АЙТМАТОВ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ЕДІ…
16.11.2018
2656
0

Әдебиет дейтін әлемге өз есімін алтын әріппен жазып, оқырманына мол рухани қазына қалдырған, бұл күнде «Адамзаттың Айтматовы» атанған біртуар жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармалары күллі адамзат баласының сүйіп оқитын туындыларына айналды. Мұндағы құдірет – Шыңғыс шығар­маларындағы соны ой, дара тіл, өмірмен, қоғаммен етене жақын кейіпкерлер тіршілігі болса керек.

Қазақ оқырманы кезінде М.Әуезов, З.Қабдолов, Қ.Нұрмаханов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Бердіқұлов, А.Сүлейменов, Ш.Мұртаза, М.Шаханов, Ә.Кекілбаев сынды көрнекті ақын-жазушылармен дос болған ұлы суреткер, дарабоз жазу­шының талантын бағалап, әр шығармасын қалт жібермей оқыды. Өмірді, ондағы түрлі оқиғаларды шығармасында қаз-қалпында суреттеп, өзі өмір сүрген қоғамның келеңсіздік­терін шенеп, адамзатты күрескерлікке, төзімділікке, ашығын айтқанда, мәңгүрт болмауға үндеген жазушының биыл 90 жылдығы.
Осы атаулы күнге орай, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының атаулы жылдары аясында «Адамзаттың Айтматовы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Әрі осы театрда Қырғыз республикасы мемлекеттік Учур жастар театры дайындаған Шыңғыс Айтматовтың «Жолбарыс» атты спектаклі көрсетілді.
Қырғыз халқының сүйікті ұлы, әдебиет сардары Шыңғыс Айтматовқа арналған конференцияға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қазақ­стан­ның өкілі бас хатшы Д.Қасейінов­тың құттықтауын жеткізді. Әрине, Шыңғыс секілді ұлы тұлға тек Қырғыз халқына ғана тиесілі емес, бүкіл түркі жұртына ортақ.
Конференцияда ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Ш.Айтматов туралы «Ұлылар ұлағаты» атты баяндама жасады. «Бір ұлттың ғана емес, бір мемлекеттің, тіпті, тұтас құрлықтың мөріне, туына, паспортына, бет-беделіне айналатын абыройлы тұлғалар болады. Оның атымен өз ел-жұртымен қоса бауырлас халықтар мақтанады. Міне, Шыңғыс Айтматов сондай планетааралық масштабтағы мәртебелі тұлға. Біздің қазақтар бұл құбылысты, «Қазақ әдебиеті» газетінің маңдайшасына бұдан 30 жыл бұрын «Адамзаттың Айтматовы» деп айғайлатып атап айтып, айшықтап жазып қойған. Айтматовтың шығармаларындағы философиялық ой-пікірлері алысты болжайтын абыз, шын мәнінде көріпкел, көреген, сәуегей жазушы екенін дәлелдейді. Ол адам санасындағы қилы өзгерістерді шебер суреттеп қана қоймай, бүкіл адамзат қоғамындағы психологиялық ахуалдың қай бағытқа ауып бара жатқанын дәл болжап көрсеткен. Түбін «Манас» эпосынан алып кейіптеген мәңгүрттік пен көзқамандық кеселі қоғам біткенді жылдан-жылға меңдеп, ұлттардың шекарасынан асып шығып, әлемді жаулап жатыр! Фридрих Ницше жазып кеткен ресентимент атты психологиялық түсінік бар. Ол – кез келген кісі күнделікті ауыр тұрмыстан қажып-қалжырағанда, шаршап-шалдыққанда басындағы тауқымет пен сәтсіздікті өзгеден көріп, ызасын, қысастығын басқадан алғысы келетін жағдай. Ресентименттік ахуалды Айтматовтың шығармаларынан алдымен украин қаламгері Васил Зилгалов байқап, атап өткен болатын. Айтматов шығармаларында меңзеп кеткен бұл психологиялық ахуал ушыға келе бүгінгі әлемдегі түрлі-түсті революцияларға және соғыстар мен бұлғақтарға ұласқанын көзіміз көрді» деп Айтматовтың шығармашылығы хақында тамаша көзқарас білдірді.
Осы атаулы мерекенің күллі түркі жұртына ортақ айтулы күн екенін, Айтматов секілді тұлғаның қырғыз бен қазаққа ортақ екенін жеткізген Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы, Қырғызстанның халық ақыны Акбар Рысқұлов сөз кезегінде: «Өткен ғасыр көркем сөз өнерінің, суреткерлер мен ойшылдардың ең көрнекті өкілдерін өмірге әкелді. Солардың бірі Шыңғыс Айтматов деп айтуға әбден болады. Әлем таныған Айтматовтың биыл 90 жылдығы төңіректің төрт бұрышында тойланып жатыр. Бұған атсалысқан еларалық ұйымдар мен түркі тілдес мемлекет басшылары арнайы шешім қабылдап, дипломаттар, ақын-жазушылар ағынан жарыла ой бөлісіп жатыр. Демек, бұл мереке тек қана әдеби, мәдени мереке ғана емес, халықаралық деңгейдегі «қалалар мен далаларға» рухани күш, мол шабыт сыйлаған атаулы күн ретінде бағаланды» деді.
Айтулы іс-шараға түрік елінен, әзербайжан елінен және еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардағы зерттеуші ғалымдар қатысып, Ш.Айтматовтың әдебиет пен мәдениетке, ұлттық құндылыққа қосқан зор үлесі туралы ойларын айтты.
Бір қызығы әрі маңыздысы Қырғыздың халық ақыны, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымындағы Қырғыз өкілі Көжагелді Кулуев Айтматов туралы баяндамасында: КСРО кезінде, Айтматовтың Швед академиясы жағынан Нобель әдебиет сыйлығына ұсынылғанын, бірақ кеңестік кезеңде бүкіл одақтан тек бір адам ғана Нобель сыйлығын алу керек болып, оған сол кездегі Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачёв килігіп, ақырында сыйлықты иеленген деген маңызды дерек келтіріп, Шыңғыс сынды айтулы тұлғаның әлем әдебиеті сахнасына кешегі кеңес кезінде көтерілгенін, саяси ойынның салдарынан заңғар жазушы Нобель сынды айтулы сый­лықты еншілей алмағаны туралы айтты.
«Танымал адамды таныстырудың өзі танымастық» демекші, Шыңғыс сынды ойлы қаламгерді оқырманға қайталай танстырайық деп емес, қуатты қаламынан туған жауһар туындылардың бұл күндері 150-дей елге тарап, әлем оқырмандарының қолына кітаптары жеткен бақытты жазушы екенін, әр шығармасы оқырманды ғана емес, бүкіл адамзатты ізгілікке тәрбиелейтін тынысты ой иесінің мәңгі оқыла беретін айтқымыз келеді.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір