Құстың тілін бізден басқа кім ұғар…
09.11.2018
2883
0

Жанат Жаңқашұлы

ТҮНГІ ЕЛЕГІЗУ

Бүгін бізге Ай жақын, анадайда-ақ,
Жұлдыз ақты, соңына шала байлап.
Темекінің тұқылын тістей берем,
Сан-сақты ойлап,
Санам айбақ.

Ай да бүгін арайлы, абаттанған,
Мұңға толы жанары, қарап қалған.
Қыздың көзі секілді кінәмшілдеу,
Менің көзім секілді әрі ақталған.

Ұнжырғасы түскендей мына түннің,
Дәл осылай мен де үнсіз тұратынмын.
Аққан жұлдыз меніңше бүктеп-бүктеп,
Қоқысқа атқан қағазы бір ақынның.

Бозарған түн, батпақтап борық мұңға,
Мен отырмын темекі сорып мұнда.
Түннің шашын иіскеп, ай бетінен,
Сүйіп алғым келіп ед, қорықтым ба?!

Бурыл түтін будақтап бұлт құсап,
Қиял жүйрік, қыз сүйген құлықты шақ.
Ми ішінен ойымды сораптайды,
Осы бір түн қап-қара сүлік құсап.

***

Маза бер маған,
Жазғыза бермей мұңды өлең,
Сенсіз де жетер, дүние басы дүрбелең!
Көкжиектегі сұр сағал бұлттай бүрлеген,
Өмірім менің,
Көңілім менің кірлеген…

Маза бер маған,
Алаулап жаным өртенген,
Өліп бір барып, оянған жанмын өртеңнен.
Ерніңнен сүйіп, өксікке толы өрт емген,
Желөкпе едім,
Жармасты тағдыр желкемнен.

Маза бер маған,
Маздата бермей мұңлы жыр,
Өртеніп барып, батады түбі күн ғұмыр.
Маза бер маған…
Сенсіз де менің тағдырым,
Өзіме тартқан жынды бір!

Маза бер маған,
Махаббат болып түске енбей,
Сазарып атқан таң құсап суық тістенбей.
Сенсіз де мынау азынап қалған іш көрдей,
Маза бер маған,
Өтейін мәңгі түс көрмей…

Маза бер маған,
Жазамды тартқан жанмын мен,
Махаббатқа ұйып, Мәжнүндей бір кез мәңгіргем.
Маза бер маған…
Махаббатқа арнап шырқаса,
Қайталанбас қайырмасыз әнмін мен!

ҚҰС ҰЗАТУ

Әлсін-әлсін алау бүркіп от кеуде,
Мен мұңаям төбемнен құс өткенде.
Туған жерден тізбек тартқан керуен,
Сендер аман жетіңдерші көктемге.

Ақын көңіл күзгі аспандай құбылар,
Құстың тілін бізден басқа кім ұғар?
Көк аспанның күмбірлеткен шанағын,
Тырна әнінде мың арудың мұңы бар.

Жүрегімді құс тұмсығы түртеді,
Қыс болмаса, қимайтын-ақ жұрт еді.
Туған жерден сыңсып кетіп барады,
Бойжеткен соң ақ тырнаның үрпегі.

Қимас жандай айтылады наз құсқа,
Құс пен қыздың ғұмырында жаз қысқа.
Төбемізден бір айналып ұшып өт,
Ақын қолы жазған хаттай жазмышқа.

Күз аспаны жыр жазатын дәптердей,
Қиналамын зергер ойым шақ келмей.
Құс кеткенде құса-мұңға жем болам,
Құс емес бұл, ұзатылған әпкемдей.

Бұл далада терең тартқан тамыры,
Өз жұртың бар қазақ дейтін жады ұлы.
Қайтқан құсқа саулық тілеп тұрады,
Жаулық тартқан қыздай құстың қадірі.

***

Мені өлді деңдер,
Өтірік айтыңдар,
Алдаңдар…
«Өмір ғой» деп өлімді қарғаңдар.
Өкініп жыласын,
Өкпелетіп алғандар.

Ауыздан ауызға,
Тарасын жат хабар,
Мен жайлы қаншама ой хатталар.
Інілер күрсінер,
Ағалар –
«Аруағым» алдында ақталар.

Достарым,
Олар да жылайды,
Біреулер дал болар, түсінбей Құдайды.
Біреулер өлімнің себебін,
Өзімнің жасымды сұрайды.

Ал маған,
Өкпелесем, өтірік өлген ұнайды…
Өтірік айтыңдар,
Өлтіріп ойнаңдар,
Өмір сүрем десеңдер өлімді ойлаңдар!
…сосын «ұзақ жасайды екен» деп күлсін,
Фатихамды оқып қойғандар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір