Шығармашылық тағдыр да маңдайға жазылады
04.09.2015
1474
0
Қазіргі қаламгерлердің көпшілігі сияқты мен де шығармашылық жолымды өлеңмен бастадым. Әлі есімде, бес-алты жасар кезім еді – шешем Сарысу өзенінің жағасында жалғыз өзі киіз үй тігіп жатқан, мен үйдің ортасында шаңырақ көтерген бақанды сүйемелдеп тұрып: «Апа, мен өскенде ақын боламын» дедім. Бұл сөзді неге айттым, қалай айттым, оны әлі күнге өзім де түсінбеймін. Бірақ содан бастап болашақта кім болатынымды айқындап қойған сияқтымын. Сөйтіп, бастауыш сыныптарда жүріп өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңдерім мектептің қабырға газеттерінде жарияланып тұрды. Төртінші сыныпта жүргенде өлеңдерім мектептегі байқауда көзге түсіп, маған Пушкиннің бір томдық қазақша өлеңдер жинағы жұрт алдында салтанатпен табыс етілді.

331620_135676380___________________2Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург

Алтыншы сыныпта пионерлердің ау­дан­дық слетіне қатысып, өз өлең­дерімді оқып, арнайы жүлдеге ие болдым. Мұ­ның бәрі мені ауыл көлемінде ақын ре­тін­де таныта бастады. Соған орай, мек­теп­те жүргенде ақын-жазушы болуға бір­жолата бекіндім. Басқа мамандық туралы мүлдем ойлаған да емеспін. Бірақ мен жазушы болу үшін міндетті түрде КазГУ-дың журналистика факуль­тетін бітіру керек деп есептей­тін­мін. Ал ол кезде журналистикаға түсуге міндетті түрде кемінде екі жылдық еңбек өтілі қажет еді. Сондықтан да мектеп бітірген соң ешқайда бармай, туған ауылымда екі жыл қой бағып, шопан болдым.
Міне, осы кезеңде Жазушылар одағы­ның Қызылорда облыстық бөлім­шесі­нің жетекшісі, атақты ақын Асқар Тоқмағанбетов, облыстық газеттің мә­дениет бөлімінің меңгерушісі Қомшабай Сүйенішов сынды азаматтардың алдына барып, ақыл-кеңес алып тұрдым. Қалам­гер ретінде қалыптасуыма бұл екі кісінің үлкен ықпалы болғанын мен ешқашан да ұмытқан емеспін.
Ал 1966 жылы, яғни шопандық өмі­ріме екі жыл толуға айналғанда, көктемге салым жас ақындардың республикалық конкурсына өлеңдерімді жіберіп, нә­ти­жесінде үшінші орынға ие болып, жүл­де­гер атандым. Бұл жөнінде «Лениншіл жас» газетінде шағын хабар жарық көріп, оған қоса менің «Ойлар» атты өлеңім жарияланды. Сөйтіп, Сарысуға қарай қой айдап бара жатқан жерімнен аяқ астынан Алматыға шақырылып, жюри төрағасы Мұзафар Әлімбаев, атақты ақын Төлеген Айбергеновпен бірге арнайы телехабарға қатысып, көгілдір экраннан тұңғыш рет өлең оқыдым.
Міне, осының бәрі желеп-жебесе керек, арада үш-төрт ай өткенде Алматы­ға қайтадан келіп, бала күннен армандап жүрген КазГУ-дың журналистика фа­куль­тетіне оқуға түстім. Сөйтіп, қаламгерлік жолға біржолата бет бұрдым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір