Мұхтар Әуезовтің 20 томын жатқа білем
16.11.2018
3119
0

Қуаныш ЖҰМАБЕК:

Елбасының жолға қой­ған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жо­басы елі­міздің әр өңіріндегі талап­ты жас­тар­ды саралап шығып, олардың істеген игі істерін ел-жұртқа та­ныс­тыруға, сол арқылы еліміздегі жастар қауы­мын шабыт­танды­руға негіз бол­ды. Елдің ертеңі, болашағы болған жастар­дың бүгінгі жарқын табыс­тары кісі қуантар­лықтай. Осы игілікті жобада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан көрінген, ғылым сала­сында еңбек­теніп жүрген азамат­тар­дың бірі Қуаныш Жұмабекті сөзге тарттық.


– Қуаныш, туған топырағыңыз, өскен ортаңыз, жалпы, өмір жолыңыз жайлы қысқаша айта кетсеңіз…
– Мен 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Таскескен ауылында дүниеге келгем. Балалығым Барқытбел бауырында өтті. Ата-анам фольклорға өте жа­қын жандар. Олар ұйықтар алдында ертегі, жыр-дастандарды айтып, бізді халық ауыз әдебиетімен сусын­датып өсірді. Бала кезден Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан оқу­ла­рына қатысып, көптеген шығар­ма­ларды жаттадым. Мектепті бітіре­тін жылдары Мұхтар Әуезов атын­дағы Семей университетінің ұйым­дастыруымен «Әуезов және әлемдік мәдениет» атты облыстық сайыста М.Әуезовтің 20 томын жат­қа айтқаным үшін ф.ғ.д., профессор Арап Еспенбетов бастаған Бауыржан Ердембеков, Жандос Әубәкір, Қа­ныш Бибеков, Раушан Мұқажанова сынды әдебиетшілер, ғалымдар 100 үміткер ішінен маған бас жүлдемен бірге оқу грантын берді. ҰБТ тапсырып екінші оқу грантына да ие болдым. Сөйтіп СМПИ-да жоғары білім алып, өз-өзімді қалыптастыр­дым. 21 жасымда арман қуып Алма­тыға келдім. Бұл шаһар шың­да­луыма, биік белестерді бағдыруыма мүмкіндік берді. Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTİ университетінде ағылшын тілін оқыдым. Түркиядағы Нийде Өмер Халисдемир универ­ситетінің докто­рантымын.
– Өзіңді ғалым, полиглот, аудар­машы, «Білім беру саласының үздігі», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде бі­ле­міз. Осындай жетістікке жетуіңнің сыры неде? Еңбектерің туралы да айта кетсең!
– Рақмет! Атақты канадалық жазушы Чарльз Темплтон бір сө­зінде: «Жетістікке жету бір нәрсемен ғана тығыз байланысты, ол – ауыр еңбек», – деген екен. Адам баласы қажырлы еңбек пен тегеурінді та­лап­тың нәтижесінде кез келген дүниені іске асыра алатынына се­нім­дімін. Өзім де сол еңбектің арқа­сында былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына еніп, Елбасымен кездестім. Биыл «Білім беру саласының үздігі» атандым. Әзірге алты кітаптың авторымын. Атап айтар болсақ, 2015 жылы Анкара қаласында «Bizim Büro» баспасынан «Let’s Learn to Speak English» атты оқу-әдістемелік құра­лым жарыққа шықты. 2017 жылы ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, «Мәдениет саласының үздігі», докторант, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы, өзімнің туған ағам Ержан Жұмабектің 2012 жылы Мәдениет және Ақпарат министрлі­гінің қолдауымен жарық көрген «Шексіз­дік шұғыласы» жыр жинағын «Sonsuzluk Şûlesi» деген атаумен түрік тіліне тәржімаладым. Кітап Түркия елінің қолдауымен Ыстамбұл қаласындағы «Ezgi Matbaacılık» баспасында басылып, түрік оқыр­мандарының ыстық ықыласына бөленді. Жақында «Тапқыр бала» атты қазақ және ағылшын тілде­ріндегі ертегілер жинағы мен «Қазақша-Ағыл­шынша» сөздік оқырмандарға ұсынылды. Одан бөлек, түрік драматургі Нежіп Фа­зыл Кысакүректің «Рейс Мырза» атты кітабы қазақ тіліне, Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» хикаялар жинағы ағылшын тіліне аударылды. Алдағы уақытта қалың оқырманға жол тартатын болады.
– «Let’s Learn to Speak English» атты оқу-әдістемелік құралыңыз қазір­гі таңда ағылшын тілін үйренемін деушілер үшін таптырмас құрал болып отыр. Кітаптың ерекшелігі мен маңыздылығы қандай?
– Кітаптың негізгі ерекшелігі – ағылшын тілі грамматикасының өзге тілдің көмегінсіз өз ана тілімізде түсіндірілуі. Оқулық үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде тіл мең­геруге қажетті тақырыптар мен грамматикалық ережелер сұрыпта­лып, ретімен берілген. Тілдің фо­нети­калық заңдылықтары, барлық сөз таптарының мағыналық топтары мен лексика-грамматикалық кате­гориялары, функционалдық сипаты ағылшын және қазақ тілінде беріліп, кестелер арқылы түсіндірілген. Біз әлемге ұлттық ерекшеліктерімізді ертегілерден бастап көрсетуіміз керек. Сондықтан екінші бөлімде ха­лық ауыз әдебиетінің бай қазы­насы саналатын қазақ ертегілері ағылшын тіліне аударылған. Аударма барысында ертегілердің көркемдік ерекшеліктері, ұлттық сипаты мен негізгі идеялық мазмұны басты назарға алынып, түпнұсқаның ұғымдық-логикалық тұстарына да айрықша мән берілген. Үшінші бөлімде америкалық ағылшын тілі­нің қолданыстағы жиілігі тұрғы­сынан маңызды сөздер мен сөз тіркестері тақырыптарға бөлініп, тиісінше аударылып берілген. Жалпы, ағылшын тілін үйренем деушілерге де, advanced деңгейін­дегілерге де қажет оқу құралы. Адамзат қоғамы дамуының басты көрсеткіші ғылым екенін ескерсек, сол ғылымды игеру және оны ұлт мүддесіне жарату – негізгі мақсатым.
– Аударма саласында сүбелі еңбек етіп жүрсің. Шығармаларды аудару барысында басты назарға нені аласың?
– Аударма – ұлт пен ұлтты, мәде­ниет пен мәдениетті жақында­татын алтын көпір. Аударма тілді жетік меңгерумен қатар, терең білім мен асқан жауапкершілікті талап етеді. Шығармаларды аудару бары­сында түпнұсқаның көркемдік жағын, сөздердің бейнелік әсерін неғұрлым толық әрі дұрыс жеткізуге тырысамын. Алайда әр ұлттың өзіне тән болмыс-бітімі болғандықтан, аударма кезінде тілдік категория­лардың (сөздердің) контексте әр алуан қызмет атқаруы қиындық туғызады. Көркем әдебиетте жиі кездесетін реалия сөздердің де ұлт­тық нақышын сақтай отырып, мазмұнын барынша ашуға күш жұмсаймын. Барған жерімде айтып жүретін бір мәселе, біздің Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдай­бердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұма­баев, Спандияр Көбеев, Мұх­тар Әуезов, Мұқағали Мақатаев т.б. ақын-жазушыларымыздың бәрі аудармамен айналысқан. Сондық­тан, әрбір ақын, әрбір жазушы өзге бір немесе бірнеше ұлттың тілін толық меңгеріп, көркем аудармаға келуі керек.
– Шетел әдебиетімен, соның ішін­де ағылшын, түрік әдебиетімен етене таныссың. Жаһандық әдебиет­тегі жаңа ізденістер постмодернизмнің төңірегінде өршіп тұрғаны белгілі. Аталмыш ағымның қазақ әдебие­тіндегі орны қандай?
– Қазір шетел әдебиеті дегенде символизм, аквеизм, кубизм, имажизм, футуризм, модернизм, постмодернизм сынды түрлі әдеби ағымдар ойға оралады. Бұл әдебиет әлемінің үнемі жаңарып, түрленіп, дамып, жаңа тенденциялармен толығып отыруының дәлелі болса керек. Ағылшын, түрік шығар­маларын оқығанда постмодернистік көзқарастың басымдылығын бай­қаймын. Бүгінде бұл әдеби құбылыс – әлем әдебиетінің басты ағымына айналып отырғаны даусыз. Пост­модер­низмнің нақты анықта­масы болмаса да, оны әркім өз деңгейінде түсінеді. Кейде постмодернизм сан алуан «измдердің» бір түрі тәрізді. Жасанды дүние ретінде көрінуі де мүмкін. Алайда қоғамдағы өзгеріс­терді байырғы реалистік баяндаумен, стандарт суреттермен бейнелеу тоқтап қалған көш іспеттес. Жаһандық әдеби-мәдени үдерістегі постмодернизм ағымы қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында да кеңінен талдана бастады. Қазақ әдебиет­танушы­ларының арасында бұл бағытты жақтаушылар да, теріске шығарушылар да кездеседі. Деген­мен қазақ әдебиетінде, әсіресе поэ­зия­сында бұл концепцияны жоққа шығара алмаймыз. Себебі, өлеңнің қатып қалған қалыбынан шығып, жаңаша формада, жаңаша мазмұнда қалам тербеп жүрген ақындарымыз баршылық. Мәселен, өлең құрылы­мы мен поэтикалық жүйесі ерекше таланттардың бірі деп ағам – Ержан Жұмабекті айтар едім. Оның кейбір өлеңдерінен постмодерндік ағым­ның нышанын көруге болады. Ер­жанның «Хат» атты өлеңінің мына жолдары сырлы сезімді таптаурын баяндаудан ада, өзгеше өрнектелген:
Қатесін кеш, мендей ымырт кісінің,
Бақ самғауы – бір-ақ сәттік ұшырым.
Күңгірт үміт хатын жаздым өзіңе,
Қиялымнан сорғалатып құс үнін.
Мұнда мотивировка мығым­дылығы байқалады. Санаға сілкініс жасайды. Әр сөз терең ұғынуды қажет етеді.
Әтіріңнен арман иісі аңқи ма?
Жақындасам, жүрек – демің
шарпиды-ау!
Сен жымисаң – көңілім қобыз
тартады.
Сен мұңайсаң: тән – садақа,
жан – пида! –
деп жалғасатын жолдар әртүрлі тропалар жүйесін тұтастырып тұр­ған­дай. Нәзік сезімді көркем тілмен, ұтқыр тіркес арқылы әдемі жеткіз­ген. Ақынның поэтикалық палитра­сында ақ-сұр түс басымдау. Сайып келгенде, нағыз өркениет әдебиет пен өнерден туады. Өркениетіміздің өсуі үшін әдебиетіміздің деңгейі ас­қақ болуы керек.
– Алға қойған жоспарларыңа тоқталсаң…
– Алда атқарылатын шаруа шаш етектен. Бір орында тоқтап қалғанды ұната қоймаймын. Үнемі ізденіс үс­тінде жүремін. Алдағы уақытта қазақ ақын-жазушыларының шоқтығы биік шығармаларын шет тілдеріне тәржімалап, қазақ әдебиетінің деңгейін көрсеткім келеді. Соның ішінде, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ұлттық бояуын бұзбай ағылшын тіліне аудару жоспарымда бар.
– Әңгімеңе рақмет! Шығар­машылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі Әлімақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір