Әзіл-шыны аралас
16.11.2018
2459
0

***

Ақын Қабыкен Мұқышев (1920-1976) Ақ­мо­ланың бір мейманханасына орналасып, үш күн бойы бөлмесінен шықпай «тойлап» жатып алыпты. Төртінші күн далаға шықса – айнала аппақ қар, күн жарқырап шығып тұр екен.
Апырмау, таң да атып қалған екен-ау, – дейді Қабыкен таңданып.
– Қабеке, жалаңаяқ қар кешіп тұрғаныңыз не? – дейді қарсы жолыққан бір танысы.
Сонда Қабыкен аяғына бір қарапты да:
– Шабытым шамырқанған кезде табаным шыдатпай қызып кетуші еді, соны салқындатып тұрғаным ғой, – деп, аяқ астынан сөз тауып, құтылып кетіпті.


***

Жаздың ми қайнатқан аптап бір күнінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Жайсаңбек Молдағалиев, Әубәкір Нілібаев Жезқазған облысының Ақадыр ауданына сапарлап барып қалыпты. Аудан басшылары қаламгерлерді сол жақтағы бір совхозда директор болып істейтін Көкжалов деген кісінің үйіне қонаққа ертіп апарады. Көкжалов атына сай мінезді жігіт болса керек:
– Мынау күйіп тұрған шілдеде, торғайдың қанаты күйер мынау шөлде бұлар не іздеп жүрген кісілер? – дейді басшыларға әзілдей бұрылып.
Басшылар не айтарын білмей аңтарылып қалысады. Осы кезде Сырағаң гүж етіп, Көкжаловқа төніңкіреп барып былай депті:
Шөлден көл іздеп жүрміз,
Елден ер іздеп жүрміз,
Көкжал болып атағы шыққан,
Соның ішінде сені іздеп жүрміз…


***

1991 жылы Көкшетау өңірінде өткен Абылайханның мерейтойы кезінде Сырбай Мәуленов Шота Уәлихановқа қаратып, өлеңдете жөнеледі:
– Жаңбыр жауды Шотаның шабытындай,
Сөз сөйлейді кейбіреу жағы тынбай…
Осы арада Қадыр Мырза әлі Сырбайдың сөзін іліп әкетіп, қалған екі шумақты табанда сарт еткізіпті:
Бұл қазақ өз бетімен ел болмайды,
Дер кезінде Шотаға тақ ұсынбай.
Оқырманға ескертетін жайт: Қадыр ақын Шотаның төре руынан, хан Абылайдың тікелей ұрпағы екенін меңзеп отыр.


***

Талантты ғалым, әйгілі әдебиет сыншысы Баламер Сахариев (1929-1979) бір жазушы досының тойына қатысып, ертеңінде басы ауырып көшеде келе жатады. Ерте көктемнің жылымық күндерінің бірі екен. Бұрылып кафелердің біріне кірейін десе қалтасында көк тиыны жоқ. Сөйтіп салы суға кетіп, жүдеп келе жатқанда қарсы алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді. Қуанып кеткен Баламер:
– Ауылымның қонғаны КИЗ-де деймін,
Бip өзіңнен басқаны іздемеймін, – деп өлеңдете жөнеледі. Сонда Мұзағаң Баламердің сөзін шапшаң бөліп:
– Бұл күнде қалтамыздың түбі тесік,
Айналып біp соғарсың күзге дейін! – деп бұрылып жүріп кетіпті.


***

Дидахмет Әшім­­­хан мен фо­­то­тілші Бер­сінбек Сәр­се­нов­­тің «Қа­зақ әдебиеті» га­зе­­тінде бірге қыз­мет істеп жүрген кезі екен. Бірде екеуі ығы-жығы қай­наған қалың халықтың арасын­да, темір жол вокзалында оқыс бетпе-бет ұшыра­сып қалыпты. Қапелімде не айтарын білмей сасып қалған Берсінбек:
– Әшеке, сә­леметсіз бе, ха­лы­ңыз қалай? – деп қолын ұсы­на береді.
Сонда Ди­дах­­мет еш сас­пас­­тан:
– Сәрсеке, сәле­міңізге рах­мет… Менің ұлым Дидахмет, сенің ұлың Берсінбек екеуі бірге бір газетте істейтін көрінеді ғой. Со­ған қара­ғанда сіз бен біздің ха­ліміз жаман болмас! – деген екен.


***

1936 жылы Мәскеу қаласында Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өткізілгені тарихтан белгілі. Тұңғыш рет өткізілген бұл онкүндікке қазақтың небір күміс көмей, жез таңдай әншілері мен бишілері, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары қатысады. Солардың ішінде Тайжан ақын да бар екен.
Қазақстан делегациясы Қазан вокзалына тоқтап, улап-шулап түсіп жатса – төңірек құжынаған көп халық… Біреудің біреуге қарайлауға мұршалары жоқ, жүктерін көтеріп, арбаларын сүйретіп, қойдай сапырылысып жатыр. Бұрын мұндай қайшыласқан көпшілікті көрмеген Тайжан ақын аңтарылып тұрып қалады:
– Япырай, – дейді қатты өкініш білдіріп. – Бір көрсем деп осыншалық зарығып келгенде Мәскеудің көшіп жатқан сәтіне тап болғанымды қарашы!


***

Ертеректе Министрлер Кеңесінің кеңейтілген бір жиналысында Қаржы министрі Өтешқали Атанбаев баяндама жасапты. Үзіліс кезінде министр өзі бұрыннан жақсы танитын, бір-бірімен әңгімелесіп-сөйлесіп жүретін Мұхтар Әуезовке жолығып, ізетпен сәлемдеседі де:
– Иә, Мұха, қалай болды? Менің баяндамам жұртқа ұнады ма? – деп сұрайды.
Сонда Мұқаң кеңк-кеңк күліпті де:
– Пәлі, Өтеке-ау, жұрт сенен ақыл сұрайды дейсің бе! Уағымен ақшаңды бepiп тұрсаң болғаны да! – деп жауап беріпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір