Жұмабек Тәшенов «Қазақ әдебиетіне» қалай араша түсті?
16.11.2018
2949
0

Ақпарат тарату мен ақпарат алу мейілінше дамыған бүгінгі заманда дәстүрлі баспасөздің бәсі төмендей бастағанымен оқырман қауымын рухани кемелдендіретін жалғыз әдеби апталық «Қазақ әдебиетіне» деген сұраныс еш кемімесе керек. Әйтсе де, газет-журналдардың болашағына қатысты абыржулы хәл «Қазақ әдебиетінің» басында да бар. Осы орайда ұлы қазақ Жұмабек Тәшеновтың ерен ерлігі еске түседі. Жұмабек Тәшенов – Қазақ халқы қарыздар тұлғалардың бірі. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Төрағасы (1955-1960), Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1960-1961), экономист-ғалым. Қазақтың саяси элитасының ішінде сол кезде Мәскеудің қазақ жерін бөлшектеу туралы шешіміне іштей наразы болғандар, шешім қабылданар сәтте қалыс қалғандар, сыпайылап қарсылық білдіргендер де кездесті. Бірақ, атамекенді саудаға салуға республикадағы жоғары басшылар арасында жалғыз Тәшенов қана ашық және табанды түрде қарсы шықты. Жұмабек Тәшеновтың арқасында Қазақстанның құрамында сақталып қалған жер көлемі 600 мың шаршы шақырымды немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігін құрады.

Тәшеновтың ерен еңбегінің бірі – Алматыдағы қазіргі Абай даң­ғылына ұлы ақынның есімін бер­гізгені. Ол кезде Қазақстанның ас­танасы болса да, Алматыда Жам­­был мен Амангелдінің аты­нан өзге қазақтың аты қойылған көше жоқ еді. «Біз кімнен кембіз? Қа­тар­дан қалмауымыз керек. Қараң­даршы, сонау Тбилисидің ұзына бойын алып жатқан бір-ақ мақ­таулы көшесі бар. Ол – Рус­та­вели даңғылы. Мұндай даңғыл Таш­кентте де бой көтеріп жатыр. Ол – Әлішер Науаи даңғылы. Түп­теп келгенде, Әлішер – Таш­кент тұр­мақ, жалпы Өзбекстанда болмаған адам. Ол бар өмірін Ауғанстанның Герат қаласында өткізген. Мәс­кеудің ең басты кө­шесі Максим Горь­кийдің атымен аталады. Біз­дің қалада жаңа, үл­кен көше ашылғалы жатыр. Қа­зақ­тың Абай деген ұлы ақыны бар, осы көшеге сол кісінің атын берейік», – депті Жұмекең. Ыз­ғарлы қаһа­рынан жас­қан­ған болар, бұған дейін жо­ғары жаққа ешкім мұндай ұсыныс айтып көрмеген екен. Ақырында Жұ­ме­кең­нің ұсынысы қабыл­данып, қала­ның қақ ортасындағы үлкен даңғылға Абайдың есімі беріледі. Бұған қоса, қазіргі Рес­пуб­лика са­ра­йының ал­дында тұр­ған ақын­ның ес­керткішінің ор­натылуына да Жұмекең себепші болды. Бү­гін­де Жұме­кең өзі лента­сын қиып аш­қыз­ған Абай ес­керт­кіші қала­ның қақ төрінде айбынды болып тұр. «Медеу» мұзай­дыны­ның құ­ры­лысы да Тәшеновтың араласуы­мен қозғалған.
Жұмабек Тәшенов қазақ өне­рі мен мәдениетінің үлкен жана­шыры және ұйымдастыру­шысы болды. Кейін өзі Совминге төраға болған соң, 1960 жылы қазіргі Қо­наев пен Қабанбай батыр кө­шелерінің қиылысындағы 121 пәтерлік жаңа технологиямен салынған үлкен үйді түгелімен өн­ер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Бүгінге дейін жұрт бұл «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенов­тың үйі» деп атайды.
«Қазақ тілі мемлекеттік дең­гейде қолданылсын» деп сол кезде мәселе көтерген де Тәшенов еді. «Неге Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлемейді?» – деген мәселеге де Жұмекең ал­ғаш болып ат басын бұрған.
Жұмабек Шаяхметовтен ке­йінгі дәуірде өскен қазақ жігіт­те­рінің бәрі түгел дерлік Тәшеновтың өзіне болмаса да, оның дуалы ау­зына, сол дуалы ауыздан шық­қан айбарлы сөздердің алдында бо­рышты. Тәшенов суырылып шы­ғып: «Қазақстандағы игерілген тың жер, одан өндірілген астық көлемі әлемге әйгілі. Бұл күрделі өзгерістерді жүзеге асыруда қазақ халқы, партия ұйымы тәрбиелеген кадрлар өздерінің қабілетін көр­сетті. Миллиондаған адамдар ке­ліп, жүздеген совхоздар пайда болды. Оларға орысша атаулар берілді. Оған қазақтардың қар­сылығы болмады. Үлкен істе та­лай саңлақтар өсті. Аудан, облыс­тарда орталық аппаратта, ми­нис­т­р­ліктерде екінші хатшыға лайық қазақ азаматтары аз емес. Мынау отырған ОК-нің ауыл шар­уа­шы­лығы жөніндегі хат­шысы Фазыл Кәріпжанов кімнен кем? Ол екін­ші хатшылыққа жа­ра­май ма? Сондықтан осындай дайын тұрған кадрларды көзге ілмеу мені таң­ғалдырады. Мен мұны қазақ кадр­ларын білгісі келмегендіктен, не оларға сенім­сіз­дік таныту деп түсінемін. Бірін­ші, екінші хатшы­лық қызметке қазақ кадрларын жолатпау белгілі бір дәстүрге айнала бастады», – дейді. Осы сөзді естігеннен кейін Брежневтің жүрегі қысылып, дәрі ішіп, мазасы кетеді.
Жұмекеңнің өткір сөздерінен кейін жылға жетпей Ф.Кәріп­жа­нов екінші хатшы болады. Араға тағы екі жыл салып, Д.Қонаевтың қолы бірінші хатшылыққа жетеді. Осын­дай қолайлы жағдай облыс­тар мен аудандарға да тарайды.
Ал 1958 жылы Қазақстан ОК бюросында «Қазақ әдебиеті» газе­тін­дегі ұлтшылдық көзқарас ағы­мы­­ның өрістеуі туралы мәселе қа­ралады. Сонда Жұмекең «Қазақ әдебиеті – бүкіл жазушылардың га­зеті» деп дәлелдеп сөйлейді. Осы мәселе туралы баяндама жасау газет редакторы Сырбай Мәуле­новке жүктеледі. ОК бюро­сы ол кезде қатал, Сырбай мін­бер­ге кө­терілерде жүрексініп, сылбыр ба­сып бара жатса керек. Соны бай­қаған Жұмекең: «Тай­сақтамай, батыл сөйле, жасқанбай, айта­ты­ныңды анық айт», – депті, оны жігерлендіріп. Жұмекеңнің бұл сө­зінен ОК екінші хатшысы Н.И.Журин секем алып қалады. Мәжілісте «Социалистік Қазақ­стан» газетінің сол кездегі редак­торы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек. Ал «Социалистік Қазақстанды» «Казах­станская правда» газетіне қосып, көшірме газет ретінде шығару керек. Сол газет редак­­то­рының орынбасары болсам, өзімді бақытты санар едім», – деп, жағымпаздана сөйлепті. Жұрт тына қалады. Сол кезде Жұмекең: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жаба­тын да сен емес», – деп, әлгінің бетін қайтарып тастайды. Отыр­ған­дардың арасынан Жүсіп Ал­тай­­баев суырылып шығып: «Шә­рі­пов, бұдан да сенің өлгенің жақсы еді», – депті. Сол жолы Жұмабек Тә­шеновтың батылдығы мен табан­дылығының арқасында Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Яковлев дұрыс шешім қабылдауға мәжбүр болады. Сөйтіп, «Қазақ әдебиеті» газеті бір қатерден аман қалады. Осыдан кейін Жұмекеңнің аты қазақтар­дың арасына кең тарайды. «Тәше­нов нағыз қазақ екен, қа­зақ­қа жаны ашып, «Қазақ әде­биетін» өліп бара жатқан жері­нен алып қалды» деп айтып жүрді.
Содан бері қанша уақыт өтсе де, ұлт руханиятының қазығына айналған «Қазақ әдебиеті» зама­на­­мен бірге жасап, оқырман­дар­мен бірге өсіп келеді. Бұл орайда, ол, сөзсіз, Жұмабек Тәшеновке қа­рыз­дар.
Міне, кезекті баспасөз науқа­ны да келіп қалды. Оқырман қа­уым әр бетін парақтағанша, ел тынысымен танысқанша асыға­тын басылымдардың қатарында Жұмабек Тәшеновтың «Қазақ әде­биеті» де бар. Олай болса, сүйікті басылымыңызға жазылуға асығы­ңыз, ардақты ағайын!
«Қазақ әдебиетін» қолдау – Тәшеновтей асыл азаматтың рухы­на деген құрметіңіз!
Ер есімі кейінгілердің игі істері арқылы жаңғыра бермек!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір