«СЕРМЕСЕҢ – ҚЫЛЫШ, ҚОРҒАНСАҢ – ҚАЛҚАН, ҚАЙРАН ӘНУАР…»
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі кино және театр актері, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнуар Молдабековтің туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Жазушы Асқар Сүлейменов актер дүниеден озғанда «Сермесең – қылыш, қорғансаң – қалқан, қайран Әнуар» деп күңіреніпті. Осы бір ауыз сөздің өзі-ақ марқұмның болмыс-бітімін танытып тұрғандай. Кеште Ә.Молдабеков туралы шағын деректі фильм көрсетілгеннен кейін көзкөрген әріптестері – қазақ сахнасының саңлақтары Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев және режиссер Есмұхан Обаев жиналған жұртты естеліктерімен ұйытты. Әуезов театрының директоры Асхат Маемиров ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып, марқұмның жары, театр актрисасы Баян Имашеваға камзол кигізіп, басына ақ жаулық жапты. Актер сомдаған сахнадағы да, кинодағы да жарқын бейнелер көрермен үшін сағынышқа айналғаны даусыз.