Мамандығым — мақтанышым
ХХІ ғасыр – ғылым мен білім ғасыры. Жас ұрпаққа, жас буын өкілдеріне жаңаша білім беру жүйесі жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Мектеп те, мектеп бағдарламасы да, оқулықтар да өзгеріске түсуде.
Дарынды, ұлттық құндылықтарды меңгерген, көкжиегі кең шәкірт тәрбиелеп шығару — білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы.
Әрбір ұлт өзінің ұлттық қасиеттері мен ұлттық құндылықтарын сақтау арқылы дамып отырған. Мұғалім осы құндылықтарды бала бойына сіңіруші болса, мен осы салада жұмыс істеп жүргеніме мақтанам.
Әдебиетші ретінде әр сабағымды бастамас бұрын терең мағыналы әңгімелерден үзінді келтірем, қайтсем де оқушыны ұлттың тұнып тұрған қайнар көзі – әдебиетімен сусындатып, қанаттарын қатайтсам, мақсатымның орындалғаны.
«Әдебиет» – бұл өмір, әдебиет – бұл тарих, дәстүр, жақсы мен жаманды ажырату.
Рухани құндылық дегеннің өзі ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту болса, ұлттық сана-сезімнің жоғарылауына көркем шығарма оқу басты рөлде, әдебиетті оқу – рухани жаңғыруымыздың бірден бір кепілі болмақ.
Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі кеңейеді, туған тілін сүюден елін, адамзатты құрметтеуге тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы оқушылар алдында еліміздің тарихы, ғасырлар қойнауында қалған сөз сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, сенімі көрінеді. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы – әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы парасаттылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.
Әдебиет – заманалар тарихының, ұлы оқиғалардың, адамзат тіршілігінің, таным – нанымдарының көркем шежіресі. Әдебиет адам баласымен бірге жасап, оларға рухани күш – дем беріп, бірге дамып, өсіп келе жатқан өнердің бір түрі.
Көркем туындымен танысу үстінде жасөспірімдердің қоршаған орта туралы түсініктері қалыптаса түседі. Жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін өмірлік ғибрат алады. Соған сәйкес жеткіншек өз дәуірінің, өмір сүріп отырған заманының талабына сай азамат болып жетіледі. Әдеби шығарманы оқи отырып, ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық – идеялық мұратын шәкірттік ақыл – таразысына салып, балаң ой елегінен өткізеді. Алған әсеріне қарай әрқайсысы өзінше баға береді. Ол мұнда өзін-өзі тану арқылы қоршаған ортаны түсінуге, оған өзінің катысын саналы түрде сезінуге, айналаға, қоғамға өзінің көзқарасын жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан жүйелеуге, өзінің өмірлік ұстанымын анықтауға құлшынады.
Мағжан Жұмабаев атындағы №137 жалпы білім беретін мектептің өзі атынан-ақ, әдебиетке, өлең-жырға жат емес екенін аңғартып тұр. Жыр патшасы, әдебиетті жанындай сүйген, нар тұлғалы азаматтың атындағы мектепте жұмыс істегеніме, ұлылардың мекені – Отырардай қасиетті, әлемде екінші ұстаз атанған әл-Фарабидің туып өскен жерінде дүниеге келгеніме, әдебиет саласынан дәріс беретініме, мамандығыма мақтанып жүремін.
Света Кеңесбекқызы Арынова,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
«М.Жұмабаев атындағы №137жалпы білім
беретін мектеп» комуналдық мемлекеттік
мекемесі
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы