«АЛАШИЯ» РИСӘЛӘ-ЭПОПЕЯСЫНЫҢ АЙТАРЫ КӨП
09.11.2018
2240
0

Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ азаттық қозғалысының тууы, даму барысы және қол жеткізген нәтижесі туралы деректі, көркем, тарихи-танымдық туындысы – үш томдық «Алашия» рисәләсі «Рух БГ» баспасынан жарыққа шықты.

Қазақ елінің Ресей империясы­ның отарында болып, өмір сүрген­дегі жай-күйі, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі сая­си-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, жал­пытөңкерістік қозғалыс тол­қы­нында өзге ұлттармен қатар оя­нуы, империя бодандығында өмір сүріп жатқан түркі-мұсылман халықтарының қозғалысымен біте қайнасқан Алаш қозғалысы тура­лы, сондай-ақ, ұлттық қозғалыс тұтанған бетте монархиялық елде жаңа өркениетке сай демокра­тия­лық өзгерістер жасау үшін жүргі­зіл­ген күрес және оның бастапқы нәтижелері мен жеңісті шыңы жайын­дағы әңгімелер он дәптерге түзілген. Рисәләнің алғашқы то­мы­на енген үш дәптер қазақ дала­сы­ның жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұң­дас­тығын айқындап, күрес жол­да­рын белгілеуі, елдікті жаңғыртуға ты­рысқан ұмтылыстарында бола­шақ саяси құрылым нобайларын түзуі жайынан сыр шертеді. Келесі томдағы төрт дәптер халық өкіл­де­рінің алғашқы төңкеріс дүмпуі­мен ашылған империядағы заң шығарушы мекемеге көзқарасы, артқан үміті, қазақ мұңының Бірінші Мемлекеттік дума мінбе­рінен көтерілуі, ұлт үшін өзекті мә­селелердің Екінші Думада қа­ралуы, ақырында, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімелейді. Қозғалыстың қорытынды кезеңі іспетті соңғы томдағы үш дәптерге ел мүддесін көздеген зиялылардың 1916 жыл көтерілісіне байланысты импе­рия­ның биік орындарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, пат­шаның тақтан түсуіне байла­ныс­ты ашылған жаңа саяси мүм­кін­діктерді пайдалану орайында жүргізілген іс-әрекеттер, жалпы­қазақ құрылтайлары, козғалыстың квинтэссенциясы секілденген Алаш-Орданың дүниеге келуі арқау болған.

Балжан ХАБДИНА,
ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір