Бұрынғының сөзі

0
118 қаралды

330843_1023495325_lplvwhlwgrxsxk2fovwco (1)Дым татқан, қағазы жұқарып, үлбірей бастаған, шаң жұтып жатқан газет тігінділерін парақтау сізді мүлде басқа әлемге жетелейді. Өткен күн, өшкен ізді қайта тауып, әкелеріміздің заманын бір сәт елестетіп көресің. Партия жиналысында әдебиет туралы сөйлеп, өлең оқып тұрғанда, жаттағаны есінен тарс шыққан қарт қаламгердің әлдебір жас сыншыдан «ары қарай қалай еді?» дегенде, ол іле жауап қатып, сарнай жөнелгенін де қиялыңда тамашалайсың.
Қатары сиреген қаламгерлердің Одақ алдында қауқылдасып қалып, бір-біріне риза қалыпта жайраңдасқан жас кездерін ойлау да адамға ерекше сезім сыйлайды.
Сол сарғайған беттерден үзік-үзік сырларды ардақты оқырмандарға да жеткізгіміз келді.

БЕЛЕСТЕН БЕЛЕСКЕ

…Ешқандай жаңалық емес, баяғы машық, сүрлеудің ізімен жазылған өлең, толғаулар, лирикалар бізде өте мол. Өлеңге, поэзияға деген сын да, талап-талғам да онша күшті емес, осыдан келіп қазіргі поэзияда жалаңдық, схематизм, тұрпайылық, тіл, ой кедейлігі, ақындардың бірін-бірі қайталайтын белгілі стандартқа ұрынушылық елеулі орын алып отыр. Бұл кемшіліктерден арылудың жолдары, мүмкіндіктері бізде мол.
Жалғыз поэзия ғана емес, жалпы жаңа шығармаларға үлкен жауапкершілік, қатал талаппен қарайтын екі түрлі сын керек. Бірі – жазушылардың ортасында, баспа орындарында шығарманы қадағалап қарап, талқылау, сыннан өткізу. Ең қатал сын да, нағыз пайдалы ақыл-кеңес те шығарманың авторына, міне осы жарық көрер алдында айтылған мақұл. Амал қанша, бізде сынның, көмектің бұл түрі тіпті әлсіз, жоққа тән. Екіншісі – басылған, жарық көрген шығармаларды сын елегінен, талқылаудан өткізіп, жалпы әдебиетіміздің дамуына қуатты ықпал жасайтын өткір, батыл, әділ, жанашыр сынды өрістету. Сынның осы екі түрінің де қазіргі әдебиетіміздің даму тағдыры үшін аса қажет екендігі баршамызға аян…

Есмағамбет Ысмайылов.
№22, 1960 жыл.

ОРЫНДЫ СӨЗ ОЙЛАНДЫРАР БОЛАР

Қаламдас достардың толғанып айтқан пікірін құшақ жайып құп алған қандай ғанибет! Өз жанымызды қинап туған шығарманы ешкімнің кемсітпегені жақсы-ақ, мақтағанды кім жек көрсін. Бірақ мінді айтқанға шамданбай, жанашыр сөзге құлақ асқан абзал-ау! Меніңше, шамшылдықтың төркіні – дандайсушылық.
Жазушы Бердібек Соқпақбаев «Балалық шаққа саяхат» повесінің қолжазбасы былтыр өзіміздің ортада талқыланғанда, сын-пікір айтқан қаламдас достарының сөзіне шамданыңқырап қалған еді. Олай-бұлай ауытқып сөйлеп тұрып, бірақ сөзінің соңында «айтылған пікірлермен санасамын» дей салған.
Жақында осы повесть жеке кітап болып басылып шықты. Бірақ автор қаламдас достары айтқан елеулі сын-пікірлермен санаспапты. Неге бұлай? Мен осыған таңырқаймын. Автор әлде қаламдас достарының пікірін «бөтен бір пиғылмен, қасақана айтылған» деп ойлай ма? Жоқ, біз – бәріміз де бір мақсаттағы адамдармыз, мұрат-мүддеміз біреу-ақ. Сондықтан да автор ондай ойға оралды деуден аулақпын. Әлде автор: «Жеттім, толдым, өз ақылым өзіме» дей ме?
…Шынында да Бердібектің жаңа повесінде мін жоқ па еді? Қаламдас достарының пікірі ағат па? Иә, олар не айтып еді жазушыға?
Бердібек, сен өмірдің көлеңке жағын көрсетуге тым құштарсың. Некен-саяқ ұнамсыз әрекеттерді, күңгірт құбылыстарды жиып-теріп, қара бояуды қалың жағып суреттен, осыны бүгінгі әлеуметтік бір ортаның тән сипаты етіп көрсетіп қоясың. Геройларыңның жөнсіз қылығына елігесің. Осының бәрі совет адамдарының бүгінгі нұрлы өмірін үстірт білуден туады. Сен мына шығармаңда реалистік өмірдің тереңіне бойламай, көбісін ғана қарпығансың, – деп ескертті емес пе?
Негізгі пікірлер осыған сайған. Мүмкін, бұған автордың әлі де құлақ асқысы келмейтін шығар. Оның әрекетінен осы байқалады…

Нығмет ҒАБДУЛЛИН.
«Қазақ әдебиеті».
№15, 1960 жыл.

ЕЛЕҢ-АЛАҢ АЛДЫНДАҒЫ ДҮБІР

Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының бірінші кітабы жайында.
…Тип мәселесіне автор қатты шүйліккенін танытты. Түптеп келгенде «Қан мен тердегі» тапталған ар, қанды жас, булыққан өксік осы көкірек сығар қалпында көп қан, көп жас, көп өксіктен теріліп алынып отыр. Романның негізгі образдары шын суреткерлік сезімге суарылған, үшкір жытылықпен кезігіп типтелген. Романның трагикалық беттері дала төсіндегі тұншыққан тазалықтың, интеллектің бір сәт бұлқынып, жарып шыққан азалы дыбысы арманды зарындай әсер етеді. Өмірге өкпелі, зұлымдық қанжары желкесіне төнген көп кедей тағдырын келесі кітапта Ә.Нұрпейісов осы ширыққан бетімен бой жаздырса, «Қан мен тердің» реалистік эпос дәрежесіне көтерілгеніне дау қалмасқа керек.
Әрбір шыншыл жазу – ең алдымен психологиялық жазу. Ә.Нұрпейсовте де сол. Психологизм бір бұрылыс сәттерде оқиғаның, кейіпкер жан күйінің әбден қабынып үдеген кезінде ғана келмейді, оны дайындайды; бүкіл композиция өзегін тамырша орап, тірлік тынысын аша, айқындай түседі…
Бұл – сол бір қарбалас кездегі төгілген қан мен терді шабытқа орап әкелген әдебиеттің белбаласы боларлық қасиеті бар кітап туралы кейбір ойлар…

Асқар Сүлейменов.
«Қазақ әдебиеті».
№8, 1962 жыл.

ЖЕҢІЛ ТАРТҚАН ЖҮК

Ал Жолдасбай Тұрлыбаевтың «Аңшының әңгімесі» атты кітабын қолға алғанда, орыстың ұлы жазушысы И.С.Тургеневтің «Аңшының әңгімесі» деп аталатын, аузыңның суы құрып тамсана оқитын әйгілі шығармасы еске түседі. Онда крепостнойлық тұрмыста өмір сүрген орыс шаруасының қат-қабат характері сан қырынан ашылып жатады. Ол характерлердің кілті – аңшы айтқан әңгімеде.
«Шолаққыран» және «Қыран қазасы» әңгімелері тастүлегінде қасқырға түскен бүркіттің нағыз қыраншы қимыл көрсеткенін қызықты етіп баяндайды. Саусағын шайнатып қасқыр алған қыранның өжеттігі балаларды ғана емес, ересектерді де елітіп әкетеді. Автор аңшылықтың барлық қыр-сырынан хабардар екендігі әрбір деталь, әрбір штрихтан білініп тұрады.
Жинақтағы «Шынар» деп аталатын әңгіме желісі жалғызбасты Варвара Васильевна мен көршінің қызы Шынардың арасындағы ана мен бала махаббатына құрылған. Балаларға арналып интернационалдық тақырыпқа жазылған әңгіме жылылығымен баурап алады. Орыс әйелі мен қазақ қызының арасындағы үлкен сүйіспеншілікті ашатын деталь – көз жұмар алдында төрт атасынан бері қара мұра боп сақталып келе жатқан ағаштан ойып жасалған сұңқардың мүсінін Шынарға мәңгілік ескерткіш етуі.
Дегенмен, осы әңгіменің өн бойында шұбалаңқылық бар. «Варвара Васильевнаның өнегелі өсиеттері, айтса таусылмайтын ертегі-әңгімелері, ақыл-кеңестері кішкене қыздың білімін толықтыра түсетін» (72-бет), «Осы бір өн бойы ертегі-әңгіме, жыр-дастанға толы қарт әже мен жас шыбықтай Шынардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі ана мен баланың арасындағыдай ыстық болып кетіп еді» (64-бет) деген секілді қарабайыр түсініктеме тілі кездесіп қалады.
Қуандық ТҮМЕНБАЕВ.
№4, 1977.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.