Ұмытпаңдар мені!
30.11.2018
3257
0

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ:


Желтоқ­сан­дағы қырғыннан кейін көп ұзамай қазақ зиялылары Колбинмен кез­десті. Сонда мінберге көтеріліп келе жатқан Сафекең Колбинге бұрылып қарады да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсет­тіңіз. Бірақ, көрермендерге жауап бермес бұрын алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қар­қыл­дап күлдіңіз. Осы сәтте үйде те­ледидар көріп отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені, бұл күлкілі сұрақ емес еді. Маған осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездес­кенде байқағаным: көптің алдында неге ыржыңдап күле бере­сіз?
Сол отырыс­та Сафекең: «Колбин жолдас, жастарға неге осынша қорлық көр­сетіледі? Шовинистер, қазақта ұлт­шыл адам болған емес. Сенбе­сеңіз, екеуміз көшеге бірге шы­ғай­ық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше өзім керосин құйып өртеп жіберейін…», – деді.


«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына тоқсанды алқымдаған әжеміз – Бағдат Шаймерденкеліні арнайы келіпті. Қолында жары – белгілі қаламгер Сафуан Шаймерденовтың жазбалары мен қаламгер туралы естеліктері бар. «Ағаларыңды ұмытпаңдар!» дейді тоқсандағы кейуана.


БҰЛ СУРЕТКЕ ЕЛУ ЖЫЛ

Ертеректе жазылған «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» дейтін есте­лік-әңгімемде мынадай жолдар бар: 1945 жылдың октябрь айында тағы да Алматыға келдім. Ол кезде Сол­түстік Қазақстанның «Ленин туы» газетін­де істеп жүрген кезім бола­тын. Алматыдағы партия мектебінің жа­ны­нан ашылған тоғыз айлық журналистік курсқа облыстық партия комитетінен жолдамам бар. Абтобус, машина дегендеріңнің жоқ кезі. Жаяу­лап-жалпылап қала­ның орталығына жеткенше түн жары­мы­нан ауды. Қонақ үйде орын болмай шықты. Таныс, жақын деген атымен жоқ. Енді қайттім? Кенет көз алдыма Сәбит Мұқанов­тың жылы жүзі келе қалды. Өйтпе­сек қазақ боламыз ба, ұйықтап қалғанына қарамастан салып ұрып Артиллерия көшесін­дегі (қазіргі Құрманғазы) таныс үйге келдім де есік қақтым. Көп күт­тірмеді, Сәбең­­нің көпке таныс тарғыл даусы шықты:
– Бұл қайсың?
– Бұл бір ел адамы, – дедім мен атымды ұмытып қалған шығар деген оймен.
Әлгіндей болмай есік ашылды.
– Е, Сафуан екенсің ғой? Ел ада­мы дегенше, жөніңді неге айт­пай­сың?! Ал, төрлет! – Сәбең тым жылы, құшақ жайып қарсы алды. Арада талай күн өтті. Сәбең жәй-күйіме әбден қанған соң:
– Курс деген не тәйірі, жазушы болғың келеді екен, университетке түс. Талантың қанша асып тұрса да білімсіз жазушы болу оңай емес, – деді.
– Университетте сабақ баста­лып қалды ғой, түсем дегеніммен қабыл­дамайтын шығар?..
Сәбең қағаз, қалам алды да әл­денелерді жазып маған ұстата берді:
– Мә, мына жолдаманы универ­ситеттің ректоры Лукьянецке апа­рып бер… Кешіксең де түсерсің деп ойлаймын.
Университетке бара жатып «не жазды екен?» – үңілсем, Сәбең бы­лай депті: «Бұл жігіт жаңа жаза бас­тағандардың ішіндегі көп үміт күт­тіретіні. Университетте орын бол­маған күннің өзінде де нашар оқитын біреуді шығарып жібер­­сеңіз де қабылдауыңызды өтінемін». (орысшадан аударылды. – С.Ш.).
Ректор жолдаманы оқып сәл жымиды да, «қабылдансын» деп бұрыштама соқты. Мен сөйтіп университетке түстім. Жатақханаға шығарда Сәбең маған 1937 жылғы бір суретін ескерткіш етті. Ол сурет күні бүгінге дейін қиын-қыстау ке­зең­нің асыл жадыгері есепті үйі­ші­міздің альбомында сақтаулы тұр.
Үй-ішіміздің альбомында сақтаулы тұрған сол сурет міне осы. Сырт жағында «Інім Сапуанға, ағалық ескерткіш. Сәбит. (1937 жылы Москвадағы «Москва гос­тиницасында түскен сурет. І. 12-х 1945 г. Алматы». – деген жазу бар.
Отыз жеті жастағы кәдімгі Сәбит Мұқвновын көріп қызық­тасын деп бұдан аттай елу жыл бұрын түсірілген суретті оқырман назарына ұсынып отырмын.
(Өкінішке қарай ол сурет сақталмапты. Редакциядан).

ҮЗІК СЫРЛАР

«Менің қазақ әдебиетіндегі ұстаздарым – Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсіре­пов. Бейімбеттің реализмі, Мұхтар­дың қазақ сахарасындай кең құлашы мен тереңдігі, Сәбиттің халықтығы, Ғабиттің астарлап сөйлейтіндігі, юморы ұнайды».

***

«Жазушы – өз халқының рухани көсемі».

***

«Мұхтар Шаханов – ХХ ғасыр­дың соңғы белесінде қазақ халқы дүниеге келтірген айрықша құбылыс деп танимын».

***

«Өмір шындығы ештеңеге де тәуелді емес. Ал әдеби шындық өмір шындығына тікелей тәуелді».

***

«Шығарма жазғанның бәрі жазушы емес!».

***

«Жастар қиялдай білуі керек. Ұлы арманнан ұлы істер туады».

***

«Қай күні дүниеден өтеріңді кім біліпті… Ал сонда дүниеден өтердегі соңғы сөзің не болмақ? Өзіңді қай қы­рыңнан көрсетерсің? Дүниеге келгеніңе рақмет. …Жақсы адам­дар­ға рақмет!..
Жоқ, жақсы адам – сенің кеу­деңде. Жақсы адам – сенің қан та­мырларыңның соғысында. Жақсы адам – сенің мінез-құлқыңда.
Жақсы адам… Сен жақсы бол­саң ғана жақсы…».

ҚАЗАҚТЫҢ АСЫҚПАЙТЫНДЫҒЫ

Ертемен келеді…
– Шәйға отыр.
– Отырайын.
Асықпай отырып бір-екі кесе шәй ішеді.
Үй иесі сұрайды:
– Ертелетіп, не, жәй жүрсің бе?
– Жоқ. Бәленшекеңнің үйі өртеніп жатыр еді. Шәйларыңды ішкен соң тездетіп келерсіңдер.


***

С.Шаймерденов – прозалық шы­ғармалармен қатар драма жан­ры­мен де айналысып келе жатқан жазу­шы. Оның әр жылдарда дүние­ге келген лирикалық, драмалық, коме­диялық пьесалары рсепу­бли­ка­лық, облыстық театрлардың ре­пертуарынан тұрақты орын алған.
С.Шаймерденов творчествосы туралы әр жылдарда респу­бли­калық, одақтық баспасөзде орыс жазушылары да, қазақ әдебиетінің классиктері де жылы-жылы пікір-лебіздерін білдірген:
«С.Шаймерденов – өзінің ал­ғашқы туындысымен-ақ көп көңі­лін бірден өзіне аударды. Ол қазақ әдебиетінің туын алға апаратын кейінгі ұрпақтың алғы сапындағы талант иесі».

Мұхтар ӘУЕЗОВ


«Сафуан Шаймерденовтің по­вес­ть, әңгімелері айырықша лириз­мі­мен ғана емес, сонымен қатар айшықты да кестелі, аса көркем тілі­мен де ерекшеленеді».

Сәбит Мұқанов


«Сафуан Шаймерденов өзінің «Инеш» романында жастар та­қыры­бына батыл сүңгіп кетті де, өз замандастарының рухани өмірін шынайы да шебер суреттеп бере алды».

Ғабит МҮСІРЕПОВ


«Сафуан Шаймерденов әде­биетімізге тұтқиылдан еркін басып келіп, бірден өз орнын тапты. Жәй келген жоқ, өзіндік идеямен өзіндік арман-мұратпен келді. Ол бұл мұ­рат-мақсаттарын жүзеге асырады деп ойлаймын».

Ғабиден МҰСТАФИН


ЕҢСЕМІЗДІ ТІКТЕТКЕН ЖҰБАҒАҢ МЕН САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВ БОЛДЫ

Сафекең сұлу, бойы – екі метр, «қазақ қайсы?» десе мынау деп көр­се­тетін азамат еді ғой! Желтоқ­сан­дағы қырғыннан кейін көп ұзамай қазақ зиялылары Колбинмен кез­десті. Сонда мінберге көтеріліп келе жатқан Сафекең Колбинге бұрылып қарады да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсет­тіңіз. Бірақ көрермендерге жауап бермес бұрын алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қар­қыл­дап күлдіңіз. Осы сәтте үйде те­ледидар көріп отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені, бұл күлкілі сұрақ емес еді. Маған осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездес­кенде байқағаным: жұртшылықтың алдында неге ыржаңдап күле бере­сіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап беріңізші?» – деді қасқайып тұрып. Колбин бол­са: «Жо-жоқ, олай емес. Мен тілді құрметтеймін», – деді. «Олай болса сіз неге мазақ еттіңіз? Еш уақытта халықтың тілін, халықтың ойын, мақсатын қалжыңға айналдыр­маңыз!» – деп кесіп айтты Сафекең. Сосын: «Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетіндегі баяндамаңызда ұлтшылдық туралы көп айтылды, ал шовинизм туралы бір сөз жоқ. Бұл Қазақстанда шовинизм жоқ дегенді білдіре ме? Сіз «Жоқ, оны білдірмейді. Қазақстанда шовинизм бар. Біз ол туралы баяндамада ұмы­тып кетіппіз» деп жауап бердіңіз. Бірақ бұл жердегі сіздің ұмытшақ­тығыңызда қандай да бір заңдылық жатқан жоқ па? Сіздің «шовинизм туралы ұмытып кетіппіз» дегеніңіз не сөз? Бұл деген сіздерде, Қазақ­с­тан Компар­тия­сының Орталық коми­тетінде ұлтшылдықтың шы­ғуы­мен күресудің арнайы жоспары бар да, шовинизмнің шығуымен күресетін терең ойластырылған нақты жоспары жоқ. Міне, сіздің жауабыңыздан кейін осындай көңіл көншімейтін, адамды жабыр­қа­татын қорытындыға келдім!» – деді. Сол отырыста: «Колбин жолдас, жастарға неге осынша қорлық көр­сетіледі? Шовинистер, қазақта ұлт­шыл адам болған емес. Сенбе­сеңіз, екеуміз көшеге бірге шы­ғай­ық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше өзім керосин құйып өртеп жіберейін…» – деді.
Сол басқосуда бәрі жағым­пазданып, Колбинді мақұлдап кетіп еді, әйтеуір, еңсемізді тіктеткен әуелі Жұбағаң (Жұбан Мол­да­ғалиев), сосын Сафуан Шай­мерденов болды. Мына сөздерден кейін шалқайып, асқақтап отырған Колбин иығы қушиып, екі көзі жер­ге қадалып, төбесінен біреу су құйып жібергендей үнсіз шоқиды да қалды. Ыржаңдап күле берді.

Софы СМАТАЕВ, жазушы


Өте талапшыл, айтқан сөзінде тұратын және соны елден талап ете­тін турашыл адам болды. Қи­сық-қыңыр, өтірік, жағым­паз­дық әңгі­мені бірден тыйып тас­тайтын. Жан-жа­ғын­дағылар­дың кемшілігін бетің бар, жүзің бар деп отырмай жайып сала­тын. Ондайда мен «Қайтесің өзіңе жоқ жерден дұшпан арт­тырып?» дейтінмін. Талайы теріс айналып кетті. Бірақ оған бо­ла күйіп-пісіп, қайта қарым-қа­тынас түзуге тырыспайтын да. «Мен саған қателігін қайталамасын, кем­шілігін түзесін деп айттым» дей­тін.

Бағдат ШАЙМЕРДЕНКЕЛІНІ,
Сафуан Шаймерденовтің жары


Сафуан Шаймерденов 1922 жы­лы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келді. Жазушы, драматург, ҚР халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Р.Та­гор кітаптарының аудармасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығы бе­рілді. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен мара­пат­талған. Алғашқы романы «Бола­шаққа жол» – 1953 жылы жарық көрді. Жиырмаға жуық кітаптың авторы.
2007 жылы 23 ақпанда көз жұмды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір