Әзіл-шыны аралас
09.11.2018
2847
0

***

Сейфолла Теміров деген драма театрының артисі ғұмырында біраз әйелге үйлен­се керек. Сейфолла Шәкен Аймановпен түйдей құрдас екен. Ал, әзіл-қалжың жағына келгенде Шәкен алдына жан салмаған сабаз ғой. Сейфолла құрдасының «әйел алғыштығын» меңзеп, ол бірде «Жоғалған әйелдер­дің жоқтауы» деген ән шыға­рады да, оны өлеңімен бірге достарының арасына таратып жібереді. Шәкеннің сол шығарған өлеңі мынау екен:
Алғаным не барлығы он бір қатын,
Бәріне ауды ыстық махаббатым.
Сағынам он бірін де жатқанымда,
Шатастырам кей-кейде атап атын.

Қайырмасы:
Он бірім-ай,
Өндірім-ай,
Махаббат мөлдірім-ай,
Есімнен қалдырмайме-е-ен,
Мен бірін-а-ай!


***

Жасамыс бір драматург Халық артисі Серке Қожамқұловқа (1896-1979) барып, жаңадан жазыл­ған пьесасын оқып береді. Серағаң пьеса нашар жазылғанын бетіне айтып, драматургті шығарып салады.
Тауы шағылып, үміті үзілген дра­ма­­­тург үйіне келеді де, қолжазбаны жанып жатқан отқа тастай салады. Түбі жақсы­лап түптелген, мұқабасы қаптал­ған бума қағаз бықсып жана қоймайды. Қолжазбаның жанбай жатқанын байқаған драматург мұны жақсылық ырымға жорып, от ішінен суырып алады да, күлін қағып сақтап қояды.
Келесі күндердің бірінде тағы да Серағаңа жолығып, «сіз жаратпаған пьеса отқа жанбай қойды, соған қарағанда ол жаман шығарма болмағаны ғой» дегенді айтады.
Сонда Серағаң:
– Пьесаң отқа қайдан жансын, жылан қарағы жоқ, көлкіген су болса! – деп тағы да турасын айтып салыпты.


***

Жетпісінші жылдары ақын-жазушылар Әди Шәріпов, Сергей Киселев және Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен Шығыс Қазақстан жаққа барады. Бетіне күміс шытыра шашқандай жарқыра­ған Бұқтырма теңізін көргенде Киселев:
– Осы теңіздің жағасында дем алып жатса шіркін! – деп тандайын қағып, тамсанып қояды. Құрмет көрсетіп жүгіріп жүрген жігіттер бұл сөзді ести салысымен теңіздің шағын­дау аралына алты қанат киіз үй тіккізіп тастайды. Үлкен Нарын ауданының басшысы келіп, кешке дейін қаламгерлердің қасында бо­лып, қой сойып, сый-сияпат жасай­ды. Кеш түскен кезде:
– Сіздер тынығып, дем алыңыз­дар, біз таңертең келейік! – деп, бұларға қоржын-қоржын тамағын, сусындарын қалдырып, өздері мотор­лы қайыққа отырып кетіп қалады.
Олар кетісімен қас қарая маса буады ғой. Теңіздің ортасында жападан-жалғыз қалған үшеуі киіз үйге кірсе де, далаға шықса да масаға таланып, шыдамай бара жатқан соң суға қарғып, таң атқанша кірпік ілмей, ит қорлықты көреді. Сол түнгі қияметке қатты ашынған Сырағаң ертеңінде мынандай өлең шығарып­ты:
«Үй тікті алты қанатты,
Тартты қос-қос табақты,
Құйды мөлдір шарапты.
Түнде тастап аралға,
Масаға бізді талатты…
Бетімізден сорғалап,
Шараптай қызыл қан ақты.
Шықпа, жаным, шықпа деп,
Әупіріммен таң атты!».


***

Осы сапарда Сырағандармен еріп жүрген обкомның бір қызметкері соңынан, Өскемен қаласындағы бір жиында:
– Біз ақын-жазушыларды, әсіресе Сырбай Мәуленовті құрметтеп, ел мен жерді көрсетіп шапқылап жүрсек, ол кісі еңбек ерлерін жазудың орнына Үлкен Нарын ауылындағы бір кездесуде «Маса» деген өлең оқыды емес пе, – депті мінбеден ренішін айтып.
Бұл сөзді естіген кезде, сол кездегі облыстық газеттің редакторы, казақ журналистикасының майталман қайраткерінің бірі Мұқан Әбуғалиев орнынан ұшып тұрып:
– Сендердің алғаш көрсеткен кейіпкерлерің маса болса, Сырбай басқа несін жазсын! – деп залдан айқай салыпты.


***

Дидахмет Әшім­хан киіміне қыл жұқ­тырмайтын, бәтең­кесі де айнадай жал­тырап жүретін, бойын үнемі таза ұстайтын жазу­шы­ның бірі. Сонысын байқап жүрген қыз­меттес бір інісі:
– Осы сіздің бә­теңкеңізге қылау жұқпайтынына қайран­мын… Мен де сіз құсап жалтыратып-ақ шығамын үйден, бірақ автобуста қысылып-қымты­рылып, жұрт аяғымды басып… – деп, «мұңын» шаға берген кезде, Дидахмет оның сөзін бөліп жібереді.
– Түһ… сен де қызық екенсін, – дейді қолын сілтеп. – Автобусқа адам бәтеңкемен кіре ме екен. Жұрт аяғымды басып, тап-таза бәтеңкемді былғайтынын білем де, мен ав­тобусқа кіре бере бәтеңкемді шешіп қолыма алам…


***

Қазақ халқының ақсақал жазу­шыларының бірі Сейтжан Омаров ғұмыры арақ-шарапқа ернін тигіз­беген жан екен. Осыны білетін қаламгер інілері әлдебір жиында «мынау жәй сусын шарап, асқазан­ға шипасы бар» деп алдап, Секеңе «Шартрез» деген шарапты күштеп жұтқызып жібереді. Содан Секең мас болғанын «уландымға» жорып, «баяғыда «Шартрез» ішіп өліп қала жаздадым емес пе» деп, кейіндері әлгі оқиғаны әр жерде сөз етіп айтып отыратын көрінеді. Ақсақалдың осы мінезін қызықтап, Сырбай Мәуленов Секеңе арнай мынандай өлең шығарыпты:
«Шартрезді» ұрттады,
Ойлап шипа шарап деп
Сосын оны жұтпады,
Отырды ол қарап тек
Улады деп денемді,
Соқпады оған бір қайтіп,
Сол «Шартрез» дегенді,
Қырық жыл бойы жүрді айтып».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір