Жұлдызды бұлт жапса да
04.09.2015
2203
0

333178_1480388421_32164_1914129236________________________________Жаңыл АСЫЛБЕКОВА

ШЫДАМ БЕР

Тәңірден шыдам болды сұрағаным,

Тағы да шыдам бер деп сұранамын.

Бебеулеу шыңғырғанда бұла жаным,

Қалмайды қайғырмасқа түк амалым.

Біреулер сенің пәк жаныңды арбап,

Ұшырғысы кеп тұрад оқыс жардан.

Біреулер қабақ аңдып, қалың сұрар,

Қалай-қалай құбылад мына жалған?

Ешкімнен ешқандай сый дәметпегем,

Өрлерде өзімді-өзім демеп келем.

Шыдам бер қияларда қиналғанда,

Үзіліп кетсе сенім кенет менен.

Қамығып мұңға батса нала жаным,

Шыдамның шыңын келед саялағым.

Сынай бер, сын тағуға тұрар болсам,

Шыдам бер, соған қоса ая Жаным!                                           2014 ж.

 

МАҒЖАНҒА

Жиырма бесінші маусымда туған ақын,

Жырмен күліп, жырмен бетін жуған ақын.

Қарғыс атқыр отыз жеті қинаса да,

Берілмеске белін бекем буған ақын.

 

Ғашық болған З-ға, Г-ге, Ж-ға дағы,

Шын сүйді, оларды шын  ұнататын.

Сол ақынды ұқты Есенин, Мандельштам,

Өзгелері үлгермеді жыға танып.

 

Ойласа да халықтың қамын ерек,

«Халық жауы» атанды бірнеше рет.

Көре алмады күншілдер қоршап алған,

Пырақ атын бәйгеден келген ерек.

 

Сүйді ол жан сәулесін тағы, тағы,

Оның жыры жүректен бал тамызады!

«Өлді», – деді отыз сегіз, «аттық», – деді,

Ал, ол болса мекен етті Колыманы!

 

Туғаны есте, білмейді өлгенін ел,

Оны ұмытты майлы бет елдегілер!

«Көрсем», – деді көзіне тура қарап,

Көрге тыққан қолы ұзын төрдегіні!

 

Көре алмады, жеріне  жете алмады,

Қапас, түнек Колымадан кете алмады.

Күтті сәтін жыл санап үміт үзбей,

Елін көру, жыр жазу – тек арманы!

 

Ақын жүрек тар қапаста құса болды,

Қор болды сұлу сүйген құшағы оның!

«Маг» дейтұғын Осипті есіне алды,

Кеңес шынжыр қолбайлау тұсады оны!

 

Ұстап берген, айтқан да, көрсеткен де,

Ақын жырын жыртқан да, өртеткен де –

Өз адамы, өз қаны, өз жерлесі. О, құдірет!

Аты өшсін, «Азамат, еркек» деген!

 

Бәрін көріп, бақылап замана тұр,

Небір дүлдүл, өтті ғой заманақыр!

Ол өлген жоқ, қауышты қайта келіп,

Өлтіргендер өлік боп бара жатыр!

 

Жұлдызды бұлт жапса да сөнбейді екен!

Ақын жүрек өлімге көнбейді екен!

Өлген күні болмайды ақындардың,

Туған күні бар ақын өлмейді екен!                   2014 ж.

 

***

Айтатын жерде үндемей қалам тілімді тістеп,

Біреулер келіп шатақ шығарса ұрынғысы кеп.

Алай да, дүлей бұрқасын болам ішімнен ғана,

Сырымды сонда ақтарам тек түсінген жанға.

Сөйлейтін жерде сөйлемей қалам сөзім біткендей,

Сөз ұғар адам болмаса егер өзім күткендей.

Үнсіз отырам, қайтемін соған сөзімді қор ғып,

Ондай жерлерден үндемей шығам төзімді сыр ғып.

Итпен ит боп ырылдап жатқан жөн емес тіпті,

(Ырылдың соңы айқай мен шу, төбелес шықты).

Үндемей қоям болмағандай сонда ештеңе,

Сөз айтып нем бар, сөз ұқпас кейбір кещеге?!                      2014 ж.

 

***

Ізгілердің  ізі  жатқан  ой да бүгін жоғалды,

Сұғанақтың сұрын көріп, ашкөздерге тоналды.

Жырламасаң, айтпасаң, өзгертпесең өңірді,

Мәңгіргендер мәңгілік өзгермейді со қалпы!

Білгенімді, түйгенімді жазып-сызып көрейін,

Одан басқа не айтамын, мына жұртқа не дейін?!

Ұнамаса оқымаңдар, қиналмаңдар, отқа жақ,

Қажет болсам қабылдаңдар, бір айналып келейін.                   2014 ж.

 

***

Күшік асырап ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Абай.

Қапты да, қанатты, мұңайдым,

Бір кезде күнім еді шырайлы.

Дұшпандай түйреді жанымды,

Қалғандар не демек былайғы?!

 

Осыңды тұрсың ба лайық деп?

Іздесең тағатын айып көп.

Сен мені көрдің бе әу бастан,

Өткелден өткізер қайық деп.

 

Жат емес, ілескен жақын ең,

Жайғасып төрімде жатып ең.

Көрсеттім, үйреттім, жол аштым,

Қай жерден қандай у татып ең?

 

Сағымды сындырды қапқаның,

Мың ойлап меннен кір тапқаның.

Үйретпе сен маған өмірді,

Мен көрген сыйды сен татпадың!

 

Ашуың жүр деме тарамай,

Көңіл ғой қалған ол қарадай.

Қадірсіз емеспін ұққанға,

Түсінер білгендер бағалай.

 

Ойландым, есімді жиып ап,

Нем бар-ау, басыма үйіп ап?!

Көңілдің қалғаны түк емес,

Санадан кеткенің қиын-ақ!

 

Не дейін? Жүр ылғи нақ басып,

Жол болсын өмірде, бақ тасып!

Сені ешкім жағаңнан алмасын,

Соңыңнан ергендер қаппасын!

 

Зырлаған, зулаған, заман-ай,

Қол бұлғап барады қарамай.

Басыңнан ала бұлт көшпесін,

Балтырың сау жүрсін қанамай!                        2014 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір