сахнасындағы ак­тер­дің қас-қағым сәтте түрленуі – нағыз кәсіби актердің қолынан келетін шеберлік. Орындаушы бетіне түсірілген жарық арқылы екі түрлі бейнені қатар сомдады. Жа­рыққа тура қарап Шайтанның сөздерін айта салысымен, басын оңға бұрып қырынан Фаусттың кейпіне түсуі сондай шынайы әрі сенімді болды. Сол сияқты Сараң­ның бей­несі де терең шықты. Бай­лық­тың құлына айналған көпес­тің әр тиынды көкірегіне басып, аса қимастықпен қобди­шаға салуы, әр салған сайын та­лай жетім-жесір­ді зар жылат­қанын баяндап отыруы құйқа шымырлатады. Ең бастысы, сараң­ның байлыққа қатысты жеке танымы актер ойынында анық көрінді.
Спектакльдің музыкасы режиссер тарапынан дұрыс таңдал­ған. Сол сияқты жарықпен жұмыс та сауатты жасалған. Бұл спектакльден актердің рольмен жұмыс жасаудағы ізденісін көрдік.
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының «Атау-кере» (реж. Н.Жақыпбай) спек­та­к­лінде актерлік даралықтар бол­ған жоқ. Барлығы бір қалыптан шыққандай сөздерін сыдыртып айтып шығудан аспады. О.Бөкей­дің қаламымен қашалған кейіп­кер­лердің психологиялық тұрғы­дағы нәзік иірімдерінің ізі де қалмаған. Сахнадағы серіктес­терін тыңдау, оған тыңғылықты жауап беру сияқты қарапайым міндеттердің өзі орындалмағаны қынжылтарлық жәйт болды.
Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры «Мой маленький Ос­кар» (Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Оскар и Розовая дама» романы бойынша) деп аталатын моноспектакльмен (реж. М.Покровская) қатысты. Екі бөлімнен тұратын бұл қойылымда айықпас дертке шал­дыққан он жасар Ос­кар­дың күту­шімен өткен соңғы күндері баян­далған. Алғашқы сахнадан бастап өзінің шынайы ойынымен көп­шіліктің жүрегін жаулап алған М.Покровская – жас баланың кір­шік­сіз таза жанын жә­не оны дос­тыққа, кешіруге, сенуге үйреткен күтушінің бейне­сін тудырды. Орын­даушы­ның бір көңіл күйден екінші көңіл күйге өтуі табиғи, боямасыз болды. Әсіресе, бейкүнә баланың мұңға толған мөп-мөлдір тұнық жанары, күтушінің ебедей­сіз қозғалыстары мен балаға деген аналық махаббаты актрисаның орындаушылық техникасының мықтылығымен жасалды. М.Пок­ровскаяның актерлік мәдениеті мен кәсіби шеберлігі көпшілікке үлгі болды.
С.Сейфуллин атындағы Қара­ғанды облыстық қазақ драма театрының «Қай­ран, жас дәу­рен!» (А.Галин) спектак­лінен ешқандай да режиссерлік тың ізденістің сілемдері байқал­мады. Дунай Еспаев пьеса­дағы комедиялық жағ­дай­ларды ойната алмаған. Шы­ғар­маның өзінен туындап отыратын жеңіл әжуа, тапқыр әзіл-ос­пақтар режиссер тарапынан өткірленбеген. Спек­такльде тұтас ак­терлік ансамбль болған жоқ. М.Са­ды­қановтың (Шмутин), Д.Ай­ға­зино­ваның (Людмила), Ғ.Бер­ден­бетовтің (Лионид) сөздері мен әрекеттері өзара үйлеспеді. Ал, театрдың белгілі шеберлері Г.Рашқалиева (Роза Песочинская), Б.Кемалова (Нина Воронкова), Н.Жансүгірова (Диана Барабанова) ойындарында қартайған кез­де­рінде жан жылуын іздеген кәрі адамдардың арасындағы нәзік сыйластық шынайы көрсе­тілді. Бірақ, режиссер аға буын мен жас орын­дау­шылардың ойындарын бір стильге түсіріп қа­быс­тыра алма­ған­­­дықтан, актерлік ойын екіге бөлініп кеткен.
Бұдан кейін Ф.М.Достоевский атындағы Мемлекеттік орыс драма театры (Семей қаласы) «Ниоткуда с любовью» атты поэтикалық спек­так­лін көрсетті. Бірнеше ақын­ның (Бродский, Цветаева, Есенин, Гандлевский, Самойлов) өлеңдері­нен құрастырылған бұл қойылымда ойнаған А.Глушков, А.Сухов, Е.Дручинина өлеңдердің әрі мен нәрін кетірмей, сөз құ­ді­ретін дә­ріптей алды. Алайда спектакль бір идеяға бағындырыл­ма­ғандықтан, ой тұтастығы болған жоқ. Декорациясы да қойылым мазмұнымен қабыспай қалған. Біздіңше, бұл те­атр фоэсінде ойналатын спек­такльдердің қата­рында қалған.
С.Мұқанов атындағы қазақ музыкалы драма театрының (Петропавл қаласы) «Шолпанның күнәсі» қойылымы осы фестива­ль­дың ең үздік спектаклі болып ба­ғаланды. Батырбек Шамбетов М.­Жұма­баев­­тың аталмыш туын­ды­сын режиссерлік тілмен әдемі өрнектеп, адамның ақыл-ойына, ар-ұжданына әсер ете ала­тын көр­кем­дік тұтастыққа жеткен қойы­лым тудырыпты. Шымылдық ашылған кезде-ақ босаға аттаған Шолпанның жұбайлық өмірдің қызығын қимай, Алладан «бала бере көрме» деп тілек тілеуі, одан кейін ана болуды армандағанын, сол үшін намазға жығылып, пірә­дар келін атанғаны, одан ештеңе шықпаған соң емші-бақсыларға баруы, одан соң күйеуінің асты-үс­тіне түсіп, ыстық құшағына алуы, ақыры жан жарының көзіне шөп салып күнәға батуын режиссер айшықты мизансценалармен, театрлық символдар мен метафоралар арқылы шешкен.
Сахнадағы оқиғаның екпін-ырғағын түсірмес үшін режиссер кейіпкерлердің өздеріне автордың сөздерін айтқызып, баяндату тәсілін орынды қолданған. Шолпан мен Сәрсенбайдың бір-біріне деген махаббаты, шын жүректен сүйіп қосылған жас жұбайлардың жарасымды қылықтарын Мағжан ақынның «Сүй, жан сәулем!» деп басталатын лирикалық өлеңімен әрлеуі спектакльдің поэтикалық күшін арттыра түскен. Сол сияқты бала тілеп зарыққан әйел ниетінің қабыл болмағанын су тартатын шелектің бос шығуымен, ал бала бойына біткен кезде шелек ішінен қоңырауды шығаруы да жақсы ойнатылды.
Спектакль әдемі актерлік ан­сам­­бльге құрылып, орындау­шы­лар­дың кәсіби даярлықтарының жоғары деңгейде екенін танытты. Шолпан – Г.Асқарова, Сәрсен­бай – Т.Дулат, Әзімбай – А.Разиев, т.б. актерлердің айшықты дикциялары, мәнерлі де икемді пластикалары, әуезді дауыстары көрерменді айрықша сезімге бөледі. Бұл спектакль өзінің театрлық жарқынды­ғы­мен, режиссерлік бейнелі ше­шім­дерімен көңіл толқытты.
Сонымен, үш күнге созылған театр фестивалі мәдени мейрам ғана емес, әрбір театрдың кәсіби өсуі мен даму дәрежесіне сын болып, бәсеке алаңына айналды. Ал­дағы уақытта фестивальдың талабын күшейтіп, көркемдік сапасы жоғары спектакльдерді жі­беруге айрықша мән берілу керек демекпіз.

Бақыт Нұрпейіс,
өнертану докторы, профессор,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.