Жанымды Алматының күзіне орап…
09.11.2018
2644
0

Жақсылық Қазымұратұлы

Күзгі жыр

Әуендей тамылжытып таңнан салған,
Тәтті үміт – кеудемдегі жанған шам дәл.
Сүрінген жүйрік аттың тізгініндей,
Барады қолдан сусып алдамшы арман.

Тұншығып көмейімде жарық нұрлы үн,
Кеудемді тырмалайды тамұқ бір мұң.
Үзілген жапырақтың сусылынан,
Жеткенін қара күздің танып білдім.

Өкісідім… жыламадым, жанар құрғақ,
(Қолымды қайтқан құсқа қалам бұлғап).
Алқынып қара түнге кетті сіңіп,
Қаңқылы жалғыз қаздың санамды улап.

Әуелден бір құдірет құсқа дарып,
Талықпай туған жерге ұшқан арып.
Мойнына тұмар тағып жіберсем бе,
Тізілген тырналарды ұстап алып.

Қырандай айналаны барлай шалып,
Тереңге тебіреніп бойлар шабыт.
Біз жақтан қайтқан құсты көрер ме екен?
Жоңғарда жүрген бала қой қайтарып.

Ал бізде зарық бөтен, аңсар бөтен,
Қанша адам қайтқан қазға тамсанды екен?
Жанымды Алматының күзіне орап,
Жалғаннан арашалап қалсам ба екен.

Әкеме хат

Әке,
Жыл аунады не қалды ескі өмірден,
Оралмайды ештеңе еске бірден.
Наурызға бет бұрды жүрдек уақыт,
Торжорғадай анашым көшке мінген.

Сіз дегенде самғайды құсым – шабыт,
(Ақ көңілдің баспасын мысын – шаңыт)
Жамыратып қойыңды жүрсің бе аман?
Мың саулықтың жаңылмай түсін танып.

Көктем иісі жұпардай бұл шақта аңқып,
Жоңғар төсі жатыр ма жусап, балқып.
«Қыстың соңы қаталдау болады» дей ме,
Қыр астынан туған ай шалқақ тартып.

Туласа да өртеніп жүрек оттай,
Тәуір болмас, сәуірге иек артпай.
Тынысы кең тіршілік келер енді,
Құм ішінен кісінеп күрең аттай.

Алақайлап сол көктем жетсе бір күн,
Үні естіліп құстардың көкте күмбір.
Кірпігіме ілініп тұрған өлең,
Бүртігінде бүр жарар сексеуілдің.

Ағыта алмай көмейден жыр бүлкілін,
Сырғиды үнсіз шұбалып сылбыр түнім.
Өткен шағын еске алып ұлың отыр.
Көктем таңын сағынып Жырғылтының.

•Жырғылты – жер аты

Желтоқсан

Жыр бастайтын кез емес желпіне кеп,
Қаламыма тәңірім берші медет.
Өлеңімнен аңқиды қанның иісі,
Желтоқсанның жаза алмай дертін емдеп.

Көрінбейді айнала мұнар тұман,
Түн келеді түнеріп күн артынан.
Қара кеште қыңсылап қабаған жел,
Көшелерді кезеді мұң аңқыған.

Желтоқсанда атпайды жадырап таң,
Қабағына жүректің қаны қатқан.
Оянады дүрлігіп мың сан аруақ,
Ұлар да шу «ұрандап» салып аттан.

Алабұрттым, мұздадым, құштым жалын,
Батырардай ажал кеп тіс, тырнағын.
Құлағымның түбінен естіледі,
Жаны шықпай зар илеп ышқынған үн…

Жүрегімді ұшықтап тұмар тағып,
Алыс ұшты, алқынып ұлар – шабыт.
Қаламымнан барады қан тамшылап,
Жүрегіме Желтоқсан бұрау салып.

Аңырап қал, Желтоқсан қаңырап қал,
Жалмап тынған талайдың жанын атпал.
Сүйегіңнің үстіне сарып жүрген,
Кешіріңдер біздерді аруақтар…

Көшкен құм

Желбіретіп үмітімнің байрағын,
Биыл тағы Алатауды жайладым.
…түс көріппін, көшіп жатыр қыстауда,
Сусыл қағып желге ілескен майда құм.

Арпалысқан Ай астында бозаң нұр,
Көштің қайда, кеттің қайда тозаң құм.
Дүйім дүние ілескендей құйынға,
Дүбір салған дүлей толқын көз алдым.

Көз алдымда дөңгеленіп таныс қыр,
Сапарларға аттанады алыс бір.
Көл бойында құлақтарын қайшылап,
Ескен желге үрке қарап қамыс тұр.

Көшеді құм, табатындай жер түбін.
(Желп етпейді, жер мен түннің серті бір).
Өзен суын шапшытады жағаға,
Құлаған жел баса алмай кеп ентігін.

Хикаясы қысыр түннің өткен бұл,
Таң ағарып құйылды әне көтен нұр,
Ауыл маңын айналсоқтап жүріпті,
Желге ілесіп жер түбіне кеткен құм.

Өлең – толқын ұрғылаған жарды құр,
Біле алмадым алда қанша бар ғұмыр…
Желге ілесіп майда құмдай сусыған,
Қайтем сені әй, тағдырым, тағдырым…

***

Қара бұлттың от тіліп омырауын,
Нөсер құйса Жоңғардың жонына бір.
Қоңыр кеште бұйығып ойға батар,
Дөң астында отырған қоңыр ауыл.

Қоңыр ауыл Құдайдан тілер нені?
(Селт еткізбес аспанның түнергені).
Маза таппай суықта кісінейді,
Қаракер ат ширығып шідерлеулі.

Елегізіп суытпай күні-түн бой,
Тұншықтырып барады тынысымды ой.
Тыпыршыған шашасын шыққа малып,
Қаракер ат – ол менің үмітім ғой.

Есіме алдым Құдай-ау оны қайдан,
(Егілем ғой көңілім болып ойран)
Күзгі аспандай көңілшек ғұмырым-ай,
Қоңыр ауыл секілді қоңырайған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір