«САРЫСУ ӨҢІРІНІҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАСЫ» – БІР ЖИНАҚТА
Жақында «Сарысу өңірінің музыкалық мұрасы» аталатын аудиожинақ жарық көрді. Барлығы сегіз дискіден тұратын СД жинаққа Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілерінің орындауындағы шығармалар енген.
Бірінші дискі дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлеріне арналып, радиохабарлар топтастырылды. Қара домбырасымен ел тарихын шежіредей сарнатқан Сүгір күйлерінен бастау алған, дәстүрдің жалғасы іспетті күйлердің таңдаулы нұсқалары сарысулық күйшілердің орындауларында «Сарысу күйшілері» деген атаумен IІ дискіге енді. Сарысу өңірінен шыққан, қазақ өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырған композиторлар Илья Жақанов пен Тынышбай Рахымның әндері III, IV дискілерге біріктіріліп, біртуар әншілер: Амангелді Сембин мен Сәуле Жанпейісованың орындауындағы шығармалар V-VI дискілерге жинақталды. Ал «Сарысу композиторлары мен әншілері» атты VІІ-VІІІ дискілерге Сарысу өңірінің талантты өнерпаздарының шығармалары енгізілді.