«Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп…»
09.11.2018
3021
0

Әлі есімде 1986 жылыдың көктемінде елімізде алғаш рет «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Міне, содан бері тура отыз екі жыл өтті. Мемлекет, Елбасы тарапынан Ана тіліміздің өркендеуіне бірнеше ізгі қадамдар, оң талпыныстар жасалудай-ақ жасалды. Бірақ соның нәтижесі қандай?! Енді міне, латын графикасына көшудің өзі даулы пікірлер мен түрлі көзқарастарға тап болып отыр. Естір құлақ, көрер көз болса, Ана тіліміз туралы, оның болашағы туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мына сөздері жәй айтыла салған сөз емес: «Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау – қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Бұл – әр қазақстандықтың қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлт­тың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да – тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда».


Латын графикасына көшу бас­та­масы көтерілгенде Елбасы асықпай ойланып, ақыл­да­сып басқа нұсқа­сын ұсыныңдар деді ғой. Ол кісінің «Оның бойын­да (Қазақ тілінің – Т.К) өзекті жан­ды өзіне тартып тұратын керемет күш бар», деген сөзі­нің астары терең. Осы мәселе тура Латын гра­фи­ка­сына көшу кезін­де қапері­мізде болу керек.
Біздің мемлекеттімізде неше түрлі қызық қисынсыз уақиғалар бо­­лып жатады, әйтпесе менің білуім­­ше латын әліпбиіне көшу тура­­лы сөз қозғалғанда, тіл мама­ны­ның қазіргі майталманы ака­демик Әбдуәли Кайдаров баста­ған Байтұрсынұлы антындағы тіл білі­мі инситутының профессор ға­лым­дары отыз жылға тарта уа­қыт­та ондаған нұсқа жасап, тіпті біразын тәжірибеден өткізіп еді. Нағыз тіл мамандары жасаған осы­­лардың бәрін сыпырып тастап, қайдағы бір көлденеңнен қосыл­ған есі бар адамның басына қон­бай­тын қаптаған қос әріпті, авто­ры белгісіз нұсқа (жоба), шыға келгенде қазақ тілінің жанашыр­ла­рының төбесінен жай түскендей болды. Бүкіл халық оны іске бір­ден алғысыз етіп қолда­май таста­ған еді.
Оған да қарамай құжынаған апострофтармен (үтірлер) екінші нұсқа ұсынды. Оны да халық қол­да­май адыра қалды. Енді үшінші рет № 869, 2017 жылғы 26 қазанда Елбасына бекіттіріп алыпты. Он­ың бәрін істеп (бүлдіріп) жүрген біздің министрлігіміздің бас ұс­тазы болуы мүмкін-ау.
Латын әліпбиіне көшу-қазақ елінің алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп өркендеуіне ти­гізе­тін септігі мол екені сөзсіз. Әлем­нің алдыңғы қатарлы дамы­ған елдерінің барлығы дерлік ла­тын әліпбиін қолданады. Сон­дық­тан біздің де басты мақ­са­ты­мыз-латын әліпбиіне көшіп, тіл аясын кеңейту.
Демек латын әліпбиіне көшу-еліміз үшін тарихи сәт.
Сондықтан әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл түптеп келгенде сананы өзгертуге талпыныс. Басқаша айтқанда бұл саналық та, сапалық та өзгеріске бастайды. Сол себепті бұл істе енді қателесуге қақымыз жоқ.
Кезінде орыс тілінен енген сөз­дерді жазу үшін қазақ тілінде жоқ, жат, кірме дыбыстар зорлық­пен енгізілді. Емле саны көбейеді. Жалпы әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі.
Данышпан Ахмет Байтұрсын­ұлы осыдан 90 жыл бұрын қазақ тілінде 28 дыбыс бар екенін негіз­деп, дәлелдеп берген. Ахмет «Түрі­к­­­тің тұнық тілі, түзу емлесі қазақ­та» – деген.
Кирилцадан латын әліпбиіне ауысудағы негізгі мақсаттардың бірі қазақ тілін бұзып тұрған 14 әріп­тен (в, е, п, ф, х, һ, ц, ч, щ, ь, ъ, э, ю, я) құтылу еді ғой.
Қазіргі ең кейінгі бекітілген латын графикасына енгізілген қазақ тілі әліпбиінде №569, 2017 жылғы 26 қазандағы) тағы да төрт дыбыс қалып қойыпты. Төртеу түгілі қазақ тіліне жат, жалғыз дыбыс қалса да қазақтың тілі баяғыша бұзылған күйінде қалады. Ақаңның қазақ тілі туралы асыл ойы іске асырмақ түгілі қожы­райды.
«Әліпби құрастырудың ма­тема­тикалық формуласы» атты еңбегінде атақты орыс ғалымы Н.Ф.Яковлев әліпби жасаудағы математикалық дәлдік пен нақ­тылық туралы айта келіп … «осы­ған сәйкес тәсілмен әліп­бидегі сингармонизм аталатын заңды­лық­ты толық сақтаған, оны ин­ту­итивті түрде орындап шыққан түрік-татар тілдерінің бірі қазақ тілінің әліпбиін жасаған жергілікті қазақ Байтұрсын болды… «ол осын­дай формуладан шығып мүл­тік­сіз орындаудың жаңа көкжиегін көр­сетті», – деп уақытында аса жоғары баға берген.
Бұл еңбегін профессор Н.Ф. Яковлев 1970 жылдары жазған, яғни Ахмет қайтыс болғн соң 30-40 жылдан кейін Н.Ф.Яковлевтің Ақаңның еңбегіне қайта оралып отырғаны Ақаң еңбегінің аса құндылығында болу керек, әсіресе оның әліпби жасалудағы негізгі принциптерінің маңыздылығын жоғары бағалағаны ғой. Ол прин­циптер қарапайым болғаны мен өте маңызды, қысқаша айтқанда төмендегідей: әліпби оқуға және жазуға жеңілділігі, қазақ тілінің тек қана төл дыбыстың жүйесін пай­далану, шетел дыбыстарын енгізбеу.
Бір қызық жағдай орыстың атақты ғалымы Ахметтің 30-40 жыл бұрынғы еңбегіне аса жоғары баға беріп жатса, біздің қазіргі кейбір «профессорларымыз», «Ақаң­ның ол кезде жазғандары ескір­ген, қазір дамыған, алға кет­кен заманда оның еңбектерін бас­шылыққа алуға болмайды» – дейді.
ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатына Ахмет Байтұрсынов атын­дағы Тіл білімі институтының директоры профессор Ерден Қа­жы­бек «Ендігі мәселе, қазақ тілі­нің әуезділігін сақтай отырып, жазу мен айту принциптерін қай­тар­уымыз қажет. Таза қазақша жазуы­мыз керек. Әйтпесе, қазір қазақ тілінде ереже көп. Оның жартысы біздің ереже емес. Сосын қазір әліпбиге байланысты көп проблемалар туын­дап жатыр ғой. Оның бірде-біреуінің қазақ тіліне қатысты жоқ. «Цемент­ті» қалай жазамыз? Басқа­ны қалай жазамыз дейді. Біз бір тілдің әліп­биін жасауымыз қажет. Бір тілдің ере­же­лерін жасауымыз керек. Ал бө­тен сөздерді өз тілімізге бағын­ды­рып, тілімізге кіргізуге болады. «Мос­ква» деген сөзді «Мәскеу» де­дік қой. «Россия» деген­ді «Ре­сей» дедік қой. Дәл солай кез кел­ген сөзді қазақшалауға болады. Үйрену де оңай болады. Ережесі де аз болады», – деп атап көрсетті.
Нағыз ғылымның, қазақ тіліне нағыз жаны ашитын азаматтың сөзі. Бірақ Ерекең айтқан тамаша ойын іске асыру үшін орасан қиын да, күрделі жұмыстар атқару керек екенін түсінетін шығар. Осыншама ауыр, қазақ қалқына аса қажет жақ­сы­лыққа, тұрақты тәуелсіз­дік­ке, руха­ни көтерілуімізге, ұлттық тілі­міз­дің басқа тілдермен терезесі тең тұруына тіпті барлық тілден ар­тық тұруына атқаратын қада­мына сәт­тілік тілейміз.
Біз бір тілдің әліпбиін, бір тіл­дің емлесін жасаймыз деген тама­ша, асыл ойды толық іске асыру үшін тағы да қайталаймыз қазақ ұлтының төл дыбыстары ғана (Ахметтің 28 дыбысы) болу керек қой. Ал мына ақырғы бекілген 32 әліпбиімен жоғарыдағы Ерекеңнің асқақ ойлары іске асырылмайды ғой. Тамаша ой іске асу үшін ана артық кірме, жат 4 дыбысты әліп­биден құрту қажет. Ол үшін бүкіл қазақ қалқы енжарлыққа салын­бай қол­дап, қазақты сол 28 дыбы­сына әкелуі­міз керек. Анау кірме, бөтен дыбыстар тұрғанда қайтадан баяғы жағдайға ораламыз.
Егер де біз бүгінгі таңда, қазіргі кезде латын тіліне көшудегі негізгі мақсаттарымыздың бірі қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған сәйкес таңба санын ықшам­дау деп ойласақ оны Ахмет Байтұр­сынов баяғыда белгілеп берген са­ны 28. Олар: А, Ә, Б, Ғ, Г, Д, Е, Ж, З, Й, Қ, К, Л, М, Н, Ң, О, Ө, П, Р, С, Т, У, Ұ, Ү, Ш, Ы, І. Осылардан басқа қазақ тілінде дыбыс жоқ. Басқа дыбыстардың бәрі де кірме, қазақ тіліне жат дыбыстар. Жаңа әліпбиге олардың біреуі ғана кірсе де қазақтың төл сөзін бұзатын, дүние жүзі ғылымдарының там­сан­ған, таңғалған әдемілігін, әуез­ділі­гін, күш-қуатын, әулеттілігін, жоя­­тын дыбыстар болып табыла­ды.
Кірме дыбыстарға «ғашықтар», қазақ тілінің кейбір «жанашыр­лары» (олардың ішінде филология ғылымдарның докторлары, про­фес­сорлары да бар) кейінгі қабыл­данған нұсқаға да «В», «Ф», «Х», «Ч» дыбыстарында қалдырып қойыпты. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Хабар» телеарнасының тілшіле­ріне берген бір сұхбатында латын әліпбиіне көшу туралы мәселеге арнайы көңіл бөліп тілімізді басы артық, кірме дыбыстардан тазарту туралы айта келіп олардың ішінде «Ч» дыбысыда бар екенін шегелеп тұрып айтқан еді.Сонда да қоймай кейінгі әліп­биге «Ч» дыбысын екі әріппен белгі­леп кіргізіп жіберіпті.
Олардың уәжі көрсетілген бұл дыбыстар,кірме дыбыстар тіліміз­де орныққан, оларды айтуға арти­ку­ля­циялық базамыз қалыптасқан. Оны қайта өзгертуге мүмкін емес. Сон­дық­тан да бұл дыбыстардың әріп­терін шетел сөздерін дәл таң­балау үшін жаңа әліпбидің құра­мында болу керек» деп жұлқынады.
Біріншіден, «орныққан» жоқ, «орнықтырған» кеңес үкіметің зорлық бұйрығымен «орыс тілінде қалай жазылса, қазақ тілінде де солай жазылсын» – деген нұсқау­мен. Біздің бабаларымыз атам заманда доктор, профессор бол­май-ақ, университет бітірмей-ақ, тілдің сингармонизм заңына ба­ғын­дырып, орыстың «самовар» сөзін «самау­рын» деп өзінің тіліне ешқандай зиян келтірмей өз сөзі етіп алған. Солай болу да керек қой. Кірме дыбыстарға «ғашық» болып жүрген «профессорлардың» біразы ауылда өскен шығар, сонда «самаурын» деген сөздің орыс сөзі екенін 15-20 жасқа дейін қалаға келгенше, ауылда орыс болмаса, білген жоқ қой.
Шетелдің жат, кірме сөздерді өз тіліне сіңістіріп алудың класси­ка­лық үлгісін бабаларымыз бая­ғы­да осылай қалыптастырып қойған.
Екіншіден, артикуляциялық базамыз «қалыптасқан» жоқ, оны да зорлықпен «қалыптастырған». Негізінде «артикуляциялық база» деген ұғым қаншалықты дұрыс екенін білмеймін (мен филолог емеспін). Менің ұғымымда арти­куляция деген адам тілінің қозғалу бағыттары. Әр халықтың тілі адам­ның тілінің бағыттарымен дыбыс шығарады. Сол дыбыс­тар­дан сөз құралады. Сөзден сөйлем құрала­ты­ны кез келген адамға түсінікті ғой.
Әр халықтың тілінің әртүрлі болуының себебі сол халықтың адамы­ның тілінің артикуля­ция­сына (қозғалу бағытына) байла­нысты. Мысалы, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстар і, ң, ғ, қ, ө, ү, ұ қа­зақ этносының ұлттық болмы­сын, ұлттық кодын, қазақ сөзінің ұлттық табиғатын танытатын маңызды дыбыстар. Сондықтан біз­дің қа­зақ­тардың санасында, миында ұлты­мыз­ға тән дыбыс­тар­ды шығару­ға арналған тілдің артикуляциясы қалыптасқан. Әр ұлт­тың тілінің артикуляциясы (қозғалу бағытының заңдылығы) сондай ерекше. Біздің қазіргі тіліміздің артикуляциясы (тілдің қозғалыс заңдылығы) қапта­ған кірме орыс сөздерінің әсерінен өзгерген, сонымен бірге әуезділігі де өзгерген. Баяғы бабалары­мыз­дың дүние жүзі таңғалғаны сияқты әуез­ділігінен айырылған. Сіз Қы­тай­дан, Монғолиядан келген қа­зақтарға «революция» деген сөз­ді айтқызып көріңіз. Мүлдем айта алмайды, себебі, олардың тілі­нің қозғалу заң­дылығы (ар­ти­куля­ция­сы) қазақ этносына тән заң­ды­лы­ғымен қа­лып­­тас­қан, ол біз сақ еткіземіз. Өйткені біздің тілі­міздің артикуля­циясы өзгер­ген.
Бір кездесуде филолог про­фес­сор «В» дыбысын жаңа әліп­би­ге кіргізбесек, онда тегімізді (фами­лия­мызды) қалай жазамыз деп тұр, жылайсың ба, әлде күле­сің бе? «В» дыбысының қазақ тілінде жоқтығы жоғарыда келті­ріл­ген «самаурын» сөзінен анық көрі­ніп тұрған жоқ па?
Үшіншіден, егерде кейінгі нұс­қадағы кірме төрт дыбыстың бі­реуі қалып қойса, шетел сөз­де­рін кірме дыбысты пайдаланып, бұлжытпай айтып-жазсақ оларға қазақша қо­сым­ща жалғау-жұр­нақ­­тар жалған­ған­да қаптаған, неше түрлі басы ортақ емле ере­же­лер туындайды. Неге олай жа­сай­мыз? Латын әліп­биі­не көшудің негізгі мақсаттары­ның бірі төл тілімізді түзетіп, емлені мүмкін­ді­гінше азайтып, үйренуге оңай ету емес пе еді?
Міне осындай Ахмет айтқан осы ойларды ойға алмағандықтан, жат дыбыстардың тілімізге енгі­зіл­ген­дігінен, тіліміз қазіргі би­ша­ра­лық жағдайға келді ғой. Дү­ние­жүзі ғалымдарын, «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай деп там­са­на, таңға­ла айтқандары», ешқандай жат, кірме дыбыстар жоқ кезде, қазақ тілі­нің сингор­мо­низм заңы бұзыл­май тұрғанда, бабаларымыз­дың сөйлеп отыр­ға­нының өзі ән сияқты естілген болу керек.
Халықаралық терминдерді, кірме сөздерді сингармонизм за­ңына, тіліміздің дыбыстық жүйе­сі­не икемдеп жазу ең маңызды мәсе­ледеп қарауымыз керек.
Қазіргі соңғы жобадағы төрт дыбыстың біреуі ғана қалса баяғы таз қалпымызға келеміз. Себебі кеңес кезіндегі кірме сөзді сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде солай жазыла­ды деген ресми бұй­рық болмаса да, анау дыбыстар то­лық жойылмай қазақ тілі оң­байды.
Кірме сөздер «сол тілде қалай жа­зылса қазақ тілінде солай жа­зылуы тиіс» деген емле емес, бұй­рық қазақтың тілін бүлдіру үшін жасалған нәрсе. Біріншіден, жалпы тілдің сингармонизм заңын өрескел бұзады, екіншіден, оқуды қиында­та­ды, үшіншіден ата-бабаларымыз дыбыстап көр­ме­ген жат дыбыстар тілімізді қойрт­пақтайды, тіліміздің ұлттық артикуляциясын бұзады.
Ұлы Ахмет айтқан еді «азбаған асыл тілден еліме шығару керек» деп. Ал біз әліпбиімізге тілімізде жоқ, кірме дыбыстарды енгізу нәти­жесінде азбаған асыл тілімізді бүлді­ретін емле ойлап шығарып жатыр­мыз. Егерде жалғыз жат дыбыс «в» жаңа әліпбиде қалып қойса ол үшін арнайы тағы да жаңа, қосымша емле, ереже ойлап тауып қазақ тілі­не көріне көзге қиянат жасау емес пе, ал бекітілген жобада төрт жат дыбыс бар оларға ереже жазылса тіліміз не болады?
Сонда Ақаңның «тілді бұзып, емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек деген алтын ойы қайда? Содан «айтылымға қарай жазылым» идеясы бұзы­лып» «жазы­лым­ға қарай айты­лым» болып тағы да қазақ тілімізді аздыратын бола­мыз.
Ахмет қалыптастырған қазақ тілі тағлымын терең түсінбей жүр­міз. Ахмет айтып, жазып кеткен­дердің бәрін толық, өзгертпей іске асырмай тіл оңбайды. Ахметтен асқан әлі қазақта тіл маманы жоқ. Ақаң дауысты дыбыстар – сөздің жаны, дауыссыздар – сөздің тәні дейді.
Ана қазақ тіліне жат,кірме төрт дыбысқа бола А.Байтұр­сын­ұлы атындағы тіл білімі институ­ты­ның мамандары неше түрлі қосымша, басы артық қаптаған ереже, емле ойлап тауып, басын қатырып жат­қан­дарын еске алса адамның жаны ашып жүрегі ауы­рады. Қайран босқа кеткен еңбек, уақыт.
Қазақ тілінің латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиі Ахмет Байтұрсыновтың тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыс­тар­дан тұратын әліпбиі болу ке­рек. Тек осы жағдайда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айты­лым мен емле арасындағы сәйкес­сіздік­тен құтылады.
Қазақ тілінің жанашыры ре­тінде жоғарыда келтірілген ой­ла­рымызды қорыта келе қоғамдық пікірлерге өз нұсқа­мызды ортаға салып отырмыз. Әлі де кеш емес болу керек. Ұсыны­лып отырған әліпбидің негізі ерек­ше­ліктері: біріншіден бір дыбысқа бір таңба (әріп) берілу принципі қатаң сақталады.
Екіншіден, Ахмет Байтұр­сын­ұлы ұсынған 28 дыбыстан басқа ешқандай кірме дыбыс бұл нұсқада жоқ.
Үшіншіден, компьютерге ың­ғайлы болу үшін латын әліпбиінің 26 таңбасы толық пайдаланылды.
Төртіншіден, осы нұсқа іске асса үйлесімнің (сингарманизм) заңы толық қолданылады.
Бесіншіден, кірме сөздердің жазы­луы үндестік заңына бағын­ған­дық­тан олар (кірме сөздер) қазақ тілін бұзбай, бояуын, шешендігін, әуездігін басқа да бай қасиеттерін жоғалтпайды.
Алтыншыдан, алаш арыстары армандағандай кірме сөздер қай тілден болса да басына қазақтың тымағын киіп, үстіне шекпенін жа­мылып, аяғына саптама етік кигіз­гендей нағыз қазақтың әуезді сөзі бо­лып шығады (бедре-ведро, са­мауы­рын- самовар).
Жетіншіден, емле-ережелер өте аз, оңай және қосымша басы артық ешқандай ереже мүлдем болмайды. Сын ескертпелеріңіз болса қуана қуа­на қарсы алып, талқылауға дайын­быз. Қорыта айтқанда, ұсыныс пікірімді Абай атамыздың сөзімен аяқтағым ке­леді. Болашақ ұрпақ үшін Латын графикасы Ана тіліміз­дің бар қа­сие­тін жоғалтпай «Тілге жеңіл, жү­рекке жылы тиетіндей» сипатта бол­уы керек.

Көкетай Темірғали,
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір