ДОСТОЕВСКИЙГЕ ОРАЛҒАНДАҒЫ ОЙЛАРДАН…

0
104 қаралды

Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ:

Федор Достоевский – қай шығармасы да әлем әдебиетінен ойып орын алған ірі жазушы, ойшыл. Әсіресе, оқырман қауым жиі айтатын «Қылмыс пен жаза», «Ағайынды Карамазовтар» сынды романдарының бағасы уақыт өткен сайын биіктеп барады. Мұның сыры неде? Қаламгер шығармашылығына арқау болған қандай мәселелер әлі күнге дейін өзекті? Міне, осы тектес сауалдар төңірегінде белгілі әдебиеттанушы ғалым Зинол-Ғабден Бисенғали былайша ой толғайды…


– Достоевскиймен алғаш қай кезде таныстыңыз? Әсері қандай болған еді?
– Ф.М.Достоевский шығар­ма­лары – орыс көркем әдебиетінің шы­ңы. Тіпті, бұлай деу қаламгер шы­ғар­машылығын бағалауда аздық қылады. Ол әдебиеттану ілімінде өзіндік әлем болып бағаланатыны белгілі. Бұл – әдебиет пен өнер атаулыға ерекше ықыласты барша зиялы қауым мойын­­даған пікір. Әрине, қаламгерлік ізденістерінде талай тамаша табыс­тар­ға қол жеткізген кейбір өнер қай­рат­керлерінің Ф.Достоевский фено­менін мойындағысы келмей, өзге де пікірлер айтқандары бар. Бірақ, бұларды философиялық тұрғыда түсінген теріс болмас. Сірә, пенделік психиканың «қара мысықтары», адами кодекстерді ескермейтін, оған, тіпті, бой бермейтін мінездердің «қырсық» көріністері ғой деп қабыл­даған дұрыс-ау.
Ф. Достоевский шығармаларымен алғашқы таныстығым 9­-­10-­сы­­ныптардан басталды-ау деймін. Әуелі орыс тіліндегілерінен бастадым да, шамам келмей, аудар­маларын іздедім. Ауылдық кітапха­на­ларда қайдан болсын? Кейін әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің филология фа­куль­тетінде оқып жүргенде «Қылмыс пен жаза» романын оқыдым. Шығар­маның бас қаһарманы Раскольников адам баласының қайғысына ортақтаса алатын, көмек көрсетуге дайын, мі­нез-құлқы бар студент екен. Жолдас, достары оның қабілетін, талантын мойындаған. Алайда, романды оқи бастағанда бірден қылмысқа тәуекел еткен, сол әрекетті әдейі таңдаған жас жігіттің ауылдағы кедей туыстарына жәрдемдеспек болғаны тәрізді көрін­ді. Бұдан әріде жазушы қылмысқа барған кейіпкерінің ой-сезімдерін талдай бейнелеу арқылы оқырман ойын бірте-бірте өзгертеді. Осыдан бастап ішкі әлеміндегі арпалыстарын суреттеген көріністеріне көшкеннен шығарманы аттап, асығыс оқуға кірістім де, тез аяқтап шықтым. Әйтсе де, біреулер айтқандай онша әсер етпеді. Анда-санда ол туралы зерт­теулерді парақтап жүрдім.
Университет бітірер қарсаңда диплом жазу үстінде Ұлттық кітапха­на­да орыс бөлімінде оқитын ұлты ор­ыс бір студентпен әңгімелесіп қал­дым. Жұмысымның тақырыбын сұрады: «Әдебиеттің эстетикалық мәні», – дедім. «Өте қызық әрі аса қиын тақырып қой. Достоевскийді оқы. Әсіресе, «Ағайынды Карамазов­тар­ды». Эстетикалық әсердің зама­науи қолданыстарының бастауы сонда», – деді.
Дегенмен, оған жолағым келмеді. «Қылмыс пен жазадан» алған тәжіри­бем бар, қаламгердің шығарма­шы­лығы туралы әжептәуір хабарым бар, «сол да жетеді» деп ойладым. Алайда, осыдан бастап «Ағайынды Карамазов­тар» маза беруді қойды. Түрткілеп, есімнен шықпады. Ақыры, «көрейін­ші» деп қолға алдым. Амалсыз, өте асығыс оқып шығуға тура келді. 1972 жылдың басында, сірә, ақпан айында ғой деймін, оқығанмен дым түсін­бе­ген­дей күйде қалғаным бүгінгідей есімде. Сол баяғы стиль, уақиға көп, тартыс та жеткілікті, тағы да өлім, енді бұл жолы әке өлімі. Маған романдағы басты мәселе «Қылмыс пен жазада­ғыдай» көрінді. Бірақ, өзгелігі де анық, терең шығарма. Енді ара-тұра еске түсіп, қолым босағанда қарай­мын. Ойланамын. Ептеп терең ой­лары мен үзінділерін жазып аламын. Әрі-бері ойланып жүріп, осы шығар­ма туралы жазылған зерттеулерді қарай бастадым. Бұл – әдебиеттануда кеңестік идеологияның шығандап тұрған шағы. Біздің де басқа шын­дық­тар бар-ау деп ойламайтын кезіміз.
Дегенмен, Ф.Достоевский рома­ны­ның негізгі идеясы, өмірлік маз­мұ­ны бара-бара басты кейіпкерлер ара­сындағы күрделі қатынастарды бейнелеуден байқалады екен. Пі­кір­лерді оқи отырып, олардың да шығар­ма­шылық шындықтан мүлде алыс тұрғанын аңғара бастадым.
Көп кешікпей экранға шығарма­ның негізіндегі көркем фильм шықты. Екі рет көріп, жұмбақ шындыққа жақындағандай болдым. Әйтсе де, көру­ден қабылдаған нақты ойымды айқындамақ болып роман мәтіндеріне қайта үңілгенде, бұлыңғыр қала берді. Сонымен, іздегенімді таба алмай, оның үстіне тағы да жаңа сұрақтар жамап алған күй кештім.
«Кейін бір асықпай қайта оқыр­мын» деп, бұл жұмбақтарға нүкте қой­дым да, күнделікті сабақ, шаруа­лар­дың жетегінде кете бардым.
Аспирантураға қабылданған соң, «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы» тақырыбында зерттеу жасау барысын­да анда-санда ретіне орай Ф.Дос­тоевский туралы зерттеулерді қарай бастадым. Әсіресе, диалогтары мен кейіпкерлер психологиясына көңіл бөлемін, қазақ прозашыларының қол­даныстарымен салыстырмақ боламын. Айырма көп-ақ. Тағы бұл бағыттағы жұмыстарды қоя тұруға тура келді.Тоқтала тексеруге уақыт та жоқ болды, өзім де онша құлшына қоймадым.
Докторлық жұмысымның тақы­рыбы «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы» болды да, енді осы жолы «Ағайынды Карамазовтарды» қайта оқу қажетін сезіп, дұрыстап қолға алдым. Бір емес, бірнеше рет оқыдым. Бірақ, қаламгердің көркемдік-идеялық бағытының ерекшеліктеріне жете алмадым. Ф.Достоевский туралы арнайы еңбек жазған М.Бахтиннің зерттеулерін де оқыған сайын мәсе­ле­лер көбеймесе, азаймай-ақ қойды. Бірте-бірте өзімнің басты тақыры­бым­нан ұзай бастағанымды ұқтым да, бұл бағыттағы жазбаларды тағы да тоқтатуға тура келді. Әрине, мүлде қол үзіп кете алғаным жоқ, ара-тұра осы қаламгерде әлденем қалып қойғандай оралып отыратынмын. Сонда Дос­то­ев­с­кийдің данышпандығы мен шеберлігіне таңданғаным сонша, өзге бір танымға енгендей болдым. Бір аңғарғаным – жазушының өмір шын­дықтарын сөзбен бейнелеу мүмкін­дігін өлшеусіз деңгейге жеткізгені. «Ағайынды Карамазовтар» роман жанрының қаншалықты қуатты екенін, мүмкіндігінің молдығын әлем­ге әйгіледі.
– Әлем таныған Достоевскийдің әлем білетін шығармаларының заман талғамай, оқырмандарды өзіне тартуының сыры неде? Қаламгер шығармашылығының алапат күшін қалай сипаттар едіңіз?
– Ф.Достоевский туындылары көркем романның нағыз дара үлгісі саналады. Сондықтан да, көркем әдебиет туралы ойларда бірден оның ауызға ілігері анық. Қазір де көркем әдебиеттің заманауи үлгісі ретінде аталады. Мұны тіпті көркем әдебиет классикасына күмәнмен қарайтын мо­дер­нистік, постмодернистік әде­биет өкілдері мен зерттеушілері де мойындайды.
Бірде «қатал реализм» десе, кейде «шынайы реализм» аталған бейнелеу тәсілінің әдебиет пен өнер үшін дұрыс екенін жазушы талай жақтап жазды. Бұл терминді енгізіп қолданған қа­лам­гердің өзі болды ма, әлде басқа ма, …әйтеуір, бүгінгі әдебиеттануда да ұшырасып қалады. Достоевский адам жанының көпшілік бойлай бермейтін тереңіне жете көңіл аударып, он­дағы қабаттасқан, ығы-жығы, жа­байы­лығы да аз емес сезімдердің та­би­ғатына үңіле бейнелейді. Сол сезім­дер шарпысуының көптеген шығарма­ла­рында аса талантты сурет­телуі оқыр­манды ерекше эстетикалық әсерге бөлейді.
1866 жылдардың «Қылмыс пен жаза» романында замандастарының рухани әлемінде басталған күрделі өзгерістерге тереңдеп барады. Бұл шығарма бір қарағанда «қылмыс» туралы жазылғандай көрінгенмен, кейбір зерттеушілер кезінде осылай бағалағанмен, бүгінгі ғалымдар оны философиялық-психологиялық роман ретінде айтып келеді.
Ол тәуекелге барған қылмыс тақырыбы – өзінің ой-идеалын іске асыруға бағытталған әрекетінің алғашқы қадамы ғана. Санкт-Петер­бург тәрізді алып қалада мыңдаған адамның қайыршылығын, өмірден түңілуін көрген ақылды, парасатты кейіпкерді мұндай қарсылыққа әділет жолындағы күрес идеясы бастайды. Әлемде қашан да байлар мен қайыр­шылар, кедейлер бар, олардың ара­сын­дағы алшақтық зор. Қоғамда орнаған қатал заңдар байлығы барларды қорғайды, тіпті, кедейлерге жасап отырған зорлығын.т.б. қол­дайды. Күзетеді. Ал бейшара жандар сол заңдарға бағынады, көнеді. «Неге заңсыз зорлықтарға бағынады, неге қарсыласпайды, неге бәріне төзеді?» деп ойлайды бас қаһарман. Осы ойлар оны адамзат тарихына бастайды. Мызғымайтын заңдарға қарсы әрекет ететін тұлғалар тарихта болды ғой. Раскольников тарихты таразылап, мысалдар іздейді. Мәселен, Мұхам­мед пайғамбар мен Наполеон тәріз­ділер. Бұлар тумысынан тағдырына қарсы тұрды, тарихқа түзетулер жа­сау­ға талаптанды. Бұлар қалыптасқан барша салт-сананы, моральды бұзады. Кезінде замандастары қарсы болса да, кейінгі тарих оларды бағалады.
Романның бас кейіпкері осындай тағдыр мен тарих жетегіндегі тұлға­лар­дың және бейшара жандардың тірлігін талдай келе, өзіне басты сұ­рақ­тар қояды. «…Мен бейшара тірлікте ғұмыр кешетін хайуанмын ба, әлде адаммын ба? Байлар мен күш­тілер зорлығы үшін ғана шығарылған заңдарға қарсыласуға адам ретінде құқығым бар шығар? Мен хайуан емеспін, әділетсіз заңдар алдында діріл қағатын. Мен адаммын. Сондықтан, жүйесіз заңдарға қарсы тұрамын» дегендей толғаныстар толқынында күреске шығады.
Бұл бағыттағы әрекеттерін дәлел­дейтін алғашқы қадамы – өзі ойлап жоспарлаған қылмыс еді. Жандүние­сін билеген осы коллизия шешім­нен гөрі өзге қайшы­лық­тарда да бой көр­сетті. Мұны сезген бас кейіпкер әре­кетінің кері әсерлері туралы ойлардан құтыла алмайды. Жазушы кейіпкерін ұзақ толғаныстарға батыратын шешімдердің көркем бейнесін көркем мазмұнға көшіре жазады. Адам қоға­мын билеп-төстеген қатыгездік пен қаталдыққа, жауыздыққа қарсы кү­ресу үшін дәл сондай қатыгездікке бару, адам өлтіру керек пе еді? Бұл шешімді алғашында Жүрек тіліне қар­сыласпай-ақ орындаған болса, кейін ойлана қарағанда, ақылы, тіпті, барлық жандүниесі қолдамайды екен. Қарсылыққа көшкендей…
Раскольниковтің өз қолымен істе­ген қылмысты мойындағанға дейін­гі аралықтағы арпалысты ой­ла­рының негізі – қаламгердің шығар­машылық психологиясының арқауы болды. Шығарма адам тағдырындағы қайыршылық пен жәбірге толы трагизмнің сан түрлі екенін тұспалдап та, көркем мазмұнға орай да айтады.
– Көпшілік оқырман айтатындай, расымен, Достоевский әлеміне бірден еніп кету қиын. Шығармаларын оқу барысында да оқығаныңды қорыту үш­ін арасында үзіліс жасауды, қалам­гер ойын түсіну үшін кей тұстарын бір­неше мәрте қайталап оқуды қажет етеді. Автормен таныстығымды шығар­ма­шы­лы­ғының шыңы саналатын соңғы және ең көлемді романы «Ағайынды Карама­зов­тарымен» бастағанымда сондай жолдан өткенмін. Жалпы, атал­ған ро­манның оқырманға айтар түпкі ойы не?
– Ф.Достоевскийдің алғашқы романдары дәстүрлі авантюралық немесе бастық болу жолын іздеген, сол жолда неден болса да тайынбаған жанкештілердің тарихы тәрізді айты­ла да бастаған. Осындай ойлардың бір түрлері әлі де зерттеушілер мен сын­шылар тарапынан кездесіп қалады. Бірақ, оның романдарының арқауы – қара басының қамы мен бақыты үшін бәріне барған адам әрекеттерін баяндау емес тәрізді. Ол өз ойына ие бола алмай, сезім т.б. жағдайлар жетегінен құтыла алмаған адамдардың өзімен-өзі, өз ойларымен арпалысы тәрізді бейнеленеді. Осыны бейнелеу бағытында жазушы шеберлігі адам таң қаларлық деңгейге жеткен.
Соның екінші бір көріністерін Ф.Достоевский «Ағайынды Кара­ма­зов­тар» романына көшіреді. Алайда, бұл тарихта да шиелініскен сұрақтар мәмілесін табудың орнына одан да күрделі күйлерді бейнелейді. Осы жайларды талдау барысында сан алуан мәңгілік сұрақтарды қозғай­тыны соншама, күмәнді көрінген көп ойларын мәтінаралық бөліктерге, анық айта алмаған ойларды күрделі көркем мазмұнға ысыра салатындай. Әрі бұлар аз да емес. Сондықтан, бұл шығарманы оқыған әрбір саналы, сауатты оқырман мың мәрте қиын бол­са да, тек өзі ғана шешетін ойларға кезігіп, ғажайып танымдық күйге келеді. Қаламгер шеберлігінің құ­д­і­ретін сезеді.
Көркем әдебиетті талғап оқитын, талантты оқырмандардың көбі «Ағайынды Карамазовтар» романын қайта-қайта оқыса да, тереңіне бой­лай алмай, әр оқыған сайын мыңдаған ойлар құшағында қалатыны құпия емес. Оның сыры, меніңше, шығар­мадағы шындықтың тірі адамдар психикасына тереңдеп енген қаламгер психологиясымен үндестігінде. Бұл те­біреністерде басымдылық тірі адам­дық психиканың өзінен туындайты­нында, оның барлық тіршілігі мен ой­лауы, сезімдік, әлеуметтік қабыл­дауы да соған тәуелді күй кешуіне байланысты болса керек.
М.Бахтиннің зерттеулерінде осы құпияларды болжау бағыттары ғана көрініс табады. Философ-әдебиет­тау­шы­ның өзі бұл шығарманы асықпай оқу, зерттеу үстінде де «екі де екі – төрт» моделіне сай қорытындыға келе алмаған тәрізді.
Шығарманың оқырманға әсері, әрине, сауатты, зиялы оқырманға, шексіз деп айтуға болатындай. «Ағайын­ды Карамазовтар» әлеміне енген оқырман одан ұзақ уақыт шыға алмасы анық. Жоғарыда айтқаным­дай, бейсаналау күй кешкен кейіп­кер тірлігінің түсініксіздеу күйлерін, әре­кет­терін анықтамақ болып, қайта оралып оқыған сайын «ақиқат таны­мының» алыстайтыны да ақиқат. Амалсыз ойға батасың, кейде сол ке­йіп­керлерді қолдан сомдаған қа­лам­гердің ойларын көріп тұрғандай болсаң да, жете алмайсың. Сезім, ой, әрекеттердің мың-миллион шешімі қабаттасқан жұмбақ өмірдің дара бір көрінісін соның өзінен көшіргендей қалыпта бейнелеп отырған қаламгер­дің талантына тәнті боласың.
Өкінішке қарай, бүгінде «роман жанры ескірді, көлемді шығармаларды оқуға оқырманда уақыт жоқ» дегендей «әләулайларды» көп қайталаймыз. Бұл – араға жылдар салып қайта оралған, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында көп қозғалған, айтыл­ған, біраз талданған сарап­тау­лар­дың жаңғырығы ғой. Сол жылдар-да «роман жанрына жаңалық керек» деген жаңашылдардың асығыс айтыл­ған, көркем әдебиеттің даму сырлары­ның байыбына бармаған байбалам­дары тәрізді. Бүгінгі әлемдік әде­биеттануда роман жанрының да­муы осыны анық көрсетіп отыр.
– Кей сыншы, әдебиеттану­шы­лар­дың айтуынша, романдағы ағайынды үш Карамазовтың да прототипі – өмі­рінің әр кезеңіндегі жазушының өзі кө­рінеді: ерте жастағы арманшыл Фе­дор (Дмитрий), атеист Федор (Иван) және өмірден ой түйген кейінгі Федор (Алеша). Расымен, шығарманы оқу ба­рысында басты үш кейіпкер – ағ­айын­ды үш жігіт – үш түрлі адамдар то­бы­ның жиынтық бейнесі секілді кө­рі­неді. Жалпы, әрқайсысының арқала­ған өз жүгі бар ағайынды Карамазовтар­дың бейнесі қанша­лықты нанымды шыққан?
– Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары» – әке мен балалар арасындағы қайшылықты ғана емес, адам өміріндегі талай мәнді сұрақ­тар­ды үлкен философиялық деңгейге көтере бейнелеген шығарма. Бірте-бірте үдеген әке мен балалар арасын­да­ғы қайшылық әке өліміне әкеледі. Бірақ, тап осыны ғана бөліп алып талдай бастасақ, алуан түрлі қулық, әдіс-тәсілдері мол Федор Павловичтің – әкенің өмірі мен психологиялық күйі, әлеуметтік драмасы мен хикая­сы­ның талайы назардан тыс тұрар еді. Мыңдаған адамдарды алдау мен қанаудан тез байыған адамның анда-санда болса да құдайын есіне алып қоятынына қайран қаласың. Алайда, мұның артында өзі сенбейтін құдай­дың қырсығына ұшыраймын ба деген үрей ғана бар еді. Бір кездерде өзіне зорлық көрсеткендердің қылық­тарын қайталауды есінен шығар­майтын әке­нің есінеуден әріге бар­майтыны ро­манда айқын, ашыла бейнеленеді.
Балалары есейе келе әкесінің осы тірліктерін, қара басының қамынан басқаны құнттамайтын қулықтарын ұға бастайды. Бұл әуелі ренішке әкел­се, бірте-бірте қарсыла­суға ұласады. Өздерінің ойлары түгіл адам екенін ескермейтін әкенің адамгер­шілікке жатпайтын әрекеттері мен ақылға сыймайтын қылықтары жек көру сезімінен кек алу әрекетіне әкеледі.Тіпті, балаларының кенжесі, дін бағытындағы евангелиешіл Але­шаға дейін оны құптамайды. Бала­лардың әкеге деген қарым-қа­тына­сындағы ортақ көзқарас – жек көру. Ол ро­манның басты қайшылы­ғына – сан түрлі мәнді мәселелердің үлкен түйі­ніне айналады. Шығар­маның басты идеясы да, поэтикасы да осылардың маңынан өріледі.
Федор Павловичтің үлкені Дми­т­­рий (Митя) – құштарлыққа бейім, көбіне сезіміне ие бола алмай, содан зардап шегетін жан. Сон­дық­тан да, өмір бойы маңындағыларға күш көр­сетуге әдеттенген әкемен қар­сы­лық­та өседі. Ерекше жек кө­реді. Ашу-ызасы шегіне жеткен кез­дерінде оны өл­тіру­ді де ойлайды. Бірақ, жеме-жемге кел­генде ондай әрекетке бара алмай­ды. Үнемі бас тарта береді.
Екінші баласы Иван – ойшыл­дығы басым, салқынқанды, атеист, күмәндануға бейімдеу. Бұл да өздері туралы мүлде ойламайтын әкесін жек көреді. Сонымен бірге, үнемі сезім жетегінде жүріп, қолайсыз жайларға жиі ұшырайтын ағасы Митяны да (Дмитрийді) жаратпайды. Оның да жеке басы­ның қызығын ғана қаузай­тын, адам­гер­шілікке жата бермейтін қимыл-әрекеттерін жек көреді. Екеуі ит пен мы­сықтай қырқысып, бірін-бірі «жеп» жатса да, теріс көрмейді.
Әйтсе де, шығарма сюжетінің қазығы – әке өліміне бұл екеуінің де қатысы болмайды. Оны іске асыратын – Смердяков. Ол – Федор Павлович­тің некесіз туған баласы. Ол, негізінде, әке өлімін армандайтын Иванның жақтаушысы тәрізді көрініп, бірақ, бұған Митяны жауапты қылатындай себептер табады. Осы өлімге оның екі ұлының – Митя мен Иванның да қатысы барлығын қаламгер оларға сездіре баяндайды. Өлімін солар дайындағандай. Олар да кінәларын сезінуден бас тарта алмайды. Мен­мендігі басым, асау Иван ақылдан адасады, ал Митя болса, өзінің адам­гершілік тұрғысында кінәсі барын мойындайды.
Мұны қаламгер Митяның түсін бейнелеу арқылы жеткізеді. Өртенген село маңында «жылаған аш баласын құшақтап тұрған шаруа әйелінің қайғысы» оның жүрегін қозғайды. Өзінің берекеті кеткен отбасы алдындағы ғана емес, ел алдындағы да жауапсыз тіршілігін ұғады. Туыс, жақындары мен бөтен адамдардың тағдырлас екенін ұға бастауы соны меңзейтіндей.
Митяның шынайы ойлары «Жа­лын­даған жүрек өсиеті» атты тарауда ашылады.
Заманауи өркениетті адам таби­ға­ты тым күрделі, оның қанында тәттіге үйір «жәндіктер» де бар. Сондықтан, бұл қайшылықтар адамдарды жауыз­дық пен жомарттық немесе «Мадонна идеалы» мен «Содом идеалы» арасын­да қалқып жүруге мәжбүрлейді деген ойларға да әкеледі. Сол себепті, тығы­рық­тан шығаратын жалғыз жол – көну, өзіңді бақытсыздыққа душар қы­лар талпыныстардан, хаос пен қыл­мысқа әкелетін азап жолынан бас тарту. «Өзіңді» ғана ойлаудан, құлға айналдыратын талпыныстардан аулақ болуды іздеп көруге әрекет жасауға шақыратындай.
Романда қаламгер өзімшілдігі мол ірі сөзді интеллигенттің ішкі әлемінің ұсақ-түйекке толы бейнесін орта ға­сыр­лық аңыз, миф т.б. қолдана отыра бейнелейді. Оны қаншама тазалағысы келсе де, қолынан келмеген. Ақылды, салқынқанды Иванның осы арнадағы ойларын «Иван Федоровичтің үрей­лері. Шайтан» аталатын тарауларда терең толғамдармен жеткізеді. Бұл, жалпы, Ф.Достоевский шығармашы­лы­ғының шыңы тәрізді. Өзі ашық айқындай алмаған ойларды интер­текске көшіреді. Сол арқылы оқыр­манға сансыз мүмкіндік береді. Әбден тоқырауға ұшырап, қажыған Иван­ның түсінде сандырақтап ай­т­қ­ан­­да­рын бейнелеу арқылы жандү­ниесіндегі қозғалыстарды жеткізеді. Иван идеалдарының күйреуін, тас-талқан болуын анық түсінген, мойын­даған кездегі түсі. Оқырман да Иван трагедиясын анық сезінеді. Онымен диалогтағы кеңесші – шайтан – Иванның ішкі әлемінің жарық түспес қараңғы қуыстарын мекендеп келген жабайы табиғи сезімдердің жиы­тығы. Иван маңайындағы адамдардан мүлде қол үзсе, олардың мұң-мұқтажын, қиын­шылықтарын көргісі келмесе, бір кездегі табиғаты нәзік жан тірі жан­ды түсінбейтін біреуге айналғаны – осы отбасы трагедиясы.
Аталған эпизодта Гете «Фаустын­дағы» шайтан мен Фауст арасындағы тартысты, даулы әңгімелердің әуен­дері мен түрлік бағыттағы ізденістер бар. Рухани тұрғыда күйреген ин­телли­гент психологиясын талдауда қаламгер символдар тіліне иек ар­та­ды. Қысқасы, кейіпкер жан­дүние­сіндегі «қоқыстардың» бәрін ақтара бейнелейді. Сол арқылы қаламгердің нақты шындықты сезінуі көркем тілге көшіріледі. Өзін ешкімге тәуелді емес, азат санайтын интеллигент санасы­ның ішкі әлеміндегі бейшаралықты ашады.
Романдағы Карамазовтардың әрқайсының даралана бейнеленгені соншама, шығармадағы оларға жүктелетін қаламгер ойларының да ірілігін бірден сезесің. Бұл шығар­маны жүгірте тез оқуға мүмкіндік бермейді. Қайта-қайта оралуға, ойлануға мәж­бүр қылады. Сан түрлі іс-әрекеттерін­дегі басты түйіндерді білмейінше, өзге­лерге беттеу қиын. Көркем жүйе­ден шығып қалғаныңды сезгенде, амалсыз оралуға мәж­бүрлейді.
Иван Карамазовтың ой, әре­кетіне түрткі болған, өзі шешімін іздеген ірі сұрақтар қанша қуса да, еш ойынан шықпайды. Жанын жегідей жейді. Мұның көбі інісі Алеша екеуі арасын­дағы диалогтарда ашылады, көрсе­тіледі. Жалпы, осы «Аңыз» атал­ған тарау – романдағы қалам­герлік идеяның шыңы. Осында «Қылмыс пен жаза» романынан бас­тау алатын қиын сұрақтар жалғасатын тәрізді. Кемпірді өлтіргеннен кейін қатты азаптанатын Раскольников «жазық­сыз а­дамды өлтірдім-ау» деген кінәлі өкінішінен сәл құтқа­ратын жауап таба алмай, жан дүниесін жегідей жеген ойлармен арпалысқа түседі. Қыл­мы­сын ақтайтын себеп, сылтау жоқтай. Мұны қаламгер романның көркем мазмұнына ығыстырмақ болғанмен де, сауалдың сұлбасы азаймайды, қайта сұрақтар көбейе түседі екен.
«Ағайынды Карамазовтар» рома­нындағы мына өмірдің аса қиын сұрақтарының жауабы «Aңыз­ға» көшірілетіндей. Бұлар кейінгі ХХ ғасыр басындағы постмо­дер­нистік шығармаларда жиі қолда­ны­латын тәсілдердің бастауы тәрізді әсер қалдырады.
Ф.Достоевский осы аңызда тұс­пал­дана көрсетілетін, негізінен, көркем мазмұнға жүктейтін ойларын ХVІ ғасырға ығыстыра бейнелейді: бұл – шіркеу қағидасына күмәндан­ған, үкімет билігі идеологиясына қарсы сөз, әңгіме айтқан «дінсіздер­дің» аяусыз қуғынға ұшырап, қатал жазаға кесілген кездері. Осындай бір қиын-қыстау шақта қалаға Христос келеді. Қиналған бұқара оны құт­қарушы келгендей қуана қарсы алады.
Көріп отырғанымыздай, бұл – Евангелиедегі мазмұн.
«…Мұны көрген Инквизитор «ел­дің тыныштығын бұзғаны, шіркеуді сыйламағаны» үшін Христосты түрмеге қамауға, таң ата дарға асуға бұйрық береді. Бірақ, түнде түрмеге, Христосқа өзі келеді. Оны не үшін түрмеге қамағанын айтып, таң ата дарға асатынын хабарлайды. Осы шешімге қатысты сұрақтары болса, тыңдауға дайын екенін айтады. Христос бұл сұрақтарға үнсіздікпен жауап береді… Бұған Инквизитор таң қалады.». Шығармада бұл шешім аңызды әңгімелеуші Иванның ойы ретінде бейнеленеді. Әрине, мұнда қаламгерлік ойлардың да ізі бар. «Осыдан кейін инквизитор Христос­ты түрмеден босатып, бостандыққа жібереді. Бірақ, «оған үкімет пен шіркеу тыныштығын бұзбауды, ақыр­заман болса да, бұқараға, халыққа келмеуді тапсырады…».
Бұл ойлардың өзегіндегі адам баласы үшін дара, алтын ой, идея­ларды түсіндіріп, дәйектеп жату ар­тық деп ойлаймын. Христос үнсіздікпен құтылған жауаптарды, сірә, біздің де қозғамағанымыз лә­зім…
Жалпы, Ф.Достоевский – өзінің замандастары мен болашақ ұрпақ алдындағы міндеттері туралы көп ойланған қаламгер. «Қатыгез қоғам қайшылығын қалай өзгертуге болар еді?» деген тәрізді жол іздегендей. Бұл оның барлық шығармаларында кездеседі. Әрі ойлары уақыт пен кеңістік ахуалына сай өзгерістерге ұшырап та отырған. Алайда, шығар­машылық ізденістерінің басты арнасы болған бұл ойларын қандай қиын­дық­тарға кезіксе де, іске асыруға ұм­тылған. Ал жазушы жо­лында қиын­дық­тардың аз болмағаны көпке мәлім…


Оқыған шығармасынан оймақтай ой түйе білу – оқырман үшін үлкен олжа. «Ағайынды Карамазовтардағы» мына бір сөз мені жиі ойлантады: «Жүрек – Ібілістің Құдаймен күресі жүріп жатқан майдан алаңы». Иә… Бұл – өле-өлгенше тоқтамайтын күрес. Қайсысының жеңері тек Өзіңізге ғана байланысты…

(Автор)

Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.