Қара шапан
23.11.2018
4616
0

Ерік НАРЫНОВ

Қара шапан

Қара шапан-
Жауында әкем, сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай,
Қайда қалды шапаным көшерде үйден.

Әкем – қойшы, қойшының таяғынан,
Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.
Қара шапан ішінде талай қозы,
Көзін ашып нық тұрған аяғынан.

Біз де солай…
Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,
Қара шапан ішінде жылынғанбыз.
Қара шапан ішінде сыз әлемге,
Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

Қара шапан секілді жаным жамау,
Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.
Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,
Жамау-жамау шапанды жамылған-ау?!

Біздің жақтың бұлттары
Дауылда өскен ауылдың бекем елі,
Елге бесік белдері бетегелі.
Төбемізден үйір бұлт барады өтіп,
Сарқ-сұрқ етіп соғылып шекелері.
Сол дүбірден шошынып бала қашты,
Сол үйірде бір бесті жаза басты.
Жаза басқан тұяқтан от шашырап,
Өртеп кетті қартайған қара ағашты.
Алыстаған жылқыға қарамай көп,
Кәрі ағашты өксітіп, табалайды от.
Тас төбемде айналып жел жүреді,
Есі шыққан жылқышы баладай боп.
Қашқан үйір бетке алып арғы бетті,
Ұлы шуға бөледі зарлы көкті.
Шатырлардың үстімен шауып өтіп,
Таулардан да оп-оңай қарғып өтті.
Таулар бөгет болмады биік деген,
Өз-өзіммен мұңлы ойды түйіп келем:
Қашқан асау бұлттардай күндерімді,
Қайыра алмай біртүрлі күйіп келем.


Қарлығаш ҚАБАЙ

***

Күн керіліп
Әйтеуір, ай есінеп,
Жыл-жартастар барады уатылып.
Қандай жақсы –
Жас пен жаңбыр барлығын жуатыны,
Үгітілген жауапсыз сұрақтарды,
Онан сайын өлтіріп тынатыны..
Жақсы ғой, ә?

Сағынбаймын-
Естеліктер ескірген киімдерде.
Кенішіммен қауышқын, күйін көр де!
Мен кезінде бақыттан билеппін ғой,
Жәй ғана көрсетпегем биімді елге.
Оған куә жалғыз-ақ көк көйлегім.
Бұдан басқа киімім жоқ па, ей, менің??!
– Уай, күртешем бар екен қалың, қара,
Су, су болып сарғайған,
Сен келсін деп,
Қолшатырсыз жүрем ғой жауында да..
Әй, тағы, жейдем бар ғой,
Ағытылып көрмеген түймелері,
…Сенің иісің сіңсін деп кимеп едім..
А, айтпақшы,
Анау көйлек жыртыла берсін енді,
Ешкім оның білмесін билегенін!..

Әсерлі әңгіме

«…Тәңірім кешер ма екен бар күнәмді,
Бар күнәм — сізге ғашық еместігім…».
Біреу

«…И слышен смеx –
Смеx без улыбки…».
Эдгар По

Тәңірді қойыңызшы,
Көмкерсе көкжиекті күлкісі оның,
Күнәнің барлығы да көмілмей ме?!
Тәңірден қатал сынды өмір кейде…
Мен күнәсіз періште болдым делік.
Мендегі мұңым сонда жеңілдей ме?!
Жарайды!
Қам жемеңіз!
Анам кеше бар мұңын бешпентімен
бүркемелеп, жасырып түймеледі.
Күз де әлі-ақ күлкілі күйге енеді!
Ертең мен де, ұлым да, немерем де
Сүйер, сүймес,
әйтеуір үйленеді…

Маған қызық
Сезім жайлы нендей сөз жазылды екен
Періште маңдайы мен Жын бетінде?
Сол жайлы ойланамын күнде түнде.
…Сіз маған дұға оқыңыз,
ал жыр оқу
Мендегі маxаббаттың міндетінде…

Көзімді ашсам
Көбелектің көз жасын көп көремін.
Сол үшін де Құдайға өкпеледім.
Құмырсқаның күлкісін көп естимін
Көңілімнің құлағын сөккен едім.

Көлеңкемді бауыздап көргенімде,
Өлмедім ғой,
Ол да жат, бөтен екен.
Ал мендегі мұңым мен маxаббатым
Өлген соң өзімменен кете ме екен?!
Айтыңызшы?!


Қуат ҚЫЛЫШБЕКОВ

Диагноз

Періште боп туылдым нұрға малып,
Жүрегімде жазықсыз жыр қамалып.
Менің ғазиз дүниемде бір белгісіз,
Қолдау жасап Құдірет тұрғаны анық.

Тірлігімнің барлығы назарында,
Жазылмаған жырларым, азабым да.
Көңілімнен Күн шығып кетпесе егер,
Тыныш жата алмаспын мазарымда…

Ақын тағдыр арқалы алақұйын,
Өлмейтіндей ой тастау, сана қиын.
Өтсем шіркін өмірден өрекпімей,
Өтсем шіркін былғамай бала күйін.

Бәз бір бұлттай басқадан дараланып,
Келер түннен күн сүйген хабар алып.
Қараша үйден қайғысыз кетер ме еді,
Қара күйге бөленбей қара табыт…

Ақ парақтай алдында жатты жайым,
Періште боп…
Пенде боп…
Бақ сұраймын.
Менің мүшкіл хәліме уайым болды,
Не деп үкім қыларын Хақ Құдайым?!

Кардиограмма

Кардиология бөлімі. Сан сынағым.
Сан сынаққа жанымды жаншыладым.
Жүрмін жұрттың жүрегін жазып алып,
Жүрек деген аманат тамшы бағым.
Аманатты ардақтап қалшы, жаным!

Көңілдегі мейірлер ашпай қалып,
Талай жандар келуде жастай налып.
Ал кейбірі қартаңдау болсадағы,
Бара жатыр жүрегі тасқа айналып.

Көрінсе деп биіктен бақ талабым,
Ізгілікпен ісімді атқарамын.
Құл кеуделер кердеңдеп көрсоқырлық,
Көрсеткенде құларға шақ қаламын.

Дей алмаймын жалғанда жазықты олар,
Дегенмен де жайым жоқ жазықтанар.
Адал яки арамын бұл жүректің,
Болса дедім құрылғы жазып қалар…


Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

Сағыныш

Жүргендейсіз хәлімді жылап сұрап,
Жерініп жүр ме екенсіз әлде менен?
Екеумізде батылмыз, бірақ… бірақ…
Екеумізде қорқамыз әлденеден.

Сан қилы тағдырымнан аттап ар да,
Жанарым да моншағын жылап үзді.
Көміп тастап жүрмін мен аппақ қарға,
Сіз… екеуміз жасаған күнәмізді.

Біз қайтеміз керімсал, кезді бөтен?
Ұмыт дейсіз, жаныштап арманымды,
Сонда сіздің жаныңыз сезді ме екен?
«Ұмытуды» ұмытып қалғанымды.

Жалғыздықтан жабығып тоңып, талдым.
Хатыма менің мүлде үндемейсіз,
Мен сізге тағы ғашық болып қалдым,
Сіз не дейсіз?..

***

Жалаң жұрттан естіп пе едім аздап сыр?
Махаббатым қалмаса екен маздап құр.
Бұрын саған селт етпейтін жүрегім,
Қақ жарыла жаздап тұр!

Қажет емес…
Ғашық болып, күй реттеу
Үмітімді сүйрету не сүйретпеу,
Шырқағаның қажет боп тұр әніңді,
Бірақ ол да сиректеу.

Тәңір егер қос мұңлықты қолдаса,
Шұбар жолдар шыға қоймас онда аса.
Сенен кейін жыламап ем негізі,
Сәл көне алмай жүргендігім болмаса.

Семген сезім қажытқаны жауыр ғой,
Түнде бізге келмейді ме тәуір ой?
Тым болмаса тарту етші бір әнді,
Үнсіз кеткен ауыр ғой.


Тілекберді Құмарбек

***

Көзімді сүйші,
Көзімді сүйші,
Көзіңдей болған,
Кезімді сүйші.
Көзіме сенші,
Көзіме сенші,
Сәуірдей жарық,
Сезімге сенші.
Көзімді бақшы,
Көзімді бақшы.
Бәрін де тапшы,
Бәрі де жақсы..
Көзімде шыным,
Көзімде шыным,
Көкейде сөнген,
Сезілмес үнім.
Көзімнен таны,
Көзімнен таны.
Көзімде – сөзім,
Оқи біл, оны!..

***

Олар бар еді,
Жоқ бірақ бүгін.
Уайымы, ішкі әлегі,
ешкімге керексіздігін,
білемін,
көңілді тойын,
еске алып қуанбас олар.
Құрдасы сұрамас жайын,
Сырласы сұрамас хабар.
Соншалық күлгенім менің,
Соншалық армандағаным.
Қалар ма тартқандай шылым,
будақтап жалғанда бәрі.
Түндерім, көмкере сүйген,
Сағынған, қапсыра құшқан.
Жалыққан арудай биден,
Жоғалар қараңғы тұстан.
Олар да бар еді бұрын,
Олар да бар еді кеше.
Анық па өлмегендігім,
ал, өлсем, жылайды шешем.


Бауыржан ЕРМАН

Күз бен Сіз

Жолымнан кенет шығардай біреу көлденең,
Өзінен-өзі өрекпи берді өр денем.
Бітпейтіндердің бәріне қолды бір сілтеп,
Көшеге қарай жүгіріп шықтым бөлмеден.

Мына бір сойқан апарады екен қайда ұшқын?
Өзіңді іздеп айналдым Күнді, Айға астым.
Әлемнің бәрін қопарып таппай қойған қыз,
Сезгендей мені, қасыма келіп жайғастың.

Жаратылысқа жасырынғандай жан емі,
Солғындау екен күздің де сендей сәлемі.
Сан ғашықтардың сырына куә бақ іші,
Алқызыл түсті орамалы да әдемі!

Төбемнен келіп соққандай мені жасын бір,
Тамырым толқып, тағы да жүрек тасынды.
Даланың түгел ғажайыптарын жыйып ап,
Сән құрыпсың ғой, сарыға бояп шашыңды.

Қазақтың қызы қайғы көруге тиіс пе?
Қара көздім-ау, толтыра берме күй ішке.
Қабағыңды ашып, қарашы маған күлімдеп,
Осы гүл саған, мейірің қанып бір иіске.

Нөсерден мынау ағаштар бізді бүркесін,
Барайық сосын көруге «Күздің жыр кешін».
Қолыңды берші.
Тырнағың көркем!
Мен тартқан
жабыстырғандай гладиолус күлтесін.

Даланың бәрі қызарғанындай сұр беттің,
Шоқтарын күздің кетті екен тағы үрлеп кім?
Үзіле алмаған жапырақтайын бұтақтан
Сызылуыңды-ай, құрметтім!

Ғаламның барлығы

Құрсақта жаралған сәбидің пәктігі,
Бақшада ән салған бұлбұлдың тәтті үні,
Жаңбырдан кейінгі ауаның иісі,
Гүлзардан бал сорған араның шаттығы.

Ананың перзентін сүйсіне өпкені,
Әкенің дария өнеге төккені,
Дастанға айналар ғанибет ғұмырдай,
Тізбекпен ауғаны бұлттардың көктегі.

Аймалап тұратын Ай, Күннің дидары,
Аспанға жүз миллион жұлдыздың сыйғаны,
Өмірге мән берген адамзат әлемі,
Әдемі құрылған жанға нұр құйғаны.

Аязда жылытар құшаққа тығылу,
Өткен мен келерді көп ойлап түңілу,
Миыңның қыртысын көбейту шектен тыс,
Алаудың басында шараптан сіміру.

Төскейді тесердей қазанат шабысы,
Сағаттың тырсылы, жүректің қағысы,
Дауылда қиыршық құмдардың ұшқаны –
Қарашық, қабақ пен кірпіктің танысы.

Қос дүлей тағдырдың ескегін ескені,
Алыптан дүрілдеп ақ ұлпа көшкені,
Иықты бозбала именбей жоласа,
Иілсе қылықты арулар көштегі.

Арымас айбыны аққудың көлдегі,
Тәңірдің мейірі, тіршілік шөлдегі,
Мәңгілік махаббат, сезім, гүл ұсыну.
Ғаламның барлығы — қаламның өрнегі.


Түменбай Ақжол

Қасиетті Сыр Ана

Абыз бабасы түнерген,
Аңыз даласы бұйра да бұйра құм өрген,
Жүз бір жыраудың сынығы қалған дүр елден,
Шежіре тұнған Сыр Ана сенің төсіңнен,
Таудай батырлар әруақтанып күш алып,
Тұрмағамбеттер жыр емген.
Тереңге тартқан тамыры,
Сыйынары да,ұйығаны да – Тәңірі,
Запыран құсып, заманда қалған зар үні,
Өлі тасына тірі тарихын таңбалап.
Жырланып жатыр қасиет қонған қара жер,
Нұрланып жатыр әруақтардың қабірі.
Күмбір де күмбір күй ақты,
Тұлпары дүлдүл, сұңқары ұшқан қияқты,
Ұлына намыс, қызына беріп ұятты,
Өлермен болған өр кеуделерін оқ қажап,
Есілдің бойын ен жайлап алған көп қазақ,
Ақмешітін сағынатын сияқты.
Құдайдың халық егізі,
Құдайдан ғана фәнидің бұлақ негізі,
Көзсіз батырдың, сөзсіз ақынның көп ізі.
Том-том тарихын парақтап,
Бетпақдаладан күңіренеді адақтап,
Қорқыттың кейде қобызы.
Сөзімнен кетсе тайып мән,
Жыртығын жамап, жүдеу жырымды байытқам,
Бодан дертімнен жарамды жалап айыққам,
Қалың жұртым-ау қабырғаң қаусап түңілме,
Жоғалтқандарым оралатындай түбінде,
Ботпанов кеткен ғайыптан.
Он сегіз мың ғаламат,
Туған топырағыңа татымайды екен обал-ақ,
Көшпелі жұрттан көне заманға салауат,
Ит болып тусам – итаяғындамын көп елдің,
Ер болып тусам – ел кегін қуып өлермін,
Аллаға бәрі аманат.
Демеңдер мені дүбәра:
Бабамнан қалған ата-жұртым ғой бұл ара,
әр төбесінде жәдігер қалған мұраға,
Топырағында Тәңір ұлдары туылып,
Атырабында ұялап жатқан ұлылық
Қасиетті ғой Сыр Ана!

АРЗУ

Жанымның жыртып ақ шүберегін,
Дертіме дауа тапшы демедің.
Өтірік күліп, өмір сүрем де,
Өкініп тұрып жақсы көремін.
Көрінген едің шуақтай маған,
Шөлдесең жаным бұлаққа айналам.
Күйбеңің қанша қанжылатса да,
Сүйгенін бірақ жылатпайды адам.
Мен сені құшқан ұлы түн қайда…
Оның да ертең күні тумай ма..
Ес-түссіз сүйген есер шағымды,
Ұмыт дейсің бе?
Ұмыту қайда…
Іңкәр сезімге бөленбей ғалам,
Мұңын шағады өлеңдей маған.
Жұлдыз көрінсе Айдың жанынан,
Есіміңді оқып өлердей болам.
Түн мені тағы ойға батырды,
Шығардым жалғыз ойланатынды.
Құдай да шебер ұмытпасын деп,
Аспанға жазып қойған атыңды.
Жақсы көрем деп жиі алдайсың ба?
Жан тәніңменен сүйе алмайсың ба?
Менің жүрегім кешірімді ғой,
Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба ?
Қара түндерде ай таранбаған,
Қолымды созам қайта орал маған.
Айналмаймыз ба, ғашықтарға біз,
Жердің бетінде қайталанбаған.
Мұңайды жүдеп осы гүл бағым,
Жылайды жүрек қосылып жаным.
Өмір де өзің, өлең де өзің,
Байқамайсың ба осының бәрін.
Қарамады ол ұшықталсам да.
Қара бастым-ау түсіп сарсаңға.
Мұқағалиды тірілтіп алып,
Махаббатыма ішіп барсам ба.


Айдана ОРАЗ

***

Елестетіп өмірдің қызықтарын,
Есіме түсірдім кеп тізіп бәрін.
Жазылған күнделіктің арасынан,
Ерекшесін ескеріп сызып та алдым.

Кейбіреуге кербездей қалқайыппын,
Шыңнан төмен тұрсам да шалқайыппын.
Мәз болып өтірік пен бос күлкіге
Масайрап мақтауларға марқайыппын.

Ұят деп, ақиқатты ұмытыппын,
Мен болғам солай-солай бірі түктің.
Сығалап әділеттің есігінен,
Жүректі жалаң сөзбен жылытыппын.

Қомағайсып тәбетім тар дүниеге,
Көк қағаз көп иманның алды неге?
Түсінбеппін, күллі адам барары бір,
Болса да ие жалғанда бар дүниеге.

Сөнуді шала жанып еп көрмегем,
Мен түбімді бір асыл тектен көрем.
Деген екен бір ғалым жақсы көрмес,
Өзін-өзі әуелі жек көрмеген.

***

Өмірдің мәні ақ пенен қара жолағы,
Өткінші бәрі, сабыр қылсаң шамалы.
Тек сезімге билетпестен жүректі,
Тыңдау керек кейбір кезде сананы.

Бола алмаған мәңгілікке тұрағы,
Бұл дүние кімге ұнамай, ұнады?!
Сен бақытты болмадым деп жылама,
Бақыт деген жалқы сәттен тұрады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір