Менің ғайып періштем…
23.11.2018
2395
0

Гүлнұр Қасымзада


«Мен кіммін?..». Өз сұрағы өзін қинап, санасын сан-саққа жүгіртті. Кейде жан алқымынан сығымдай жағасына жармасып, кейде жан ашуын туғызып келеді. Арпалыстан арылуды ойлады ма, көлігін кілт тоқтатты.

– Иә, жауап бер: кеше кім едің? Бүгін кімге айналдың?.. Өз даусынан өзі секем алғандай айналаға көз тікті. Қараңғылықтың қоюлана түскенін сонда аңғарды. Түн түнекке айналып барады екен. Тоқтаған жері далиған дала, елсіз, өңсіз сары адыр. Межелі жер әлі алда. Таң ата жетер-жетпес аралық. Кенет сол жақ кеуде тұсы шаншып қоя берді. Бүктетілген күйі аз-кем отырып қалды. Кейде өстетіні бар, ойда жоқта. Ен далада еліріп жүрген есірік жел де дәл осы әлетте елп ете қалып ту сыртынан қапсыра: «О, жүрек жұтқан Пәкизадам, таразыңның сол жақ тасы ауырлап кеткен білем…» деп қойны-қонышына қол салмаққа ентелей берді. Адами тілде безек қаққанымен қоймай бір орынды дөңгелене шиырлап барып аспанға бір-ақ қарғыды да бір уыс топырақты бар пәрменімен көлігінің үстіне лақ еткізді.
«Сайтаналғыр! – жалма-жан көліктің ашық әйнегін жауып жатып, – Менде нең бар-ей, есірік неме?» деді назалана намыстанып. Кеуде тұсын кеулеген шаншу аз-маз саябырсығандай болды. Бұл «аурудың» әдеті осылай: тез басталып, тез бітеді. Әйтпегенде, дені сау, басы аман.
Көліктің шамын жағып, жапсырулы айнасын өзіне қаратты. Өзі ме, өзі емес пе? Қас-қабағын қайшылаған сұсты Қыз бұған қадала қалды. «Күнәһарсың!..» деді бұл оған ұнатпай қарап, «Қарай гөр мұны!..». Жүзін тайдыруға шамасы келмеді. «Сен қандай болсаң, мен де сондаймын…» – деді анау. Сынай қарап тұрған секілді. Лезде жуасып қалды. «Күнәлімін, – деді бәсең үнмен, – Сол үшін де жазалымын, күн өткен сайын өз күнәма өзім белшемнен батып барамын… қайғырып қатайсам етті!».
Ол көлігін жеделдете оталдырып, шолжақай желдің желкесіне мінгендей құйғыта жөнелді. «Әлгі неме менен де сұлу ма, қалай өзі?.. Жо-о-қ, мен одан әлдеқайда!..». Түн тыныштығын бұзып, жарығын ұзарта қозғалып, көзін алға тікті. Жел де, ел де артта қалып қойғандай… Жол жарығы қара түнді қақ айырып қара жонға ілікті…

***

«Қасиеттім… мен келдім…». Көзі жасаурап, жанары жібіп сала берді. Өзі байқады: бірер тамшы бетінен сорғалай ағып, ыршып түсті. Қара түнге жұқ болар ма, кім білсін… «Мен келдім… етегіңнен гүл үзген Елігің келді, киелім…». Бұл – Қазығұртпен есендескені. Кие иесі үнсіз. Құмыға, аз-кем тұншыға шыққан сәлемге кім «әлей…» десін, ақыраяғы үлпетпе жел де желпіне қойған жоқ. Қара шекпен жамылған тау қабағы қабарыңқы ма, қалай?.. Ақ жүзін көлегейлеген қызғылт шәлісін төмен түсіре басын иіп, тізесін бүге, белін ие тағзым жасады. Талай да талай жол мен жонды артқа тастап талыға, таусыла жеткен келісі бұл. Талай да талай таңғы ұйқысын бөліп, жан тынысы мен бал тынышын алған Тау Құдіреттің томағатұйық томсырайған мына қалпы сезігіне секем алдырғаны рас. Әлде, беймезгіл уақытта келдім бе? Бейсәубет адам емес едім ғой?.. Әлден соң таң да атады, қызыл шырайын төгіп, ақшаңдақ арай әр беріп… Дәл осы қызылжалқын мезетті балаң кезінде талай мәрте көрді емес пе?! Иә, мына тау етегіндегі аз ғана үйлі ауылда… Қазір ол ауыл… Айнала-төңірекке амалсыз қарап аңырды. Ол жалғыз, Тау жалғыз. Тілсіз түн үнсіз мұны жат көргендей жабағысын жамыла түсіпті.
Иә, келмегелі де біраз болыпты-ау… Марқұм әкесі айтып отырушы еді… Көп нәрсені… Соның ішінде мына бір тәмсілі ерекше есте қалыпты. «Қызым, – деген оған, — Сен де анда-санда келесің… қаладан. У да шу, азан-қазан, әсіре әлеміш… Ауылдың әуселесі мынау. Екінің бірі білмейді: қазір аруақ та, рух та әлгі у-шудан безіп тау етегіне паналап жатыр. Ауыл сыртындағы мазаратты айтам. Ал Рух… Көк мейманасы көзге көрінуші ме еді, тәйірі!.. Ол да өлместің кебін киюлі…».
«Ей, жарықтық…». Терең күрсініп салды. Кімге айтты: тауға ма, жоқ әкесі… Өкініш пен өксік аралас дем өзегін өртей өңешіне кептелді. Тұншыға тыныс алып етектен беткейге беттеді. Айбат шеге ысылдап, өршелене кері итерген қаңғыма желмен қарсыласа әудемжер жүріп, біраз биікке өрлеген. Жан-жағына жабайылана қарап, тыпыршып тұрғанда ақмұнар арасынан өзіне етене таныс дүние көзіне оттай басылды. Сол-сол екен, көптен бері езу тартпаған сұп-суық өңі өзгере өзеуреп, сүріне-қабына жарлауытты жағалап буланып жатқан бұлаққа тап келді. О, тоба!.. Сол қастерлі зәмзәм суы, тұма бұлақ көзі! Булыға жылап жатқан секілді… Еңсесі езіліп әлденені сезінгендей ебіл-дебіл күйге ұшырады. О, Жасаған!.. бұлақ та жылайды екен-ау?.. Оны біз сылқ-сылқ күлкі деп жүрсек! Байқағаны — бұлақ маңы тып-тыныш, әлгі, манағы алдын кес-кестеген ызалы жел де үп еткен жоқ. Қойнаудың қос бүйіріне тығыла қалған қайнар көз көлденең көкаттыға қайдан шалына қойсын. Ал бұл оны жазбай, жаңылмай тани кетті емес пе?! Жақпар-жақпар жартасты жарып шығып жоғарыдан ылдиға сырғи аққан сылдыр-былдыр бұлақ әні Әлдиін бөлеген «Бесік жырындай» іңгәлайды. Кәдімгі, ілкі сәт, іңкәр дүние… «Кел, келе ғой» дейтіндей бұған мейірбан бастау: «балқаймақ дәмнен тат, таңдайыңды жібіт, шөліркеп келген боларсың… бұл да бір анаң… жанымдағы жасыл құрағыма жантай, басыңды жартасыма сүйе, демал…».
Әлгіндегі қарауытқан айнала-төңірек ақбөздене ағараңдап ашыла түскендей ме, қалай… Қазығұрттың құзырлы құшағы имене түскен өзіне исіне қалған сыңай аңғартады. Тынысы ашыла, тәттіні сезінген баладай маңайға сүйсіне, тамсана қарады. Кәусарға қос алақанын салып жіберіп ілінген інжу-маржанды асыға-үсіге аузына тосты, таңдайына басты. Шашылған су, ашылған тыныс, бұрқаған шапақ… Аздан соң әлдене есіне түскендей орнынан атып тұрып тау бөктерінің қуыс-қуысын тінте жөнелді. Ана бір кезгі жасыл көктемнің жауқазынына қызыққан, қозықұйрығына дәніккен дәмешіл дәйістей. Жоқ! Бұл жолы Ол – жоқ іздеген жолаушы! «Мен жоқ іздеп келдім, Киелім, бәлкім, ол осында шығар… Бір кездегі қыр-беткейіңдегі қырмызы гүліңді иіскеп, көбелек қуған, етегіңе оралып жидек терген баяғы бұла шағым құла сағымға айналды ма.., өңім түгілі түсіме неге енбей жүр.., соны сұрағалы, бар болса қуанғалы, жоқ болса… жо-жоқ, мүмкін емес…». Тамағына тас кептеліп қалғандай арғысын айта алмады.
Сұлу, әдетте, кие, қадыр, қасиет… ұғымдары жәйлі ойласа, балалық шағы өткен осы туған жері – берекелі Бесіктауы есіне түсетін. Пайымынша бұл тау теңдессіз биік саналатын. Әйтпесе, Әулие Қошқар тау, кемеқалған… Ол бір ұзақ әпсәна ғой, шіркін… «Сен білесің ғой, Қасиеттім, көзімнің ағы менен қарасындай бірі әппақ, бірі қара егіз құсым бар еді екі иығымда қонулы. Қос шынарым да, тіпті, қос қанатым да солар болатын. Өмірдің көшіне ілесіп, пырағымның жалына жармасқан шағымда, аспан-жер арбасқандай, ақ пен қара алакөзденіп бір-біріне жау болды. О, тәңірім, Қарада мін жоқ, Ақта мұң көп. Екеуі де менікі. Әлгі ғайып Ақ құсым, мендегі қатыгез һәм сатқын ойлармен алыса жүріп көп нәрседен құтқаратын. Қара түнектен түңіле бастасам, шуағын себе, шырағын жаға жетіп келетін жаныма. Қара бұлттан қаймықсам, ақ қанатын қалқан қылып жұлдыз жұрты, Ай елінен лездем хабар беретін. «Құс жолын» құзырыма төсейтін. Мен ай-ры-лып қалдым!.. Жазықсыз басым жапагерге айналды. Шын едім, сұм болдым. Адал едім – арам… Миығымда мысқыл, көз қиығымда уытты ұшқын. Сырты дүр, іші сұр сұмырай сиқырмын сан құбылған!..».
Сұлу шалық шалған кісіше көйлегін шұбалтып әрі-бері жүріп алды. «Кімге айналды деймісің?» деді әлдекімге шүйліккендей тоқтай қалып, – Ақ құсынан айрылып, қас-қабағы Қара құсқа қарап қалған сырты сұлу, сұрқы сиқыр мүләйім міскіннің тап өзімін мың құбылған, иә, иә!». Дауысы жарықшақтанып қатты шығып кеткенін де, жетпегір желдің табан астында тағы тап келе қалғанын да байқаған жоқ. «Кім екен сұғын қадап, құрықтаған? Кім екен құжырамды құлыптаған? Кім екен оғын кезеп атып алған? Қасарып қара жолда жатып алған?.. Кім екен? Әлде, шынымен Қара құстың жетегіне еріп, дегеніне көніп Ақ құсымды алақанымнан ұшырып алғаным ба? Періштемді Тәңірі өзі иығыма қондырған күнәсіз, күмәнсіз әзіз аяулымды?..». Ары қарай сөздері үзік-үзік құмығып, сабырсыз халде сарқыла берген. Өрілген шашы алды-артына шашыла берген соң басын шалқайта сілкіп тастады. Тізесін бүгіп сояудай тырнақтарын қара тасқа қадай ышқынды. «Әкемнің айтқаны қайда? Ол да бір хақтың қапысыз, қамкөңіл жаратылысы еді ғой… бәлкім, менен біржола көңілі қалып мұнда жансауғалап келген болар ма? Айтшы Қасиеттім, дүние сол бір адалымды қайда жасырды? Қай тұста қалдырды? Жадап-жүдеп, жылап-сықтап жүр ме екен?..».
Тау орнына тас, Жер орнына жел үн қатты екіезулеп: Тас: «Неге менің бетімді қанжоса ғып тырмалап тастадың?». Жел: «Сен күнәһарсың, Пешенеңе жазылған періштенің пейілі енді саған бұйырмайды, келген ізіңмен кері қайт! Ол өлі. Өлтірген өзің!..».
– Өлі? Мен қолымды қанға малған емеспін.
– Адалдығын, арын тәрк ету өлім емей, өлтіру емей немене?
– Жоғалтып алғаным болмаса, Ол тірі!
– Іздеп әуре болма. Оның мекені жерде емес, көкте! Көкке қалай ұшасың, ақымақ?
Аз-кем меңіреу тыныштық орнай қалды. Жел желіккен күйі сұқ саусағын шекесіне қадап сақ-сақ күлді:
– Жынды мен бе десем, сен екенсің ғой, өз періштесін жалмаған жалмауыз жанға не дерсің?..
…Сұлу үн-түнсіз басын төмен тұқыртып отырып қалды. «Неткен сұрқия, сумақай да шыншыл неме ме? Табада шыжғырғандай табалай кетіп бара жатқанын қарашы…». Орнынан түрегеліп етегін тұман жайлай бастаған Қазығұрттың сұлық сұлбасына көз тікті. Толайым тұлғасы жас толы жанарына сыймағанымен, шарасында шайқалып кеткендей болды. Теңселіп бара жатқан бойын әрең тіктей Таумен қоштасты. Қату қабақ, сұп-суық күйде белгісізге ақырғы арзуын арнады:
– Кеш, Періште құсым. Қайнаған өмір арпалысы мен қалтарысында кеудемдегі жетім үн әлі сан рет шырыл қағып жан-жағына жаутаңдай қарап, әлдекімін жоқтар. Мынау тау-тасқа қаңғалақтай келіп көк жүзіне телмірер. Жан баласына дыбысын да, сыбысын да білдірмей өксіп-өксіп алар. Ең азабы сенсіз жалғанға етім өле бастады. Бұл – менің шертпе күйдей соңғы шерім. Енді алапат жазамды қайыспай өтеу үшін және тағы да күнәға бату үшін мен жүрейін…
Лас күнәлары мен мас кінәларға малынған Өмір мекеніне қарай жазықты да жазықсыз күнәсін арқалап кері бұрылды. Еңісте қорабы құдды сасық қоңызға ұқсаған көлігі күтіп тұр еді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір