ҚАРАША
16.11.2018
3819
0

Есенғали Раушанов

«Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ та Ерәлінің кең жазығында көп бүлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған».

1980 жылдардың бас кезі еді.
Бір кезде Жәнібек хан салдыр­ды дейтін алтын тәжді Астрахань шаһарынан бері қарай бүгінде қазақ жері. Әрі қарай ормандай қалың орыс тұр. Бабалар «Қайран да менің Еділім, мен қалмадым, сен қалдың» дейтін Ана Еділдің бір сағасы – Бозаң. Суретші таби­ғат­тың Бозаңнан өтерде жеті бояу салған қоржыны қапияда суға ағып кетіп, бері қарай созылып жат­қан маң даланы әбеқоңыр түс­пен шимайлай берген секілді. Оның үстіне таң атқалы себелеп тұрған мына бір суық жаңбыр да жердің миын шығарып, Мұхаң­ның, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында айтылатын күңгірт, бұлыңғыр аспан еңсеңді езе түсердей. Мұхаң сөзбен салған осы бір суретті іштей қайталаумен совхоздан совхозға өтіп Гурьевке келе жатырмыз. Еділдің жоғарғы салаларындай сыңсыған орман, көкорай шалғын мұнда аз. Әр жер, әр жерде жалғыз-жарым жеке өскен сексеуіл мен жетім бұйыр­ғын қарауытады, жердің бетіне шық­қан жарасындай боп, ойдым-ой­дым ала сор алыстан ағараң­дайды.
Гурьевке жеткенде табиғат сізді аса көңілдендіре алмайды.
Гурьевтің ол кезде, шынын айтсақ, қала сиқы шамалы. Жер асты сулары тым жақын болған­дық­тан ба – көшенің тал-терегі биік боп өспейді, шерміш баладай жатаған. Әсем жаратылыстан гөрі әлжуаз тарбиған-тарбиған ауру­шаң бір әлемнің ішіне кіріп кет­кен­дей көңілің әлем-жәлем бола­ды. Қарашаның қақ ортасы болса да біз тоқтаған үйдің дәлізінде са­ры маса өріп жүр, жертөледен қол­қаңды қабатын жаман иіс келе­ді. Ол кезде Қазақстан облыс орталықтарының арасында ең нашар қалалар Гурьев пен Қы­зылор­да еді. Гурьевте адам көз тас­тап қарайтын жалғыз ғана ғи­ма­рат бар – ол да болса орыстың шіркеуі екен дейді жолсерік орыс журналист терезеден сыртқа қар­ап. Онысымен қоймай тағы да, пердені ашып шіркеуге бара жат­қан кемпірлерге «С параздни­ком Вас, ведь, сегодня Гурьев де­нь» деді айқайлап. «Знаем, сынок, знаем» дейді кемпірлер көңіл­де­ніп. Қараша айының 28-ін орыстар «Гурьев күні» деп ерекше қастер­лей­тінін кейін білдім. Дәл осы күні қар түссе ол қашан күн жы­лын­ғанша жатады дейді екен. Тағы бірде «Ала байтал мінген Гурий жын-шайтанның бәрін жерге тық­ты» деп те жоритын көрінеді.
Ала байтал дейтін себебі – бұл айда қар түсуі мүмкін, қар түспеген күн­нің өзінде шөп басын қырау шала­ры анық. Жер ала дейтін шақ осы.
Қара алтынның Отаны атанған қайран аймақтың мына ахуалы шынында аянышты еді. «Қайтеміз, өз байлығың өзіңе бұйырмасын» деген қарғысқа ұшыраған ел бо­лар­мыз, әсте» дейміз іштей.
Біздің қазақтың «Қараша келеді, жақсылыққа бақса бете­геден биік, жусаннан аласа келеді, жамандыққа бақса қары мен жаң­бы­ры таласа келеді» дейтін айы осы ай. Байқап отырсаңыз, көш­пелі ел он екі айдың ешқайсысын да жамандамаған. Қараша тұрмақ, қаһарлы қаңтардың өзінен жылы­лық тауып, қыстың жазға бергісіз май тоңғысыз күндері деп сүйсі­неді.
Сүйсіне білгенге не жетсін. Сол жылы Гурьевтің аяқ алып жүр­гісіз батпақ көшесін кешіп келе жа­тып, Жайық бойында өсіп тұр­ған жалғыз түп талшын ағашын көр­генім есімде. Шулы қалада күт­пеген жерден ескі танысыңды кездестіргенде әуелі абдырап қаласың ғой, сәлден соң құшақтар айқаса кетеді. Жалғыз талшынды көргенде дәл сондай күй кештік. «Жазған-ау, сен мұнда қайдан жүр­сің?». Мұны мен айттым ба, жоқ ол айтты ма? Әсте, мен айтқан болармын, себебі талшын ағашын Жайық бойынан кездестірдім де­сеңіз табиғаттан азды-көпті ха­ба­ры бар адамның ешқайсысы сен­бес еді. Әсте, сол замандағы жас натуралистер станциясы түлектері ме, әлде солтүстік жақтан не Кав­каз­дан көшіп келген ағайын­дар­дың бірі әкеліп отырғызып, күтіп баптады ма екен – әйтеуір сұрғылт түман басқан суық кеште сүп-сұр үйлердің арасынан нарттай жанып шыға келген талшын ескі таныстай көзге оттай басылды. Ол – бір жылда түсін үш рет өзгертетін ағ­аш. Көктемде жаңғақтың жапы­рақ­тары сияқты жайылып өседі де, қызыл күрең түске енеді, жаз ортасында ашық көк, күзде сары алтындай жарқырап алыстан көз тартады. Осының бәрі бір ағашқа тән бояулар екеніне сенудің өзі қиын. Қарашада талшын жаңғағы пісіп, жерге төгіледі. Бүгінде Ал­ма­­тыда талшын көптеп отырғы­зыла бастады. Мысалы, соңғы төрт-бес жылда тартылған әл-Фараби даңғылы жағасының екі беті қаз-қатар талшын. Күтімі тәуір болса тағы бірер жылдан соң шырқап көкке жайылып, шынар­дай сұлу боп бой түзеп кетері сөз­сіз. Содан бері талшын десе Киев те, Алматы да, Бішкек те, Стамбул да емес, сонау ит арқасы қияндағы Гурьевте көрген жалғыз ағаш есіме түседі. Адамның басы – Алланың добы дейді. Адамның көңілі ше? Күтпеген жерден жолыққан жетім тал көңіл күйімді көтеріп жібергені есімде. Мен енді қарашаның өңі қап-қара емес, бұның да өзіне тән түрлі бояулары, алуан нақыш-саз­дары барын ойлай бастадым. Сол күні кешке Жайықтың төменгі ағысынан аққулар ұшып өткенін естідім. Ол жылдары аққулар бү­гін­гідей Маңғыстау жарты ара­лын­да қыстамайтын. Сұлу құс, құпия жұмбақ құс іңкәр көңілді одан сайын ынтықтырушы еді. Қайда қыстайды олар, қайдан келеді бізге?
Сол Гурьев бүгінде айдынды Аты­рау шаһары боп адам таны­мастай өзгерген. Ұлы өзгерістің ба­сында қазақтың аймаңдай аза­маты Иманғали Нұрғалиұлы Тас­ма­ғамбетов тұрғанын бүкіл Алаш біледі. «Болар істің басына жақсы келер қасына», қолға алса біт­пейтін шаруа болмайды екен. «Бұ дүнияда екі қала ешқашан көгер­мейтін болса бірі Гурьев» деген сөз әше­йін бозада айтылар бос сөздің бірі болды.
Сол жолы біз қаланың сары масасына таланып келе жатып осы айда Алтай мен Жетісу тауларында шыбынсыз жаз өтіп, алтын күз са­­парын аяқтап, қыс келетінін ойладық. Адам қысты да сағына ма екен? Сағынады. Қарашаның қара лайсаң жолы, суық жаңбыры жалықтырғанда ақ қар жапқан тауларды аңсайсың. Таулар қай кезде де әдемі.
Қыпша бел өзен жақта анау,
Сайрады сол құс тіл безеп.
Қыламықтаған ақ қар-ау,
Кідіре тұршы бір мезет

Қайтпайтын шақты сағынып,
Қайғысын шегіп арманның,
Қараша қарын жамылып
Қамығып әнге салған кім, –
десек, ол құс, әлбетте сушылқара. Сушылқара өзенде мұз қатқанда келіп, суық суға сүңгіп қорек із­дей­­тін ерекше құс. Осы бір ақ төс қоңыр торғай туралы әңгіме де, аңыз да көп.
Қарашада келетін тек бұл ғана ем­ес, сондай-ақ қайшы ауыз, әс­ем­шымшық, суықторғай, са­ры­шым­шық, шекілдектер алыстан кел­се, саңырау құр, шіл, тентекқұс, са­рыторғай, қарақұр, қарға, сауыс­қан, торғайлар қыстап қалады.
Дегенмен, жаздың кеткені білі­неді. Алда не күтіп тұр? Көңіл алаң. Әлденені күтесің, сағына­сың.
Көп ағаның арасындағы жал­ғыз қарындастай аяулы Жайық, ақ Жайық ағады бұлаңдап.
Иә, қарашада қайтатын құстар қайтып болады. Бұл әлімсақтан әлбетте аян жәйт. Ал енді қарашада біздің өлкемізге келетін құстар бар десем сенер ме едіңіз?
Қарашаны кейде «жылдың өліа­расы» деп те атайды. Жылдың өліа­расы осы кезең болса, айдың өлі­расы деген не? Осы туралы бір ауыз сөз. Қазақ жаңа ай туардан бұрынғы үш күнді өліара дейді. Жаңа ай дегеніміз бүгінгі сіз бен біз қолданып жүрген күнпараққа сай келмейді. Бұл жерде қияқта­нып туатын жартыкеш Айды (кей­біреулер шатасып жүргендей он бесінен толған Айды емес) айтып отырмыз. Осы үш күнде аспандағы Ай көрінбей «жасырынбақ ойнап» жа­тады. Осы үш күнде көбінесе күн райы бұзылады. Мысалы 2014, 2016, 2017-жылдардың қараша­да­ғы өліаралары осындай күрт құ­былу­ларымен есте қалды. Бірақ былтырғы жылы Алматыда, қара­шаның күн райы жиырма тоғыз, отыз дәреже ыстық боп басталды да, он алтысы күні аздаған қар ара­лас жаңбыр жауды. Ертесіне қай­тадан ашылып кеткені есімізде. Шымкентте тұратын жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбайдың есебі бойынша осы айдың 23-і не 24-ін­де Ай мен Үркер бір сызықтың бойымен жүріп келіп, бір бірімен бет­теседі. Тоғыс дегеніміз осы. Еке­уі өткен айдың яки қазанның 25-і күні тоғысты. Бұл есепке дау айтушылар болса, тыңдауға әзір­міз. Бір адамның есебінен гөрі екі адамның есебі әрқашан да тура шығады ғой. Нұрғабыл ауа райын бақылаумен отыз жылдан бері ай­на­лы­сады. Қазір ол марқұм Назар­бек Қожамсейітовтен кейінгі бір­ден бір жұлдызшы боп танылып жүр. Болжамдары көбінесе дәл ке­ліп жатады. Алғашқы мақала­лары кезінде республикалық «Зерде» журналында жарияланған кезден бастап-ақ ол ел назарына ілікті. Бүгінде көптеген шаруалар Нұрғабылдың есебіне жүгінеді.
Біз тоғыс туралы келесі ма­қалаларымыздың бірінде басқа да есеп­шілердің болжамдарына құ­лақ түре отырып кеңірек айтатын боламыз.
Шығыс философиясында қар­ғыс­тың жаманы «өтпелі кезеңде өмір сүргейсің» деген екен. Қара­ша байғұс, сол айтпақшы, «менде жазық жоқ, бар күнәм сонда – өліара кезеңді атқару маған нәсіп бол­ғаны» дегендей көз жасын көлдетіп ұзап барады. Осы кезде оның қайғысын жеңілдете, қай­ғыға демеу болайын, көңілін сер­гі­тейін дегендей алыстан ұшып же­тетін бір құс бар. Оның аты – са­мырқұс. Осы бір аласапыран шақ­та алдыңнан шығатын самыр­құсты Жайық бойынан қанша із­де­сем де көрмедім. Әдетте қараша айында олар шетен дәндерімен қо­ректену үшін қаптап ұшып келе­тін. Қомағайлығы сонша, тәтті дәнге құнығып кетіп күпті боп қалады да, ағаш басынан жерге топ етіп құлайды. Сырын білмейтін адам өліп қалған екен деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол тірі. Дәнекке түйіліп демі жетпей жерге құлады. Сәлден соң кішкентай ғана асқазаны үздіксіз жұмыс іс­теп, тал қоректі жылдамдата қо­ры­та бастайды, ұзамай құс есін жинап қайта ұша жөнеледі. Әсі­ресе, балапан самырқұстар той­ғанын білмейді.
Самырқұс келсе сән келеді,
Самырқұс келсе ән келеді.
Мырзашөл қазақтарының «Қа­­раша топар аяқ сүйретілген, Кі­реді жылан інге иретілген» дей­тұ­ғын кезі бұл. Басқа аймақтарда жылан ініне қыркүйек өте-ақ кіріп алуы мүмкін. Жыланның уы шоқ­тай, қаны мұздай. Оның дене қыз­уы сыртқы ортаның қызуына бай­­­ла­нысты. Күн ысыса ол, ба­бы­на келеді, уы күшейеді, ауа сал­қын­даса керісінше әлсірейді. Бұл ай­да күн қызуы бар болғаны 15 дә­режеде болса жылан жұтқан ас­ын қорыта алмай, әлсіреп жатады, ал 10 дәрежеде ғана болса әрең қозғалады, 2-3 ғана дәреже жылы­да иретіліп, белін жаза алмай жа­тып қалуы әбден мүмкін, күн жа­за­­тайым 4-6 дәрежеге суытса се­рейіп қатып қалуы кәдік. Бұдан жылан тек күн ыстықта ғана өмір сүреді екен деген тоқтам шықпауы керек, шамадан тыс ыстық та ол үшін қауіпті. Мысалы, ғалымдар 43 дәреже ыстықта күн көзінде қал­ған жыландардың жаппай қырылғанын бақылаған. Мырза­шөл демекші, бұл аймақта кешегі кеңес заманында мақта жинау науқаны қарашаның орта шеніне дейін жалғасатын. Бұл іске жаппай жұмылдырылған мектеп оқушыла­ры оқу бағдарламала­рынан көп артта қалып келді. Нәтижеде білім сапасы төмендейтіні дау тудыр­маса керек. Бүгінде мақта жинауға «жаппай жұмылдыру» әдісі жоқ. Оңтүстік диқандарының арасында «қырықпа қауын» аталатын қауын түрімен (Ел арасында «Дүнияда шы­рын қауын қырықпа деймін, Қырықпаңыз жүдә ұнамды жұртқа деймін, Қырықпаңыз сықпаңыз­бен таяр болса, Не бопты ұшырар­дай жұт­қа деймін» дейтұғын өлең бар) «қара дарбыз» немесе «күз тарбыз» дейтұғын қарбыз түрін де осы кезде жинай бастайды. Бұл ек­еуін жер еміп өскен ағайындар ай­нытпай, бұзбай сақтап келіп жаңа жыл мей­рамында дастархан мә­зіріне қосады. Тәшкеннің Алай базарында өзбек ағайындар осы екі сортты наурыз мейрамында да сатып тұрады.
Жиын-терімнің толық аяқта­лар кезі осы кез. Көне Рим қағана­тында, тіпті одан арғы Вавилон елінде де қарашаны «салық айы» деп атапты. Неге дегенде, науқан аяқталғаннан кейін түсім-пайда, зиян-шығынның есеп қисабы безбенделеді емес пе?
Абай «Қарашада өмір тұр, Тоқ­тат­саң тоқсан көнер ме, Арттағы май­да көңіл жүр, Жалынсаң қай­тып келер ме?» дейді. Күз келсе адам неге осы ойшыл боп кетеді ек­ен деген сауалға ешкім жауап бер­ген жоқ. Ең бастысы, кісінің өзі­не қояр сұрағы көбейеді. Кө­бей­ген сайын жауап табылмайды. Абай айтпақшы, жалынсаң да. Шыныңызды айтыңызшы, солай емес пе?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір