Жанарымнан ыстық жас ыршып кетті
16.11.2018
2409
0

Елубай Әуезов

ТАҒДЫРЫҢ ӨЗ ҚОЛЫҢДА

Бір үмітті, бір үмітке жалғағам,
Қу тірлікте мен де әлімше қарманам.
Не өтсе де менің жұмыр басымнан
Алладан.

Жүрер жолым қалы кілем төсеген
Дәулет қонса, көгерсе егер көсегем.
Мүмкін лашық болар менің баспанам
Пешенем.

Не деп кетті дей көрмеңіз жазғышым,
Тағдыр тақта белгіленген жаз-қысым.
Азап толы, ғажап толы бола ма
Жазмышым.

Не болғанда көтересің төзіммен
Соны ойласам кездерім аз көз ілген.
Жақсылық та, жамандық та болуы
Өзімнен.

Үлгірем деп құлшылыққа кейін де
Құрасың ба өміріңді сейілге.
Байланысты тағдырыңды өзгерту
Пейілге.

Қол жетпесе басы майлы сүйекке
Тағдырыңа айтасың ба, жиі өкпе.
Беретінін ұмытпасай Алланың
Ниетке.

Ізгі үмітпен қарсы ал әрбір таң нұрын
Сүй дауылын, күншуағын, жаңбырын.
Алла әділ, өз қолыңда ендеше
Тағдырың.

БАЛҚАДИША

Таңдаған қасіретті жолды бекем
Ақанның ән көгінде орны бөтен.
«Құшақтап құз-жартасты жылатардай»
Балқадиша сен қандай болдың екен.

Кеңейтіп зар заманды, тар ғасырды
Мұңлы әнді әуелетіп алға асырды.
«Бұралған белің нәзік шіркін-ай»,деп
Бөліпті сексен қыздан хан басыңды.

Солайша жарасыпты саған қылық
Ақан сүйсе, мен қалай табам күдік.
«Тигенің сексен бесте шал Қадиша»
-Деп жүрген бергілер ме, қай әңгүдік.

Бой балқып ән естілсе қосар демім
Табылмай беу көңілім босар ма едің.
Күніне жүз, мың мәрте тыңдасам да
Дегбірімді алады осы ән менің.

Осы әнмен шабытым да еселенген
Ертең-ақ қызыл шырай көшер өңнен.
Ән туғызар өзіңдей аруды іздеп
Қарадым вокзалдардан, көшелерден.

Көңілмен аппақ мамық, мақта сынды
Сұлуға аштық талай бақта сырды.
Балқадиша өзіңді іздеп келем
Білсем де жолықпасың, таппасымды.

Боп кетсін жүрек-сезім бойда қатаң
Ынтызар тыңдап әнді ойға батам.
«Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың»
Балқадиша, қайран ән, қайран Ақан.

БҮГІН БІРІ ТАМЫЗДЫҢ

Бәр-бәрісі орналасқан тәртіппен
Қандай ғажап ештеңе жоқ артық-кем.
Кеше де өзі күн осындай болды ма?
Таң қаламын ішке терең тартып дем.

Жыр дөненін аяңдар ма тебінсек
Қандай көркем мына көрші келіншек.
Мына талды мына жерге кім еккен
Еңбекқор боп кеткен бе жұрт еріншек.

Мән берместен келгенмін-ау сірә сәл
Бұл жырымды әзілге де бұра сал.
Ырғасады көрші қара кемпірмен
Не көрінген, құтырған ба, мына шал.

Дей алмайсың қандай да бір қауіп бар,
Зулап көлік, оған бір ит жауықты ал.
Жарасымды бірақ бәрі осының
Қандай әсем шақырады тауықтар.

Көкірегімнен келмес шаттық ән үзгім
Қайда ғана жүр екенсің жаны ізгім.
Қызыл-жасыл неге мына дүние
Бүгін бірі екен ғой ше,тамыздың.

АМАНАТ

Талайының жанбай жатып даңқы өшті
Ал көбінің көштен қалған, салты ескі.
Сырда бүгін өлең қуған ақын кем
Бірен-саран жүрміз жарым, жанкешті.

Бірі көшті тірлік үшін амалға
Бірі барды ақын бармас қадамға.
Барлығын да кешіремін, түсінем
Ақын болу қиын мына заманда.

Бірі шырқап, жәреуке боп, сайқал ән
Енді бірі «мал» болмасын байқаған.
Сүлейлердің еліне ұят келмесін
Қалам алып, атқа отырдық қайтадан.

Болмасын деп өзге жұрттың табасы
Ұрмасын деп сөз-киенің наласы.
Шын ақын боп ғұмыр кешу бүгінде
Өмір менен өлімнің нақ арасы.

Қорқыт қобыз құлағымнан үн кетпей
Сүйлейлерді, жүре алмаспын үлгі етпей.
Өздеріңнен қалған бізге аманат
Кейінгіге жеткізе алсақ кірлетпей.

ӘДЕТ пен ӘДЕП
(Мысал)

Күнелтпеу үшін, үркіп, ықтап бұғып,
Санаға құяр мысал нықтап тұрып.
Ертеде, тым ертеде болса керек
Хан, уәзір отырыпты сұхбат құрып.

Ойға алғанын жасайтын желөкпе боп
Салады хан мінезі әлекке көп.
Сұрапты уәзірінен мықты қайсы
«Әдет пе, қалыптасқан әдеп пе» деп.

Ханның добы басы оның күнде құрбан
Жауабын беруі шарт мүлде жылдам.
«Әдет күшті хан ием деп ойлаймын
Өзімен анасынан бірге туған».

Тұшынбай хан уәзірдің жауабына
Өзі жауап қатыпты сауалына.
«Әдеп күшті мына өмір үйрететін
Ыңғайланар тірліктің ауанына»

Сыйлайды сүйген құлға тағдыр мұңды
Біреуді зейін беріп алғыр қылды.
Піскен еттен басқалай түк жемейтін
Бар екен хан мысығы жалбыр жүнді.

Осы тұсын айтуға шама келді
Бұл оқиға таңғалтты тамам елді.
Уәзірі көп толғанып ертесіне
Ұстап ап бір тышқанды ала келді.

Кеудені күдік басып, жанар тұман
Уәзірге де жоқ менің тағар кінәм.
Тышқанды жібергенда тұра қуған
Секіріп түскен мысық хан алдынан.

Жаратылыс дегенің осы шығар
Біреуді дұшпан, біреуді досы сынар.
«Көн қатса қалыбына» депті қазақ
Ойға орала береді осы мысал.

Айттым-ау, талай тәлім әлгіде көп
Боласың өткенде естіп мәңгіге тоқ.
Осы оқиға сізге бір ой сала алса
Әңгіме жоқ.

ҚАЗИДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Әлі келмей ауруға тістенеді,
Бас көтеру өзіне күш керегі.
Не болды осыншалық ауыр тартып,
Қарақұмда еңбекпен піскен еді.

Болмай тұр мына дерттің жеңіл емі
Қабырға астын әлдене кеміреді.
Бала күннен қой бағып, пішен шапқан
Не болды бұл, денсаулық темір еді.

Не берсең де аз оған қияр ақы
Аз емес-ті жасаған зияраты.
Қамқор қолын талайға созған еді
Болмап еді бір жанға қиянаты.

Пайда болмай дәрігер пышағынан
Шырқалып ой-санада құсалық ән.
Алып дене әзер деп қозғалады
Шексіз ойдың шыға алмай құшағынан.

Қойғаны ма ажалдың бұғалық сап
Бергені ме құдайдың бұған рұқсат.
Түн баласы самсаған сан мың жұлдыз
Қарақұмның көгіне тұрар ұқсап.

Аспан астын қара бұлт қаусырды кеп
Татар дәмің дегендей таусылды көп.
Жалғыз ұлға арнады соңғы сөзін
«Балам менің талқаным таусылды» деп.

Дерті осылай оңалмас қырсық кепті
Жанарымнан ыстық жас ыршып кетті.
Баяғыша ит өмір жалғасуда
Біреулер жүр мес қарын, былшық бетті.

ӘЙЕЛ ШЕ…

Қандай құрмет барын қайдам қай елде
Айтылған бір сөз емес бұл жай ерме.
Қашан, қандай өлең жазсам ішінде
Ылғи орын беріп келем әйелге.

Тілегіміз бір арнаға қосылар,
Ия оларда көңіліңнің қошы бар.
Мұсылман тыныш, егер кәпір тоқ болса
Өмір бейбіт тыныш болса осылар.

Айтқанымды бәлкім ұққан боларсыз,
Аспандамай сіз де жерге қонарсыз.
Оңай емес ғұмыр кешу әйелмен,
Тіпті қиын өмір сүру оларсыз.

Ия рас, кей қылығы ұнамды
Дегбірімді ап, мүлде есімді шығарды.
Кейде ойлаймын мына байтақ әлемде
Адамзатта мен шығармын шыдамды.

Таң ата орал, кел үйіңе кешқұрым
Несі бар ей, азамат қой кеш құнын.
Не болса да барлығы да әйелден
Байқалмайды ал өзімнің еш мінім.

«Жаным» десе тіктеледі жәй еңсе,
Шаттығыңды шаңырағыңа сай өлше.
Көп болмайды Мұқаң айтып кеткендей
Әйел ше…

ТАҢҒЫ ЖЫР…

Жете бере ме бәріне ылғи төзім кіл
Кеудемде жылы қытықтап тәтті сезім жүр.
Жыр тілеп әр күн, жыр буып әр түн асығып
Ұрынып жүрген кезім бұл.

Суылдап күнде тағдырдың талқы парағы
Істерім жатыр алдыма қойған сан әлі.
Тұрлаусыз уақыт тыңдаған бірақ кімдерді
Жылдарым зулап барады.

Құлық жоқ менде онымен бірақ санасар
Сәуегейің де емеспін жоққа бал ашар.
Менікі талап ұмтылам әлім жеткенше
Қалғанын құдай қарасар.

Езіліп бітпей тұрғанда татар малтаң да
Үлкендер дейтін «ақыретіңе мал таңда»
Басқасын қайдам, мен үшін бақыт осылай
Жыр жазып тастап отырсам шалқып әр таңда.

ҚЫСҚА…

«Краткость-сестра таланта» А. Чехов.
Құлаш ұрып, биіктерге, асқарға,
Жазғым келер поэма да, дастан да.
Тым асығыс бірақ бүгін оқырман,
Басын оқыр кітабыңды ашқанда.

Миың шағып, көз майыңды төк мейлі,
Шыдап, төзіп соңына оның жетпейді.
Қысқа-нұсқа болу керек айтар ой,
Жазбадың деп толғау ешкім сөкпейді.

Сөз жеткізіп жұртқа өсек тасығыш,
Өлең жазу боп қалғандай машық іс.
Майпаздап-ақ отырар ем байыппен,
Қадір айтқан «өлім ит те асығыс».

Аз сөзбенен айтам мен де ал, тыңда,
Мыс пен жезді айналдырам алтынға.
Көлемі оның маңызды емес,
Мен үшін
Өлмес сөзім қалса болды артымда.

Көтерілсе оқыған жан көңілі,
Болмақ менің жеңісім де ең ірі.
Қысқа болсын, нұсқа болып әр сөзі,
Өлеңімнің ұзақ болсын өмірі…

АУЫЛ ТАҢЫ

Асыға күтем алаулап әрбір таңды атқан
Болмаймын мезі әтештей әнші заржақтан.
Жеңілтек мінез әр гүлге қонып көбелек
Есектер анау барады тұрып шаңлақтан.

Кіршіксіз таза Алланың болар сыйлығы
Адамы аңғал, итінің қайқы құйрығы.
Ауылда тірлік бастапқы өмір қалпындай
Көзіңмен көріп, жаныңмен сезіп, түй мұны.

Қалыс қап несі, ерек қып несін еледім
Таппай-ақ келем жаныма ненің керегін.
Ертешіл келін бұзауды ұзақ зарлатпай
Қораға беттеп барады ұстап шелегін.

Жылқылар жусап, суатқа құлап пысқырып
Қыбыр да, жыбыр дамылсыз бәрі іс қылып.
Ошақтан ұшқан исі де түтін жағымды
«Жәрекімалла» дейді әжем қалсам түшкіріп.

Білдіріп бірін, айта алмай қанша сыр бүктім
Жәмәнің кетіп осында қапты кіл мықтың.
Қала мен ауыл аңдаған жанға бажайлап
Көрсетіп берер арасын жалған, шындықтың.

Тірлігін талмай бастады тағы бал ара
Мен ғана жалғыз түсе алмай жүрген сабама.
Жұбанып жаным қимаймын қарап жан-жаққа
Осында қалып, қайтпай-ақ қойсам қалаға.

Көрінісіне ауылдың көркем тоя алмай
Жүрген сәтімде түрім де адам аярдай.
Сезімді бұзды-ау, бір итті бір ит сүйреген
Ой, Алла-ай…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір