Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ
11.12.2018
2356
0

Ақселеу Сейдімбек:

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы, публицист, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің көпшілік біле бермейтін күнделік дәптері де өзіндік бір тосын әлемдей көрінеді. Айрықша ұлтшыл азамат сонау қылышынан қан тамған империялық идеология кезеңінің өзінде толғантқан ойларын ақ қағазға бүкпесіз кестелепті.
Жалпы, осынау жазбалар, қай жағынан да жазушы болмысын айшықтай түсетіні анық. Бүгінде бұл бағалы дүниенің танымдық, тәрбиелік мәні арта түспесе, еш кеміген жоқ. 12 желтоқсан Ақселеу Сейдімбектің туған күні. Осыған орай «Қазақ әдебиеті» асқар тұлғаның талай жылдар түзген сол күнделігінен үзінділер ұсынып отыр.

05.02.72
Көшпелі өмір-салт қалып­тастырған қазақ халқының ең тамаша қасиеттерінің бірі – адамдар арасындағы өзара кі­с­і­лікті қарым-қатынас қалыптары­ның шырқы бұзылды. Үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйел­дің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қа­лып­тарының шекарасы көмескіленді. Сөз жоқ, мұның бәрі де адамдар­дың бір-біріне жатбауыр болуы­ның, ар-ұятқа қарамауының, тойым­сыздығының бірден-бір себепшісі болуда. Адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойынұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көр­ген­сіз­дікке ұласқан жайы бар. Яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым. Мұның бәрі, сайып келгенде, сыртқы өктем күштің рухани билеп-төстеуі (экс­пан­сиясы) бел алып, ұлттық дәстүр сабақтастығы әлсіреп, дәстүрлі мәдениеттің өмір-салттан тыс қалуына себепші болып отыр.
Міне, ғасырларға созылған империялық құрсаудың зардап­тары осындай. Ендігі жерде ұлттың есеңгіреген, контузияға ұшыраған санасына реанимация қажет, қазақ халқының рухани әлемі мен салт-дәстүріне қайта жаңғырту (реставрация) керек. Өмірдің барлық саласындағы әрекет-тірліктің парқын бажай­лап, асыл мен жасықтың, өмір­шең мен өткіншінің, ұлттық пен ұлтсыздықтың аражігін ажыра­тып отырудың мәні ерекше.

30.05.72
Ауылды аңсап аттанамын. Амал не, торығып қайтамын. Ауылдың барымен базар болатын бұрынғы қарапайым, бауырмал, көңілді тіршілігі бұл күндері сұрқай тартқан. Өз басымен өзі болып, жұмысбасты болып жүр­ген адамдар. Олар осыдан небәрі он-он бес жыл ғана бұрын айта­тын ұлағатты әңгімелерін ұмыт­қан. Ендігі әңгімелері отбасы, ошақ қасы, жан сақтау қамы туралы.
Яғни, қара халықтың санасын шектеген бір ауыртпалық бар. Ол қандай ауыртпалық? Халық неге шын пейілімен қуанбайды? Неге төңірегіне нем-кетті қарап, ұнжыр­ғасы түсе береді?..

06.06.72
Біздегі өнертанудың шектен шыға идеологиялануы – халық­тың бүкіл рухани тағдырына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, өнер атаулы жағымпаздық дертіне шалдыққан. Өнер атаулының ай­тары мейлінше унифи­кация­ла­нып, бірсарындылықты ту етіп алған. Бұл жолда екі-ақ бояуды – ақ пен қараны пайдалану шеберліктің шарты сияқты.
Ал өнертану үрдісі болса, бірыңғай сектанттық-догмалық теорияға бой ұрған. Ең бір мар­ғас­қа деген қазақ оқымыстылары аузын ашса болды: «Абай образы жағымды, Тәкежан образы жағымсыз» деп бастайды. Сонда өмір қайда, өнер қайда?
Осынау өзін-өзі мәңгүрт­тендірген рухани құлдықтан қазақ қашан құтылар екен?..

09.06.72
Менің өмірге араласуым бей­таныс қаланы аралаған жолау­шыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс кұбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дү­ние­ні ешкімнің көмегінсіз, өзің­нің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – ар­ман­дай аяулы, алдым – жұмбақ.
О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік?!.

12.06.72
Жаманның өлгенінен гөрі жоғалып кеткені жақсы.

15.06.72
Белгілі бір пікір-тұжырымға келу үшін, бірдеңені болжау үшін түпкі шындықты білу керек. Ал шындық жеті қат жер астында жатыр. Қазақша айтқанда, шын­дық – арыстанның аузында, түрік­пеннің түбінде.

06.07.72
Ауылға барып қайттым. Ба­ла­ла­рымды ауылға апарып тас­та­ғаныма екі айдай болған-ды. Тым болмаса тілі қазақша шықсыншы деген ой еді. Аздап қазақша был­дырлап қалыпты. Қатты қуан­дым. Баласының өз ана тілінде сөйлегеніне қуантып қойған заман-ай десейші!

16.12.72
Ассимиляцияға түскен адам қандай қасиет иесі болса да өз ұлты үшін құрбандыққа бара алмайды. Себебі, ондай адам ұлтының қандай қадір-қасиеті үшін құрбандыққа баратынын білмейді. Яғни, ұлтты ұлт ететін ең киелі қасиеттерінен мақұрым қалады. Ассимиляцияға түскен адам бойында сол ассимиляцияға түсірген өктем күшпен (сис­те­мамен) тіл табысу қабілеті мей­лінше жоғары болады. Бұл жолда олар үшін киелі ештеңе жоқ.

23.01.73
Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» атты романын оқып шықтым.
Орташа туынды. «Тазының өлімі» мен «Қара қыз» секілді туындылар берген қаламгердің көтерілер сатысы мұнан гөрі биік болар деп болжаушы едім. Олай болмады. Құбатөбел ғана шы­ғарма болып шыққан.
Оқиға желісі көркем шығар­маның сүйегі сияқты ғой. Маған романның оқиғасы сұйықтау бо­лып көрінді. Автордың көкейге түйген идеясын биікке көтерер, өмір шындығының шалғайынан ұстатар тартыс аздау. Бүгінгі зия­лылар (интеллигенция), бүгінгі ғалымдар тіршілігі екінші планда, емеуріндік деңгейде сөз болады да, қазіргі кез келген жастың басында болатын сүйіс­пеншілік көріністері романның негізгі ар­қауына айналған. Едіге – басты кейіпкер. Оқушыға әр қырымен көрініп, өзіндік бол­мыс-бітімі­мен танылады. Алайда басқа кейіпкерлердің басым көпшілігі Едіге бейнесін толық­тыруға қызмет ету үшін алынған­дай әсер қалдырады. Романның басы мен аяғында қадым заман­ның тарихи оқиғаларын баяндап кететін тараулар бар. Бұл да шығарма жинақылығына нұқсан келтіріп тұрған сияқты.
Алайда бір ақиқатқа көңіл жұбатуға болады. Ол – Мұхтар Мағауиннің шын мәнінде сурет­кер екендігі. Ал мына романын бір белесі дей тұру керек шығар…

10.06.73
Фактілерді салғастыру ар­қылы өткен мен бүгіннің парқын бажайлай аламыз. Алайда, осы жерде әр дәуірдің өзіне лайықты талғам-таразысы, талап-деңгейі қай дәрежеде көрініс тапқанын әсте естен шығаруға хақымыз жоқ. Жетілудің, дамудың өресіне, ұлт бақытының қандай болға­ны­на, қазір қалай болып отырғанына сонда ғана көз жеткізіп, объек­тивті бағасын беруге болады.
Этностың өткенін білмей тұрып, бүгініне баға бере алмай­сың.
Ұлттың өткен өмір тұлғасын бастан-аяқ көз алдыңа келтір­генде ғана қазіргінің қадір-қасие­тіне әділ бағасын бере аласың.

15.12.73
Абайда мынандай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр». Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де, орыс тілін біл» деген пиғылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сора­қылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дү­ние­таным, бүтін тұлға керек емес. Керек болса, сол Абайдың келесі сөзін оқыр еді ғой. Келесі сөзі былай: «Зарарынан қашық болу­ға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек».
Қандай «зарарынан қашық» болуымыз керек? Мұны ойлап жүрген де ешкім көрінбейді, ойлауға мұрша беретін заман да байқалмайды.

08.10.74
Қып-қызыл, қызыл, қанқы­зыл күн көкірекке өксік кептеп, тынысыңды тарылтып, жаныңды жабырқатып, көңілінді кұлазы­тып тағы да батып барады…

23.10.74
Бүгін Ебней Бөкетовті Алма­тыға шығарып салдым.
Алдымен үйінде болдық. Мен келсем, жазушы Қалмұқан Иса­баев сол үйде отыр екен. Кешік­пей-ақ Зүбәйра жеңгеміз дайын­даған дәм келді. Сүр араластырып асқан семіз қой еті екен. Тамақ әзіл-қалжыңмен әңгіме қозғала отырып ішілді. Әңгіме арасында Қаныш Сәтбаев сөз болды. Мен Тәт­тімбеттен – Мұсатай, Қыса­тай, Исатай деген үш ұлдың туға­нын, Мұсатайдан Шайқының туатынын, сол Шайқы – Қаныш Сәтбаевтың туған нағашысы екенін айттым. Ебней бұрын естімегенін, енді мұның сәтімен айтылғанын, Қанаңның бойын­дағы өнерге құмарлықтың себе­бін осы нағашы жұртымен ұштас­тыруға болатынын сөз етті. Тіп­тен, Тәттімбет сол кездегі орыс оқығандарына геолог ре­тінде танылуына да Қанаңмен байланыстыратын көп қисындар­дың барын әңгіме еттік.
Әңгіменің келесі бір қатарын­да Қалмұқан келер жылы елу жас­қа толатынын айтты. Сөйт­сек, Еб­ней де келер жылы елу жасқа тола­ды екен. Қалмұқанмен құрдас болып шықты.
– Япыр-ау, сен де елуге келіп қалдың ба?! – деді Қалмұқан. Сонда Ебней:
– Кіп-кішкентай Қалмұқан елуге келгенде, үп-үлкен менің елуге келмегенім ұят емес пе? – деп кеңк-кеңк күліп алды.
Ебней балаларын ерекше еркелетіп, бетінен қақпай ұстай­ды екен. Біз үйден шығарда Зү­бәйра жеңгемізге:
– Байқа, Букетовтер жүдеп қалмасын, – деді.

27.10.74
Ешбір ұлт өзінің төлтума қасиетін өзгеге еліктеу арқылы қа­лыптастырмайды. Дүние­жү­зін­дегі кез келген ұлттың қасиетіне эко­жүйемен кіндіктес шаруа­шылық-мәдени (хозяйственно-культурный) типтің табы айқын аңғарылады. Әрбір ұлт өз болмысының авторы. Сондықтан да, кез келген ұлттың төлтума қа­сиеті ешқашан сол ұлттың кемшілігі емес, ерекшелігі болып табылады. Ұлттық мәдениет дегеніміздің өзі осы ерекшелік болса керек.
Өкінішке орай, қазіргі идео­логиялық әлімжеттік нұсқаулар осынау объективті ақиқатты белінен басып отыр.

04.11.74
Тәкен Әлімқұловтың жазған­дарын ыждағатпен оқып жүремін. Өнер адамдары туралы соңғы жылдары жазғандары сәтті-ақ. Былайша айтқанда, Тәкен өзін­дік құлақкүйін тапқандай. Бұл – жалпы қазақтың әдеби өміріндегі соны леп. Өнер адамдарының өмірін көркем әңгіме, новелла түрінде жазу ерекше пайдалы. Өнер болмысы, өнерлі адамдар өмірі үлгілі, ұлағатты сәттерге толы. Көркем новелла, әңгімелер – рухани мәдениетті насихат­таудың ұрымтал, көпшіл түрі. Бұл орайда, әдетте, ғылыми еңбектер мен қара мақалалар көркем дүниемен өрелесе алмайды. Ал Тәкен көтерілген биіктер сүй­сінтеді. Алдымен шұрайлы тіл, сонсоң өнер адамының өмірінен ең бір мәнді сәттерді екшей біле­тіні, бай сезіммен беріле жаза­тыны мойындатады.

08.11.74
Көшпелілер мәдениетінде сөз өнерінің мән-мағынасы айрық­ша. Сөз өнері өмір-тіршіліктің барлық саласын реттеуге арала­сып, халықтық сананы тұтас­тандыруға ең бір демократиялық болмысымен ықпал етеді.
Орыс халқының фольклорын­да халықтық үлгілер, Петербург са­лонын­дағы үлгілер және дворян усадьбаларындағы үлгілер – әрқайсысы өз алдына дербес, оқшау күйінде көрініс тапқан. Тіптен қара шекпенді мұжықтың Петербург салондарындағы фольклорлық үлгілерді мәңгілік естімей өтуі мүмкін.
Ал көшпелілер фольклоры хан мен қараны бірдей қамтып, біртұтас, бірдеңгей рухани қа­лып­ты сақтаудың тетігі болып отырған. «Ақсақ құлан» күйі төрдегі төре мен есіктегі мал­шы­ны бір түрдегі сезім-әсер бесігіне тербейді. Яғни, тарихи-эстетика­лық әсер деңгейі бірдей.
Осы мысалдардың астарында көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі, қоғамдық-әлеумет­тік болмысы, моральдық-этика­лық нормалары туралы терең зерттеуді қажет ететін пробле­малар төбе көрсетеді.

10.11.74
Әліби Жангелдин туралы «Кез­десу» деген көркем фильм бар екен. «Қазақфильм» түсіріпті. Ең алғашқы кадрлары көріне бастаған сәтте көз алдыңнан жібек жүнді меринос койлардың отары көрінеді. Мұнысы – Әлі­би­дің балалық шағын, мал бақ­қан көшпелі елін көрсеткені.
Апыр-ау, Әлібидің балалық шағында Қазақ даласында ме­ринос (мәліш) қойдың бол­ма­ғанын режиссер қалай ойламады екен? Мәліш қойдың Қазақ­-
с­танда өсіп-өне бастағаны тым бергі кез ғой…

03.01.75
Тарих талқысында зорлықтың мөлшері қанша болса, сол зор­лыққа деген қарсылықтың мөл­шері де сонша болмақ. Кейде қар­сылықтың мөлшері зорлық­тың мөлшерінен асып түсіп те жатады. Қазақ мұны «Қорған­шақ­тың жаны тәтті» деп түйін­деген. Демек, зорлықтың мөл­шерінен қарсылықтың мөлшері басым болса, отарлаушы елге қарағанда отардағы елдің азат­шыл рухының биіктеу болғаны ғой…
Әрине, бұл да бір кедейдің ырым еткеніндей бірдеңе. Мұн­дайда бір шындық белгілі, ол – зорлық көрсетуші де, зәбір көру­ші де әбден титықтап, тарих таны­мастай болып өзгеретіні…

05.01.75
Ебней Бөкетовтің үйінде бол­дым. Мен отырғанда бір қария адам келді. Ебекеңнің ауылының қарты көрінеді. Қожа екен. Есімі – Оспан.
Ебней ел-жұртын, ауылын, көзкөргендерді қадала сұрады. Тіптен, бала кездегі ауылдас­тарының аты-жөнін сұрап, мінез-қылықтарын еске алып, біреуге ризалығын, енді біреуге жана­шыр­лығын білдіре отырып, шын көңілден әңгіме өрбітті. Оспан ұстамды, әңгімешіл адам екен. Ебней шәкірттей толқып тың­дады.
Ебней маған Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекіл­баев­қа кұттықтау телеграмма жазып беріп, почтаға салуымды өтінді. Әбдіжәміл мен Әбіш «Лит. газета­ның» очерктер үшін жариялаған конкурсының жүлдегерлері бол­ған екен. Ебней шын көңілімен қуанып отырды.

18.02.75
Осы уақытқа дейін көшпе­лі­лердің рухани болмысы туралы сөз қозғала қалса, «олар утили­тар­лық немесе қолданбалы (прик­ладной) деңгейде ғана өнер туғызған» деп келетін ойдың жосығы ғылымда бел алып келе­ді. Мұндай тұжырымның тарихи шындыққа тәнік (аналог) бола алмайтыны өз алдына, көпе-көрінеу тарихи шындыққа қия­нат екеніне мән беру керек. Ен­дігі жерде көшпелілердің рухани әлеміне ден қойғанда өнердің ситуация үстінде туындауын рухани балаңдық деп қайыра салмай, оның орнына халықтың өнер деңгейінде өмір сүргенін, өнер тілінде қоғамдық қатын­ас­тар орнықтыра алғанын рухани құбылыс ретінде бағалау ғылыми зерденің көкжиегін кеңейтеді. Рухани сұраныстың ауыр жүгі, негізінен, сөз өнеріне, музыка (саз) өнеріне және қолөнеріне жүктелген көшпелілер қоғамында ақынның толғауына, сазгердің ән-күйіне, шебердің бұйымына, әдетте, халықтың өзінің талғам­паз өресі сарапшы болып отыр­ған. Мұның өзі көшпелілер қоғамындағы төлтума өнер түр­ле­рінің ұдайы шыңдалып оты­руы­ның бірден-бір кепілі еді.

22.06.76
Айдың жүзі болып қалды, аста­надағы жаңа жұмыс әуеніне үйрене бастағандаймын.
Бүгін Әбдіжәміл Нұрпейісов­ке ауруханада жолықтым. «Социа­лис­тік Қазақстан» га­зе­тінің екі нөміріне «Көк­шетаудың қос жүйрігі» деген очеркі шығып жатыр еді. Соның гранкесін оқытып алып қайттым. Жаз­ға­нына аса жауапты қарайды екен. Бар дүниені ұмытқандай, шұқ­шиып отырып оқып шықты. Ой­ланып отырып, бірер сөзін түзетті.
Әңгіме арасында: «Бір жерің ұнамайды. Ол – Ақселеу деген есімің. Маған Сәбең марқұм – Сәбит Мұқанов айтушы еді: «Сен не Әбдіні ал немесе Жәмілді ал, сонда айтуы қиын болмайды, – деп. Сондай-ақ, сен есіміңді өзгерт. Әсіресе, орыс тілінде «у» деп аяқталатын сөздерді айту қиын», – деді.
Тағы да сөз арасында Әбіш Кекілбаевқа Әбілқайыр хан туралы кесек дүние жаз деп ақыл бергенін, ол қазір бұл ақылға құлақ асып жүргенін айтты.
Егіске байланысты академик Бараев сөз болды. «Ғылым мен тәжірибе егіз, ғылымның өзі ұзақ бақылаудан, тынымсыз терген тәжірибеден туындайды», – деді.
Әбекең салқын қоштасты. Есіктен шығар алдында маған: «Жазғандарыңды әкел, оқиын», – деді. Мен бас изедім. Іштей ағамыздың тақымына толмадым-ау деген сезіммен шықтым.

24.11.77
Ескерткіштерін сақтай біл­меген елдің ұлттық танымы мен сана-сезімі күңгірт тартады. Ондай халық ерік-күші жағынан да, рухани жағынан да әлжуаз болады. Сыртқы күштердің әсер-ықпа­лына талғаммен қарай ал­майды, оп-оңай жетегіне ілесіп жү­ре бе­реді. Ақырында құрып бі­теді не­месе мүлде басқа сапаға айналады.

25.01.78
Погодин, Каплер, Фадеев, т.б. жазушылар өздерінің негізгі шығармаларын тапсырмамен, заказбен жазыпты… Ой, бей­бақтар-ай…

29.01.78
Құрманғазы дүние дидарын­дағы мың-сан құбылысты дыбыс қалпында қабылдаған болу керек.

13.02.78
Ғабиден Мұстафиннің бір сөзі есімнен кетпей жүр. Қаң­тар­дың 29-ы күні жас жазушылардың кеңесі өтті. Ғабиден кеңесті сөз сөйлеп ашты. Жастарға жазу­шы­лықтың мәртебелі де мәнді еңбек екенін, мән-маңызын айта келіп: «Ертеректе ұлтшылдық деген ін­дет шығып еді, – деді, – оны жең­дік, көмдік. Енді ұлтсыздық деген індет шаң бергендей. Ол не деген сөз?! Жазушы өзі жазар тілдің қыр-сырын жете білмесе, дарияға ескексіз қайықпен түс­кендей болмақ. Демек, ұлтыңның жан сырын, болмыс-тіршілігін терең біле отырып жазбасаң, әсіресе, тіліңді жүдетсең ұлтсыз­дық болып шығады».
Ғабиден менің көз алдымда «ұлтсыздық» деген тың ұғымды дүниеге әкелді.

02.10.78
Редакциядағы бөлмеде Өте­жан Нұрғалиев және екі-үш жігіт отырмыз. Сөзден сөз шығып оты­рып, Тоқаш Бердияровтің бір мінезі тілге тиек болды. Бірде Тоқаш таныс жолдастарының арасында отырып:
– Соғыс болса екен! – депті.
– Тоқа-ay, мұныңыз қалай, өзіңіз соғысқа жарты жаныңызды беріп қайтқан жоқсыз ба, қайда­ғыны айтқаныңыз неғылға­ны­ңыз?, – деп жігіттер үрпиісіп қа­лады. Сонда Тоқаш:
– Әрине, соғыс жақсы емес қой, бірақ соғыс болса біраз ата­тын кісілерім болып жүргені! – депті…
Осы әңгімені естіп отырған Өте­жан мырс-мырс күлді де:
– Тоқаң әлі романтик екен-ау! – деді.
– Неге олай дедіңіз? – деп сұрадым.
Өтежан басын шайқап, әрі өкінгендей, әрі Тоқаштың балаң қылығына күлгендей шыраймен:
– Өйткені, олай күресуге болмайды ғой! Соғыс бола қалса, Тоқаштың атамын деп өшігіп жүр­гендері тылда қалады да, То­қаш­тың өзі алдымен соғысқа ке­теді ғой. Жоқ, олай күресуге бол­майды, мен олай күреспес едім, – деді.
– Сіз қалай күресер едіңіз?
– Мен бе, – деді Өтежан, – мен көшеде, автобус ішінде, асханада, трибунада, моншаның ішінде күресер едім. Тоқаштың айтып отырғаны індет қой. Індет­пен кез келген жерде кү­ресу­ге тура келеді. Өйтпесең сен майдан алаңын сайлап жүргенде, олар шалып жығып кетеді.
– Өтеке, осы сізде дос бар ма? – дедім сөз арасында.
– Қазіргі заманда дос деген әлсіз, дәрменсіз адамдарда ғана болады.
– Дегенмен…
– Дос бар ғой. Мәселен, қа­ла­лық атқару комитетінің пред­се­дателі – менің жауым, ал егер ол орнынан түссе, мен ертеңінде онымен дос боламын.
…Өтежан Уитменді, Ры­ба­ковты сүйіп оқитын көрінеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір