К-ның хаты
23.11.2018
1776
0

Байсын қыр. Құдай да ұмытқан кәрі қыс­тақтың оң жағында шағын өзен орналасқан. Беті тұнық, ба­лығы бақадай шулайды. Ерке өзеннің беткейінде әлдене қара­уыта қалса, ол басы өртеніп, түбір­тегі ғана қалған күйелеш қара ағаш деп біліңіз. Түбіртек іші қожыраған жәндік.

Сүлесоқ қара томардан өзге тұтас әлем барын, жүз миллиард­қа жуық галактика, Күн секілді жарық шашқан дене, ас­панның әше­кейі іспетті сүмбіле, үркер, қосар жұлдыз, үйір­ж­ұлдыз, темірқазық сынды миллиондаған жұлдыздар барын, жер деген ғаламшар ішінде адам деген қос аяқты тіршілік иесі мекен ете­тінін әлдебір күш келіп айта қалса, қуыс ішін­дегі жәндіктер бұған мүлде сенбес еді. Бәлкім ішегі түйілгенше күлер еді ондайда. Тек әрқайсы өзді-өздерімен қырық пышақ бо­лып жатқаны. Керілдесіп, біріне-бірі масыл болған тірі ағзалар. Ішіндегі ең белсенді «Армандай білуге қабілетсіздер» одағы әр жи­на­лысында дәріс оқиды. Сондағы­сы мынау: «Өмір деге­ні­міз — өлімге кезекке тұру емес», ол сүйікті та­­мақты төкпей ішуден басталады. Сіздер, мар­хаматты мырзалар, ең бастысы, түнде тырнақ алмаңыз­дар, асықпаңыздар, біз ұлтымызды сақтауымыз керек!». Осы бір сөзді Құдайдың қара кешіне дейін қай­талаушы Сөзқұрал мырза деге­ніңіз, кәдуілгі жәндіктер­дің ақса­қалы. Тұқымы маскүнем­діктен қы­рыл­ған қарттың аяғына екі түрлі кебіс киетіні қызық-ақ. Кей­де құрдасының бас киімін шұл­ғау орнына орайтыны тағы бар. Әр жек­сен­біде көпе-көрнеу қар­жы­сына өзін мақ­тау­дан жарыс ұйым­дастырады. Жарыстың бү­гін­гі тақы­рыбы: «Сөзқұралдың қызыл сау­сағы».
Ауыз қайшысы кездіктен өткір осы бір ортадан әлдебір К есімді жас жәндіктің кеткісі келетін. Тым аулаққа, тіпті бас ауғанға. Кейде түбіртектің төбесіне шығып, үс­тінде нендей әлем барын, нендей тіршілік иелелері мекен ететінін көруді іштей айлапат арман ететіні бар. Ұшарға қанатсыз. Сөйлерге құлақ іздейді де, ылғи да көз табады. Айналасы табиғи қажеті мен тәбетін баққан тобыр жаңғы­рығы. Көмей оркестрі.
Бірде жас К-ның жоғалып кет­кені жайлы қауесет қардай борады. Күмәннің соңы расқа айналды. Қы­зығы, соңына бір тілім хат қал­дырыпты. «Құдық» тілінде жазыл­ған жазбаны көзілдірігін мұрын ұшына сырғытқан ақ шаш­ты шы­мал ханым оқи жөнелді. Бәрінің құлағы емес, денесі осында.

К-ның хаты

Құмырсқалар, шымалдар, жал­пы жәндік­тер!
Мен өз арманымның, өз ойым­ның іске ай­налғанын көрдім. То­мар үстіне шығып, өзге де өзен барын, өсімдіктер, гүлдер, бауы­рымен жорғалаушылар, құстар, биік ағаштар, топы­рақ, аспан денесі барын ұғындым.
Білесіздер ме?
Сіздер әбден жасыққа айнал­ған ұрпақ­сыз­дар. Сіздер өз бойла­рыңыздан әріге қол созу­дан өлер­дей қорқасыздар! Тіпті білуден де. Білсеңіздер, оны орындауға тура келеді. Жауап­кершілік артылады. Миларыңыз – қолына шыбық ұс­тат­саң, онымен тек шымал қайы­руды ғана ойлайтын сыңаржақ пікірлер жиын­тығы ғана. «Елге болыстым» деген «ердің» етігін шешсең, ішінен «өз абыройым үшін» деп аталатын қоқымдар өре шығады. Оған ұлттың қайысқан қабырғасы, бүгілген белі, таянған таяғы, бәрі илиюзия! «Ақылды жәндіктер бар, мінерге есегі жоқ, есектей жәндіктер бар, өмірлік есебі жоқ».
Сіздер ақсақалдар! Неге қыр­қы­сасыздар! Не жетпейді өздері­ңізге! Сіздер жайлы арақ пен әйел­ден басқа не естелік айта ала­мыз? Тасбақа өзінің бармақтай басын жасыру үшін тоқсан тоғыз қабат тасқа оранады. Бірақ өзінің сол бір жұдырықтай басының ешкімге қажетсіз екенін білмей ме ол?!
Шартты ұғымдар, шартты ой­лар, шартты әрекеттер, шартты сөздер, бәрі шартты. Адам қолы­мен құрылған заңдар Құдай заңы­нан тө­беге озды. Егер жаман ойла­сақ Құдай жаза­лайды, егер оны істесек Құдай мен адам заңы бір­дей жазаға тартады. Бірақ қай­сынан көбірек қорқамыз? Әрине, адам заңынан! Егер адам заңы жойылса, жер бетін тозаққа айнал­дырып жіберуден тайынбаймыз. Шартты. Бәрі шартты ұғым. Мәсе­лен, әр кезіккенде бір-бірімізге «қа­лай­сың» дейміз, бірақ бірімізге біріміздің қалай екеніміз, бауы­рымыз ауырғаны, балтырымыз сыздағаны қызықсыз болуға ай­налды. Егер хал сұраушыға ауырып отырғаныңды айтсаң, әрі кетсе екі минут уақытын бөліп толыққанды жағдай сұрағандай болуы мүмкін. Сөйтеді де жөнімен кетеді. Ол тек өз шартын орындады.
Білесіздер ме?
Біз кітапты не үшін оқитыны­мызды ой­ландық па? Жо-жоқ! Әріге барса өз өнері­мізді ұштау үшін, бойдағы аз ғана талантты дамыту үшін оқимыз. Ғұмырдың мәнін, жарықтың мәнін, жылудың мәнін, өз мүшеміздің мәнін ұғы­нарға оқитын қайсыңыз бар? Егер ол мақсатқа табан тіреп оқыр болсақ, әр оқыға­ны­мызды түйсі­нер едік, іске асырар едік. Біз­дің түбіртекте, білесіздер, қабығында сұйықтығы, сілекейі бар қызыл қоңыздар ғұмыр кешеді. Олар кез-келген жәндікті мас қылып, со­ңы­нан оп-оңай қылғыта бастайды. Біз жем боларымызды біле тұра, бір сәттік ләззатқа бой алдырып сасық сілекейін жалаймыз-ау өлгенше. Сөйтеміз де, ғұмырдан жоқ боламыз! Жолдың қауіпті екенін біле тұра, ол жолмен жүру ақылдының ісіне жата ма? Жоқ! Егер өз оқығанымызды тұшынып, қорытып, жүректе бүрлетіп, жа­ны­мызды жұпарға бөлемесек, мі­незді байытпасақ, алтынды арқаға артып қажеті не? Әлде қажетсіз қабілеттердің кемеңгері атану үшін бе? Бәлкім дұрыстап мақ­танарсыз?
Білесіздер ме?
Бүгінгі қоғамның батыры – беті жылтыр жәндіктер! Бетіңізді жылтыратып қойыңыз да, түбіртек ішін айнала беріңіз, айнала бері­ңіз! Бәрі сізге қарайды, сізге қызы­ғады, сізше киінгісі келеді, сізше ғұмыр сүруді армандай­ды. Орман­да иісіне жан шыдап тұра алмай­тын Коала дейтін аң бар. Бірақ одан асқан сүйкімді жоқ! Ол соны­сымен құнды, ол ең бастысы тар­тым­ды, сұлу, жылтыр! Егер қоғамға ұнағы­ңыз келсе, жаныңыздан гөрі тәніңізге көбірек қыз­мет жаса­са­ңыз жеткілікті. Тәніңізді боя­ңыз, сурет салыңыз, уақытқа қарауды сүйме­сеңіз де ешкім тақпаған сағат тағыңыз, сонда сізге бәрі де жарасады. Бақырсаңыз да, әр сөздің қазанын бір сапырсаңыз да жылтыр бетіңіз арқылы білінбей де кетеді. Түк те білін­бейді!
Қош, күйелеш түбіртек! Жасай бер, жал­ғыз­дықтағы кәрілік, сөне бер пайдасыз тірлік!

Едіге Бөкей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір