Арыстан адамның хикаясы
23.11.2018
2490
0

Джек Лондон


Алыстағы әлдебір ноқатқа қадалған ойлы жанары мен кәрі қыздыкіндей мұңлы, бәсең дауысынан ол өмірден түңілгіш жандай болып көрінетін. Бол­мысы ұқсамағанмен, ол Арыстан адам еді. Оның жұмысы қалың көрерменнің алдында өнер көрсететін арыстандардың то­рына кіріп, жан түршіктіретін әрі тәнті еткізетін түрлі қойы­лымдар көрсету болатын. Арыс­тан адамға бұл үшін ұйым­дастырушылар ірі көлемде ақша төлейтін.

Жоғары­да айтқа­ным­дай, арыс­тандардың бел ортасында өнер көрсететін шағын денелі батырды мен бір сағат бойы әңгімеге тартып, қызықты хикая естуге тырыс­қаныммен, онымнан түк шық­пады. Жұмысынан ешқандай жүрек жұт­қан батырлық пен ерлікті көрмейтін ол өз ісін күнделікті күйбең тірлік­тен еш айырмашылығы жоқ қара­пайым әрі іш пыстырарлық нәрсе деп есептейтін. Шынында да, ол үшін арыстандармен бетпе-бет келіп, шайқасу түкке тұрмайтын соншалықты оңай нәрсе еді. Егер сасқалақтап, қобалжымай, сабырлы қалпын бұзбай тұра алса, кез-келген адам арыстанды қарапайым таяқпен-ақ дегеніне көндіре алады. Арыстан адам бірде бір арыстанмен бір жарым сағат шайқасқан бо­ла­тын. Арыстан өзіне ызалана ұмтыл­ған сайын мұрнынан таяқпен соғып қалады да, ал айлаға басып, басын төмен салып шабынған кезде аяғын таяқ орнына қолданады. Ал аяғына жармасқысы келсе, сәл ғана артқа шегініп, мұрнынан қайтадан таяқ­пен ұрады. Бар болғаны – осы.
Ойлы жанарымен сонау алыс­тардағы өзгелер көрмейтін жұмбақ құбылыстарға қарап, бәсең әрі жұмсақ дауыспен сөйлей отырып, Арыстан адам маған денесіндегі жа­рақат іздерін көрсетті. Тұла бо­йында жыртқыш аңдармен шай­қаста түскен тыртықтар көп екен. Соңғы айқасында жолбарыс­тың тырнағы иығынан кіріп, сүйегіне дейін жеткендіктен, шекпенінің де иық тұсын мұқият жамап қойыпты. Өткір тырнақ пен пышақтай азу тістерден мылжа-мылжасы шыққан оң қолының шынтақтан төмен жағы бұрғылау машинасына түс­кендей әсер қалдырады. Бірақ өзі­нің айтуынша, денесіндегі жара­қаттар жаңбырлы күндері сыздап, мазасын қашыратыны болмаса, пәлендей ауырмайды. Әлдене есіне түсті ме, кенет оның жанарында әлдебір ұшқын жарқ етіп, жүзі жадырап сала берді.
– Бір ер адам жек көрген арыс­тан-үйретуші туралы естіген шы­ғар­сыз? – деп сұрады.
Ол сәл бөгелді де, қарама-қарсы беттегі торда жатқан сырқат арыс­тан­ға қарады.
– Тіс ауруына шалдыққан, – деп түсіндірді ол, – Жарайды, әңгі­меге көшейін. Арыстан үйрету­шінің жұмысы қалың көрерменнің алдында арандай ашылған арыс­танның аузына басын салып, өнер көрсету болатын. Оны жек көрген әлгі ер адам әр көрсетілім сайын арыстан аузын жауып қалса екен деп тілейтін. Арыстан үйретуші көп елдерді аралап, өнерін көрсеткенде, ол да бірге еріп жүрді. Жылдар сыр­ғып өте берді. Сөйтіп жүріп, оның да, арыстан үйретушінің де жасы ұлғайды, арыстан да қартайды. Ақырында ішіне ыза мен кек толып, қаны қайнаған әлгі ер адам бір күні алдыңғы қатарда отырып, ұзақ жылдар бойы сарыла күткен нәрсесі орындалғанын көрді. Бір көрсеті­лімде арыстан аузын жауып, үйрету­шінің мойнын «қытыр» еткізіп үзіп жіберді. Дәрігер шақырудың да қажеті болмай қалды.
Сәл ғана үнсіздіктен соң ол әңгімесін қайта жалғастырды:
– Мен өмірде сабырлы, байсал­ды қалпымнан танбауға тырыса­мын. Дегенмен, Де Виль есімді француз танысым ұстамдылықты қадір тұтпайтын. Денесін аралап, кездік жұтып, доппен түрлі өнер көрсететін шағын денелі, арықша келген оның өте сұлу әйелі бар еді. Қызуқанды Де Виль құдды бір жолбарыс сияқты шалт әрі шапшаң қимылдайтын. Бірде көпшіліктің көзінше «бақа-жегіш» деп кемсіт­кен әріптесін ол ағашқа итеріп қа­лады да, пышақ лақтыру өнері­мен, көзді ашып-жұмғанша лезде де­несін қоршап пышақ қадап қояды. Әріптесінің ойлануға да мұршасы келмей қалған екен. Содан бері адам­дар­дың арасында Де Вильдің ыза­қорлығы туралы сөз тарап, оның ша­мына тиюге де, сұлу әйе­ліне қырын­дауға да ешкімнің жүрегі дауаламайтын.

***

– Алайда Уэллэс есімді азамат ешбір жаратылыстан қорықпайтын. Арыстан үйретуші болып жұмыс істейтін ол арыстанның арандай ашылған аузына басын салу арқылы өнер көрсететін. Кез келген жырт­қышпен өнер көрсетуге шамасы жетсе де, Августус есімді арыстанға сенетін. Тірі не өлі ешқандай ма­құлықтан сескенбейтіндіктен, біз оны «Уэллэс патша» деп атайтын­быз. Уэллэс шын мәнінде де патша еді. Мен оны біреумен бәстесіп, таяқ та ұстамай, жалаң қолмен арыстанның торына кіріп барғанын өз көзіммен көрдім. Жұдырықпен аң патшасының мұрнынан бір-ақ ұрып, тырп еткізбей, дегеніне көндірді.
– Мадам Де Виль…
Кенеттен артымыздан шыққан ышқынған ащы дауыстан Арыстан адам жалт бұрылды. Торға қамалған маймыл әрі-бері секеңдеп жүріп, көрші торға қолын сұққанда, он­дағы тайыншадай сұр қасқыр тістеп үлгеріп, жұлып алуға тырысып жа­тыр екен. Бейбақ маймылдың қолы қалың резіңкедей созылып, тордағы өзге маймылдар құлақ тұндырар шыңғырған дауыспен шу көтеріп жатқан-ды. Әлгі маймыл­дың қолы үшін ара түсетін ешкім болмаған­дықтан, Арыстан адам атып тұрып, тордың қасына жетіп келді де, қолындағы таяғымен қасқырды тұмсығынан аямай ұрды. Содан соң бірдеңе бүлдіріп қойған баладай ыңғайсыздана жымиып, қайтып келді де, әңгімесін жалғастырды:
– Мадам Де Виль мен Уэллэс патша бір-бірінен көз алмай, ұзақ уақыт тесірейе қараған кезде Де Виль ызадан жарылып кете жаз­дайтын. Біз Уэллэске сан рет ес­керт­кенмен, сөзімізді елемей, күле­тін де қоятын. Бір күні ол төбе­­лес­кісі келген Де Вильдің ба­сына бір шелек желімді құйып жіберді. Мен үсті-басы әбден был­ғанған Де Вильдің тазалануына көмектестім. Сұп-сұр болып безіре­йіп, бар ашуын ішіне түйіп алған Де Виль Уэллэске ештеңе деген жоқ. Бірақ сол жолы мен оның жанары­нан жыртқыш аңдардың көз­қарасын­дағыдай ызалы жарқыл мен айнымас бір шешімге тоқтаған отты ашуды көрдім. Сол себепті, Уэллэс­ке барып, мен ақырғы рет Де Вильді ерегестірмеуін ескерттім. Ол әдет­тегі­дей күлді де қойды. Дегенмен, содан кейін Мадам Де Вильге те­сіліп қарауын доғарды. Бірнеше ай өтіп, айтарлықтай ештеңе болма­ған соң, мен текке үрейленіп, уайым­даудың реті жоқ екенін түсіне бастадым. Біз ол кезде шығыста, Фриско деген жерде өнер көрсетіп жүрген едік. Түстен кейін көрсетілім болғандықтан, үлкен шатырдың іші әйелдер мен балаларға лық толы болатын. Менің өнер көрсететін пышақтар салған қоржынымды алып кеткен Қызыл Денниді іздеп жүрдім. Киім ауыстыратын шатыр­лардың бірінің ішіне қарағанымда, бір топ адамның арасында тұрған Уэллэс патшаны көрдім. Ол да, шатырдағы өзгелері де бірнеше әртістің арасында туындаған кикіл­жіңді қызықтап қарап тұр екен. Тек Де Виль ғана жек көрініш пен жи­ренішке толы отты жанарын Уэллэс­ке қадап тұр. Мұны менен басқа ешкім байқаған жоқ. Кенет Де Виль қоржынынан қалта ора­малын шығарып, бетінің терін сүрт­кендей сыңай танытты да (ол күні өте ыстық болатын), Уэллэске арқа жағынан жақындады. Мен оның сол кездегі көзқарасынан қатты шошындым. Өйткені, оның жанарында жек көрінішпен бірге әлдебір жұмбақ қуаныш та бар еді. Де Виль сыртқа шығып кеткен кез­де арқамдағы уайым жүгі жеңілдеп, жүрегім орнына түскендей болды. Бірнеше минуттан соң мен үлкен шатырға қайта оралып, Қызыл Денниді кезіктірдім. Ал Уэллэс пат­ша қалың көрерменді таңдандырып, өнер көрсетуін бастап кетіпті. Бүгін ол маған тым дөрекі әрі көңілді көрінді. Қолындағы ұзын қамшы­сын әрі-бері иіріп, тордағы арыс­тан­дарды ақыртып, бір орында отырғызбай, шырқ айналдырып жүр. Тек тым семіз әрі жалқау кәрі Августусқа ғана тиіспей, қозға­лыссыз жатуына мүмкіндік береді. Алайда сәлден соң Уэллэс кәрі арыстанды қамшысымен тізесінен ұрып орнынан тұрғызды. Момын Августус көзін жыпылықтатты да, аузын ашып тұра қалды. Уэллэс арандай ашылған ауызға басын сұққанында, арыстан аузын жауып қалды да, «қытыр» етіп мойын омыртқаның үзілген даусы естілді.
Арыстан адам ойлы кейіпте күлімсіреді де, алыстағы әлдебір құбылыстарға көз тікті.
– Уэллэс патшаның ақыры осы­лай болды, – деп жалғастырды ол сөзін мұңлы, бәсең дауыспен, – халық тарқаған соң, мен торға кіріп, Уэллэстің басын иіскедім. Содан соң ащы иіс қолқамды атып, түшкіріп жібердім.
– Бұл, бұл дегенің… – деп мен жан ұшырып, ойымды жинақтауға тырыстым. Киім ауыстыратын шатырда Де Виль Уэллэстің шашы­на қолқаны ататын ұнтақ сеуіп қойыпты. Кәрі Августус көрсетілім барысында аузын жауып қалуды мүлде ойламаған. Ол бар болғаны түшкірген екен.

Ағылшын тілінен аударған
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір