Әсем сымбат елшісі
Аман Құлбаев
Актер мен режиссер бір сәтті шыққан кино не сахна қойылымынан соң-ақ атақ-даңққа бөленіп шыға келеді. Ал, сол жетістікте, үлкен де, кіші де есі кетіп қарайтын небір қиян-кескі шайқас, жан алып, жан беріскен төбелес, қылыштасу сияқты көріністерді қойған автордың еңбегі орасан зор екенін арнайы мамандар болмаса екінің бірі біле бермейді-ау. Кинофильм аяқталғанда театрда кино түсірілуіне атсалысқан адамдардың аты-жөндері шұбырып шыққан кезде актерлерді көкке ұшырып жерге түсетіндей қимыл-қозғалыстарға үйреткен шебердің аты орта тұсында не аяқ жағында бір көрінеді. Сахна қозғалысы мамандығының шебері, қазақ сахна өнерінде осы таңсық мамандықтың алғашқы кәсіби ұстазы, ғылыми да тәжірибелік те негізін салушы Аман Бекенұлы Құлбаевпен бүгінгі театр және киноға мамандар дайындау ісі жөнінде пікірлестік.
– Сіз сахна қозғалысы пәнінен сабақ бергелі жарты ғасырдай уақыт болыпты. Кеңес заманы мен қазіргі замандағы сахна қозғалысы пәніндегі жаңалықтар, соны әдістер туралы айтсаңыз.
– Біз Мәскеу мен Ленинградтың театр мектебінен өттік. Жалпы орыс театр мектебі кеңес кезінде теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да әлемдегі озық мектептің бірі болды. Қазір де солай. Дейтұрғанмен, Кеңес Одағы ыдырап, бұрын «темір шымылдықтың» ар жағында болып жатқан кино мен театр өнеріндегі неше түрлі жаңалықтар бір сәтте бізге қарай ағылған кезде алуан мектептерді көріп таңданғанымыз да рас. Батыста өнер ақша табудың көзі болғандықтан көрермендерді еліктіріп, оқиғаларды ширыққан үстіне шиырықтырып отыру үшін қоян-қолтық айқас, қарудың неше түрін қолданып ұрыс салу өнерінің орны бөлек еді. Осы тұста спорт саңлақтарының да кино мен театр өнеріне қосқан үлестері орасан болды. Брюс Ли, Ван Дамм, Джеки Чан, Чак Норрис сияқты шығыс жекпе- жегінің мамандары алдыңғы планға шыға келді. Ал, кеңес киносы мен театры психологиялық ойынға, адамзатқа ой салар идеяларға құрылған еді. Каратэ сияқты шығыстың спорт өнері кеңес қоғамына жат саналып, тиым салынды. Кейін ол қыл бұрау бәсеңсіп, кинода шығыс жекпе-жегінің шеберлері көріне бастады. Мысалы, актерлік шеберлігі мен сайыскерлік шеберлігі тең түскен Талғат Ниғматуллин жарқ ете түсті. Осы кезден бастап театр өнерінде де сахна қозғалысы, сахналық ұрыс пәніне қойылатын талап та өзгеріп, жаңа методика дайындала бастады.
– Жаңа методика дедіңіз. Сіз еңбектеріңізде ұлттық мағынасы терең актер пластикасының өзегі, қимыл-қозғалыс, ым-ишаралар туралы айтасыз. Ұлттық пластика, ым-ишаралардың ұлттық өнер үшін маңызын, сауатты қолдану жолдарын айта кетсеңіз.
– Бәріміз Адам Ата, Хауа Анадан тарағанымызбен көбейе келе, жер бетіне әртүрлі ұлт пен ұлыс болып тарала келе ұлттық ерекшеліктеріміз де айқындала түсті. Әрине, барша адамзатқа ортақ ым-ишаралар бар. Мысалы, футболдан әлем чемпионатын қарап отырсаңыз, қақпасына гол соғылған кезде жеңілген команданың жанкүйерлері аһ ұрып бастарын ұстай алады. Күдері үзілгенде, үміті күйреп түскен сәтте неміс болсын, ағылшын болсын, бразилиялықтар болсын, қай ұлт болса да осы ишараны жасайды. Ал енді әр ұлттың ішкі жандүниесінде болып жатқан қуану, торығу, таңдану, күйзелу сияқты әр алуан сезімдері генетикалық кодына сәйкес өз ым-ишара, пластикалық сурет ретінде көрінеді.
– Актердің кейіпкерінің ым-ишараларын дәл таба білуі, рольдің пластикалық пішімін тасқа қашағандай сомдауының жолдары, тәсілдері қандай? Және оның шынайылығын көрермен қалай біліп отыруы мүмкін?
– Сауатты ойнай білу үшін актер арнаулы білім алады. К.С. Станиславскийдің «Менің жүйемді зердесімен емес, бүкіл тәнімен түсінген актер шеберлікке көтеріледі» дей келіп: «Сөзді тән арқылы өткізу керек» – деген өсиетінде актердің шығарманың ойын көрерменге жеткізуде сөзбен бірге пластиканың – тән тілінің қаншалықты маңызды екендігін білдіреді. Ф. Шаляпиннің «Ишарат тән қимылы емес, жан қимылы екен» дегені тағы бар. Пластика – грек тілінде сымбат мағынасын білдіреді. Сальвадор Далидің «Суретші сурет салуда шеберлігін құстың қанат қаққанындай дәрежеге жеткізуі керек» дегенін актердің пластикалық шеберлігіне де қатысты айтуға болады. Шынында да, суретші ойына келген керемет көріністі кенеп бетіне түсіруде қыл қаламы мың сан бояудың ішінен керек бояуды бір сүйкеп түсірердей шеберлікке жетсе, актердің пластикалық дайындығы да қапелімде туған ойын өрнегін бедерлеуде көз ілеспестей жылдам, икемді, әсем болуы тиіс.
– Ол шеберлік қалай келеді?
– Бірінші курстан бастап арнайы жаттығулар жасалады. Координацияға, дене сымбатын жетілдіруге, ырғақ-өлшемге сай қозғала білуге үйрететін тренингтер дайындадық. Бүгінгі күн актерлеріне қойылар талап – дене бітімі жолбарыстай қуатты, мысықтай әбжіл қозғала білу. Шын актер – дене сымбатын қартайғанда да жетілдіре беруден жалықпайтын актер.
– Жаңа ұлттық код туралы айттыңыз. Қазақ актерлерінің сахна сайысы үстінде ұлттық сымбатын білдіретін, қару-жарақ қолданудың ерекше тәсілдері бар ма? Және ол тәсіл бүгінде қайдан алынады?
– Қазақтың кілем, алаша, киізге төккен ою-өрнегін қарап отырсаңыз жебенің бедері жиі кездеседі. Бір-біріне қарсы ұшқан жебе – ол соғыстың белгісі. Қазақ өзі басқыншылық жасамаса да соғыстан көз ашпаған халық. Ұлан-байтақ жерді сақтап қалу үшін, ақ найзаның өткір ұшын дәл көздеп, қапы жібермеуде жолбарыстай жүректі болумен қатар, білектің күші де мықты болуы керек еді. Сахна қозғалысы, сахна сайысына қажет материалдар іздегенімде ата-бабаларымыздың ат үстінде шауып келе жатып, бір қолмен он пышақты бірден лақтырып, он жауын сұлатып кететінін оқыдым. Жалпы, сахна қозғалысы мамандығын жетілдіре түсу үшін материал іздеу кезінде тапқан артефактілерді әлі де саралау үстіндемін. Қазақ қылышты, семсерді, найзаны, сүңгіні, шоқпарды керек десеңіз, қаруына қолы жетпей қалған кезде үзеңгіні суырып алып қалай қолданды деген сұрақтардың жауабын әлі де іздестіріп, сахна сайысына дайындау үстіндемін. Қамшының өзін қылышша сермейтін қамшыгерлер болған ғой. Осының бәрі қызық; таусылмайтын ізденістерге сеп. Оралхан Бөкей «Қамшыгерінде» сиырдың бірнеше қабат терісін қамшымен бір тартып, алмас қылышпен шапқандай шауып түсіретін Қамшыгерді суреттеуші еді ғой. Бір барымтадан кейін қиядан құлап мертіккен Қамшыгер өлген кезінде қамшысын сығымдап ұстаған бойы кетпейтін бе еді? Жерлерде қолын жазып, сығымдап ұстаған қамшысын ала алмаған жұртқа Қамшыгердің әйелінің «Қамшысымен жерлеңдер» деуінде біздің жауынгерлік өнерімізден қол үзе бастаған трагедиямыз жатыр емес пе еді? Негізі, қаруда қасиет бар. Қару – ер жігіттің жанынан тастамас серігі болған. Қару – ер адамға сенімділік береді. Жыртқыш аң ба, аңдыған жау ма – қапияда тап бергенде қаруы бар ер есесін жіберер ме?! Сәбет үкіметі қораға шапқан қасқырды ататын қара мылтыққа дейін тартып алды. Оның бәрі алдын ала құрылған, қазақ үшін қасіретті жоспардың бір ұшығы болатын…
Қазақ қаруды қадірлеген, оны шошаңдатып ретсіз көрсете бермеген, бостан-бос сұқаңдата бермеген. Бізде кейде кинода, сахнада батырларды ойнайтын актерлер эффект үшін қылышын қыннан жартылай суырып алып, сақ еткізіп қынына кері салып жібереді. Бұл дұрыс емес. Қарудың қадірін білетін өзге ұлттарда да қаруды бостан-бос сілтемейді. Тілдік мәміле біткен кезде қару сөйлейді. Қылышты қыннан суырдың екен – ер болсаң – шап! Қазақ жүзі жоғары қарап жатқан пышақты да «қан сұрайды» деп дұрысынан жатқызған.
– Би өнері мен сахна қозғалысы, сахна сымбаты «тонның ішкі бауындай» бір-біріне жақын өнер. Сіз «Сахнадағы сымбаттылық» атты еңбегіңізде қазақтың би өнерін зерттеп, сахна сымбатына орайластыру жолдарын көрсетесіз.
– Бұрынғы қазақ әншілері ән салған кезде құдды бір биші сияқты он екі мүшесі түгелдей билеп кететін болған. Әміре Қашаубаев гормонға қосыла ән салғанда, екі аяғы мен білек бұлшық еттерін музыка ырғағымен «билете» жөнелетін, Шашубайдың гормонды кеуде тұсынан құлақ шекесіне дейін жорғалата «билететіні», ақын Исаның домбырамен ән айтқанда, бәйге атындай қызынып, денесі қозып, отырған жерінде байыз таппай, тыпырлай «билеп», домбырасы төбесін, тақымын, желкесін, иығын – өне бойын тегіс аралап жүретіні» осы би өнерінің адам жанын баурап алар құпия-сырының құндылығына дәлел болса керек.
– Таласбек Әсемқұлов «Шашубай бетін тыржитқанда құйқасы, бет-аузы, құлағы қаптың аузын буғандай бір уыс болып жиырыла қалып, жымиғанда орын-орнына тұра қалғанын көрген адамдар шошынып, көпке дейін өз-өзіне келе алмай қалатын болған» деуші еді.
– Иә, дала артистерінің өнері асыл мұрамыз. Олар бүгінгідей неше түрлі өнер мектебінен өтпесе де, туа біткен таланттар еді. Бұл да бүгінгі сахна өнерінің зерттеушілеріне таусылмас қазына. Халық артисі, зерттеуші Д.Әбиров қазақтың халық билерінің қимыл-қозғалысын: «Ырғақты адым», «шоқон жорға», «тепең жорға», «желдірме», «шабыс», «ытқыма», «айдаһар иірілу», «тебінгі», «малдас», «сүйретпе», «бопым-бопым», «тізерлей шыркөбелек», «тышқан ізі», «сылаң қақпа», «беташар», «бұраң бел», «бүркіт қанат», «кекіл қақпа», «өрме» деп жіктеп көрсеткен. Бір ғана «Өрме» өрнегінің қимыл-қозғалысын тарататын болсақ оның өзі елуге тарта екен. Бұған Шара Жиенқұлованың «қошқар мүйіз», «сыңар мүйіз», «ұршық иіру», «киіз басу», «саба пісу», «қос жылан» өрнектерін қосыңыз. Осындай зерттеулер өнер түрлерінің бірін бірі байытып, үнемі жаңғыру, жаңару үстінде болуына сеп.
– Ұлттық шығарма мен шетелдік авторлардың шығармаларын сахналау кезінде сахна қозғалысының, сахна сайысының қандай ерекшеліктері бар?
– Әрине, Қозы мен Қодар қанжармен сайысады, Ромео мен Тибальт шпагамен сайысады. Актерлер әр заманның, әр халықтың қару-жарағын сахнада қолдану әдістерін үйреніп, жаттығады. Қазақтардың қайқы қылышы мен рыцарлардың семсерін қолдану әдісі екі бөлек. Бірі – жеңіл, бірі – ауыр қару. Демек, қолдану, жұмсау әдісі де әртүрлі. Қару қолдануда күшпен қатар жылдамдық, әбжілдік керек. Студенттер осы екі қасиетті де жетілдіріп үйренеді. Шпага – семсерлесу өте әдемі көрініс. Семсерлесушілер бишідей жеңіл қозғала жүріп, қимыл үйлесімінің небір ғажабын көрсете білулері керек. Сахна сымбатында актер бұлшық ет, сіңірлерін керек кезде ширықтыруға да, босата да білуге, денесін сірестірмей бос ұстауға үйретеді. Бұл шеберлікке жету үшін студентті ішкі еркіндікке жетуге, сахнада тез ойланып, шапшаң қимылдауға тәрбиелейміз.
Станиславский мен Мейерхольдтың жүйесі екі түрлі. Мейерхольдтың «биомеханика» атты әдіс-ілімінде сахна қозғалысының негізін құрайтын жаттығулар жетерлік. Станиславский актер оқиғаны өз басынан өткеріп, өзінің психофизикалық толғанысы кезінде «қайнатып, пісіріп» алып барып әрекетке көшуі керек десе, Мейерхольд сахнадағы әрекет әуелі қимыл-қозғалыстан басталуы қажет деген ұстанымда болды. Мейерхольд адам қорыққан кезде алдымен қашады дейді – «қашу-қорқу». Станиславский жүйесі бойынша адам әуелі қорқады, яғни қорқу сезімін бастан кешеді, сонан соң барып физикасы іске қосылады – «қорқу-қашу».
– Сахна қозғалысы болсын, сахна тілі болсын небір атақты авторлардың жаттығулары иогадан алынғаны көрініп тұрады.
– Иә, йога тән мен жанның үйлесімін таба отырып, адамның қоршаған ортамен қарым-қатысын терең зерттеп барып организмге пайдалы жаттығулар құрған. Иога жаттығулары таза ауада жасалады, ауыр тамақ ішуге болмайды, қорытылуы тез, калориясы мол тағаммен азықтанады. Идеалды түрде қоректенудің бұл түрі актерлерге де пайдалы. Шығыстың денсаулыққа пайдалы ілімін сабақ үшін іріктеп, мамандыққа байланысты оңтайлап алуға болады. Актер тәрбиесінде актер шеберлігі, сахна тілі және сахна қозғалысы пәндері тығыз байланысты оқытылады. Ойды жеткізетін сөз, күрделі қимыл-әрекет үстінде ентігіп қалмас үшін, шаршамау үшін, сөзі анық естіліп, қимыл-әрекеті үйлесімді болу үшін дұрыс тыныс ала білудің маңызы зор. Сахна қозғалысы педагогі де психофизикалық әрекет кезінде студенттердің жаттығулары актер шеберлігі элементтерін түгелдей қамтитын кешенді түрде болуын қадағалайды.
– Аман Бекенұлы, Сіз Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры, ғылым кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткерісіз. Бірнеше кітаптың авторысыз. Театр, кинофильмдерге сахна қозғалысынан қойылымдар қойып келесіз. Актер ретінде де көрінесіз. Өнердің адамға берері қандай?
– Берері көп. Өнер адамдары кітап жазса «Өнерім – өмірім» деп атап жатады. Шынында да, өмірімнің көбі осы академияда өтіп жатыр. Өнер адамды үнемі алға ұмтылуға, жаңғырып отыруға, ізденісте болуға жетелейді. Біз жастарды әрқашан рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан жоғары қоюға баулуымыз керек. «Өнерлі өрге жүзеді» дейді халқымыз. Менің өмірімнің мұраты – өнерлі жастарымыздың таланты жан-жақты ашылып, өнер көгінде еркін самғағандарын көру.
– Рахмет, қадірменді Ұстаз! Мерейлі жетпіс жасыңыз құтты болсын!
Асылбек Ихсанов