Өмір шындығынан өріс тапқан қаламгер
16.11.2018
2081
0

Әлімғазы Дәулетхан 1943 жылы Қытай Халық Рес­публикасының Шығыс Түркістан (Шыңжаң) өлкесіндегі Іле қазақ автономиялы облысы Күнес ауданында туған. Оқу, білім алу жолында Шыңжаң университетінен «Қытай тілі мен әдебиеті», одан кейін Шымкент мемлекеттік педагогика инс­титутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. 1997 жылдан бастап қазіргі кезде де ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының «Ежелгі және орта ғасыр» бөлімінде жетекші ғылыми қызметкері қызметін атқара жүріп, ол жұртшылыққа белгілі жазушы, ұлттық мүддеміздің табанды қорғаушысы-қайраткер көсемсөзші, әдебиет сыншысы тұрғысында танымал тұлға болып отыр. «Түркеш қағанаты», «Ғұн-Түрік-Қазақ тарихын зерттеу мәселелері» атты монографиялар мен тарихи-этноло­гиялық мақа­лалардың авторы.

Әлімғазы – жазушы. Оның көркем шығармаларының құра­мында әңгімелері («Каникулда», «Бозторғай», «Кілтсіз сандық», «Ақша қар», «Тұтқын жолаушы»), новелласы («Гүл мен ара»), по­вестері («Сырымды айтам», «Ару­лы ағаш», «Бесінші постулат») – тіршілік қозғалыстары жүйе­­сіндегі адамдар арасындағы қа­рым-қаты­настың үндестіктері мен қайшы­лықтарын романти­калық және реалистік тұтастықпен бейне­леу­дегі суреткерлік шеберлігін байқа­тады.
Әңгіме – классикалық жанр. Көркем әдебиет шығарма­лары­ның шағын түрі болса да, әңгіме сю­жеттік-композициялық құры­лы­­мында басты кейіпкерлердің жан ділі әлемінің психологиялық болмысын оқырманның қабылдау ықыласына сабақтастырады. Әлім­ғазының әңгімелеріндегі өмір шындығы оқиғалары аясын­дағы кейіпкерлердің көркем шындық поэтикасымен бейне­ленуінен оқырман да өзіне тән тағдыр талқысының әсерлерін сезінеді.
Жазушының «Гүл мен ара» новелласының романтикалық-лирикалық сарынды баяндау­ларымен жаратылыстағы адам­дар­дың, жәндіктердің, өсім­­дік­тердің, т.б. – бәрінің де әрқайсысына тән құштарлық-құмарлық, қызғаныш, мәрттік сезім қуаты болатындығы дәлел­денген. Новелланың автор-кейіп­керінің суреттей баяндау­ларымен табиғаттағы тіршілік ие­лерінің бәрінің бір-біріне құш­тар, мұқтаж хал-ахуалын («Бір-біріне құштар етіп, мұқтаж етіп қойған тіршілік десеңші?!») баян­дайды. Новелла­ның идеялық-көр­кемдік желісін құрап тұрған таби­ғаттың пейзаж­дық сұлу келбеті поэтикалық-кейіптеулік суреттеу­лер эстетика­лық әсерлілігімен баурайды.
Жазушы сәуір таңында арқан бойы көтерілген күннің қызуы­мен оянған көбелектерді, бал аралары­ның тегеурінді екпініне ілесе ал­май шетке ығысқан шөп араларды, қысқа қанат­ты бармақ­тай қоңыр­ала бал арасының даладағы гүл­дер­ге байыз таппай ызыңдап, да­мылсыз ұшқанын, өзіне ғана ұна­ған гүлге қонғанын, ара мен гүлдің жаратылыс үйлесі­мі тұр­ғысындағы қауышуының табиғат заңдылығы аясындағы болмысын көркем суреттейді.
«Бозторғай» атты әңгімесінің түптұлғасы – аса көрнекті халық ақыны, композитор, қоғам қай­раткері – Кенен Әзірбаев. Әңгі­менің сюжеттік –композициялық желісінде бала Кененнің байдың қой-ешкілерін бағып жүргені, анасының қайтыс болғаны, «…жетпіске жетіп жер таянған кәрі әке күн көрісінің ендігі тірегі – қаршадай өзі екенін, қатал тағдыр қамытының қыл мойнына қыл­қын­дыра киілгенін мойын­дамауға шара бар ма?» (Ә.Дәу­лет­хан Тарту… 163-б.) деген көңіл-күй тол­ғанысы «Анасын жалмаған сұм жетімнің қырсығы тиеді» деп, үйінен қуып шыққан «туыс бол­май туа шөккір» Абданбайдың без­бүйрек әйелі Әлиман бар – бәрі де тағдыр тауқыметі шын­ды­ғына тән реалистікпен баяндал­ған.
«Кілтсіз сандық» әңгімесінде қазіргі замандағы рухани эколо­гиялық хал-ахуал – опасыз-тұр­лау­сыз әке мен жас сәбиін тірі жетім етіп тастап кететін ананың жиіркенішті жағдайы баяндалады. Жоғары оқу орнында оқып жүріп табысқан, отбасын құрған Раушан мен Әлжан екеуінің уақыт өте келе ажырасып кетуі негізгі идея­ның желісін құрайды. Студент сабақ­тастардың (жиен ағасы Ахмет, көккөз Қали, т.б.) сәбидің атын Қадыр қойып, сандық (бі­рінші пакеттің ішіне Қадыр жеті жылдан кейін мектепке баруына арналған киім, қалам-қарындаш, «Ана тілі» оқулығы, ақ дәптер салынған кітапқап, екінші пакет­те – Қадыр пионер қатарына өткенде тағатын галстук пен бір пар пионер киімі) тапсырып тұр­ғандағы той бас­қарушы Ахметтің сөзі тіршілік қоз­ғалысының шындығын дәйек­тейді: «Қадыр­дың пакеттерін ашу­ға жиналамыз деп отырмыз-ау, ол игі тілек қой. Бірақ, дәл осылай төрт көзіміз түгел жиналу қайда? Тағдыр ке­месі кімді қай қиырға әкетіп, қан­дай құрғаққа шығарып тас­тарын қайдан білейін. Солай ғой әуелден» (Ә.Дәулетхан Тарту… 172-б.).
Әңгіменің көркемдік-идея­лық шешімі басты кейіпкер Раушан­ның ішкі монологымен дәлелден­ген: «Бір ұядан ұшқан түлектердің біразы қонар биігіне талмай сам­ғап шығандап барады. Ал кейбірі не қыран емес, не жы­лан емес, бір нәрсе болып құлқын қуып кетті. Әлжан, сен дәл сөйтіп кеттің. Бір қуыршақтың шыла­уында кеттің. Алғашқы жарыңа, тұңғыш перзен­тіңе опасыздық еткен адам ешкім­ге опа қылмауы, Отанына да опа­сыздық жасауы сөзсіз» (Ә. Дәулетхан Тарту… 172-б.). Әңгі­ме кейіп­кері Раушан бойжеткен, ержеткен қыз кезінде өзіне ынтыққан талай жігітке қарамай жүріп, ақырында жүрек қалауымен өзіне қосылған Әлжан – қызметте тұрақсыз, бере­кесіз, жұбайлық тұрмыста тұрлау­сыз болып («…кетерінде бет жыр­тысар жекпе-жекке де шыға ал­май, қос шабаданды қолтықтап тайып отырды емес пе?») , ақы­рында, машинасы бар бір әйел­мен қосылып, Раушан мен ұлы Қадыр­ды тастап, қарақан басын күйттеп кеткен міскін. Әлжан – қазіргі кезеңдегі азғын еркек­тер­дің сын­шыл бағалаумен жинақ­талған тұлғасы. Екінші перзенті қыз бала Бақыттың да көрпеге ораулы күйінде тұншығып өлуін­де сол сәтте мас болып жатқан Әлжанның жауапсыздығы себеп болады. Әңгіме тақырыбы етіп алынған «Кілтсіз сандық» атауы арқылы жұбайлы-жұптық от­басы­лық одақтың сақталуындағы басты себеп әйел мен еркек ма­хаббаты аясындағы бала-ұрпақ өсіру мұрат-кілтінің сақталмау траге­диясы байыпталған.
«Тұтқын жолаушы» әңгі­ме­сінің идеялық-композициялық көркемдік арқауы – күй туын­дысының, күйші-компо­зитор­дың, күйші орындаушының шы­ғарма­шылық өнер құдіретінің эстети­калық тағылымын таныту. Әңгі­менің «Тұтқын жолаушы» тақы­­ры­бымен аталуының мәнісі – күйдің тылсым сиқырлы сазы­на-әуеніне ғашық өнер иесінің рухани құштарлық тұтқыны екен­дігін сезіндіру. Туынды сюжетін­дегі Бежең күйші – Бейсенбі би және оның күй әуенін тыңдап, өзінің де күйшілік өнер шебер­лігін та­ныт­қан жолаушы жігіт Бозғалам-Жа­йырдың дидар­ла­суы­мен айқын­далған.
Әңгіме сюжетінің шарықтау шегіндегі аға күйші Бежең мен іні күйші Бозғаламның ата-бабалық дәулескер күйшілік дәстүр сайы­сын бір тәуліктей өнер бәсекесі­мен жүзеге асырғаны да оқырман­ды әсерлендіреді. Әңгіме сю­же­ті­нің шешімінде күйші жі­гіт­тің бақайы­мен тартқан жаңа күйін «Жолау­шы» деп, ал би Бежең өзінің сол сәтте туындаған «Жеңілдім» күйін тартуы, жолау­шы өнерпаз азамат­қа батасын («Бәрекелді, қабыл алдым. Жең­дің, сабазым! Оздың, пырағым! Жол сенікі, жеңілдім. Талабың өр Алтайдай асқақтасын. Мерейің қара Ертістей тасысын!») бергені – байтақ Ұлы Дала пер­зент­терінің өнер құдіретімен мәң­гілік рухани ұғысып, туысып, тұта­сып келе жатқан ата-бабалық қасиетті ұстанымының көрсет­кіші.
Жазушының «Арулы ағаш» повесі – туған жеріне, атамекеніне мәңгі ғашық адамзат ұрпақтарына ортақ адамгершілік-отаншылдық сезім құдіретін дәріптеу туын­дысы. Повестің сюжеттік-компо­зи­ция­лық желісіне идеялық-көр­кемдік арқау болған туған жер, ата­мекен тағдыры эпикалық баян­дауларда, кейіпкерлердің монологтарында, диалогтарында қамтылған. Шы­ғар­маның азамат­тық-отаншылдық сыншыл сары­ны аясында ХХ ғасырдың 60-жылдары ҚХР-дағы «Мәдени революция» науқаны кезіндегі сорақы іс-әрекеттер тарихи дерек­тілігімен баяндалған:
«…Көшеде кезіккен кемпір-шалдарды зар жылатып сақалын қырқып, шашын кескен, қыз-келіншектерді шырқырата қуып жүріп бұрымын кескен, көне ескерткіштердің күл-талқанын шығарған 1966 жылдың тамызы көз алдыма келеді» (Дәулетхан Ә. Тарту… 47-б.)» осы арада, әрине, оқырманның да ойына әлемдік тарихнамада адамзат ұрпақта­рының мыңжылдықтар бойы жасаған материалдық және ру­хани мәдениет жетістіктерін қи­ратуды, мансұқтауды мұрат тұт­қан саясат­тың да қазіргі заманғы экология­лық зардаптар қата­рында екендігін назарға аламыз: «…50-жылдардың 2-жартысынан бастап Мао Цзедун бастаған ҚКП басшылығы ұлт­шылдық бағыт­тағы саясатты кү­шейтті. «Үлкен секіріс» саясатын жүргізді. Аз ұлттарға қысым күшейеді. 1960 жылдан бастап кеңес-қытай шекарасы жиі бұзыла бастады. 1966-76 жылы «мәдени револю­ция» саясатын жүргізді. «Үлкен секіріс» және «мәдени ре­волю­ция» жылдарында мың­даған адам­дар репрессияға ұшырады» (Қазақстан. Ұлттық энцик­ло­пе­дия/Бас ред. Б.Аяған. – Ал­маты: «Қазақ энцик­ло­пе­диясының Бас редакциясы, 2004. – 696б.; 209-210-бб.).
Повестің композициясындағы кейіпкер Қабыл атаның бұдан 60 жыл бұрын өзі еккен «Құн вый­бындар» кескен Арулы ағаштың орнына қайтадан жаңа шыбық еккенін хакім Абайдың «Жүрегім менің қырық жамау» өлеңін айта отырып, өткен өмір белесінде әділетсіздіктің, қатыгездіктің, мейірімсіздіктің құрбаны болған Тоқтаубике арудың тағдырын әңгімелеген сюжет те эпикалық туындының идеялық арқа­уын­дағы рухани экологиялық хал-ахуалдың сипатын айқындай түседі.
Повестің тақырып арқауын­дағы адамзат тарихындағы тоқ­тал­май келе жатқан талай-талай сой­қанды жасаушы жауыздардың («…Жүсіп қазірет пен Оқас бай сияқтылар мына дүниені жоқ қы­лып жіберер ме еді, қайтер еді.., 78-б.) зұлымдықтары жағаласа әрекет етсе де, бірақ Жаратушы Алланың құдіретімен тіршіліктің тоқталмайтын өсуі-өркендеуі шығарманың көркемдік түйінін­дей баяндалған. Әсіресе, повесть кейіпкері ару Тоқтаубике есімінің қойылуы да халқымыздың өмірге құштарлығының, үмітінің, сені­мі­нің мәңгілік ұстаным беріктігін танытатындығы өрнектелген. Жазушының «Бесінші постулат» повесінің тақырыбы – педагоги­калық жоғары оқу орны сту­дент­терінің оқу үдерісіндегі және тәжірибелік сабақтар өту кезе­ңіндегі жағдайы, идеясы – қыз бен жігітке ортақ сүйіс­пен­шілік сезім психологиясының күрделі әлемін таныту. Повестің компо­зициялық құрылымындағы поэ­тикалық-психологиялық тұ­тастықпен қамтылған мәселелер саралана көрінеді: біріншісі – басты кейіпкерлердің (ұстаз ку­ратор Болатхан Қоспанов, декан Сәлім Сәменов, студенттер Са­быр­хан, Сәуле, Тельман (физика факультеті), Махамбет, Гүлшәді, Пістегүл (математика факультеті), 8 «а» класындағы тентек оқушы Қанат) тұрмыстық-әлеуметтік қа­рым-қатынастарының қайшы­лықты, қақтығысты сипатының баяндалуы, суреттелуі; екіншісі – шынайы махаббат сезімінің құрсауына түскен адамдар жан ділі әлемінің трагедиялық-психо­ло­гиялық болмысының даралана танылуы. Повестің басты кейіп­кері Сабырханның балалық шақ­тан бірге өскен, қазір инсти­тутта бірге оқитын Сәулеге ғашық­тығы, ал Сәуленің тұрлаусыз Тель­­манға ғашықтығы – қайшы­лықты си­патты өмір шын­дығы тұтас­ты­ғын­да баяндалған. Басты кейіпкер Сабырханның шынайы ғашық көңілін тек жолдастық-ағалық ықылас тұрғысында ғана сезініп жүрген Сәуленің өзіне әуелде өліп-өшкен, кейін Гүл­шәдіге ауып кеткен Тельманның тұрлаусыз­дығына күйінген-күй­зелген көңіл-күйімен ортақ­тас­қан мүшкіл хал-ахуалы оқыр­манды да ма­за­сыз­дандырады. Өзінің сырты бүтін, іші түтін мі­нез-құлық пси­хологиясымен баураумен ерек­шеленетін адам­дардың көркем жинақталған болмысы факуль­теттің орыс бөлімінде оқитын осы Тельман бейнесімен дәлелденген.
Ал, Сәулемен үнемі сырласып, түрлі тақырыптарда пікір талас­тырып жүретін конференцияларда баяндама жасайтын үздік оқитын, факультеттегі қабырға газетін шығарушы домбырамен қосылып танымал әндерді («Ақжайық», «Жұлдызым», т.б.) шырқайтын кейіпкер Сабырхан – жан-жақты қабілетті, талантты, ақылды жігіт­тердің көркем жинақталған тұл­ғасы. Повесть сюжетінің ша­рық­тау кезеңіндегі Сабырханның Сәуленің Тельман мен Гүлшәдінің қосылып, кетіп қалғандарына күйініп тұрғанда оны күйзел­дірген Тельманды іштей жазғы­руы да нанымды. Басты кейіпкер Сабыр­хан күйзелісінен туындаған шие­леністі оқиға – оның аяғын ақсаң­дап басатынын әдейі қиса­лаң­дай ақсаңдап келеке еткен тентек оқу­шы Қанаттың қылы­ғына шы­дамай ұрып құлатқаны («Баланы құлақ шекеден ала шапалақпен тартып жіберді. Қанат жалп етіп ұшып түсті», 152-б.). Бұл – тір­ші­ліктегі қай­шы­лық­тар-қақтығыс­тар орта­сын­дағы адам жан ділі психо­ло­гия­сына тән шыдамның, төзімнің тасылу сәтін байқататын құбы­лыс. Повесть сюжетінің көр­кемдік шешімінде оқушыны ұр­ға­ны үшін оқудан шығаруы, ла­йықта жазалануы талқыға түскен Сабыр­ханның ауруханаға түсуі дәлел­денген.
Өзі ғашық қызға шынайы сезі­мін ашық білдіре алмай іштей жан күйзелісіне ұшырай­тындар­дың трагедиялық-психологиялық хал-ақуалы Сабырхан бейнесі арқылы дәлелденген. Ал, өзіне ғашық асыл азаматтарды баға­ламай, еркектің сырт келбетіне, жылпос мінезіне елігіп, тұрлаусыз сұрқиларға табы­натын, ақырында далада қалатын алаңғасар, ақыл­сыз қыздар, әйел­дер болмысы Сәуле бейнесімен оқырманға ұсынылған. Жазушы түптұлға­лардың көркем шындық поэтика­сымен жинақталып бей­не­ленуі арқылы адамдардың саналуан психологиялық құбы­лыстар құр­сауындағы көңіл-күй сарында­рына тән шынайылықты таныта білген.
Әлімғазы Дәулетхан – көсем­сөзші қайраткер қаламгер. Тәуел­сіз Қазақстан Респуб­ликасының жаңа тарихындағы көсемсөз дәс­түрінің қайраткерлік-отаншыл­дық рухын таныта білді. Оның Қы­тай­дың ежелгі дәуірінде өмір сүрген көрнекті ақыны Ли Бәйдің (жа­нама аты Тәйбәй – жарық жұлдыз, алтын жұлдыз, Шолпан жұлдызы) қазақтың Дулат руы­ның перзенті емес екендігін дәлел­деген мақала­лары, хаттары, сұхбаттары («Дау­дың отын тұ­тат­қан кім, лаулатқан кім?», «Тарих түйінін сізше тарқату күнә» (хат), «Ақиқат пен аңыз», «Жалған та­рих жасау – жалған ақша шығар­ғанмен бірдей сорақы қылмыс» – бәрі де (Ли Бэй қазақ емес!: мақалалар мен ой-пікірлер/Құ­рас­тырушы – Әлімғазы Дәулет­хан. – Алматы: «Жанұя-Поли­граф», 2018. – 252-б.) қазақ өрке­­ниетін шынайы мәдениет, та­ри­хын сақтау, бағалау мұра­тындағы оның отаншыл-ұлтшыл қайраткер екендігін дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, Әлімғазы Дәулетханның көркем прозасы, көсемсөздері, әдебиеттану, тарих­тану ғылымдары салаларындағы еңбектері – Тәуелсіз Қазақстан­ның жаңа тарихындағы рухани құнды­лықтар қатарында бағала­нады.

Темірхан Тебегенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Жамбыл атындағы
Халықаралық сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір