Құрдым
04.09.2015
2379
0

333373_1601848189_251291_25542636____________________________Нұрғали РАХАЕВ
(әңгіме)

Неше түрлі ойлар қаумалап, маза бер­­­­меген бойы күндегісінен ерте оянып кетті…
«Апырай, жалғыздық тауқыметін тарту жасы келген адамға бұ жаһанда ауыр болатынын бұрын қалай пайымдамаған?! Басқа түспегесін мән бермейді екенбіз-ау… «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» дегенді жай айтыла салған сөз ретінде қабылдап келгені бекер екен… Рас дүние екен бәрі… Иә, рас екен…».
Әйелі кеткелі әңгімелесетін адам да қал­мады… Орысшалау тәрбиеде өскен­дік­тен қазақы әңгімеге шорқақ болса да, еп­ке сеп екен… Епке себің не, заты төмен етек демесең көп нәрсені алыстан ба­ғам­дайтын… Әкесі банк саласында, туған аға­сы министрлікте ұзақ жыл идеология саласында жұмыс істеген, үлкен жақпен ара­ласқан бедел қарымы мол ортада өс­кен соң ба, жоғары жақтағы кадрлық ауыс-түйіс кезіндегі болжамдары шахмат тақтасындағы фигураларды ойнатқандай еді. Тұспалдары да көбіне-көп дөп түсіп жа­татын. Рас, мойындауы керек, министр­лік­тің орынтағы болмаса да бөлім басты­ғы­на дейінгі баспалдақтың әр сатысында қайынағасы мен әйелінің көріпкелдігі мен сызбасы жатқаны басқаға болмаса да өзіне аян. Жұмыс, карьера деп жүріп жал­ғыз ұл мен жалғыз қызға да жөндем тәрбие бере алмады… Қазақы салт-дәс­түр мен мұсылмандық әдеп-ибадан жы­рақ, орысшалау өскен әйел тәрбиесінен ал­ған тәлімнен, балаға әкенің қаталдығы мен қаһарлы көзқарасы әлдеқайда қа­жет екенін мансап деген атың өшкір көк­ба­қай кезінде ойлатпады… Енді ұққандай бол­ған бұл пәлсапаға кеш еді. Қыз болса анау, Мәскеуде оқып жүріп тапқан еуро­па­лықпен шетел асып тынды… Бала бол­са мынау, бір жұмыстың басын игере алмай жүргені… Бір емес, үш үністөтті тә­мам­даса да, тұрақтап бір жерде істей ал­май, бүгінде сандалып бос жүр… Осы ба­ланы түсінбей-ақ қойды… Қолы жүріп тұр­ғанда банкке де жұмысқа қойды, игере алмады; әкімшілікке де бас маман етіп жайғастырды, «қағаз кемірген іс екен» деп басын ала қашты… 1990 жылдардың ба­сында екінші түскен қаржы үністөтін бі­тірер-бітірместе үйленіп тынды. Ин­тер­семьяның төрге шығып, ешкім сөкет көр­мейтін нағыз бел алған кезі-тін…
– Папа, бұлардың арғы тегі кержақтар екен. Ал кержақтардың түбі бізге де алыс емес екен, – деп қоймағасын анау айт­қан­дай сөлекет көре қоймаған. Оның үстіне құдасы да сауда саласында істейтін іскер адам екен. Тойы өте салысымен үй­лерін мүлік жиһазбен толтырып тастады. Міне, бесінші жылға аяқ басып барады, келіні әлі көтерген жоқ. Қызық думаннан босамай, кейін де үлгереміз деп жүр­генде кеш қалмаса етті? Немере сү­йем деген әйелі ойда жоқта, өтіне жа­сал­ған сәтсіз отаның құрбаны боп кете бар­­ды. Бақ та әйелімен бірге кетті ме, шаңырағы шайқалмаса да, кетеуі кеткен тір­ліктің әл-әзір оңғарылар түрі жоқ. Ол аз болғандай, көп ұзамай зейнет жасын­да­ғыларға қысқарту келіп, қырық мың зейн­етақыны місе тұтып үйде отырғанына екін­ші жыл. Өткен күндер бейне ертегі сы­қылды. Абырой, атақ, даңқ бәрі шетінен ке­ліп жатқан күндердің шынымен келмес­ке кеткені ме? Бейне экономика ғылым­дарының докторы, пәлен үністөттің құрметті профессоры, Алматы қалалық мәс­­лихатының экс депутаты, туған ау­да­ны­ның Құрметті азаматы, Қазақстан эко­номикасы туралы бірнеше том кітап­тың авторларының бірі, тағысын тағы толып жатқан атақ-дәрежеге ие адам бұл күн­де өмірде болмағандай…
«Апырай, тірі жүріп жалғыз қалған ма­шақат екен-ғой… Өліп кетіп артыңнан жақ­сы лепес айтылып жатса мақұл, ал тірі адамды да осылай әп-сәтте ұмыта салу­ға бола ма?..»
Қоңырау соғылды. Баласы екен келген.
– Привет пап…
– Ә, Арман, сен бе?
– Да!.. Ну как вы?..
– Как выйың не?.. Қайда жүрсіңдер екі күннен бері? Не телефон шалмай­сың­дар, не хабар бермейсіңдер… Келін қай­да?.. Продуктінің таусылғаны қашан… Ана Соня да кетіп тынды…
Шыдам шегі ширатылғаны сонша­лық, бәрін лақ еткізіп төге салды.
– Да-а-а?..
– Енді қайтсін, өткен айынан да құ­тыл­ған жоқпыз…
Баласы кеткен үй қызметкеріне емес, басқа нәрсеге алаңдаған кейіпте ас үйге озды.
– Пап, я мигом за продуктами…
Көп ұзамай әкелі-балалы екеуі шайға отырды. Әкесінің көзіне тіке қарамаған күйі шайын ішіп отырған Арман орысша журналды парақтауда.
«Мынаның кешіккені тегін емес… Бірнәрсені бүлдіріп келмесе жарады…»
Көзі ойнақшып, тіке қарамай қипақ­та­ған баласына көзінің астымен секем ала қарады.
– Тыныштық па өзі?
– Да, да… Тыныш қой, папа…
Ойы бір жерде болмаса да, өзі де ба­ғана таңертең келген почтаны ақтара бас­­­­­та­ды.
«Өзімізде оңып тұрғандай Грециядағы бос­қындардың бейшара халіне көлдей бет­ті арнаған орталық басылымды асы­ғыс парақтап, журналдарға көз жүгіртті, одан соң оппозициялық газеттерді аударыстырды да: «Осылар-ақ өмірдің кілең қа­ра жағын көргіш», – деп ысыра салды. Ке­нет «Вокруг светаны» қарап отырған Ар­ман:
– Ого!.. Вот это да… Вот это дыра… И нам пришло конец… – деп дауыстап жіб­ер­­ді.
– Дырасы несі?..
– Черная дыра… Жерден он есе, даже жүз есе үлкен планетаны жұтып қоятын дыра… Вот интересно да…
– Оның несі интересно? Қашаннан ай­тылып келе жатқан нәрсе ғой…
– Рас па?… Я первый раз слышу…
– Иіріміне душар келсе кез келген пла­нетаны тозаң құрлы көрмей жұтып қоя­тын алпауыт құрдым…
– Құрдым?.. Қазақша странно естіледі екен…
– Иә, толығымен оны «қара құрдым» дей­ді…
Шай ішіліп болды. Газеттерді парақ­та­ған кейіпте екеуі де өз ойларымен үнсіз қалған.
«Осы баланың отырысы мен сөйлеу мә­нері, қолын алдына сыйдыра алмай ты­нымсыз қозғағаны, ойнақшып тұратын қы­сықтау көзі есіне әлде біреуді сала ма, жоқ әлде ескі бір елесті есіне түсіргендей бо­ла ма…»
– Па-а-ап…
«Не де болса айтатын болды».
– Иә, айта бер…
– Айтсам… Біз Наташа екеуміз «Таугүл» жақ­тан квартира алдық… Вернее сонда тұра­тын болдық…
«Бәсе, келгеннен сипалаң қаққаның бе­кер емес демедім бе?»
– Немене, мына даңғарадай үй тар­лық етті ме?
Көнбейтінін, бұл мәселе келін екеуі арасында әлдеқашан шешіліп қойғанын сезе тұра айтты.
– Жо-о-о… Мәселе тар, кеңде емес… Ана микрорайонның ауасы таза, тихо, проб­ки нет… и ещё Натаха хочеть ребенка…
– Ертерек ойлау керек еді…
Арада едәуір үнсіздік орнады.
– Мейлі, ештен кеш жақсы деген, әлі де кештік етпес… Құдай бет алдарыңнан жа­рылқасын.
Карьерасы шарықтап тұрғанда ойына орал­маған құдайды соңғы кезде, әсіресе әйелі кетіп, жалғыздық торуылдағалы ау­­­зына көп алатыны есіне түсті.
– Пап… Эвалар Америкаға кететін боп­ты… Естідіңіз бе?
– Жоқ… Не бар екен онда?
– Симпозиум или конференция… Ко­ро­че секталарының бір үлкен жиыны өте­ді екен Чикагода…
Ал керек болса?!. Атақты Қалшора қал­пе­нің шөберелері өзге діннің өкіліне үй­ле­ніп, басқа діннің сойылын соғып кет­се тағдырға дауың бар ма? Өзі ше… ке­зін­де өзі де тұлан тұтқан атеист боп шыға кел­меді ме карьерасы үшін. «Дін – апиын» деп қызыл партияның тапсырмасымен Қазақстанның түкпір түкпірінде баяндама оқығанын басқа басқа, өзі қалай ұмытар… Рас, туған ауылы мен орта мек­теп­ті бітірген ауданына аяқ баспайтын.
…Иә, бүкіл Жігірген елі құрмет тұтатын Қал­шора молданы білмейтін адам бұл өңір­де некен саяқ болатын. Жылан, қа­рақұрт, бұзаубас шаққан адамдар осы кісінің дуасынан құлан таза айығып, өз аяғымен алдынан тұрып кететін. Қалай оқитынын, қайтіп қайтаратынын әкесінен сұрамапты, есінде қалғаны дуа оқылып біткенше бір табақ тұшытылған сары май­­ды ыссы күйінде тоңдырмай ішіп та­уы­са­ды екен. Одан қалса назарланған, кө­зіккен балалар осы кісінің бір түшкір­ге­нінен сауығып, тіпті сұқ көз ішіне түсіп кетіп, сұлық жатқан бала мен шақалақ­тар­ды әулие аралатып, үш-төрт күнде аяқ­қа қоя­тынын жұрт кешеге дейін жыр қып айтып кел­ді. Ашаршылық жылдары шілденің ор­тасында кенеттен жалынға оранған клуб­тың өртін дуамен қайтар­ғанын, нө­сер жаңбырда шөжелерін ерткен күркені балапандарына су тигізбей аман алып қалғанын көрген ауылдағы қариялар:
– Аллаға ақидасы берік, хасиданы мең­герген тақуа адам еді ғой, жарықтық… – деп аңыз қып айтып отыратын. Ауылдың тіршілік тағдырына тікелей қатысы бар Қалшора молдаға көшеге атын беру түгі­лі, ескерткіш қойса артық етпес еді. Жа­ма­н­шылығыңды тірісінде ұмытпай тіз­белеп беретін қазақы тетір мінез бен жақ­сылығыңды там айнала естен шы­ғаратын енжарлық пен ұмытшақтық қа­ны­на сіңген бұл өлкеде де екеуара әңгі­ме­де болмаса, ондай емші болмағандай, өмір сүрмегендей бүгінде… Оның үстіне құдай жоқ деген кеңестік атеизм емшілер мен діндарлар туралы айтуға мұрша да кел­тірмеді. Ілгергі дуа қонған кісілердің ал­дын көріп, тәлімін алған Өскенбай шал ке­шеге дейін назарланған балаларды оқып келсе, Қалтай қария жылан, қара­құрт шаққан адамдарды жасырын болса да емдеп келді. Бүгінде Алла қасиет да­рытқан осы адамдар ұмыт қалып, ке­рісін­ше елді сансыратқан атқа мінерлердің ақ­шалы балдары әкесінің атын әспет­теумен әлек.
…Басы шыңылдағандай ма… Зейнетке шығар жылы баласынан кіші саяси бө­лімнің дүр жаңа басшысы: «Жасыңыз кел­­ді, енді демалыңыз…», – деудің орнына, жұ­­мыстағы кемшіліктерін тізбелеп жұ­­­мыс­­тан босатқанда да осылай шыңыл­дап бе­ріп еді. Енді міне, екінші мәрте…
«Демалу керек-ау… Әлде ауылға барып қайтсам ба екен?»
Бірақ не бетімен барады? Министр­лік­­те істеп тұрған кезінде әкесінің інісі кен­­же баласын оқуға түсіруге жәрдем сұ­­рап келді. Аттестатындағы бағасы да жа­­ман емес, кілең төрт пен бес. Бір қоңы­рау­­дың өзі жетіп жатыр еді. Соңғы кезде жұ­қ­­қан пайдасыз іске бас сұқпайтын ме­рез мінездің шылауында: «Бұларға бір жы­­лы қабақ танытсаң болды, келгені кел­­ген» деген ойдың жетегімен кежегесі ке­йін тартты да тұрды. Одан соң да екі-үш ауыл­дасы балдарын алып келді. Жылы сөз­бен шығарып салғаны болмаса, еш­қайсысының тірлігін мандытпады. Со сол екен туған бауырына опа қылмаған біз кім­нің шікірасымыз деді ме, ауыл жақ ма­залауды кілт доғарды. Осыны ойлауы мұң, әйелінің айтуымен қайын жұрт жақ­тан төрт-бес баланы оқуға да түсіріп, жұ­мысқа да жайғағаны есіне орала кетті. Қал­тасына да азын-аулақ қаражат түс­кенде: «Ағайын мен ауылдастардан қалай алар­сың?..» деп ойлаған. Соноу бір кез­де­рі балаң қиялдың бесігінде тербеліп жүр­генде туған жер, атамекен, ауылдас де­генде ішкен асы бойына тарамайтын шап­қатты сезімнен жұқана да қалмаған саз­данған бетіне қан тарап, қуақы жы­ми­ған. Қу, дүние-ай! «Оу, сонда туған ба­уыр­­­ларыма жасамаған жақсылықты бөг­де жұртқа жасап, адами да, пәндәуи де тұрғыдан күпірлік жасаппын-ау» деген ой ол кезде басына келмеген…
…Арман кеткесін-ақ берекесі кетті. Мы­нау жалғанда шын жалғыз қалғанын тағ­дыр таза мойындатқандай. Суыңқырап қал­ған шайды сораптап біраз отырды да, жа­­тын бөлмесіне еніп диванға қисайды. Қар­­сы қабырғадағы арабы кілемнің үс­тің­гі жағына қатарластыра ілінген суреттерге көзі сүрінді. Аппақ сақалы кеу­десін жапқан бабасы Қалшора молда… әке-шешесі… бауырлары… «Әкейдің суретке түс­пеймін дегеніне қарамай түсір­ген­біз» деп отыратын әкесі. Мынау өзі… сту­дент­тік алтын дәуір… Ал мынасы Балым, Элми­ра үшеуі зәулім үйдің әшекейлі ұс­тыны жа­нында тұр. Қай жерде түскен?.. Есі­не түсі­ре алмай едәуір жатты… Е, бас­ты­ғының дачасында қонақта болғанда түс­­кен екен ғой… Иә, иә… Хамит Иса­бае­вич­тің кенжетай қызының туған күн кешінде түскен. Жадында жатталып қал­ғаны сон­дай, сол күнгі оқиғалар бүге-ші­ге­сіне де­йін зердесінде қатталып тұр. Қа­лай ұмыт­сын, сол отырыстан кейін-ақ та­сы өр­ге домаламады ма?..
«Аһ-ой, ол да бір дәурен екен-ау!.. Қа­лай болып еді өзі?»
…Әдеттегідей жұмысында отырған.
– Еркін Атабаевич!
– Иә…
Сыңғырлаған қоңырау үн еріксіз бой ба­­сын ток соққандай шымырлатып жі­бер­­ген.
– Сізді бастық шақырып жатыр…
– Жақсы рахмет, Аягөз…
Көрші бөлімде істейтін қыз екен. Өзі әп-әдемі ғана, үріп ауызға салғандай… Ер­кектік нәпсісін тежеп, ұстамдылық та­ны­тайын десе де осы қызды көргенде кө­ңіл түкпіріндегі бұғып жатқан сезім алақ­ұйын ойнақшып ала жөнелетінді шы­ғарды соңғы кезде.
– Шақырдыңыз ба?
– Ә, Еркін Атабаевич, келіңіз… келі­ңіз…
Қысықтау көзі ойнақшыған бастығы жы­лы жымиып, орнынан тұрып қолын ал­­ды.
– Шақырғандағы мәселе былай болып тұр. Үйдегі хозяйка Мәскеуге доктор­лы­­­ғының шаруасымен кетіп еді… Келе ал­майтын түрі бар. Ертең кенже қызым­ның туған күні еді, өзіңіз сол кештің қо­на­ғы болып, әрі отырыстың да қызықты өтуі­­не басшылық жасап, басы-қасында бол­­саңыз. Айтпақшы жеңгей үйде ме?
– Үйде ғой, әрине…
– Тіптен жақсы! Егер айып болмаса, с­­­тол­­дың жасалуы мен ас мәзірінің дайындалуына жәрдем беріп жіберсе деген өті­нішім бар.
– Е, неге болмасын! Жәрдем береді, жәр­дем береді…
– Не десе де әйел адамның қолы тиген дастарханның сәні келіп тұрады емес пе?..
Бірер жас кішілігі болмаса, қатар есе­бі еді, қазақы жоралғымен «жеңгей» де­гені өзіне жарасып-ақ тұр.
– Жақсы онда, таңертең жүргізуші ба­ла жеңгейді үйіңізден алып кетеді.
Бұл да ол кезде жаңадан үйленген. Бір қызы бар. Отырысты жүргізуді бұған тап­сырды. Асаба болып, әрі бастығының тойында көзге түспегенде қашан түседі. Ша­ғын топтың отырысын басқару жеңіл, әрі десең қашанда қызықты өтеді емес пе, бұл кеш те өте бір есте қаларлықтай бол­ды. Алғаш тосырқап бастаса да, бір-екі рюмкеден кейін жазылып кеп берді. Өзі де қара жаяу емес, арасында әннен ша­шу шашып, дуылдатып жіберді. Қо­нақ­т­арға қызметі, жасына қарай ретімен сөз беріп, мезі қылмай басқарды. Отырыс ор­та тұсқа тақағанда бастығы шеттеу алып шығып:
– Еркін Атабаевич, сізге бір өтінішім болып тұр… Қалалық бірінші хатшы Мәлік Ай­даровичті үйіне жеткізіп сала алмас па екенсіз?.. – дегені.
«Ойбай-ау бұдан артық марапат, бұ­дан артық қошемет бар ма? Қаланың бі­­рін­ші адамын шығарып салу…»
– Оған сөз бар ма, Хамит Исабаевич! Се­німіңізге рахмет!
– Жақсы онда, сыртта машина дайын. Жо­лай «Ақ бидайға» кіріп кішкене тамақ жібітіп, басытқылап алуларыңызға да бо­ла­ды. Енді ол жағын өзіңіз түсінесіз ­ғой…
– Е, әрине, әрине…
– Онда мен біріншіні ертіп шыға бере­йін, сіз машина жаққа бара беріңіз…
Мұндай болар деп кім ойлаған, әдейі ұйымдастырсаң мұндай болмас.
Бірінші хатшы демесең, аңқылдап қал­ған жақсы адам екен. Әлде қолпаш, әл­де шын: «Мен сені бұрын танымайды екем… Бұйымтайың болса келіп тұр», – де­ді мейрамханадағы тостан масайың­қы­рап қалған хатшы қоштасар сәтте.
«Ақ бидайға» кіріп, едәуір кідіріп кел­ген­­де, отырыс әлі қызып жатыр екен. Әйе­­лі мен Хамит Исабаевич ішкі бөлмеден шы­­ғып келеді екен. Алдын не сөйлес­кен­де­рін:
– Ну ладно, Хамит Исабаевич, об этом раз­говоре позже обсудим… – деген Балым мұны оңашалау шығарған. Мұның жұ­мысын көтеру мәселесін әңгімелесіпті. Шынында да көп өтпей мәдениет бөлімінің бастығы болып шыға келді. Ал әлгі оқиға са­надан сыпырылды.
…Е, ол да бір қайта оралмас алтын дәу­рен екен-ау… Көктен тілегені жерден та­былды – қашаннан көзінің құрты боп жүр­ген Аягөз енді мұның қол астында іс­тейді. Артынан қоймай түсіп жүріп, де­гені­не де жетті. Бәленің бәрі күзге салым ба­сталды. Аягөзбен тіл табысқаннан кейін­гі үшінші айда:
– Ағай, мен екіқабат боп қаппын… – де­месі бар ма.
– Не дейді тағы да!..
– Екінші ай… Өзім де білмей қалдым… Бә­се, жүрегім айни беретіні жаман еді..
Карьерасын керемет жақсы көретін. Жа­ны мұрнының ұшына келді. «Енді не іс­тесем екен? Қызметтен айырылып… Ел-жұрт не дейді? Тірідей масқара болатын болдым-ау… Керек десең түрменің де есі­гі қылтиып тұр…» Ойлауға қорқынышты. Жөп­пелдемеде жөндем ой да келуші ме еді.
– Айтқандай, атаң соғыс ардагері емес пе еді?..
– Иә…
– Онда былай істейік…
Мәлік Айдаровичтің көмегі тиді. Қа­ла­ың сырт жағынан соғыс ардагеріне құжат туралап, бір бөлмелі пәтер әперіп жаны қалды. Содан Аягөзді көрген емес.
…Жүрек тұсы тағы да шым еткендей бол­ды ма?.. Өткенін еске алып тәтті елес­тің құшағында тағы да біраз жата тұрғысы келді.
«Тоқта! Тоқта! Арманның жүрісі мен көздерінің ойнақшығаны кімге ұқсайды десе… Иә, иә! Дәп бір сойып қаптағандай, с­о­ның өзі екен-ау!..»
Есіне ішкі бөлмеден шығып келе жат­қан әйелі мен бастығы қайта көлбеңдеді… Қалай аңғармаған сол кезде? Әйелі абдырап, әнтек бастығына қарап, сөйлеген екен-ау… Мүмкін бұған теріскей тұрған­дық­тан көзін де қысып үлгерген болар? «Ах, кәшімір қатын!.. О, зәнталақ!.. Қалай ал­дап соққан!..» Енді асықпай ойлап қа­ра­са баласының сөйлеу мәнері мен қи­мыл қозғалысы да бастығынан айнымайды…
Орнынан қинала тұрды да ас үйге кі­ріп, орындыққа отырды.
«Арманның туған күні… туған күні… Тоқ­та, тоқта! Жасы да, баланың туған мер­­зімі де сол кезге сәйкес… Артымда қалар тұяғым деп, айтқанын екі етпей орындап келген баласы… Күні кешеге дейін «Бала ғой, әлі-ақ өмірден өз орнын табар» деген себезгі үміттің жетегінде кел­ді… Көңіл зеңгірінен білте шамдай сы­ғы­райған осы үміт барлық қателіктеріне кешіріммен қаратты… Сонда жанындай жақсы көретін жалғызы көрдемше болып шыққаны ма?..».
Үстел үстінде ашық жатқан «Вокруг све­таға» көзі сүрінді. Үлкен әріппен жа­зыл­­ған «Чёрная дыра» көзіне оттай басылды.
– Чёрная дыра… Қара құрдым…
Даусы өзіне де жағымсыз рәуіште жарықшақтана естілді.
«Жерден мың есе үлкен ғаламшар­лар­ды да жұтып қоятын иірім… Сонда ке­зінде елі құрмет тұтқан Қалшора мол­даның бір немересінен тараған зәу­зат­тары иірімсіз-ақ құрдымға кеткені ме?.. Шынымен-ақ құрдымға…».
Жүрек тұсы бағанығыдан да оқыс шым ете қалды да, құлаймын-ау деген ой ма­заламай-ақ үстелдің ернеуінен ұстау қа­п­еріне де келмеген бойы орындығымен қо­сыла құлап түсті. Еденге соғылған басын ауырсынды ма, әлде басқа бір ой ма­залады ма, ерні жыбырлап: «Құрдым…» де­генді сыбырлап үлгерді де, соноу бір шал­ғай ауылда өзіне ұқсаған сап-сары, жи­рен шаш, секпіл бет шатаның жігіт боп қал­ғанынан бейхабар күйде, мына дү­ние­ні талақтап, өзіне беймағлұм қап-қа­ра тозаңға сіңіп барады.

Шымкент қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір