АЙТШЫ, АПАТАЙ, ЕРТЕГI…
09.11.2018
5321
0

Балалар бетінің бүгінгі санына тілге жеңіл, жатталуға бейім зерлі өлең шумақтарын ұсынып отырмыз. Жас ұрпақ санасын жаңғыртуда өлең-сөздің маңызы зор екені – талассыз ақиқат.


Байбота КӨШІМ-НОҒАЙ

ЖЫЛ МЕЗГIЛДЕРI

Көктем
Қырға тырна қонады,
Жылға суға толады.
«Көк-тем! Көк-тем!» – деп көкек,
Тынымсыз ән салады.

Жаз
Ұшып-қонып көбелек,
Оралады дегелек.
Жайлауда асыр саламыз,
Жаз қызығы керемет!

Күз
Бақтан жүзiм үзгендi
Үйрендiк қой бiз де ендi.
Қоңырауы күмбiрлеп,
Қыркүйекте күз келдi.

Қыс
Дайын шаңғы, шанамыз,
Ойынға бiр қанамыз.
Тек: «Тоңдыңдар!» – деп, бiздi
Шақырмаса анамыз!..

АЯҚ ҚАЙДА АПАРАДЫ, АҚЫЛ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

– Аяқ, қайда апарасың?
– Жарысқа.
– Ақыл, қайда апарасың?
– Ғарышқа.

ТҮСПЕСIН, АПА, ҚАБАҒЫҢ!..

Ақжарқын деген баламын,
Тiлiңдi, апа, аламын.
Жұмыстан шаршап келгенде,
Түспесе болды қабағың!..

МЕН – АНАМНЫҢ АЙ МЕН КҮНІ

Анам мені «АЙЫМ!» – дейді,
Мен мұңайсам, уайым жейді.
Анам мені: «КҮНІМ!» – дейді,
Мен қуансам, күлімдейді!..

ӘЖЕМ БIР ШАЙ ҚАЙНАТТЫ…

Әжем бiр шай қайнатты,
Дастарқанын жайнатты.
Маған айтты:
– Қарағым,
Шақыр ауыл-аймақты!..

Ортақ болсын дәмiме,
Шай беремiн бәрiне! –
Әне, аулада самаурын
Салып тұр бiр әнiне!..

Зыр жүгiрiп мен ендi,
Барлық көршi-көлемдi
Келдiм лезде шақырып,
Думанға үйiм бөлендi.

Айтылды үйде көп өлең,
Бүгiн шатпын мен ерен.
Әжеме жұрт:
– Қолғанат
Бопты, – дедi, – немерең!..

АЙТШЫ, АПАТАЙ, ЕРТЕГI!..

Айтшы, апатай, ертегi,
Көп бiлесiң сен, тегi.
Жұмып алып көзiмдi,
Тыңдайын мен өзiңдi.
Ел қорғаған батырды,
Орақ тiлдi ақынды,
Әлем кезген пақырды,
Хордың қызын ақылды
Алып кел көз алдыма.
Құлындарың ал мына
Кетер мүмкiн ұйқыға,
Қарап қой бiр сиқына.
Ұйқтап кетсек бiз егер,
Ертегiңдi үзе бер.
Тек ұмытып қалмашы,
Ертең кешке жалғасын
Айтасың ғой тағы да,
Түйiп алғын жадыңа.
Айтшы, апатай, ертегi,
Көп бiлесiң сен, тегi!..

ӘЛДИЛЕШI, АПАТАЙ!..

Әлди, әлди!
Даланың
Түнi қандай әдемi!
Әлди, әлди!
Ананың
Үнi қандай әдемi!

– Апа, әйбат қой әлдиiң,
Өткендi еске салады!
Әлдилешi,
Қалғиын…
Ұйқым келiп барады!..

АЛТЫНСЫҢ ҒОЙ, АНАШЫМ!

«Құлыным!» – деп сүйетiн,
Күнде қамқор болатын,
Ыстығыма күйетiн,
Суығыма тоңатын,
Әлпештеген баласын
Алтынсың ғой, анашым!

«Боташым!» – деп үнемi,
Маған артып бiр үмiт,
Сыздайтұғын жүрегi,
Құлап қалсам, сүрiнiп,
Өбектеген баласын
Алтынсың ғой, анашым!

Емiренiп: «Қозым!» – деп,
Күлiм қағып қарайтын,
«Аумаған бiр өзiм!» – деп,
Кекiлiмдi тарайтын,
Мәпелеген баласын
Алтынсың ғой, анашым!

АНАШЫМ СЕЗIП ҚОЯДЫ!..

Жығылып кейде қалсам да,
Сүрiнiп кейде қалсам да,
Қолайсыз, жайсыз жағдайға
Ұрынып кейде қалсам да,
Анашым сезiп қояды.

Құрбыма кейде қосылып,
Есептi алсам көшiрiп,
Аңсарым ауып ойынға,
Сабақтан қалсам кешiгiп,
Анашым сезiп қояды.

Достарым тағып бiр айып,
Тұрсам да кейде мұңайып,
Етiкпен мұзға сырғанап,
Түссем де түзде тырайып,
Анашым сезiп қояды.

Жарыста озып, ту алып,
Келсем де мәз боп қуанып,
Отырып үйде, ешкiмдi
Тартпай-ақ тiптi куә ғып,
Анашым сезiп қояды!..

АЙТА КӨРМЕ, ЖАН АНА!..

Айта көрме, жан ана,
Тәттiқұмар араға
Қызың тәттi екенiн.
Тастай салып шекерiн,
Қонар келiп бетiме,
Сұраймын мен өтiне!..

ҰШАҚ

– Ұшып шығып Астанадан,
Айтшы, қайда бармадым?!
Күтіп тұрды басқа қалам,
Байтақ елді шарладым.

Бір демімді ап Алматыда-ақ,
Көгін кездім Оралдың.
Семейге де сан қатынап,
Таразға мен оралдым…

– Барлығын да айналаның
Көрген жақсы көзбенен.
Ал сәулеті қай қаланың
Көрікті екен өзгеден?

– Мен бостан-бос бөскен емен,
Саған не деп айтамын?
Бәрін көріп тас төбеден,
Әуежайдан қайтамын.


Серікбол Хасан

Жеті шелпек

Жұма күні ақ мамам,
Жеті шелпек пісірді.
Енді тыным жоқ маған,
Бірін маған ұсынды.

Жеті шелпек қолымда,
Көршілерге асықтым.
Міндетімді орындап,
Мерейімді тасыттым.

Қанаттанып есейдім,
Болдым нағыз қолқанат,
Келдім үйге жеті үйдің,
Ақ тілегін арқалап.

Әліппе неге жылады?

Жинап жатып Еркінбек,
Жерге түскен бұтақты.
Көріп қалды еңкілдеп,
Жылап тұрған кітапты.

Қалдырған мол ұлағат,
Бар білімнің шырағы.
«Әліппеден» жылаған,
Не болғанын сұрады.

– Бар баланың серігі,
Ақылшысы мен едім.
Бәрі менен жеріді,
Болмай қалды керегім.

Талайды әнге бөлегем,
Қорлауға енді бола ма?
Суырды да сөреден,
Тастай салды далаға.

Өксік бітеп көмейін,
Ағыл-тегіл жылады.
Кімге барып, не дейін,
Кімдер бұған кінәлі?

– Жасын сүртші көзіңнің,
Әлі-ақ әйбат боласың.
Мен өскенде өзіңнің,
Құтты орныңа қонасың!

Деп Еркінбек жұбатты,
Кім естіген мұндайды.
Дүниеде кітапты,
Жылатқандар оңбайды!

Баға

«Екі» деген бағаны,
Жаман бала алады.
«Екілікті» жиі алу,
Жарға апарып соғады.

«Үштік» деген бағаны,
Нашар бала алады.
Жарамайды «үш» алу,
Балаларға саналы.

«Төрттік» деген бағаны,
Жақсы бала алады.
«Төрттік» алған балаға,
Қуануға болады.

«Бестік» деген бағаны,
Ең мықтылар алады.
«Бестік» алған баланың,
Бақ-жұлдызы жоғары!

Бәріңде де арман бар,
Сол арманға заулаңдар.
Тілейтінім өмірден,
Тек «екі» алып қалмаңдар!

Селфи

Таң қаламын Гүлзатқа,
Селфилету білері.
Барса болды бір жаққа,
Шырт еткізіп жүреді.

Селфи сондай күшті ме,
Түрлі әдіске салады.
Биік үйдің үстінен,
Бір түсуді қалады.

Әдетінше баяғы,
Телефонын қолға алды.
Тайып кетіп аяғы,
Құлдилауға сәл қалды.

Үзілерін білген бе,
Ажал құшқан армандар.
Селфилетіп жүргенде,
Жаза басып қалмаңдар!

Білім алам

Әжем мені Данам дейді,
Айтқан тілін жиі аламын.
«Сенемін біз саған» дейді,
Ондай кезде ұяламын.

Атам мені Ерім дейді,
Ол үшін мен сүйікті өрен.
«Жігерің мол сенің» дейді,
Еркелікті тыйып келем.

Әкем мені Нұрым дейді,
Ең құрметті жанға балап.
«Білімді бол, күнім!» дейді,
Бітіреді жанға қанат.

Анам мені Жаным дейді,
Әлемдегі көрікті адам.
«Арта берсін бағың» дейді,
Бар мейірін төгіп маған.

Атам, әжем, әкем, анам,
Барлығы да қымбат маған.
Үміттерін ақтау үшін,
Үзбей-талмай білім алам!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір