Қаршадайдан жетектеді жыр – үміт…
09.11.2018
2965
0

Сағат — тағдырлы ақын. Оның өмір мен өлеңі, тіпті өлімі де оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Сағат туралы бард-ақын Табылды Досымов былай деп еді: «Ол Сағат еді-ау… Неткен ауыр тағдыр. Небары отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Бірақ, өмір кетпесіне қойды ма?! Өлмесіне рет берді ме?! Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған… 1984 жылдың наурыз айының бір жайма-шуақ күндерінде малын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді…».


Сағат Әбдуғалиев

ҚАРОЙДАҒЫ ТОЛҒАНЫС

Аяулы анаң- ақиқат та,
Атаң – кек.
Төрелердің тәтті қанын татам деп,
Бөрілермен бөрілерше белдескен.
Сен менен де бақыттысың,
Махамбет!

Төс етіңді майыстырып тас тірлік,
Қуаныш па? –
Көжектейін қашты ырғып.
Садақада сапырылысқан жұртыңа,
Жаугерлікте бұйырмаған бас бірлік.

Заман деген
Заман емес – қари түн,
Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.
Басың кетті,
Мына мылқау даланың,
Адамдыққа жеткізем деп «әр итін»…
О, Махамбет!

СЕНІМГЕ СЫЙЫНУ

Аласа боп жазықтағы жусаннан,
Жетім жігіт жетіседі қуса арман.
Жарты күлше жарып жеген жолдас көп,
Жаулар да бар табағыма у салған.

Ұнатпаймын үрдістерді ұрты қан,
Абайласаң – адам іші кіл тұман.
Жаны жайсаң жігіттердің, жарқыным,
Жалған сөздер жүгіреді сыртынан.

Бақастықтан бықсытпайын бос егес,
Жақсылық пен жанашырлық көшелес.
Мен алдансам, зымыстанға алдандым,
Зымыстандар зынданда да дос емес!

Бағамдайды біреу ерте, біреу кеш,
Ішмерезді керек екен іреуге ес.
Мен сүйенсем, достарыма сүйендім,
Достар менің тұлпарыма тілеулес!

Арманыма айта алады кім ілік,
Қаршадайдан жетектеді жыр – үміт.
Мен табынсам, Отаныма табындым,
Отан деген әрдайымда ірілік!

Жапырағы жайқалмастан жаз айым,
Пешенеме тапқан жоқпын аз уайым.
Ақындарға семсер сілтеп жүргендер,
Ар сотынан алар түбі сазайын.

Жол ауыры еңіреген ерге сын,
Ездігіне еншілейді ел кесім.
Аждаһа ажал жармасқанда жағама,
Көңілімнің күнін бірге көмбесін.

Ақиқатқа тіреп қойып ат басын,
Абыржымай шоттың шымыр қақ тасын.
Біздің ұрпақ үрікпейді сайтаннан,
Адамдардың сайтанынан сақтасын!

Қызықтарға кенелермін жетсе дем,
О, келешек, айырмасын тек сенен.
Туғанымда танып алған қалың жұрт,
Бағасын да бұлдамайды деп сенем.

ИДИЛЛИЯ

Қиындықта күйзелген мен бе сынып,
Көрейік көрпемізге жөн көсіліп.
Пірәдар боп қайтемін пақырсыған,
Менде де бар, әрине, пендешілік.

Көкіректе кісінеп барша құлын,
Жалғыздықта сақтадым жан сабырын.
Қуартпады күн нұры көктеменің,
Қар астынан қылтиған қарша гүлін.

Қателіктен қызарып бетім-бесін,
Есігіңде тірліктің жетілді есім.
Серіліктің сыйқы да соқыр тиын
Басыңнан бақа-шаян секіргесін.

Шексіздерге жататын шеті ұласып,
Шапағатқа арманның оты ғашық.
Кристалдай кіршіксіз дегенді де,
Пенделіктің жүреді тоты басып.

Естеліктер түсіріп еске нені,
Сан алуан сұрақтар сес береді.
Тағдырдың азды-көпті таяғы ма…
Ер жігіт кектемейді ештеңені.

Тіршілкке ынтазар табан-сүлік,
Торабымды сапардан табам шығып.
Жақсылықтың жағасы жыртылмайды,
Алты алашқа ағайын – адамшылық!

Тепсінетін табанда темірді үзіп,
Шындықты да мойындар небір бұзық.
Ірі қылып жаратып әлдекімді,
Ірілікті сүймейтін өмір қызық!

Құдайшылар күткенде көктен шырақ,
Өмір деген – ағытып өткен сұр ат.
Қасық қаны қазақтың болса менде
Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап.

Қасиетін танытқан қаспақ беттің,
Балалықтан басталар бастапқы екпін.
Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,
Тіршілікті келеді тастап кеткім.

Төзімдердің тоздырып көк тағасын,
Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.
Адам да бір мәжіғұн көбелек қой,
Өзі тығып жүреді отқа басын!

ДОСТАРҒА ДӘЙЕКТЕМЕ

Достар!
Тоқшылықта – әуелеген әнді естіп,
Жоқшылықта – жабырқамай таң кештік.
Балдан бетер таңдайыма татиды,
Дәнекердің пайғамбары – дәмдестік.

Абыз Отан көрсеткесін әкелік,
Азаматтар азбайды екен аты өліп.
Келешекке құлшыныспен қол артып,
Қателікті еске алу да – қателік.

Тайғақтарда – тіке тұрдық тая сап,
Қайрат барда – бәлденбейді бая сәт.
Жолбарысқа інімін деп жүр мысық,
Сараптасаң, бұл да сұмдық саясат!

Шырайынан шуақтары шат ескен,
Болмасыншы көңілдерде бәтес кем.
Жәбірейіл кешірмейтін жауыздық,
Бұлбұлдарға ән салдыру әтешпен.

Азаматқа арман, жігер – қос арна,
Жігітсің бе төзіміңді тос алға!
Мансабына сеніп жүрсе біреулер,
Өз-өзіне сенген адам осал ма?

Қойылмайды шілдедегі шөлге шек,
Жалғыз дәнді мезгілінде жерге сеп.
Есік жолға есекпенен таласқан,
Емеурінді танымайтын ол да – есек!

Баршаңызға бармақтайын бақ тілеп,
Жүрегімнен жыр самалы қақты леп.
Таразының екі басын теңгерсем,
Қиындықтың қиқым наны тәттірек.

Көңіл көзі болашақтан күт бұлақ,
Шыңыраудан шандоз ойлап шықты ұнап.
Ащы менен тұщы татқан марқасқа,
Мықтылардың әмбесінен мықтырақ!

Сорлымыз ба ана сүтін мүлт емген,
Үміт өзі жолаушыға үлкен дем.
Жүректегі көп жараның қотырын,
Бәрің үшін өлеңменен сүртем мен.

Шашасына шаң жуытпас еш тарлан,
Кеңістіктің керуені көшті алдан.
Құдай маған бермесе де бақытын,
Айырмасын ағайын мен достардан!

ЖАҢҒЫРЫҚ

Тектілерге түспейтұғын күні түк,
Мұңдар болсам, мәртебемнің міні тұт.
Жаным маған жасын түсті дейсің бе,
Сенің дилы дидарыңды ұмытып.

Сәуірлерде тасымайды сай тегін,
Жалқы жүрек жұбаныштың айт емін.
Бір ақынға жар болудың бақытын,
Болмыс саған бұйыртпады, қайтемін.

Нүктелерді ноқталайтын үтір ғып,
Сақал сатқан сайтандарға түкірдік.
Сорлармен де саратанда су ішіп,
Тірі жүрген тірлігіме – шүкірлік!

Өмір кейде көрсеткенде өгей сын,
Шыңыраудан бұлдырайды бегей шың.
Жалғыздарға жан беретін керексе,
Жақсылардың жұтар демі көбейсін!

Жанарымның жоғалтам деп нұр шығын,
Талпынғанның көрдім талай қырсығын.
Тап өзіңдей бір адам да ұқпайды,
Менің машқар жүрегімнің дүрсілін.

Сағыныштан сусап келем қаталап,
Бәдәуиге болмайды екен бата қат.
Егіз бақыт еншісінде есті ұлдың:
Бірі – Отан, екіншісі – Махаббат!

Сол баяғы он сегіздей таранып,
Менің жүдеу жанарыма қара нық.
Бір бақыттың босағасы берік қой,
Бір бақыттың жетпейтіні дәл анық.

Парасаттың пернесінен күй аңдып,
Қасиеттер қоймасына жиям құт.
Нақ осыдан он сегіз жыл бұрынғы,
Жүзіңдегі жымиып тұр ұяңдық.

Алмағайып жоғалғанда абат таң,
Бозторғайым бес құрлыққа тартаты ән.
Шәркездікпен щаттық іздеп шырмалдық,
Шайханада шірей жұтқан шараптан.

Бұл шындықтан құтылмақшы кім бұғып,
Мәрте-мәрте мазалайды мұңды үміт.
Бәз-баяғы бозбала мұрт қалпында,
Өзіңе арнап жыр жазатын жындылық.

Туған дала бөбегіне бесік – төр,
Төскейінен тере берсін несіпті ел.
Қызықтармай қойды мені қашанда,
Шен-шекпені шегеленген есіктер.

Пақырлыққа пәтерлес қой пенделік,
Тұнжырамай төсіңдегі тоңды еріт.
Жыр жазатын жындылығым үшін де,
Өнер-ата алды атына өңгеріп.

Тәжікемді жеткізбейді от тіл кем,
Өтті, кетті қателіктер бет тілген.
Әкім ұлы болмай жалғыз әкенің,
Ақын ұлы болып елдің кеттім мен!

ТӘТТІ МҰҢ

Жанымнан көрдім кеше түн,
Жанарың жәуміт, жан құрбым.
Жұпары сенен есетін,
Жайықта жауған жаңбырдың.
Жалғанда жаңғақ тәтті ой көп,
Жазмыштан жүрдік сый күтіп.
Желбіреп желге ақ көйлек,
Жоғалдың қайда құйғытып?!
Жаралған жансың жыр үшін,
Жасырмай оны айта алам.
Жирыма бес – алмас қылышым,
Жадыма түсті-ау қайтадан.
Жүрекке сырнай сазын бер,
Жанталас ұқпай ешқашан.
Жүгірді бетке әжімдер,
Жабысты мына шашқа шаң.
Жаңғырса кейде сыр нәзік,
Жауапты дейсің бұған кім?
Жоқтасам сені, жыр жазып,
Жабыққан сәтте жұбандым.
Жұмбағы шалқар шақпенен,
Жадағай үміт тұтаттым.
Жоғалдың қайда, әттеген,
Жалғасы болмай кітаптың.
Жанымды жауып құм селі,
Жіктемен өшімді ешкімнен.
Жоғалтып алған бір сені,
Жүректі кешірмеспін мен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір