«ТАЖАЛҒА ТОСҚАУЫЛ» РОМАНЫНДАҒЫ ОБРАЗ
Тұрсынәлі Рыскелдиевтің «Тажалға тосқауыл» романының бас кейіпкерлері – Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен ғалым Сұңғат Арғынбекұлы. Негізгі кейіпкерлер – ұшқыш Талғат Қабылбекұлы және жапондық дәрігер Батри.
Романда Нұрсұлтанның әкесі – Әбіш, шешесі – Әлжан, әйелі – Сара, қыздары, достары, жетекшісі, Наташаның шешесі сияқты жанама кейіпкерлердің де образы тамаша дараланған. Нұрсұлтанның образы ақиық қыранның образымен жарыстыра бейнеленіп, көркемдік биікке көтерілген. Нұрсұлтанның ойының ұшқырлығы, қиялының жүйріктігі, қиындыққа төзімділігі романда тартымды оқиға-детальдар арқылы берілген.
Сұңғат халқының, арысы адамзаттың қамын жеген дара тұлға. Романның төртінші тарауында ғалым өзінің жерлесі, досы ұшқыш Талғаттың тікұшағында отырып: «Ғалымдар да пенде емес пе? Дегенмен, ғылымның аты – ғылым. Ғалымдардың дау-шарынан ғылымдағы жаңалық туып, шындық жеңіске жетеді. Дарвин тірі организмдер жөніндегі эволюциялық теорияның негізін салған еді. Діни ұйымдардың ықпал күші мен қоғамдағы ұшқары көзқарас ұстанушылардың жанына салған сұмдық ауыр жарақатынан сауыға алмай, өзін «эволюцияның жәдігері» атандырған сұм дүниемен, мәңгілік қоштасты емес пе?..» дейді ол Талғат досына. Ұзаққа бармай, жас ғалымның өзі де «Зобалаң» атты бесінші тарауда тергеушінің алдында сұраққа тартылады. Бірталай елдерде әзірленген атом бомбасы топырақтың сыртқы бір қабатын жалмап, қан төгілгендей етіп, қызыл керішке айландырып, күйдіріп кететіні шындық қой, тақсыр тергеушім?! Осындай жер бетіне келтірер тажалды дәлелдеп жазып жатпай ма ғалымдар? Шындықты айтқандығы, жазғандығы үшін жазалап, тұтқындап жатқан елді естігенім жоқ. Ал мен неге атом сынағына қарсы бір мақала жазғандығым үшін тұтқын боламын?» – дейді Сұңғат ғалым тергеушіге. Оған бас изеген тергеуші болмады. Жас ғалым жазықсыз тұтқын болып, түрмеде отырады.
«…Ғылымдағы жаңалықтың қалай пайдаланылуы ғалымдардың еркінен тыс. Саясат кейде ғылымдағы жаңалықты жетегіне алып кетеді. Мысалы: 1945 жылы АҚШ-тың жаңа Мексика штатының Аламокс ауылы маңындағы шөл далада тұңғыш рет атом бомбасы сыналды. Мұнысы Америка үкіметін айқұлақтандырып, озбырлықтың орасан зор символы болған атом бомбаны Жапония жеріне тастап, 140 мың жазықсыз жандарды ажалынан бұрын жалмады. Олардың атақоныстары күлге айналды…», – дейді ғалым тергеушіге екінші жолы сұраққа тартылып отырып. «Біздің елдегі бірінен соң бірі туындаған әпербақан саяси науқандар аң-құсқа да маза бермеді ғой. Мына аспанда қалықтап ұшып жүрген қыран да уайым-қайғыдан аулақ емес шығар? Мекенінен тыныштық кетіп, балапан басқан ұясы бұзылып жатса, қайғырмай қайтсын ол байқұс! Өзі аспанда еркін ұшып жүргенімен, ұясы бұзылып, балапаны қолды болса, көңілі неге құлазымасын?! Ядролық қару бәріміздің түбімізге жетіп тынар ма екен? Соған қарсы мақала жазамын деп, менің көрген күнім мынау! Атом бомбасы жарылған жердегі 140 мың адам мен ондағы жан-жануарлардың күні немен тынды? Атом қаруының көзі жойылмаса әлем халқына заманақырдың жақындағаны емес пе? Ядролық қарудың зардабына шынайы ашынып, оған қарсы тұруға бел шешіп, кірісетін әлемдік деңгейдегі көшбасшы керек-ау!..» деген ой жас ғалымның қиялын жаулап алды», – деп жазады жазушы.
«Арайлы таң атқанда» деген он жетінші тарауда Қытайдың билік басына Дың Шияупың шыққаннан кейін ақталып Сұңғат ғалымның саяси құқығы қалпына келеді. Сол тұста Сұңғат отызды аралаған кезі еді. Ол Абайдың 150 жылдық мерейтойына Қытайдан делегат болып келеді. Елбасы мінбеге көтеріліп, ұлы ақын Абай туралы сөйлей бастағанда, Сұңғаттың етжүрегі елжіреп, еркінен тыс көзіне жас алады. «…Бір жағынан ысқырған айдаһардың, екінші жағынан ақырған аюдың ортасында, қаһарлы жоңғардың бір бүйірінде, қоқиланған Қоһан қандығының тегеурінді тепкісіне ұшырап, мың өліп, мың тірілген қазағым-ай! Бағың жанып, айың оңынан туған екен бүгінгі таңда. Біздің халқымыздың жүрек қанының тумасы болған ұрпағынан да Елбасы болады екен-ау! Тәуба Тәңірім!.. Тәуелсіздіктің арайлы таңы атып, нұрына бөленген қазақтың маңдайына мәңгілік тұрса, шіркін, бұл – бақыт!..» – дейді Сұңғат ғалым ішінен. Ол осы жолы Елбасының қабылдауында болып, шетелдегі қандастардың атажұртқа оралуы туралы Елбасының үндеуіне үн қосып, өзі де кешікпей атажұртқа қоныс аударады. Елбасының ядросыз әлем құру идеясымен жас кезінен таныс болған ғалым ақыры асқақ арманына жеткендей болады.
«Тажалға тосқауыл» романындағы дара кейіпкерлердің бірі – алып денелі, еңсегей бойлы, ер тұлғалы ұшқыш – Талғат. Бірақ, оның жүрегі жұмсақ. Махаббатқа, сезімге иілгіш.
Бұл романның тағы бір негізгі кейіпкері – жапондық дәрігер Батри. Оның атом бомбасына деген өшпенділігі ерте оянып, тым болмаса полигон зардабынан қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдарды емдейін деп, медицина саласында білім алады. Кейін досы Шарапаттың көмегімен Қазақстанға келіп, Семей полигонының кесірінен кем туған, қатерлі ісік ауруына шалдыққандарды емдейді.
«Тажалға тосқауыл» романындағы жетпістен аса кейіпкерлердің образ даралығын түгел талдап, дәлелдеу, әрине, шағын мақаланың міндеті емес екенін әркім-ақ түсінер.
Гүлнар СЛАМБЕКОВА,
Садыр орта
мектебінің мұғалімі
Алматы облысы
Панфилов ауданы