«Туған жерге тағзым» Түркістаннан басталды
23.11.2018
1846
0

Президент Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қа­ласының негізінде Түркістан об­лысының орталығы Түр­кістан шаһарында «Ту­ған жерге тағзым» кең ау­қымды жобасы бас­тал­ды.

«Отандастар» қоры ұйытқы болған шараның міндеті – алыс-жақын шетелдерде, Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Өзбекстан және Қырғызстанда тұратын қандастарға арнап, Қазақ­станның киелі жерлеріне тарихи-танымдық экс­кур­сиялар сериясын ұйымдастыру.
Екі күнге жалғасатын экскурсияның, ең алдымен, Түркістанда өту мақсаты – отандастарға Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан Баб кесе­нелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлерін таныстыру арқылы қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау.
Барша түркі жұртының Атажұртына келген қандастардың қадамына құт тілеп, зор құрметпен қарсы алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осынау маңызды кездесудің Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып жатқанын айтып, қатысушыларды Түркістанды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жөнінде нақты міндеті бүгінгі таңда қалай жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.
«Рухани жаңғыру» бағдар­­ламасы аясында 2018 жылы облыста 46 жоба мен 168 іс-шара белгіленіп, өткізілуде. «ТУҒАН ЖЕР» арнайы жобасының «АТАМЕКЕН» КІШІ БАҒДАРЛАМАСЫ шеңберінде Түркістан облы­­сында 2018 жылы 28 млрд. 156 млн.теңгенің жобалары, яғни, 428 нысан (облыс бөлінгенге дейін барлығы 445 нысан) жүзеге асуда, оның ішінде құны 887,2 млн. теңге құрайтын 23 нысан іске қосылды. Бағдарламада қойылып отырған басты мәселелердің бірі – адамды білімді, әрі рухани бай етіп тәрбиелеу. Осы мақсатқа бағытталған «ТӘРБИЕ ЖӘНЕ БІЛІМ» КІШІ БАҒДАР­ЛАМА­СЫ аясында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақ­са­­­тында 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын баспадан шығаруға жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге қаралып, 50 мың данамен шығаруға баспаға жіберілді. Бағдарламаға орай, қасиетті жерлердің тізімін қалып­тас­тыруға ұсыныстар әзірлейтін тарихшылар, ғалымдар, архео­логтардан тұратын арнайы өңірлік жұмысшы тобы құрылып, облысымыздағы қасиетті, киелі нысандардың тізімі іріктеліп, өңірлік карта жобасы дайындалды» – деді өңір басшысы.
Қ.А.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстан­ның киелі жерлері» тақыры­бында өткен дөңгелек үстелде әкім, сондай-ақ, облыс тарапынан «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына 104 нысан ұсынылып, оның ішінен 26 нысан республикалық тізімге енгізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталып, жалпы бағдарламалық мақаланың барлық міндеттері бойынша облысымызда атқарылған істерді айтып өтті.
Мұнан бөлек, жүздесуде «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, ҚР Ұлттық музейінің «Қасиетті Қазақстан» орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеевтар және шет елдік диаспора өкілдірі сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыз­ды­лығына тоқталды.
Жалпы, аталған «Отан­дастар» қоры алдағы бес жыл ішінде экскурсиялық турларды еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесі реттегі жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастыру­шылар­дың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік отандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.
«Отандастар» Қоры» «Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсиялар жобасын «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіп отыр. Жоба бағдарламасына «Қазақстан­ның киелі жерлер гео­гра­фиясы» көпфункционалды виртуалды картасы нысан­дарымен танысу кіреді. Аталмыш идея Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында бұл бастаманы басымдық міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын.
Қазір Қазақстанның тарихи жерлері тізіміне 185 жалпыұлттық және 500 өңірлік деңгейдегі нысандар енгізілген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір