Әдебиетте қатып қалған ереже жоқ

0
19 қаралды

Тьерри Мариньяк:

Француз жазушысы, публицист әрі аудармашы Тьерри Мариньяк 1958 жылы Парижде дүниеге келген. 1980 жылы алғашқы әңгімесі жарық көргеннен бастап ондаған кітап жазған. Жинақтарына роман, әңгіме, мақала, эссе жанрындағы шығармалары енген. Қаламгерден алған сұхбатымызды оқырмандар назарына ұсынамыз.

– Тьерри Мариньяк мырза, менің білуімше, сіздің он шақты кітабыңыз бар. Шығарма­лары­ңыздың басты тақырыбы не?
– 8 романым, 1 әңгімелер жина­­ғым, америкалық жазушы Норман Мэйлер туралы бір эссем және Нью-Йорк пен Марсель ара­сында қатынаған жүк кемесімен жасаған саяхатым күнделік-кітап болып жарық көрді. Атақты баспагер Франсуа Гериф «Тьерриге бүкіл әлемнің көрінісі керек» деген еді. Яғни, менің туындыла­рымның бәрінде дерлік әртүрлі деңгейде геосаяси мәселелер қозғалады. Тек соңғы жазған романымда ғана бұл бағыттан алшақтап, 40 жыл бұрын көшеде өткізген өмірім жайлы естеліктерді қамтыдым. Бұл шығармам орыс тіліне аударылып, жақында ғана Санкт-Петербург­тегі шағын баспада басылып шықты. Жалпы, оқырмандардың айтуынша, менің қай дүниемді оқысаңыз да, өзіме тән стилімнен тануға болады.
– 2000 жылдардың басында Украинаға барып, біраз уақытыңыз­ды нашақорлардың арасында өткізіп, олар жайлы кітап жазып­сыз. Неге бұл тақырыпқа бар­ды­ң­ыз? Жазған шығармаңыздан қандай да бір пайда келді ме?
– Осыдан қырық жыл бұрын мен де есірткінің шырмауында болып едім. Осы тақырыпты қаузау арқылы қиялымда өткен өміріме кері шегініп, өзімнен есеп алдым. Ал пайда көру мәселесіне келсек, екі түрлі жауап беруге болады. Кітап Францияда дұрыс өтпеген­діктен, өзіме айтарлықтай табыс түскен жоқ. Бірақ Француз Қызыл Крест Комитетінің бір мүшесі менің туындымды оқыған соң, Украинаға арнайы барады. Наша­қор­ларды өз көзімен көрген­нен кейін, қатты жаны ашып ке­тіп, олардың емделуі үшін ал­дағы 5 жылға ірі көлемде ақша аудар­тады. Нағыз табыс деген осы емес пе!
– «Метрополь» деген ресейлік ба­сылымға 2013 жылы берген сұх­батыңызда: «Мен біраз уақыттан бері өзімді Францияның тұрғыны емес, жай сырттай бақылаушы ретінде ғана сезінемін. Өйткені, мұндағы көп нәрсе мен үшін жиір­ке­нішті» – депсіз. Нақтырақ ай­тыңыз­шы. Еліңізде не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
– Мемлекет сұмдық америка­низацияланып кетті. Өзіміздің өмір салтымыз, күнделікті дағды­ла­рымыз құрдымға кеткендей. Туған қалам Парижді тани алмай дал боламын. Бұрынғы кейпін, бұрынғы өмірін аңсаймын.
– Орыс жазушысы Эдуард Лимонов сіз туралы «Адамзат баласына көңілі толмайтын ол әдеттегідей дарынды, ашулы әрі түнеріңкі» деп жазыпты. Адамзат­қа неліктен риза емессіз?
– Мені 38 жылдан бері тани­тын ескі досымның пікірі ғой. Кей жағдайларда жолдастарың сені өзіңнен артық тануы мүмкін… Басқа бір досым Эдуард Лимо­новтың мен жайлы көзқарасы дұрыс екенін айтады. Шығарма­ларымда әлемді қатігез әрі қатал бейнеде суреттейтін­дігімнен, солай ойлайтын шығар.
– Қазіргі кей француз жазушы­ла­рын, атап айтқанда, өз заман­даста­рыңыз Бегбедере, Уэльбек, Каррер­лерді неге мойындамайсыз? Сонда сіз үшін мықты жазушы кім?
– Олар билеуші таптың балалары болғандықтан, тамыр-таныстық­тың арқасында табысқа жеткен. Әйтпесе, өмір жайында не біледі дейсің. Ұлы жазушы – Патрик Модиано. Ол – біздегі ең соңғы ақын, нағыз романтик.
– Сіздіңше, сөз өнері деген не? Әдебиет қандай болуы керек?
– Менің ұғымымда әдебиет туралы қатып қалған нақты бір ереже жоқ. Кейіпкерлердің арасын­дағы келіспеушілік пен қақтығыстар арқылы көріністі оқырманның көз алдына сөзбен әкелемін. Жоғарыда аталған пост-модернистік «жұлдыздардан» айырмашылығым – әдемі стильде жазуға тырысамын.
– Бокспен шұғылданған екенсіз. Бұл жөнінде романдарыңыздың бірінде («Renegade Boxing Club» романында) аз-кем сөз қозғайсыз. Спортта қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– Әуесқой бокста 11 кездесу өткізіп, алтауында жеңдім. Жеңіл­ген бес жекпе-жегімнің ешқайсы­сында да нокаутқа түскен жоқпын.
– Ағылшынша мен орысшаны өз бетіңізбен меңгеріп алғаныңыздан хабардармын. Бұл тілдерді үйренуге қанша уақыт кетті? Ағылшынша немесе орысша жазасыз ба?
– Ағылшыншаны екі, орыс­шаны бес жылда үйрендім. Орыс тілін меңгеру өте қиын болды. Ағыл­шынша көптеген мақала жаздым. Ал орысша эссе жазуға енді ғана машықтанып келемін.
– Қазақ ақыны Бақытжан Қана­пияновты аудардыңыз. Неге оны таңдадыңыз? Тағы кімдерді тәржі­маламақ жоспарыңызда бар? Жалпы қазақ ақын-жазушылары­нан кімдерді білесіз?
– Оны таңдаған мен емес, Париж­де тұратын жазушы, аудар­машы Кира Сапгир. Орыс тіліндегі өлеңдерді біраздан бері аударып жүрмін. Менің тәржімәларыма жоғары баға беретін Кира Сапгир Бақытжан Қанапияновтың өлең­дерін көрсетті. Маған ұнаған­дықтан, аудардым. Егер Ұлықбек Есдәулет пен Ақберен Елгезек шығармаларын тәржіма­лауға маған рұқсат берсе, көре жатар­мыз! Өкінішке қарай, менің қазақ әдебиетінен хабарым аз. Бірақ Астанада танысқан қалам­герлер қалай тіл табысып, әңгіме­міздің жарасқанын ұмытпас деп үміт­тенемін!
– Ұялы телефон ұстамайды екенсіз. Не себеп? ХХІ ғасырда зама­науи құрылғысыз жүру қиын емес пе?
– Бәлкім, заман ағымына ілесуге тырыспайтын да шығар­мын. Негізі, ұялы телефоным бар. Бірақ смартфон емес, қарапайым түрі. Бірақ үйімде ұмытып кете беремін. Ескі толқынның өкілі ретінде маған оның қажеті де шамалы. Үйде тұруы тиіс құрылғы деп есептей­мін. Онсыз өмір сүру қиын емес. Керісінше, рахат дер едім. Өйткені, өзгелер секілді қайта-қайта сипалап, смартфонға шұқ­ши­май, айналама, адамдарға, әдемі табиғатқа, қаланың әсем көріністеріне ойлана көз салып, қиялға шомамын, армандаймын.
– Түсінікті. Қалай жазушы болдыңыз? Кім немесе не әсер етті?
– Міне, нағыз қиын әрі түсінік­сіз сұрақ. Білмеймін. Қолымнан келетін жазу шығар. Не болмаса, жазушы болып жаратылдым.
– Қазіргі француздар әдеби кітап оқи ма? Оқыса, қандай жанрларды жақсы көреді?
– Оқырмандардың не оқи­тыны­нан, қандай жанрларды жақсы көретінінен мүлде хабарым жоқ. Мен статистикаға бас қатыр­май­мын. Дегенмен, әйел оқыр­мандар ерлерден анағұрлым көп.
– Қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазақ қаламгерлерін жаппай аударып, шаш етектен пайдаға кенеліп, баю! Сондай-ақ, сіздердің елдеріңізде кітабы қолдан қолға өтіп оқылатын жазушыға айналу! Ал қазір бір америкалық қаламгер­ді тәржімалап жатырмын. Келесі жылы кезекті романым Парижде басылып шығатынын да айта кетейін.
– Тамыз айында Астанада өткен халықаралық поэзия фестиваліне қатыстыңыз. Әсеріңізді айтып беріңізші?
– Қазақстанға алғаш рет бар­ған едім. Бес күннің ішінде сіздің ел жайлы көп нәрсені аңғару қиын. Бірақ мені жергілікті халықтың қонақжайлылығы мен қазақ ақын-жазушыларының кісімен емен-жарқын араласып кететін ашық мінезі сүйсінтті. Бір қазақ ақыны­на галстугінің әдемі екенін айтып едім, еш ойланб­ас­тан, шешті де, маған сыйға тартты!
– «Қазақ әдебиетінің» оқырман­дарына қандай тілек айтасыз?
– Әдебиетті оқып рахатқа бөлене беруін және сонау алыста менің шығармаларымды оқып, сәл де болса, әдемі әсер алуын тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.