Ол кезде кітап оқымау – күнә болатын
04.09.2015
1778
0
Менің алғашқы әңгімем студент кезімде, «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Шілденің ыстық күндерінің бірі еді. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында практикадан өтіп жүргем.

332037_131661239________________2Нұрғали ОРАЗ,
жазушы

Таңертеңгілік әдебиет және мә­де­ниет бөлімінің меңгерушісі Мархабат Байғұт ағам жылы жымиып, қуана қарсы алды. Қолымды қысып: «Құт­ты бол­сын, оқып шықтым. Жақ­сы екен. Жа­ңа осында Нәсіреддин (Сералиев) ағаң келіп еді. Ол кісі де мақ­тап жатыр», – деді. Осыдан соң төбем көкке жет­кендей боп қал­дым.
Сол жылы күзде КазГу-дің журналистика факультетінде бірге оқи­тын сту­денттер де маған ыстық ықы­лас біл­діріп, әңгімемді оқыған­да­рын айтып жатты. О-о, ол кезде әдебиетке, өнер­ге деген қызығу­шы­лық ерекше еді ғой.
Әлі күнге дейін іштей: «Шіркін, сол бір жетпісінші-сексенінші жыл­дар­дың қойнауына барып, бір күн се­руендеп қайтар ма едік!», – деп армандайтын сәттерім жиі болады.
Осыдан біраз жыл бұрын, нақ­ты­рақ айтқанда, 2008 жылы «Атамұра» баспасынан «Түнгі жал­ғыз­дық» деп ата­латын таңдамалы әңгімелер жи­нағым шықты. Міне, осы таң­даулылар­дың қатарына менің сол баяғы алғаш­қы әңгімем – «Долана» да енді. Оған өзім­нің көптен бері біле­тін достарым, әріптес­терім, оқырмандарым қуан­баса, ренжіген жоқ. Олардың біразы тіпті, қайта оқып шыққандарын айтып, «сенің «Доланаң» біздің баяғы балалық ша­ғымызды, қазіргі уақытта көзден бұлбұл ұшқандай болған қайран ауылды еске түсіреді», – деп жатты. Бұл әри­не, мұң аралас бір нәзік са­ғы­ныш се­кілді әсер қалдырады.
«Доланаға» өзек болған оқиға – на­ғашы атам екеуміздің жаз бойы шөп шауып, пішен тасығанымыз еді. Бір күні Өлмес әпкеме көрші ауыл­дың кісі­лері құда түсіп келді. Көп өтпей-ақ, той жасап, ұзаттық. Сонда үйге келген жұрт­тың легі тарқап, өзіміз ғана қал­ған кезде атамның есік алдындағы бір дөңбектің үстін­де қамығып, көзі жасаурап отыр­ғанын көрдім.
Расында да, атам мен апам гүл­дей мәпелеп қыз өсірді. Оның жат-жұрт­­тық екендігін әу бастан-ақ білді. Енді мі­не, құда-жекжат болып, өрісі кеңіп жа­тыр. Бірақ әке жүрегі бәрібір өз пер­зентін қимайды. Оның бұдан былай басқа ауылда, бөтен үйде тұра­ты­ны­на және солардың отымен кіріп, кү­лімен шығатынына сенбейді…
Сол күні менің көңілімді осындай бір ойлар толқытты. Кім білсін, сәл ға­на сіркіреп өте шығатын бір шөкім бұлт секілді мұндай мөлдір, таза, аң­ғал сезімдер әлі де болса адам баласына керек шығар.
Таяуда, түн ортасында Астана­дағы бір қымбат кафеде бас қосып отырған екі досым – суретші Сейсенхан Маханбет пен жазушы Мақ­сот Ізімұлы те­ле­фон соқты. «Әй, біз бү­гін кешкі са­ғат сегізден бері сенің әңгімелерің ту­ралы айтып отырмыз, құлағың шулап жатқан жоқ па», – дейді әзілдеп. – «Сол баяғы «Доланадан» бастадық. Шын айтамыз».
Мұндайда әрине, қуанасың. Бірақ көңіл шіркін сол баяғы жетпі­сін­ші-сек­сенінші жылдардағы әдеби ортаны аң­сайтыны да рас. Ол кезде кітап оқы­мау – күнә болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір