ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА…

0
14 қаралды

Менің толық аты-жөнім – профессор Шиям Сингх, Халықаралық иттерді қорғау басқармасының тұрақты мүшесімін. Үндістаннан піл терлетіп қазақ еліне келгендегі мақсатым – «Аманжан­тану» ғылыми еңбегімді жетілдіру.

Әдетте жастар шет елдіктерге еліктегіш келеді емес пе? Аманжан біздер үшін шет елдік әртіс – Паро­дия жұлдызы. Мен тұратын ауылда екі баланың бірінің аты Аманжан болып жатыр. Екі адамның бірі итке пародия жасайды. Итке паро­дия жасайтындардың көбейіп кет­кен­дігі соншалық, иттердің үндері өшіп, өз-өздерінен «ұялып», мүлде үрмейтін боп қалды. Ғадеттің бұлай өзгеруі жаман болады екен. Ауыл­дағы иттер енді бұрын істемеген оғаш қылықтарды шығара бастады. Үйді қарамайды. Көліктің, адамның жолын кесетін мысықтың артынан шабаланып жүгіріп жүрген де иттер жоқ. Артқы бір аяғын көтеріп сари­тын итті өңіміз түгіл түсімізде де көр­мейтін болдық. Қате түсініп қалып жүр­меңіз­дер, оны көргісі келіп жүрген біз де жоқ. Айтайын дегенім – ауыл­дың иттері алдыңғы екі аяғын кө­тереді немесе екі тізесін бүгіп, отыра қалады. Оған күлген адамды үндемей барып «тіс­теп» алады. Бұрын біз білмейді екен­біз, ауыл – адамдарымен ғана емес, ит­тердің үргенімен ауыл екен. Соны­мен не істерімізді білмей бақсы шақырттық. Бір бақсы: «Ит­тер ал­жыған» десе, екінші бірі: «Адам­дар­ға деген өкпе ғой», – деді. Ал үшінші бірі болса: «Иттерді өйтіп қорлауға болмайды. Себебі, ит бейшара үйдің иті кім, иесі кім еке­нін ажырата алмай жатыр. Мә­селен, қандай да бір ит иесінің дауы­сына салып адамша сөйлесе, мұның арты неге әкеп соғатыны белгілі. Сондықтан ит­тер­ге пародия жасауды тоқтату керек!» – дегенді айтты. Осылай иттердің мәсе­лесін шеше алмай жатқанда, адамдар арасында екінші бір «мәсе­ле» пайда болды. Өйткені, кейбір пысықайлар итінің дауысына дауыстары ұқсап кеткен пародис­терден ақша талап етіп, соттаса бастады. Ең қызығы – адамдардың бұл даулы мәселесін иттердің өздері шешіп берді. Шешіп бергені сол – әлдеқашан үруден қалған итінің дауысын сот алдында ешкім дәлелдей алған жоқ. Менің бір байқағаным – қазақ елінде адам­дардың итке, иттердің адамдарға де­ген көзқарасы мүлде басқаша екен. Осы кезге дейін Аманжанның үстінен бір де бір шағым түспеген. Қайта, кейбір адамдар Аманжанның үйіне келіп:
– Пәленше, Түгеншенің итіне пародия жасадың, сонда менің итімнің қай жері кем? – деп, өкпе-наздарын ғана айтатын көрінеді.

Шиям СИНГХ

Хинди тілінен төте аударған
Мырзабай ТІЛЕУБЕРГЕНОВ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.