Күлпаш
07.12.2018
1528
0

Бейімбет Майлин

I

Күлпаштың көңілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді… Үстінде өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыр­тында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұр­нағы. Бет-аузы көнектей ісік: тоңып, бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Қасында жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шеке­ден шыққандай… үйдің ішін жы­лытуға – пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ… қара су­дан басқа нәр-ем татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны – аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оның да табары жоқ…
Әйтсе де Мақтым кеткенде, сол бірдеме әкелетіндей көріп, өзін-өзі алдастырумен ұзақ күнді кеш қыла­ды. Бұл Күлпаштың бүгінгі әдеті емес, көптен бергі әдеті. Жағын суал­дырып, жүзін сарғайтып, адам қара­ғысыз қылып барып, ақырында ісікке айналдырған осы әдет, осы шыдамдылық…
Күлпаш осы кезге шейін өзінен бетер баласын аяумен келді. Ауыл-аймақ, көрші-қолаңдарынан сұрас­тырып алған сорпа-суын баласына беретін болды.
Соңғы кезде оның өзі де болмай кетті. Бұл ауылда отырғандардың бірсыпырасы-ақ өлмелі кедей, бәрі де «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған секілді. Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпікшешендей жиы­рыла­тынды шығарды. Мұны әсіресе Күлпаш сезеді. Бұрынды-соң аш болсын, тоқ болсын тамақ үшін біреу­ге телміруді ар көретін Күлпаш­қа бұл оңай болсын ба, көрші үйлерге қатынауды сиретіп еді…
Міне, бүгін ақтық азық таба алма­ғандарына үшінші күн, іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр… Әлі есі-дерті баласында. Ой­лап отырып-отырып қабағын шы­тып, кейістік тартқан кісі тәрізді баласына қарап:
– Құдай-ай!.. Не қылмысымыздан бұл күйге түстік екен? – деді.
Жылап жіберді. Бүртік-бүртік ыс­тық жас үстіндегі жарғақ тонның омы­рауынан сырғанай бастады…

II

Аштықтан басқа Күлпаштың маза­сын алатын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың Күлпашты қинағанына бүгін екінші күн. Қыстың бас жа­ғында, жұртпен қатар соятын малы болмай, жалғыз атты ұрып алып, Мақтым жаяу тілек тілеуге айналған соң, Күлпаштың бірге туған сіңлісі Раушан келіп Күлпашты азғырған:
–Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өміріңді қорлыққа салма… жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамыңды ойла… — деген.
Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы – Жұмағазы.
– 40-50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың!… — дейді Раушан.
Қыстың бас кезінде ептеп күн­делік тамақ тауып ашыға қойма­ғандықтан, «байыңды тастап, байға ти…» дегенде Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып кетті.
–Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! — деп еді…
Арадан екі-үш ай өткен соң, аш­тық шеңгелін қаттырақ салды. Тұр­мыс түрі қиындыққа айналған соң, әсіресе баласының тамақ сұрап жы­ла­ғанына жаны төзбеген соң, кейбір кейістік тартқан уақыттарда Күл­паш­тың ойына Раушанның сөзі түсетін болды. Бірақ ол сөздің өзіне пайдалы я зиянды екенін бұл уақытқа шейін айы­рып білген емес. Әйткенмен, соны ойлайды, неге ойлайтынын өзі де білмейді…
Әрі-сәрі болып жүргенде сіңлісі Раушан тағы келді. Күлпашты көріп аяды, жылады…
–Енді өлесің ғой, жазған, мен биыл не айтып едім?! — деді.
Қүлпаш үндемей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, тамағым тоқ, көйлегім көк болар еді… Қалижанды да ашықтырмауға болар еді…» деп ойлайды; «Жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлайды. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отыр­ған Күлпаштың басын одан жаман қатырады…
Күлпаштың қажығанын, нақ бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп Раушан сөзді кесіп айта бастады:
–… Мына күйіңмен ұзаққа бар­май өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де сол Жұма­ға­зыдан күн көріп отырмыз… енді, сөзді қойып, соған ти!.. – деді.
Қүлпаш күрсінді:
–Қалижанды қайтем? — деді.
–Ойбай, апа, баланың басы құры­сын, әуелі өз қамыңды же, артынан алдыра жатарсың, – деді.
Байын ауызға алмай, баласын ға­на атағаны — Күлпаштың әбден әлсі­реп, ескі қайрат, шыдамдылықтан айрылғандығын білдірді. Жұмағазы­ның нұсқауымен келген Раушан, апасының жайын сезген соң, істі бір­жола бітірудің қамына кірісті. Күл­пашты қызықтыра сөйледі.
–… Не бар тамақ соның үйінде: бұ­зылмаған қазы, бүрулі ет, шұжық­тың саны жоқ… Әлі күнге дастарқан­нан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қыл­ғанда, «одан артық қатынды ізде­сем де таба алмаймын ғой» деп қутың-қутың етеді…
Бұзылмаған қазы, бүрулі етті есіт­кенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық тамақты есіткен соң, Күл­паш­­тың еркін алып, жеңгендей… жү­регі дірілдеп, көзі қарауытып, «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:
–Әй, қарағым-ай! – деп өксіп жы­лап жіберді. — Қарағым-ай, өзде­­рің білші… мен естен танған кісі ғой… – деді.
Жамаулы күпіге оранып, бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:
– Әже!.. – деді.
– Ау, қарағым! – деді Күлпаш.
– Әкем келді ме?..
–Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!

ІІІ

Таңмен кеткен Мақтым әлі қайт­қан жоқ. Күн батуға барып қалды. Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесі­нің, көзінен көрініп, босаға жаққа нұрлы сәулесін шаша бастады..
Күлпаш пештің қасында. Жанын­да бүрісіп Қали жатыр. Ойға шомып біраз отырып, «уһ!» деп ауыр күрсінді. Бұл күрсіну күн батардың алдында қатындардың от жағып, тамақ асатынын еске түсіргендіктен шығып отырған емес, бұл жүректі қаптап топтанып, іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын удай жайлаған, қалың қасіреттің, ауыр дерттің ұшқыны еді. Бұл дертті Күлпаштың кірсіз таза жүрегіне са­лып отырған сіңлісі Раушан. Рау­шанға қосымша болып ызғарын тө­гіп бүрліктірген аштық!.. Өткен өмірінде ойына келмеген істі Күл­паш істегелі отыр. Байынан айы­рылып екінші адамға, өткен өмі­рінде ойына кірмеген адамға тиюге уәде бер­ді… ертең мәңгі кет­пек. Бірақ, қалай кетпек? Қалай ай­рыл­мақ?.. Оны Күлпаштың өзі де біл­мейді.
Раушан кеткелі ойлағаны жалғыз Мақ­тым. Мақтымның өзін айтты­рып күйеу болған шағы көзіне елес­тейді:
…Жазғы кез… Мақтым ұрын кел­­ген. Түксиген қабақ, қушық мұ­рын, еңкек денелі қара сұр жігіт. Жұртқа қалай көрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық.
Күлпаш бір көргеннен-ақ тәуір көріп кеткен. Содан бері екеуінің ара­сы әлі тәуір: біріне-бірі наз қы­лып сөйлескенде «екеуімізді қара жер айырар» деп серттесетін… Мақтым үйде азғана жоқ болса, «қайда кетті» деп келгенше ынтық бо­латын Күлпаш осы… Сүйткен Мақтымың бүгін тастамақ. Әй, ра­қымсыз аштық-ай! Кімдерді жы­латпады, кімдер жыламады!
Күлпаш өксіп жылап жіберді. Бүрісіп жатқан Қали қозғалып:
– Әже, – деді.
– Немене, қарағым?
– Әкем келді ме?..

IV

Далада тықыр білініп, сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышынан ба­сыл­ған жаман етік; мойнында дор­басы бар, жағы суалып, көзі ады­райып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді.
Бұл Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да мұңайып кетті…
Қали басын көтеріп алып:
–Әке, келдің бе?
–Келдім, қарағым!.. – деп кем­сеңдеп, қалтылдап жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп Мақтым салбырап отыра кетті.
Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.
Мақтым жылап қоя берді:
– Қалқам-ау, дым жоқ!..
Күлпаш та жылады.
Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп басып барып күпісіне оранып, Күлпаштың қолтығына басын тыға бүрісіп жата кетті.
Көп уақыт өтті. Қас қарайып, үй­дің ішін қою қараңғылық қап­тады. Мақтым бағанаға сүйеніп әлі отыр, оқта-санда уһілейді.
Күлпаш ойға шомған адам тәріз­деніп біраз отырып, бір кезде шошынған адамдай кенет басын көтерді:
– Әй, – деді.
Дауысы біртүрлі қалтырап, үйдің ішін жаңғырықтырды.
–Жай ма?
Күлпаштың үні бітті… не айта­рын білмеді… көзінен мөлдіреп жас төгіле бастады…
– Қатын, бірдеме айтайын дедің бе?
– Әшейін… бүгін Раушан келіп еді…
– Жай келіп пе?
Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасына булықты. Әлде не уақытта тағы да: – Әй, деді.
–Немене, жазған, айтсайшы!
–Біз осы қайтеміз?
–Қайдан білейін.
–Біз өлмейміз бе?
–Өлетін шығармыз!..
–Біз… – деп тағы тоқталды.
–Біз… біз… айрылсақ қайтеді?!
Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі түсе бастады..
– Қатын, сен не деп отырсың?
– Айрылыссақ?!
– Раушан айтты ма?
– Иә.
– Қалиды қайтесің? – деп Мақ­тым кемсеңдеп, өксіп жылап жібер­ді.
– Әттең, кедейлік, әттең, аштық, қылдың-ау!..
Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсеңдеп жатқан Қали тағы қозғалды:
– Әже, – деді!
– Қалқам-ау, не қыл дейсің?
– Тоңдым!

V

Марттың іші. Жетіге созылған боран бүгін ғана ашылып, жылы шуақ күннің көзі ықтасындағы қардың бетін жылтыратып, терлетіп жатыр. Жерде де бұрынғыдай ызғар жоқ: арық малдар тысқа шығып, күн шуақтықтағы боқтықты, шөпті тіміскіп жүр.
Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, жеке, маңайында бұдыр жоқ, қалың күртіктен моржасы зорға көрініп тұрған шеткергі үйге ауыл сыртындағы жіңішке жолмен жастау әйел аяңдай басып келе жатыр.
Бұл Күлпаш еді. Жұмағазыға тигеніне жиырма күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күл­паш­ты бұған да көндірген. Бірақ, аш­тықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмаға­зының үйіндегі жиырма күн жиырма жылдан ауыр болды. Әсіресе Қалиды сағынды.
Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңіне түнде Қали түсіне кірді: Күлпаш үйден шығарда «қал­қам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бұртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді. Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бұртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған… Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды…
Бір күні түсінде Мақтымды көреді. О да ренжулі, о да ашулы. «Әй, әй!» деп Күлпаш бір-екі рет сөй­лесе де, Мақтым жауап бер­мейді…
Дүниедегі ең жақсы көретін байы мен баласын ренжітіп, өзінің бассауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем со­лармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтым жайын ойлайды. Ала дор­баны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның қадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!.
Күлпаш барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында бүгін Жұ­мағазының үйде жоғын пайда­ла­нып, келе жатқаны еді. Күлпаш бұл жолы түрлі ойға мініп келеді. Мақ­тым рен­жімесе, басқа байға тидің деп ашуланбаса, ескі тұрмысқа қайта қайту да ойында жоқ емес.
Аяғын екі-үш басып қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар: біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған.
–Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? – дейді оқта-санда. Ауылға төніп келгенде екі-үш ит үріп алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ, кіреберіс шеттегі Ыбырайдікі еді. Биік қылып соғылған аққаланың басында Ыбырай тұр екен. Күлпаш оны да абайлаған жоқ. Жүрегі алып-ұшып үйіне жеткенше асықты.
Ыбырай танып:
– Ау, келінбісің? – деді.
Күлпаш сәлем қылды да жөнеле берді, Ыбырай бірдеме айтқысы келген кісі секілденіп, аққаладан ая­ғын бір-екі басып түсіңкіреп барып тоқтады.
Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тік­сініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ!.. Малты­ғып басып барып үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашу­ға айналды… жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып біртүрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ, неден сезіктеніп қорыққанын өзі де біле алмады. Білетін жайы да жоқ еді…
Жан дәрмен қайраттанып зорға дегенде салдама есікті қозғап, сы­қырлатып ашты. Суық леп бетке соқ­ты. Терезеде жарық жоқ, үй тас­тай қараңғы.
Күлпаш қалтыранып кетті, үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есіктен қолымен ұстап қалтырап:
–Қарағым! – деді.
Үн жоқ…
–Қарағым, қайдасың?..Әй, бар­мы­сың?..
Жауап жоқ…
Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады. Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолы­мен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен…
Қарды тастай беріп, Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жа­нында ұйлығып, бүк түсіп құшақ­тасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті… Іші елжіреп көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді:
– Қарағым, Қалижан, тұр!..
Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзі­не түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..
Күлпаш шошып:
– Әй… – деді.
Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір