Менің күймем жылжиды мәңгіліктің жолымен…
16.11.2018
2150
0

Марфуға БЕКТЕМІРОВА

БІР ҚОЛЫМДА ӨЛЕҢІМ,
БІР ҚОЛЫМДА БӨБЕГІМ

Тәтті ұйқысын тербетіп ұйқыдағы төренің,
Туласам да толқын боп тағдырыма көнемін.
Ақын болған әйелмін, ақыл қонған анамын,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Тағдырыммен таласқан түнді жақсы көремін,
Сәуле шашқан бойыма күнді жақсы көремін.
Қос бақытты құшақтап тәтті ұйқыға кетемін,
Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

Азабына шыдамай кейде мынау өнердің,
Рахаттана бір кезде көз жасымды төгермін.
Жеңе алмайды жауларым қорғанышым қуатты,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Қолдарына кісен сап уақыт атты шебердің,
Жылдарымды келмейді кейін қарай шегергім.
Менің күймем жылжиды мәңгіліктің жолымен,
Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

АСПАН ЖАҚТЫ АҢСАП ЖҮРГЕН

Қара бұлтқа,
Тығылады тоңған ай
Көзің талды…
Жұлдыздарым жол қарай.
Ызың, ызың…
Жел еседі,
Осы түн…
Махаббаттың соңғы түні болмағай.

Суық сөздер,
Естімесін жұлдыздар,
Жауратпасын,
Жұлдыздарды түнгі ызғар.
Арқа жақта…
Елеусіздеу жыр жазып,
Аспан жақты аңсап жүрген бір қыз бар.

ТҮСІМДЕ ҰШЫП ЖҮРЕМ ҚҰС СЕКІЛДІ

Кіреді небір ғажап түске түрлі,
Қарасам, жерде алтын күз секілді.
Құстарға қызығушы ем, өзім де енді,
Түсімде ұшып жүрем құс секілді.

Бұл өзі қызық, қызық түс болатын,
Кәдімгі қыранға ұқсап ұшқан ақын.
Өңінде ұша алмаған мен байғұсқа,
Қай құдай берді екен құс қанатын?

Ұшып жүрем, жерде емес, аспандарда,
(Қай жерге тығылады сасқан қарға?)
Бұл не түс, о дүниеде мен білмейтін,
Бір жұмбақ, құпия өмір басталған ба?

Менсінбей, жер үстінде кімсің деген?
Биік ұшсам болғаны күншілдерден.
Самғау керек достарым,самғау керек,
Түк бітпейді тек іштей күрсінгенмен.

Өзімді құсқа талай теңеп едім,
Бұл арман кім біледі не берерін?
Өлген соң жаратқанға есек емес,
Құс қылып жарат мені демек едім.

Белгі беріп жаратқан, түсіме аян,
Қыранның қонды ма екен күші маған?
Құзғындарға ерегісіп ұшырмаған,
Құс болып түнде осылай ұшып алам.

Кіреді небір ғажап түске түрлі,
Қарасам, жерде алтын күз секілді.
Құстарға қызығушы ем, түстерімде,
Аспанда ұшып жүрем құс секілді.

ҚАРА ТҮН…ҚАРА АТТАЙ ТЫПЫРШИДЫ

Көз салдым…
Дүниеге қара жерден,
Тұман басқан көшелер…
Қала мең-зең.
Түнде де,
Түрткілейді өлең келіп,
Ақынға,
Дұрыс дейді жаза берген.

Қара түн…
Қара аттай тыпыршиды,
Тұяғы жер тарпыса…
Бұлт ыршиды.
Тұяғы,
Тұлпарымның тиді ме екен?
Аспанда…
Ай ақырын ыңырсиды.
Қара түн…
Қара аттай тыпыршиды.

МАХАББАТ ӨЗЕНІН ЛАЙЛАУҒА БОЛМАЙДЫ

Жүрегім сезеді…
Келгендей кезегі,
Шөлдерде құс бар ма?
Талмайтын өзегі.
Сол шөлде, о ғажап!
Ғасырлар бойына,
Мөлдіреп ағады,
Махаббат-өзені.

Жүрегім сезеді…
Құдайым сездірген,
Бір сарай саламын,
Ғажайып сөздерден.
Ғашығым, көзіңді аш!
Мендегі дүние…
Осылай өзгерген.

Ай салам, жыл салам,
Бір сарай орнайды,
Ешкімге рұқсат жоқ,
Махаббат-өзенін,
Лайлауға болмайды!
Өтірік ғашық боп,
Жүргендер сорлайды.
Махаббат-өзенін,
Лайлауға болмайды.

ЖАПЫРАҚ-ДҮНИЕ

Арманым болып алақанға қоншы,
Жапырақ-дүние жарқылдап.
Көгілдір кештің қызығы осы,
Қызыл да жасыл жапырақ.

Төгіліп кетер саусағың тисе,
Ұйықтасын гүлге тимеші.
Орманда әне, жапырақтар үшін,
Басталып кетті би кеші.

«Күздегі бақтан не іздеп жүрсіз?»,
Деп жатыр жапырақ саулаған.
Билейді қайың, билейді үнсіз,
Түр-түсі менен аумаған.

СЕН БАРСЫҢ БҰЛ ӘЛЕМДЕ

Тереңдік-тұрағым ед, негізгі елім,
Тып-тыныш жатқан кеше теңіз едім.
Барыңды бұл әлемде білмесем ғой,
Білген соң аласұрып сені іздедім.

Лап етіп жанды міне отты жалын,
Сен барсың бұл өмірде, жоқ күмәнім.
Маңдайға жазып қойған тағдырымды,
Мен қалай өз қолыммен жоқ қыламын.

Бұл өмір сабақ жіптей жалғасар ма,
Арманым сені көру анда-санда.
Ризамын бұл ғұмырға, бұл өмірге,
Ризамын сен қасымда болмасаң да.

Сен барсың…бұл әлемде біліп келем,
Кеткендей мұзды көңіл, жібіп денем.
Жаныма жалғыз сені қуат етіп,
Өзімді асқақ ұстап, жүріп келем.

ӨТЕ АЛМАЙ ТҰРМЫН ӨЗЕННЕН

Ғашықтық қиын,
Көргем жоқ оның оңайын,
Қызғаншақ тағдыр,
Келтіре қоймас орайын.
Алыстан қарап…
Армандап жүрмін жай ғана,
Отсың ғой жаным…
Жаныңа қалай жолайын?

Шыдамас отқа,
Темір де, күміс, қола да,
Жаныңа сенің,
«Күйесің»дейді «жолама».
Көктегі күнге,
Көз салып қарап тұрам да,
Сұраймын сенен:
«Көкте де көктем бола ма?».

Болар ма жанның,
Бақытқа шіркін бай күні?
Соны ойлап күнде,
Толқиды теңіз айдыны.
Сатылса бүгін,
Сатып-ақ алар едім ғой,
Жаныңа сенің,
Жетер ме жердің байлығы?

Жаралы жанға,
Шипасы күшті сөз, емнен,
Сұрашы соны,
Жаралы жатқан гөзелден.
Жете алмай тұрмын,
Жаныңа сенің жаным-ау,
Өте алмай тұрмын,
Ағысы қатты өзеннен.

ТОБЫЛҒЫ ТҮН

Тобылғы түн…
Түрің-ай керім неткен,
Түнгі жұлдыз,
Төріңе зерін төккен.
Өмірде,
Мұндай түндер көп болмайды,
Көп болмайды…
Осыған көзім жеткен.

Толысқан ай…
Керімсал, құба қайың,
Қараңғыда қауышқан,
Құралай-мұң.
Талықсыған жүректің
Тапшы емін!
Одан басқа еш нәрсе,
Сұрамайын.

Бүркеп мені,
Ақ перде, ізетімен,
Өтті күндер,
Қақпаны күзетумен.
Қара көзді сұлуға…
Жігіт болып,
Қаймықпастан көзіңді,
Сүзетін ең.

Тынық күйден,
Кеудеме сыр аунатып,
Тылсым түннен,
Тәттілік сұрау бақыт!
Қаламымды қойсаңшы,
Жырға малып,
Құс төсекке қойғанша,
Құр аунатып.

Отырайын,
Оңашада ойды ақтарып,
Жыр тігейін,
Жүрекке оймақты алып,
Тобылғы түн…
Құшақтап сол сұлуды,
Аулаққа алып кетсеңші,
Аулаққа алып.

САҒЫНЫП ЖЕТКЕНІМДЕ БУРАБАЙҒА

Тып-тыныш бұл әлемнен нені іздедім
Ғұмырын аңсадым ба серілердің?
Алыста қалған айлар, күндерді аңсап,
Толқынын күттім бе әлде теңіздердің?

Тып-тыныш бұл әлемнен нені іздедім?
Таныдым балалықтың кей іздерін.
Мұңайған қара жерде бір мұңлықпын,
Жүрегім Жұмбақтаспен егіз бе едің?

Шыққандай қоңыр тастан күй егіле,
Жаяулап жеттім жаным жыр еліне.
Алдымда жатқан тулап Бурабай ма,
Бұл әлде менің нәзік жүрегім бе?

Ай менен жұлдыздардың арасында,
Көшкен бұлт енді бізге қарасын ба?
Балалық қайта айналып келер ме екен,
Бір түнге… Айнакөлдің жағасына.

Жүрегім кең әлемнен күй тілер ме,
От шашып ашық аспан күркірер ме?
Қарағай-ғашығымның құшағына,
Бурабай, келдім бүгін бір түнеуге.

Әнім бар бұл дүниеде бір күн салар,
Мен кетсем… құшағында күлкім қалар.
Сағынып Бурабайға жеткенімде,
Бетімнен сүйер ме екен, шіркін самал?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір