Ақыннан туған ақын
07.12.2018
2996
0

Биыл қазақтың көрнекті қаламгері Қалижан Бекхожиннің 105 жылдығы. Атаулы күнге орай Қалекеңнің шәкірті – белгілі сатирик Мыңбай Рәш ой-толғау жазып әкеліпті. «100 жылдығында жазып едім, соны тағы бір қарап, өңдеп, толықтырып, өздеріңе ұсынып отырмын» дейді. Қабыл алыңыздар!

Тау қатпарынан жондана жөңкіліп желкесіне дейін жалғасқан құлама суды еске түсірердей қоп-қою қара шашты, келісті келбетіне жараса қалған кездік қынабындай түп-түзу танауы, әлдене айтуға оқталғандай құбыла ойнақшыған қоңырқай көзді, қияқ мұртты Қалижан ағаны естен шығару әсте мүмкін емес. О, Мезгіл… содан бері пайғамбар жасынан да асыңқы жылдар жылысып өте шыққанын қарашы! Иә…, ақша қар қапалақтаған қаңтар айының сол бір кешінде кәдімгі сүлей жазушымыз Сәбит Мұқанов бастап келген қаламгерлер санатында Қалижан Бекхожин де бар екен. Бұл менің Қалекеңді жүзбе-жүз тұңғыш рет көруім болатын. Бірге оқитын студенттер Бердібек, Серік, Ғафу, Айқын, Нығмет, Баламер…бәріміз дәріс тыңдап жүрген, о кезде Совет көшесі бо­йындағы (қазіргі Қазыбек би көшесі) ҚазПИ-дің клубына асыға-аптыға келгеніміз әлгінде ғана еді. Ине шаншар орын жоқ, сығылыса жайғастық-ау, әйтеуір. Толық денесін қозғалта, қарлыға да жа­рық­шақтана шығатын дауысына басып ақын-жазушылар легін басқарып сөз сөйлеп тұрған әйгілі Сәбит Мұқанов Тайыр Жаро­ковтан кейін сөз тізгінін Қалижан Бек­хожинге берді. Қалекең мінберге кө­теріл­ді. Ерекше толқыныс, тебіреністе тұрғанын бірден байқадық. Сөйтсек, оның да гәбі бар екен. Осыдан аттай он жыл бұрын осы оқу орнының тіл-әдебиет бөлімін тәмамдапты. Алғашқы өлеңінің тақырыбы да «Өнерге қанат қақтым ҚазПИ-імнен» деп көзге ұрып тұрғаны содан болса керек. Жұрт абыр-дабыр бола бергенде, төралқада отырған Сәбең орнынан қозғалып қойып:
– Алдияр қауым, студенттер, айтушыдан тыңдаушың күшті болсын деп ұлы ақыны­мыздың өзі ескертті емес пе, шуламай, қалам­герлердің лебізін ден қоя тыңдауларың сұралады, – деп қалды. Сол-ақ екен, студент атаулылар құлаққа ұрған танадай жым-жырт болды. Сәл-пәл тосаңсып қалған Қалекең ағамыз көтеріңкі дауыспен көсіле жөнелді:
«Өмірге, өнерге де жас күнімнен
Құлшынып, қанат қақтым ҚазПИ-імнен.
Біліммен, өлеңіммен өрге басып,
Алатау биігінде қасқидым мен.

ҚазПИ-дің түлегімін ұшқан шыңға,
Аз емес талаптылар тұстасым да,
Ақындық өнерімен шығып дара,
Көтерген ҚазПИ даңқын құз басына.

Өмірге өзек болған ҚазПИ едің,
Сенімен серпілді ғой жас жүрегім.
Тұсыңнан өткен сайын күмбезіңе
Әлі де шәкірттердей бас иемін».

Ақын-жазушылар (солдан оңға қарай): Сырбай Мәуленов, Әди Шәріпов, Қайсын Құлиев, Қалижан Бекхожин, Асқар Тоқмағамбетов

Өлең оқуын аяқтады. Жұрт дүркірей қо­шаметтеп, дүркірей қол соғумен болды. Әлден соң оқуын жалғастыра жүріп, газет-журналдарда зерттеу сыни мақалаларын жиі бастыра бастаған Айқын Нұрқатов көзілді­рігін маңдай тұсына жылжытып қойып:
– Қалеке, оқырмандар сізді әсіресе эпикалық шығармаларыңыз арқылы жақсы біледі. Мүмкін болса «Ақсақ құланнан» үзінді оқыңызшы, – деп өтінді.
– Әу, дастан көп уақытты алып кетіп жүр­мей ме? – деп Сәбең күмәнданған еді.
– Онша созбаймын, Сәбе, опық же­ме­ңіз, – деп күлімсірей қарады Қали­жан.
Қатарласа отырған Әбділда, Жұмағали, Сырбайлар да жайраң қағыса құптап:
– Бұл ғажап дастан, студенттерге оқымағанда қайда оқысын! – десіп жатты.
– Ендеше мейлілерің білсін, кәне, сілте Қалижан! – деп Сәбең де көңілденіп кетті.
– Оқысын, оқи берсін! – тұс-тұстан атой­лаған дауыстар толастай бастағанда ақын да жыр тізгінін еркіне қоя берген еді:

«Ақсақ құлан»

Жанымды жаңа жырға иген едім,
Қалай сен, баба, мұны кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде
Елім­нің ертедегі күй бебеуін.

Аңызын аталардың жете тізген
Бұл жырды естіп едім әкемізден.
Сол күймен күңіренген көне қобыз
Өткеннің қайғысына жеке дүзген.

Сол күйге замандардан зар қосылған,
Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күбірледі.
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.

Сол күймен сазы басқан сарыдаланы,
Онда жас қаламым да жорғалады.
Білмедім күйдей үнім еспеді ме
Теңселтпей тұнған жырды арнадағы?

Оралып өктем күйдің өр нәшімен
Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды
Желідей, жырдың жаңа пернесінен.

Маңғұлдың маңғыт қыр ғой қоналқасы,
Қалыпты қалалардың қараң тасы.
Адырда, алау жұтқан Сығанақтың
Әлі де суыған жоқ қоламтасы.

Шығысты шеңгелімен уыстаған
Шыңғыстан ұлыс бар ма ығыспаған?
Өзіндей ажал түсті обыр ұлы
Жошы Хан мұнда келіп тыныстаған.

Жошыға асыр болған осы мекен,
Үркіп жұрт, қарасынан шошиды екен.
Аламан аңдай шулап жөнелгенде,
Ізінен өзендей қан жосиды екен.

Жел айдап, қонарын тек сайлар білген,
Атой сап ат үстінде айлап жүрген.
Қаптаған қара құрттай жойқын жасақ
Жұртында өлгендердің ойнап-күлген.

…Сұс беріп қасқыр бөрік хан басына,
Аю тон айқарылған арқасында.
Ырсиып тұлып басы жолбарыстың
Қызыл көз қыран отыр дәл қасында.

…Қарысқан хан қолында аса ғана,
Ашуын бұрқ етсе бір баса ала ма?
Хан ойын бұзбасын деп тұр қақшиып,
Сырттандай қос жасауыл босағада.

Көз тікті сүлдесіне киіздегі,
Хан қандай тәңірінен сый іздеді.
Жарқылдап жылан көзді зүбәржаттар,
Арқардың сілкінгендей мүйіздері.
– Жалығып кеткен жоқсыздар ма? Осы­мен доғара қойсам қайтеді? – деп еді Қа­лекең:
– Қалеке, Ханзаданы құлан теуіп мерт еткен тұсынан оқыңызшы! – деп Бердібек Соқпақбаев қояр емес. Ақын бұған Сәбең қалай қарай екен? – деген күдікпен төралқа жаққа көз қиығын тастап еді:
– Уай, поэзия көрігін қыздырдың, Қалижан, сілтей бер! – деп Сәбең риза­шы­лық­пен басын изеді. Қалекең дастанды жал­ғастырып кетті:
«Ай өтті сұмдыққа бұл шырмалғалы,
Сол хабар суық желдей сумаңдады.
Құлансыз, хан ұлыңсыз бейуақытта,
Оралған қырық жігіт шығандағы.

– …Жұлдызы құдіреттің ағып түсті
– Тәңірдің айы жерге жанып түсті.
– Жай түсті жолбарыстың саяғына,
– Жошының жүрегінен жалын ұшты.

– Шыңғыстың бәйтерегін дауыл жықты,
Көрген жоқ маңғұл мұндай ауырлықты.
Өлтірді құлан теуіп ханзаданы,
Жошыға сен жауап бер дауыл, мықты.

– Түспейміз ханның ажал құрығына,
Бармаймыз оның қанды тұғырына.
Қопаға ханзаданы кеттік көміп,
Зытамыз енді өзіміз қыр құмына…

Солай деп қырық жігіт болды ғайып,
Сұмдық қой сыры мынау таңғажайып.
Құланын жоқтап шыққан күйші сонда,
Азасын аңызғақ жел жонға жайып.

Шығанға қиялменен аңсар қарап,
Есімнен кетпейді сол сарсаң алап.
Жапанда жануардың ізі ғана,
Кетіпті аяғынан қан сорғалап.

Қанды ізін сүйіп күйші тебіренген,
Мұңдасқан ебелекпен, еру желмен.
Жүгірген құланым деп күйші талай,
Құйындап шаң тұрса да қоңыр белден.

Көрінбей кетті қайда шоқырағы,
Құраулап қырдан күнде шақырады.
Түн болса елігіне мұңын шағып,
Күрсініп таңды көзбен атырады.

…Жошы Хан шамырқанды шатырында,
Сәті жоқ шабуылға шақыруға.
Терісін сұр қабанның жамылды да,
Көмілді көрдей шерге ақырында…
– Пах, шіркін қалай еседі-ей!
– Ақын болсаң осындай бол!..
Қуаныш қолпашымен қанаттанған Қалекең қызу қол шапалақтың ыстығы суымай жатып төралқадағы Тайыр Жаро­ковтың қасындағы орнына барып жайғасты.

***

Қалижан Бекхожин Жұбан Молдағалиевпен

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген сөз рас. Кереку өңірінде осыдан бір ғасырдан астам фәни есігін ашқан Қа­ле­кең буыны қатайып есейе бастаған кез­ден-ақ аңыз-әңгіме, жыр-қисса, ақын­дар айты­сына ерекше елеңдеп, еліктеумен күн кешті. Керек десеңіз, әкесі Нұрғожа ес­кіше сауатты, сөзге шешен, жыраулар жы­рын жаттап өскен ақын болған адам. Сә­кен Сейфуллиннің тікелей қолдауымен Ақан Серінің жарыққа шыққан өлеңдер жинағында сүйіндік Нұрғожаның Ақан Се­рімен айтысы да жа­рия­лан­ғанын байқай­мыз. Асылы, Ақан Сері аты белгісіз, әрі жа­сы 25 жыл кіші Нұрғо­жамен айтысқа тү­суді қомсынып, бастапқыда келісімін бер­мепті. «Ашықауыз деген молдамен күш сайыстыр әуелі» – депті. Сонда Нұрғожа бір­ден қолына домбырасын алып Ақан Серіге қасқая қарап:
«Мен өзім тот баспаған асылдаймын,
Ешкімге жалынбаймын, бас ұрмаймын.
Ашықауыз молдамен айтыс дейсіз,
Мен оған көктен түскен жасындаймын» –
десе керек. Сонда Ақан:
«Атығай қарауылдың тобын жардым,
Түрленіп топта сайрап, үлгі салдым.
Қаңғып кеп сүйіндікті көп мақтайсың
Мен іздеп сүйіндікке қашан бардым? –
деп жауап қатқан екен. Ақан Серінің алғыр да адуынды ақын екенін бірден сезген Нұрғожа айтыста өзінің жеңілгенін бірден мойындайды. Асылы, ертеректе айтысқа түскен ақындар бүгінгі кейбір айтыскерлер­дей сөздерін ащы ішектей шұбырта бермей, тапқыр сөз тапқан қарсыласын бірден мойын­дап, тоқтай қалған.
Көзі тірі кезінде Қалекең ұстазымның отбасымен жиі араласып, әңгіме-дүкен құрған кезімізде өзінің ақындықпен айна­лысуына әкесінің әсері мол болғанын есіне түсіретін еді. Нұрғожа Мәшһүр Жүсіп­пен, арқалы ақын Иса Байзақовпен де сан рет сайысқа түскен көрінеді.
– Мен алты жасымнан бастап сауат ашып, хат тани бастадым, – дейтін Қалекең, – молдалардан дәріс алдым. Ал өзімнен үш жас үлкен туған ағам Қайыржанды әкем араб әліппесін үйренген соң орыс мектебіне оқуға түсірді. Қайыржанды ерекше жақсы көретіні сондай, оған жыр да арнады:

«Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі,
Құдайға қазір алса ризамын
Артымнан Қайыржаным қалса тірі»…
Қайыржан ағама өсиет айтқан жырында былай тебіренгені де есімде:
«Кел, балам, ғылым оқы, өнер серік,
Хақ жолға иқтихатың болсын берік.
Ізденіп, талпынып бақ көзім барда,
Мақсұдың ден сау болса тапсын ерік».
Әкесінің айтқан өсиеті мен артқан сені­мін айтқанындай ағам ақтап, тарих ғылы­мы­ның докторы, ҚазГУ-дің профессоры бол­ды, – деп еміріне есіне түсірген еді Қале­кең.
Қалижан Бекхожин 20-дан астам эпи­ка­лық шығармалардың авторы бола тұра сан салалы жанрда сын, драматургия, тәржіма жа­саумен де белсене айналысқан қаламгер еді.
Жоғарғы оқу орнына түспей тұрып-ақ қазақ әдебиетінің тарихын оқып үйренуге талабы зор болған озат студенттің қарым-қауқарын байқап қалған Сәбит Мұқанов орта мектеп оқушыларына арнап өзі жаза бастаған оқулықтың авторлығына қоса автор етіп Қалижан Бекхожинді де қосты. Классик жазушымыздың әлі қанаты қатайып үлгермеген студенттің талап дең­гейін ескеріп, жасаған ағалық қамқорлығын қа­лай ұмытарсың! (Қ.Б) Ал драматургия са­ласында «Егер жүрек шын берілсе», «Ұлан асу», «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» іспетті көкейінен шыққаны кәміл. Ал, сын саласында өз тұстастары, үлкенді-кішілі поэзия жанрымен шұғылданған авторлар туындылары хақында жазған зерттеу еңбек­те­рін құрайтын «Дәстүр және жаңашылдық» атты көлемді кітабы жарыққа шыққанын білеміз.
Тәржіма жөніне келсек, қырғыз эпосы «Манастан» бастап әлем әдебиеті, туыстас елдер классиктерінің қыруар шығармаларын қазақша сөйлетті.
…Сұрапыл соғысты толарсақтан қан ке­шіп басынан аяғына дейін өткерген май­дангер ақын қыруар тақырыптарға арнап өлеңдер, балладалар да жазды. Оның «То­маға киген тау бүркіт» деп аталатын бас-аяғы төрт-ақ шумақ өлеңінде аты аңызға айналған қазақтың қаһарман батыры Бауыр­жан Момышұлының бейнесін былай суреттейді:

«Томаға киген тау бүркіт
Қадайды көзін құздарға.
Сонда бір шыңды жаңғыртып,
Саңқылдап ұшқан мұз-қарда.

Сабалап сонда қанатын,
Қиқулайтын дауылда.
Шүйілсе бұғып қалатын
Аң да, құс та, тауың да.

Енді маңы тып-тыныш,
Жоқ дауыл да, тықыр да.
Отыр тарлан сұсты құс,
Топшысын бүгіп тұғырда.

Мүмкін қалған із бар ма,
Құзында қарлы қияның?
Қарайды қыран құздарға,
Қиялар тербеп қиялын».
Ақын қай тақырыпқа жазса да көңілдегі көрікті ойын кестелі көркем суреттеу, тап­қыр ойға құрып, бейнелеу арқылы бере біл­ді. Өзінің туған топырағы Тәттімбетті те­бірене жырлағанда оқырман кір жуып кіндік кескен туған жерлерін көргендей әсерде болады.
«Шуағындай балғын бөбек жазымның
Сағындым мен Тәттімбеттің жазығын.
Саумал көлдің қамыстарын сырнай ғып
Өстім сонда естіп аққу, қаз үнін.

Тынысындай ерке бала шағымның,
Тәттімбеттің тәтті лебін сағындым.
Желмен ойнап жүгіріп ем ұстауға,
Жарқылдаған сәулесінен сағымның.

Көк майсада көбелектей ойнадым,
Жалғыз ғана бір бақытты ойладым.
Сол бақытым – өткен сенде ойыным,
Жалғыз ғана сол қызыққа тоймадым.

Өзге алаң жоқ, жоқ айғай да, ызың да,
Берілдім мен сол балалық қызуға.
Өзім де жоқ, өзгелерден қызғанып,
Қараушы едім құлын-тайға қызыға.

Жатса мейлі, қой-қозылар маңырап,
Кетсе мейлі бұзау біткен жамырап.
Мәз едім мен
Шатырласа нажағай,
Төксе нөсер, сықырласа шаңырақ…
От­басы атаулының мәні мен сәні де аналар мен балалар ғой. Туған анасы мен жарасты отбасына өлең жазбаған ақын кемде-кем. Қалекең құдай қосқан қоса­ғы­мен қуаныш құшағына бөленіп көзі жұ­мылғанша Ерланын еркелетіп, Мирасгүлін мәпелеумен өтті. Оның және бір дәлелі – жан-жарына арналған «Тереземді бүркеме­ші» өлеңі.
Тереземді перделеме, Зайдахан,
Күлімдеген жұрттың көзін көрейін.
Тыңдап бақтан бұлбұл даусын сайраған,
Бәйтеректей көтерілсін мерейім.

Әйнегімді бүркемеші, Зайдахан,
Батар күннің шырайына қарайын.
Нажағайдың бұлтты қуып ойнаған
Жанарыма түсірейін арайын.

Тереземді ашып қойшы, Зайдахан,
Түнде тұрып жұлдыздарды байқайын.
Бір досымның талайына жайнаған
Жұлдыз көрсем соны жыр ғып айтайын.

Әйнегімді айқара ашып, Зайдахан,
Шолайыншы шың-құздарды ерте мен.
Самал таудан толқындасын ой маған,
Биіктесін жырмен өрлеп мәртебем.
…Қалижан Бекхожиннің шабыты ша­рық­тап, айдай әлемге әйгілі болған шағы осы­дан 65 жыл бұрын, яғни 1947 жылы сол кез­дегі кеңестік ел астанасы Мәскеуде өт­кен КСРО Жазушылар одағының кезекті пленумы еді. Жазушылар одағының төраға­сы А.А.Фадеев жасаған баяндамасында қазақ балладаларын Отан соғысынан кейін­гі елеулі шығармалар қатарына жатқызды. Ақиық ақынның есімі одақтың бас газеті «Правданың» шілденің 30 жұлдызындағы санында жарқ ете қалды. Кешпей Алек­сандр Фадеев Қалижан Бекхожинді арнайы қабылдап, оған шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді. Араға көп мезгіл салмай-ақ жұлдызы жанған ақын­­ның таңдамалы туындылары «Под звез­дами Москвы», «Мария дочь Егорь», «Сказания о славных», «Избранные стихи и поэмы» деген айдармен бірінен соң бірі көп тиражбен басылып шықты.
«Мариям Жагорқызы» поэмасын өз тілінде оқыған орыстың әдебиет сыншы­ла­ры екі елдің айнымас достығын бейнелеген, көр­кемдік дәрежесі жоғары шығарма деп ба­ғалады. Дүйсен мен орыс қызы Мариям­ның махаббатын тебірене жырлаған бұл дас­тан­ды қазақ әдебиетінің көрнекті сын­шы­лары М.Қаратаев, С.Қирабаев, Ә.На­рым­бетов, М.Дүйсенов мазмұнды мәнді, көр­кемдік бояуы қанық шебер туынды деп мойындады.
Қалижан ақынның 20-дан астам поэма­лары, толғаулары, балладалары, көл-көсір тақырыптарға жазған өлеңдерінің қай-қайсысын алсаңыз да оқырман жүрегін ерекше толғантып, терең ойға шомдыратын, на­қышы, сөз саптауы бөлек шұрайлы шығар­малар. Өлең шығару техникасын терең мең­герген қаламгер шығармаларынан «Әт­тең-ай» дегізер тұстарын да өте сирек ұшы­ратасыз. Хас шебер қолынан шыққан әдемі мүсін, хас суретшінің қыл қаламынан туған әдемі сурет іспетті автордың өзіне ғана тән ерекше бір әлем.
Сондықтан да шығар Қалижан бойында­ғы даңғайыр дарынды бірден танып, өмір бойы бауырына тартып, қастерлеп өткен Сәбит Мұқанов оның еңбектеріне арнап жазған «Өршіл ақын» деп аталатын ма­қала­сында: «Ол ерен шабытты ақын, дарыны мол, қаламының өзінше өрнегі бар, шығар­ма­ларында лирикалық саздар, романти­калық серпіндер, философиялық толғаныс­тар басым. Лирикалық терең тебіреністерге ұштастыра Қалижан шопан туралы, кенші туралы да шабытпен шалқи жырлайды. Со­ны­мен бірге, Қалижан сөз өнерінде өзінше жа­ң­алықтар жасаған шебер ақын» – деп жазды.

***

«Әлі де тарланбоздың бар асауы,
Өлеңім талайлармен таласады»…
«Өмір деген сахнада осынау
Кейіпкерміз сынға түсіп байқалар.
Пердең мәңгі жабылғанша досым-ау,
Сәт пен сәтсіз көрінісін қайталар,

Өмір деген құж-құж тауда осынау
Мен де шынар қараңдаған қатпарда.
Қырау шалар шынар басын досым-ау,
Қар да түсер шыңы биік шатқалға».

***

«Басы қырау ақсақал!
Ұмыт бәрін –
Терме еске көңілдің сынықтарын,
Күміс шашпен күлімде жазғы күндей
Жадыратқан заңғардың суық қарын.
Ұмыт – тұрмыс күйбеңін, күйгелегін,
Жетер енді, жылдарды кимеледің.
Бақыттысың сау жүрсең алшаң басып,
Өзіңді-өзің ерікті билегенің»…
…Иә, қысқа ғұмырдың ащысы мен тұщы­сына ақылгөй Абыздай ой жүгірткен ақын тебіреністеріне бас имеске шара жоқ. Әрқилы мінезді пенделерге қарата ай­тыл­ған «Ұмыт бәрін» деген өнегелі өсиеттері қан­дай ғажап! Көздегенде көзлерінен ти­гізіп-ақ тұр емес пе? Ақиық ақын ағынан жарыла, қияс қылық атаулыны қанша ұмыт дегенімен, біз Қалижандай айбарымыз бен қаймағымызды, отауызды, орақ тісті ойшыл да оқымысты ақынымызды ешқашан ұмыта алмаймыз. Оның қиялыңды қиянға жетелеп шарықтаған жауһар жырлары қашан да жарқырап тұрары ләзім.
Қылышынан қан тамған қызыл им­пе­рия­­ның қырсығы Қалижан ақынды да қақас қалдырған жоқ. Қолына қалам ұстағаннан жыраулар жырымен сусындап, қазақ батыр­лары хақында жазылған эпостық туындылар дарынды ақынның делебесін қоздырған тұс­та ата-баба арманын – тәуелсіздікті ай­нымас намысы деп санаған сарбаздар Кене­сары – Наурызбай хақында жазған «Ба­тыр Науан» дастаны үшін өткен ғасыр­дың елуін­ші жылдарының басында қудалау қыс­па­ғы­на қатты ұшырады. Оны айтасыз-ау, ұлт­тық ғылымымыздың қаймақтары са­налған та­нымал тарихшылар, ғы­лым академия­сы­ның тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев, май­талман жазушымыз Мұхтар Әуезов, әдебиет теориясын жазған профес­сор Қа­жым Жұмә­лиев, қайсар ақын Қасым Аман­жолов, эпик һәм өрен жүйрік әдебиет­ші Қа­лижан Бек­хожин – кеңестік дәуірдің зиянды өкілдері, ұлтшыл, сарыуайымшыл делінгені белгілі.
Ол кездері үй тұтқынында болған екі ақын­ның шығармаларын басылымдарда басуға тыйым салынды. Қасекең мен Қале­кең бұл қиястыққа қабырғалары қайыспай, рух­тары майыспай қасқая қарсы тұра білді. Со­лақай саясаттың сеңі сөгіліп, ақиқат көк­темі келетініне сенді. Көп ұзамай солай болды да.
Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­тын төрткүл танымал тәуелсіз елі, кір жуып кіндік кескен Кереку өңірі мәңгі ұмыт­пақ емес.

***

Есіме түсті ақынның туған өлкесі Пав­лодар әкімшілігінен телефон соғып, Қали­жан Бекхожинға ескерткіш ашылаты­нын алдын ала хабарлап, мені шақырған еді. Бақытжамал деген қарындасқа денсау­лы­­ғыма байланысты жол сапарына шыға ал­май­тынымды өкіне айтып едім. Осы ес­те­лік­ті жазуыма Зайда жеңгеміз себепкер бол­ған еді. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар. Ал, Қалекеңнің артында қалған тұяқтары: жоғарғы билік құзырына қарасты лауазымды мәдени қызметтерді абыроймен атқарып жүрген қаламы жүйрік қайраткер Ерлан Бекхожин әке сенімін ойдағыдай ақтап келеді. Туған қызы Мирасгүлі ше? Көзі көрмесе де көкейінде кеткен немерелері ше? Атасын олар қалай ұмытсын!

***

Ери-ери серейе қатып қалған суық мұз сүмбілеріндей күміс селеу шаштары сиреп, селдіреген. Айналасына нұр шашып тұра­тын бадана көздері бастабында лапыл­дай жанып, келе-келе қоламтасы ғана қал­ған­дай көмескі кіржиіп, жақтары әжімдене жүдеу тартып, ашаң жүзі онан сайын жұқа­рып, қабақтарын қартаңдық қырауы басқан, бір кездегі бәйтеректей тіп-тік денесі шөге бастағандай, ұмытшақтық меңдеген, сегіз көзі сыздап, тоқпан жіліктерінің шеміршек майы түгесіліп, тізелері сырқыратып, қо­лы­на таяқ ұстағанына да талай мезгіл болған, қаттырақ айтпасаң мүкіс құлағы қалқайып, «а?…» деп сұрауды шығарған….
Бұл Қалекеңнің 75-ке келгендегі қалпы еді. Сексеннің сеңгіріне таяқтастам қалған­да жауһар жырлы ақынымыз бақиға озды (1990). Қайран дүние-ай десеңші, егер тірі жүрсе қызу қанды, балажанды, қарымы бөлек ақынымыз 105-ке келген тойын бізбен бірге масайрап атар еді-ау! Әрине мұнымыз құрғақ қиял, орындалмас арман секілді. Өмір заңы дегеніміз де осы ғой. Сапты­аяқтың сабындай қысқа ғұмырда Қалекең қазақ әдебиетінің алтын қорына құлашы ерен, тынысы терең эпикалық құн­дылықтар қалдырып кетті. Титан қанат­ты, қырқа қарар қырандай кесек туындылар берген Қалекең келер ғасырлармен да үн­десіп, бірге тілдесіп мәңгі жасай бермек.
Күркіреп ғарышкердей аспандағы,
Дүркіреп дарынды ақын дастандары,
Жүректі жаулап алған жыр-жауһары,
Ағындап ақиқаттың астарлары…

Мыңбай РӘШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір